Түркістан шаһары маңайында жасыл алқап ұлғайып келеді

Түркістан қаласын көгалдандыру, жасыл алқап көлемін ұлғайту, климаттық жағдайын жақсарту жұмыстары жалғасады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы салаға жауапты басшылармен бірге Түркістан қаласындағы «Жасыл аймақ» мекемесінің рекреациялық аймағына, ескі әуежай алқабына, орман тұқымбағына және техникалық базасына арнайы барды. Жұмыстарымен танысты.

Ескі әуежай аумағындағы алқаптың 450 гектарына сексеуіл егілген. Ал орман тұқымбағының көлемі 120 гектар болса, оның 6 гектарына тамшылап суғару жүйесі орнатылған. Қазіргі таңда орман тұқымбағында жалпы 41 түрлі ағаш-бұта көшеттері өсірілуде.

Рекреациялық аймақ – 167 гектар, оның 80 гектары тамшылау суғару жүйесі арқылы суғарылады. 208 мың түптен астам әр түрлі ағаш-бұталар өсіріліп жатыр. Техникалық базасында 81 дана арнайы және қосалқы 67 техника бар.

Аталған аумақтарда айлант, үйеңкі, шаған, қарағаш, жыңғыл, терек, туя, арша, сексеуіл, итмұрын, сексеуіл, акация, катальпа, итмұрын және өзге де көшеттер отырғызылған. Мамандар сексеуілдің жерсінуі және өнімділігі жоғары екенін жеткізді.

Дархан Сатыбалды аймақты көгалдандыру, орман алқабын қалыптастыру бағытындағы ізденістер мен жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Айта өтейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2021-2025 жылдары республиканың орман алқаптарында 2 миллиард және қалалар мен елді мекендер аумағына 15 миллион ағаш көшеттерін отырғызу тапсырылған. Осыған байланысты 2025 жылға дейін облыста орман қорына тиесілі 110 210 гектар алқапқа 170 миллион көшет отырғызу жоспарлануда. Ал қала мен елдімекендерде 1149 гектар аумаққа 1 миллион 81 мың түп көшет отырғызу көзделіп отыр. Бүгінде осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, 2022-2024 жылдары облыстың елді мекендерін көгалдандыру жоспары бойынша жұмыстар атқарылуда. Бүгінде «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, аудан, қала әкімдіктерін көгалдандыруға қажетті көшеттермен қамтамасыз ету Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына жүктелді. Ал елді мекендерді көгалдандыруға берілген көшеттерді егу, күтіп-баптау, қала, аудан әкімдеріне тапсырылған.

Осы орайда Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев бастаған жұмысшы топ биыл қаңтар айында Отырар ауданы мен Арыс қаласына арнайы іссапармен барып, жиын өткізді. Мұндағы мақсат – аудан, қала әкімдіктерінің елді мекендерді көгалдандыру, балық шаруашылығын дамыту және қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондарды заңдастыру мен қайта өңдеу салаларында атқарылып жатқан жұмыстарымен танысу. Мәжіліске Түркістан облысы бойынша экология департаментінің бөлім басшысы және аудан, қала әкімдері, көгалдандыру жұмыстарын үйлестіру бойынша бекітілген қызметкерлері мен салаларға жауапты мамандар және кәсіпкерлер қатысты.

Жиында аудан, қала әкімдіктерінің елді мекендерді көгалдандыру, балық шаруашылығын дамыту және қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондарды заңдастыру мен қайта өңдеу салаларында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланып, салаларға қатысты ұсыныстар мен өзекті мәселелер айтылып, келелі ойлар тыңдалды. Сондай-ақ Отырар ауданына «Жасыл белдеу» құруға жер телімдерін бөлу мәселелері қаралып, нақты шешім қабылданатыны жайлы айтылды.

Облыс әкімдігінің бастамасымен Түркістанда 2019-2022 жылдары қала айналасынан 7700 гектар жерге «Жасыл белдеу» құру жоспарланған. Бүгінгі таңда барлығы 13 629 гектар жерге көшеттер егіліп, күтіп-бапталуда. Облыстың орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарында 30 миллион данадан астам әртүрлі орман ағаштарының көшеттері өсіріліп жатыр. Алдағы уақытта ол көшеттердің санын 60 миллионға жеткізу жоспарлануда. Бұл жұмыстар облыстың аудан, қала және елдімекендерінде жасыл желек құру мен көгалдандыруға, экологияның тұрақтануына оң әсерін тигізеді. Орман шаруашылығы саласының заңнамаларына сәйкес, Түркістан облысында егілген мәдени екпелердің нормалық жерсіну пайызы 50 % болып бекітілді, – деді Табиғи ресурстар жән табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.