Түркістан қаласында 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай республикалық «AL-FARABI» интеллектуалды ойыны өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған білімділер бәйгесінде «Эрудит» командасы жеңіске жетті.
Аталмыш интеллектуалды сайыстың финалдық кезеңіне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов қатысып, жеңімпаз атанған жастарды марапаттап, сәттілік тіледі.
– Түркістан төрінде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін республикалық «АL-FARABI» интеллектуалды ойыны биыл да өз жалғасын тауып отыр. Бұл сайыс облысымызда «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен жыл сайын тұрақты өткізіліп келеді. Нағыз білімге құштар, үнемі ізденіс жолында жүретін жастардың басын біріктіретін республикалық деңгейдегі интеллектуалды сайыстардың біздің өңірімізде өтіп жатқандығы көңіл қуантады. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» дегендей, сайысқа қатысып өз бақтарын сынаған барлық командаға алғыс айтамын. Аталмыш сайыстың іріктеу кезеңдерінен дара шығып, финалдық кезеңдерге жолдама алған командаларға сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткізілген шараның мақсаты – дарынды жастарды қолдау, олардың танымдық қызығушылықтарын ояту арқылы білім деңгейін көтеру. Сондай-ақ интеллектуалды ортаны қалыптастыру, жастар арасында ораторлық мәдениетті, толеранттық тәртіппен азаматтық танымды дамыту. Түркістан төрінде нағыз білімді жастардың басын қосқан бұл сайысқа 100-ге жуық команда өтінім берген. Оның ішінде Түркістан облысынан бөлек, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл, Павлодар және Қызылорда облыстарынан да командалар бар.
Ойынның іріктеу кезеңінде өзара мықтыны анықтаған командалар, тартысқа толы ойынның көркін қыздырды. Финалға жолдама алған командалар көрермендерге тамаша көңіл күй сыйлады.
Жалпы 72 команда арасынан ширек финалға өткен 12 команда шықты. Олардың төртеуі финалдық кезеңнің жолдамасын сарапқа салып, нәтижесінде бірінші орынды Сайрам ауданының «Эрудит» командасы жеңіп алды. Ал екінші орынды Жамбыл облысынан келген «Chicago bulls» командасы алса, үшінші орын бәйдібектік «BBC» командасына бұйырды. I орын алған командаға 1000 000 теңге, II орынға 500 000 теңге және III орын иегерлеріне 300 000 теңге қаржылай сыйлық табысталды. Сайысқа қатысқан әртүрлі командаларға «Үздік ұжым», «Үздік білімгер», «Үздік топ басшы», «Үздік жауап», «Үздік киім үлгісі» номинациялары берілді.
Айта кетейік, интеллектуалды ойынның бірінші кезеңі 28 мамыр күні «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында өткен болатын.
Айтпақшы, бүгін Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрында жаңа қойылымның премьерасы өтті. Драматург Әлдихан Қалдыбаевтың «Жалғыз желкен» пьесасы негізінде сахналанған спектакльді облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, режиссер Қуандық Қасымов, Бекболат Құрманқожаев, Бекжігіт Сердәлі, Бақыт Сраилов, Индира Икапова, Пернекүл Нәлтаева, Ардақ Бейсенова сынды зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары тамашалады.
Қойылым алдында мекеме басшысы Арман Алиев БАҚ өкілдеріне театрдың тыныс-тіршілігін таныстырды. Ал спектакльдің қоюшы-режиссері, театрдың көркемдік жетекшісі, режиссер Айдар Наурызбаев қойылым туралы, бастапқы атауы ауысқаны жайлы тарқатты. Басты рөлдерді сомдаушы театр әртістері өз рөлдері туралы баяндады.
Қойылым желісі басты кейіпкер – 49 жастағы облыс әкімнің айналасында өрбиді. Спектакльдің көркемдік идеясы – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Бұл пьесаны театрдың қоюдағы мақсаты, сахна арқылы қоғамда кең тараған парақорлықты, жемқорлықты көрсету, яғни қоғамға рухани ой салу арқылы жемқорлықтың тамырына балта шабу. Өкінішке орай қазіргі таңда сыбайлас жемқорлық қоғамымызда кең тараған. Ал театр әрқашанда қоғам ағымымен бірге ағып, қоғамда болып жатқан экономикалық немесе саяси, діни, әлеуметтік құбылыстарға өзіндік бағасын береді. Демек, бұл спектакльдің сахнаға шығуы — заңды құбылыс.
Драмалық спектакльді қоюға көптеген тәжірибелі мамандар атсалысты. Қойылымның жарық жөніндегі суретшісі – Жанболат Рсимбетов, қоюшы суретші – Қанат Шериев. Композиторы – Қанат Жұмабаев. Тәжірибелі маман, костюм жөніндегі суретші – Меруерт Сейсембекова. Гримм бойынша суретші – Қарлығаш Сапарханова.
Басты рөлдерде Жасұлан Тұрғанбаев, Бағлан Төлендиев, Мұрат Құрманбеков, Шәкен Амантұров, Айдар Наурызбаев, Рауан Шырынбеков, Талғат Қарынбаев, Бақдәулет Шаймахан, Қанат Садықбеков, Нұржан Ізтаев, Жандос Маханов, Ғалымжан Жакипов, Ерқайрат Бимурзаев, Ғалымжан Бейсенбаев, Олжас Сәрсенов, Дәурен Жанәділов сынды таланттар ойнайды.
Айта кетейік, көрермен аталған премьераны ертең де кешкі сағат 19:00-де тамашалай алады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.