Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағында жол құрылысын салып жатқан «АлемТрансЖол» ЖШС, «Techtronic-Stroy» ЖШС, «АқЖол» ЖШС, «Отау-Строй» ЖШС, «DOS group» ЖШС-ның өкілдерімен кездесті. Жиналыста аталған құрылыс компанияларының жұмысы сараланып, жол сапасындағы кемшіліктері талқыланды.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Түркістан облысы филиалының директоры Ғалымжан Утенбаевтың мәлімдеуінше, қала аумағындағы нысандардың жұмыс сапасын көруге жыл басынан бері 20 рет тексеріс келген. Тексеріске сәйкес, 19 көшеден 77 сынама алынған. Нәтижесінде оның 28-і сәйкес келсе, 49-ы сәйкес еместігі анықталған.
Шаһар басшысы құрылыс компаниялары өкілдерімен кездесу барысында аталған жолға қатысты кемшіліктерді қайта қалпына келтіріп, тұрғындарға жайлы жағдай жасауды тапсырды.
— «Ең алдымен адам өміріне қауіп тудыратын көше бойындағы кәріз жүйесінің құдықшалары жабылсын. Одан бөлек, зақымдалған асфальт жабындылары мен аяқжолдар жөнделсін. Қала ішіндегі көшелердегі кемшіліктерді түзетіп, апта сайын маған баяндап отыруды тапсырамын. Бұл — сіздердің негізгі міндеттеріңіз», — деді Әзімбек Пазылбекұлы өз сөзінде.
Жол демекші, кеше Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы Түркістан облысы филиалы директорының орынбасары Қанат Жолтаевты қабылдады. Қабылдауда «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының теңгеріміндегі жолдарды қала теңгеріміне қабылдау бойынша өзекті мәселелер сараланды.
Шаһар басшысы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің 21,2 шақырымын Түркістан қаласы аумағына қабылдау үшін кемшіліктерді қалыпқа келтіріп, ең алдымен кезек күттірмейтін мәселелердің бірі жол бойындағы қоқыстар мен қураған шөптерден тазарту керектігін жеткізді. Жаяу жүргіншілер жолы, аяқ жолдар, бағдаршам, жол белгілері мен жарықтандыру жүйесіндегі кемшіліктерді жою қажеттігін тапсырды.
— “Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізіндегі қала теңгеріміне өтетін 21,2 шақырымдық жолдың 3 шақырымының темір қоршауын сырлау жұмыстары жүргізілуі қажет. Сондай-ақ, жол апатынан зақымдалған, тозығы жеткен жол белгілерін орнатып, істен шыққан 124 жарықшам қалпына келтірілуі тиіс. 21,2 шақырымдағы жол бөлу сызбалары қайта жаңартуды қажет етеді. 10 бағдаршам тұсындағы жол жабындысына жөндеу жұмыстарын жүргізілуі тиіс”, — деп атап өтті.
Реті келгенде тілге тиек етейік, Түркістан облысында республикалық маңызы бар жол бойында орналасқан санитарлық-гигиеналық тораптар жаңартылып, талапқа келтіріледі. Бұл мәселе облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиналыста талқыланды.
– Туризмді дамыту үшін жол бойындағы санитарлық-гигиеналық нысандар талапқа сай болуы тиіс. Толық зерделеп, нақты ұсыныс беріңіздер. Жолаушыларға да, туристерге де жол бойында сапалы қызмет көрсету керек, – деген облыс әкімі жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.
Өңір басшысының тапсырмасымен облыстағы республикалық маңызы бар жол бойында орналасқан санитарлық-гигиеналық тораптардың жағдайына мониторинг жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, «Түркістан – Шымкент», «Шымкент – Жамбыл облысы», «Шымкент – «Жібек жолы» бекеті бағыттары тексерілген. Қазіргі таңда, аталған бағыттағы автомобиль жолдарында жалпы саны 102 санитарлық-гигиеналық торап жұмыс атқаруда. Оның ішінде: 52 әжетхана жанар-жағар май құю бекеттерінде, 28 әжетхана жол бойындағы сервис нысандарында, 22 әжетхана жеке орналасқан.
Әжетханалардың басым бөлігінің санитарлық жағдайы төмен екендігі анықталып отыр. Басты мәселелері – тазалық жұмыстарының уақтылы жүргізілмеуі және күтіп-ұстау жұмыстарының тиісті деңгейде болмауы. Кейбір әжетханалар мүлдем қараусыз қалған.
Жиында 11 орында әжетханаларды бұзып, орнына жаңа әрі санитарлық талаптарға сай нысан орнату туралы ұсыныс берілді. Туризм басқармасы тарапынан ақпараттық дүңгіршік пен әжетханамен қамтылған 3 модульдік нысан орнату туралы да ұсыныс қаралды. Сонымен бірге облысқа кіреберіс жолдар бойында аймақтың туристік әлеуеті бойынша ақпарат беретін үлкен ақпараттық стендтер орнату идеясы айтылды. Ақпараттық стендте облыстың туристік орындары көрсетілген карта және туристік нысандар бойынша мәлімет үш тілде жазылады деп көзделген.
Жалпы, 2024 жылдың қорытындысына сәйкес облыс орталығындағы қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 59,1%-ға жеткізіп, қаладағы асфальт жолдарды 499,5 шақырымға жеткізу жоспарланып отыр.
Аталған межеге жеткізу мақсатында қала аумағында 4 нысанда құрылыс жұмыстары атқарылуда, 2 көпір салынуда және сарқынды су жүйесі жүргізілген. Сондай-ақ, қоғамдық көліктер қатынайтын 115,6 шақырымды құрайтын 129 көшесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Анықтама үшін тарқата айтайық.
- Ә.Жангелдин көшесі – 3,8 шақырым.
- І.Қожабаев көшесі – 5,6 шақырым.
- Қазыбек би – О.Жарылқапов аралығындағы жол – 2,5 шақырым.
- Б.Қалаби көшесін реконструкциялау (О.Жандосов – Ж.Майкөтов аралығы) – 7 шақырым. Нысан іске асқан жағдайда, индустриалды аймақтан шығатын ауыр жүк көліктерінің және Балтакөл бағытынан келетін жүргізушілердің Шымкент тас жолына тікелей шығуына, қаланың ішкі көшелеріндегі көлік кептелісінің азаюына ықпалы тиеді.
- Бекзат мөлтекауданы, Теміржол вокзалы аумағына орнатылатын жаяу жүргіншілер көпірі (ПК5+45, 3106 шақырым).
- Бекзат мөлтекауданы, Түрік ауылының аумағына орнатылатын жаяу жүргіншілер көпірі (ПК2+50, 3103 шақырым).
Қала аумағында жалпы 458 аялдамаға қажеттілік бар болса, бүгінгі таңға 276 аялдама жаңартылып орнатылған, қосымша қажетті 182 аялдама кезең-кезеңімен жаңартылатын болады.
Жол құрылысының сапасы қатаң бақылауда. Атқарылып жатқан жұмыстардың нормативтерін қатаң сақтап, сапасыз жұмыстардың (асфальтобетон жабыны қалыңдығының жетіспеуі, а/б ұшуы, шашылуы және тағы басқа) алдын алу мақсатында жол жабынына тұрақты түрде сараптамалар жүргізілуде. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов салаға жауапты басшылардың басын қосып, осы саладағы өзекті мәселелерді жиі талқылайды. Сапаны назарда ұстамаған, жұмыс барысында орын алған кемшіліктерді қалпына келтірмеген аудан, қала басшылары мен жауапты тұлғаларын сынға алып, тиісті тапсырмалар береді. Нысандардағы жұмыстар мен қолданылып жатқан материалдардың сапасы техникалық қадағалаушы мекемелерден бөлек, «Жол активтері сапасының Ұлттық орталығының» тұрақты бақылауында. Кәсіпорынның ISO 17025 және ILAC стандарттары бойынша аккредиттелген зертханалармен жабдықталған филиалдары бар. Бұл ретте жұмыс автожол жобаларында қолданылатын сапаны бақылаудың қолданыстағы бес сатылы жүйесіне біріктірілген. Сапаны бес сатылы бақылау қағидатын сақтау автожол жобаларының сапасын, олардың барлық құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкестігін, сондай-ақ пайдаланудың қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз етеді. Жол құрылысы бойынша алынған сынамалар бірқатар кемшілікті анықтап берген. Бүгінде оларды жою үшін жұмыстар жүргізілуде. Анықталған ақаулар қалпына келтіріліп жатыр. Биыл Түркістан облысындағы автомобиль жолдарын жақсартуға бюджеттен 37,6 млрд теңге қаржы бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы ұзындығы 1100,3 шақырымды құрайтын жолдар мен көшелер немесе 244 нысанды қамту жоспарланып отыр. Жыл қорытындысымен 546,6 шақырым болатын 149 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған. 368,1 шақырымды құрайтын 34 облыстық маңызы бар жолдар құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Жыл соңына дейін 19 нысан немесе 163,6 шақырым жол, 4 көпір, 4 құбыр пайдалануға берілмек.
Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 702 шақырымды құрайды. Оның ішінде, республикалық маңызы бар жолдар – 723,1 шақырым (нормативтік жағдайы – 95%), облыстық және аудандық маңызы бар жолдар – 5717 шақырым (нормативтік жағдайы – 93%), елді мекендердің көшелері – 11 268,2 шақырым (нормативтік жағдайы – 70%. Елді мекендердегі жөндеуді қажет ететін көшердің жалпы ұзындығы 3380,5 шақырымды құрайды. 2024 жылдың қорытындысымен жалпы 194,6 шақырым жолды пайдалануға тапсырып, жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 93,7%-ға жеткізу көзделуде. Аудандық маңызы бар жолдарды ретке келтіру жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Осы жылы 19 нысан немесе 97,3 шақырым жол күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтуға қаржы қаралған. Оның 31 шақырымдық 8 нысаны және 4 көпірі жыл соңына дейін аяқталады.
Ал Түркістан қаласының Әкімшілік-іскерлік орталықтың көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында жол құрылысы жұмыстары қарқынды атқарылып жатыр. Атап айтқанда, 30, 32, 36-шы көшелерге жол салу жұмыстары жүргізілуде. Жол құрылысының сапасы облыс әкімі мен салаға жауапты басшылардың тұрақты қадағалауында тұр. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов салаға жауапты басшылармен бірге Түркістан қаласында құрылысы жүріп жатқан жол нысандарын аралап, жұмыс барысын бақылады. Мердігерлермен кездесіп, жұмыстың сапасы мен орындалу мерзімі бойынша бірқатар тапсырма жүктеді. Қазіргі таңда «Каратас Майнинг» ЖШС тарапынан Әкімшілік-іскерлік орталығындағы 30-көшенің асфальт жабындысы төселіп, көгалдандыру жұмыстары басталуда. Сонымен қатар 32-көшенің негізгі қабаты төселіп, алдағы уақытта көгалдандыру жұмыстары басталмақ. Бұдан бөлек, «Bazis Construction» ЖШС 36-көшенің құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде аталған көшенің негізгі қабаттары төселіп, асфальт жабындысын салу жұмыстары атқарылып жатыр. Бұл көше пайдалануға тапсырылған соң, Б.Саттарханов көшесіндегі, 9-шы және 11-ші көшелердегі көлік кептелістер азайып, Әкімшілік-іскерлік орталығы мен Түркістан халықаралық әуежайына баратын жолды байланыстыратын болады. Нысанның құрылыс жұмыстары 2025 жылға өтпелі. Облыс әкімінің бірінші орынбасары жауапты басшыларға жол құрылыс жұмыстарын тұрақты қадағалауға алуды, жол сапасын тексеретін арнайы мекемелермен «Жаңа қала» мөлтек ауданы аумағындағы жаңа жолдардың жәй-күйін қайта тексеруден өткізіп, кемшіліктерді кепілдік негізінде қалпына келтіруді тапсырды. Биыл Түркістан аумағында құрылыс-жөндеу жұмыстарымен 1061,3 шақырым жолдар мен көшелер қамтылды. Оның ішінде, облыстық маңызы бар 379,5 шақырым жол болса, аудандық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы – 97,3 шақырым. Сондай-ақ елді мекендерде 584,4 шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Жыл соңына дейін 559,6 шақырым жол пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Бұдан бөлек қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Мәжілісте заңсыз орналасқан кәсіпкерлік нысандар, ретсіз жарнамалар, жер мәселесі, құрылыс нысандары мен жол құрылысы бойынша атқарылған жұмыстар талқыланды. Аралау жұмыстары нәтижесінде Қызылорда тас жолы бойындағы 27 ретсіз жарнама, Кентау тас жолы бойындағы 10 ретсіз жарнама жойылған.
Шаһар басшысы тиісті мекеме басшыларына қаладағы тазалық жұмыстарын күшейтіп, Полиция басқармасымен бірлесіп рейдтік шаралар ұйымдастыруды тапсырды.
Сондай-ақ, қоғамдық көліктердің интервалына шағымдар бар екенін, осы мәселені реттеу керектігін, Ақтөбе, Шәуілдір, Алматы бағытындағы жолдардың кемшіліктерін жоюды тапсырды.
Айта кету керек, Түркістан қаласында қазіргі уақытта 22 қоғамдық көлік бағыты бар («Жолаушы» ЖШС-і — 16 қалаішілік бағытты, «ТехПрофАвто» ЖШС-і 6 бағытты қамтиды). Оларға 2 тасымалдаушы мекеме сыйымдылығы жоғары 210 автобусымен қызмет көрсетеді.
Түркістан қаласы облыс орталығы статусын алғалы қалаға жаңа 210 автобус (оның ішінде, 2021 жылы — 46; 2022 жылы – 40; 2023 жылы – 78. «Жолаушы» ЖШС — 106 автобус, ТехПрофАвто» ЖШС — 58 автобус; 2024 жылы «Жолаушы» ЖШС — 46) алынған. Жақсы жағдайдағы автобустардың үлесі 100%-ға жеткізілді. Одан бөлек, тұрғындардың өтініштеріне сәйкес жыл соңына дейін қала аумағында қосымша жаңа бағыттар ашылатын болады. Қоғамдық көліктерде электронды билеттендіру жүйесі енгізілген.
— Әлеуметтік желідегі тұрғындар өтінішін өзім толық қадағалап отырамын. Қала тұрғындарының өтініштері бірінші кезекте қолға алынып, мәселері бойынша жұмыстар жүргізілуі керек. «1310» Бірыңғай байланыс орталығына да тұрғындардың сұрақ-өтініштері бойынша жүйелі қызмет етуді тапсырамын. Берілген тапсырмалардың сұрауы бар екенін қатаң ескертемін, — деп қорытындылады қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.