“Таза Қазақстан” ұлттық жобасының басты мақсаты — экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Ал, экологиялық мәдениет ең әуелі табиғатқа жанашырлық танытудан басталады.
Бұл бағытта Түркістан қаласында жұмыстар жүйелі атқарылуда. Қазіргі таңда барлық салаға тазалық күні бекітіліп берілді. Осы бекітілімге сәйкес Түркістанда тазалық жұмыстары күнделікті атқарылады.
Кеше «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында қала әкімдігінің ұйымдастыруымен 500-ден астам түркістандық сенбілікке шығып, секторлардағы орталық 15 көшенің бойын тазалады. Ағаш бұталып, әктеліп, жолдардың бойы шөптен аршылды. Қоқыстарды артып тасымалдауға 20-ға жуық техника жұмылдырылды.
Жоба басталғалы бұл — 100-ші сенбілік. Бүгінге дейін қала аумағындағы орталық маңызы бар көшелердегі кәсіпкерлік нысандар мен қасбеттерін реттеу бойынша қалалық әкімдіктің 14 мекемесіне 32 көше бекітіліп, мердігер мекемелерді ұйымдастыру арқылы тиісті жұмыстар атқарылды.
Нәтижесінде 3839 нысан сараланып, жөндеуді қажет ететін 1562 нысан анықталды. Оның барлығы ретке келтірілді. Көп қабатты үйлердің қас беттері мен аулалары және суару жүйелері қайта жаңартылды. Көп қабатты үйлер алдына жаңадан 297 дана қоқыс салғыштар орнатылды. Орталық көшелер бойына жаңадан орындықтар мен қоқыс салғыштар (110 дана) орнатылды Саябақтар мен скверлерге толық тазарту жұмыстары жүргізілді.
Тазалық мәдениетін қалыптастыру, халықты тазалыққа үйрету мақсатында учаскелік полиция инспекторы, сектор маманы және қоғам белсенділерін тарта отырып, 10 мобильді топ құрылды.
Мобильді топ жұмысының нәтижесінде, жыл басынан бері:
— Ортақ пайдалану орындарда ластау дерегімен ӘҚБтК 434-2 бабы бойынша 4729 хаттама толтырылды.
— Абаттандыру қағидатын бұзу дерегімен ӘҚБтК 505- бабы бойынша 1164 хаттама толтырылды.
— Жол жабындысын бүлдіру дерегімен ӘҚБтК 630-бабы бойынша 510 хаттама толтырылды.
Салынған айыппұл мөлшері 81 миллион теңгеден асты. Атқарылған жұмыстар өз нәтижесін беруде. Тұрғындар белгіленбеген орынға қоқыс тастамауға, қоқысты кестеге сәйкес шығаруға дағдыланып келеді.
Осы тұста атап өтер тағы бір мәселе, бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес, апта басында қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті.
Күн тәртібі бойынша, қалалық Полиция басқармасының бастығы Бауыржан Жанаев — ортақ пайдалану орындары мен абаттандыру қағидаларының сақталуы бойынша жүргізілген рейд нәтижесі мен салынған айыппұлдар туралы; қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков — саласы бойынша берілген тапсырмалардың орындалуы, инфрақұрылым және коммуникациялар саласына қатысты анықталған кемшіліктерді жою туралы; қала әкімінің орынбасары Талғат Төлегенов – бекітілген индикаторлардың орындалуы, жетекшілік ететін салаларына қатысты тапсырмалардың жүзеге асуы туралы; Бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Мұхтар Төлепов — туристік нысандарда жабайы сауда орындарын болдырмау, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысудың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған рейдтік шаралардың нәтижесі туралы; қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев — идеология бағытында атқарылатын жобалар, жастар саясатын іске асыру бағытындағы ұсыныстар туралы; қала әкімдігінің аппарат басшысы Талғат Қыдырбаев орындаушылық тәртіп бойынша есептерін ұсынды.
Апта көлемінде, яғни маусым айының 21-28 күндері аралығында Түркістан қаласында ортақ пайдалану орындарын ластау дерегімен 198 құқық бұзушылық анықталып, айыппұл рәсімделген. Абаттандыру талаптарын бұзған 105 тұлға анықталып, бірқатарына ескерту шарасы қолданылса, 5 азаматқа хаттама толтырылды. Жолдарды және жол жабындыларын ластаған, 5 жүк көлігінің жүргізушілеріне де айыппұл салынған. Сонымен қатар, қала төңірегіндегі 18 аймақта, яғни белгіленбеген орындарға күл-қоқыс тастаған 20 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мәжіліс барысында «Е-өтініш» жүйесі арқылы түскен өтініштер де сараланды. Жыл басынан бері әкімдікке жүйе арқылы 2126 өтініш түскен. 1801 өтініш мерзімінде орындалып, жауап берілген. 119 өтініш қайта бағыттауға кері қайтарылса, өзге өтініштер мерзімі бар болуына байланысты қаралу үстінде.
Қала әкімінің маусым айында өткен жеке қабылдауы барысында берілген 13 тапсырманың қазіргі таңда 5-еуі нақты орындалып бақылаудан алынса, 8-ін апта соңына дейін аяқтап, баяндау тапсырылды.
Мәжіліс қорытындысына сәйкес жаңа міндеттер белгіленіп, тапсырма-жоспар қайта бекітілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.