Түркістан қаласындағы «Сельмаг» су жинау қоймасы 25 мыңнан астам тұрғынның ауыз су мәселесін шешеді

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыс орталығында салынып жатқан нысандарды аралап, алда жүзеге асатын жобалармен танысты. Алдымен қалалық Мәдениет үйінің құрылысын көрді. Нысан 2025 жылы тапсырылады деп жоспарланған. Өңір басшысы мердігерге жұмысты сапалы атқару керектігін ескертті.

– Анықталған кемшіліктер мен сын-ескертпелер бойынша жұмыс жүргізіңіздер. Тапсырыс алған соң оны сапалы атқару керек. Мәдениет үйінің іші мен қасбетіне дейін жоспардағыдай болуы қадағаланады. Жиһаздарын жергілікті өндірушілерден алып, отандық өндіріске қолдау көрсеткен жөн, – деген Дархан Сатыбалды бірқатар ескертпелері мен ұсыныстарын айтты. Тиісті тапсырмалар берді.

Бүгінде Мәдениет үйінің құрылыс барысы 75 пайызға аяқталған. Түркістан қаласының құрылыс бөлімінің тапсырысымен салынып жатқан нысанда мәдениетті дамытуға жағдай жасалмақ. Ғимаратта 500 орындық көрермен залы, вестбюль-фойе, әртістер бөлмесі, қызметшілер бөлмесі, асхана, режиссер, суретші, киім өлшеу, мекеме әкімшілігінің бөлмелері қарастырылған. Өнерпаздардың дайындық залы да орналасқан.

Одан кейін облыс әкіміне «Сельмаг» су жинау қоймасының құрылыс барысы таныстырылды. 2023 жылы басталған жұмыстар биыл аяқталады. Бұл стратегиялық нысан заманауи құрал-жабдықтармен, қондырғылармен қамтылған. Суды тазартып, тұрғындарға жолдайды. Апаттық жағдайлар кезінде қаланың ескі аумағына үздіксіз су береді және жаз айларында ауыз су қысымын қалыпты деңгейде ұстап тұрады. Жалпы, 25 мыңнан астам тұрғынның ауыз су мәселесін шешеді.

Атап өтерлігі, Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге сүйенсек, Түркістан облысында ауыз су саласына 2023 жылы 70 нысанның құрылысына бюджеттен 18,6 миллиард теңге бөлініп, 36 нысан құрылысы аяқталған, қалған 34 нысан 2024 жылға өтпелі болған. Нәтижесінде 20 елді мекен ауыз сумен қамтылды, 9 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылды. Сонымен қатар 3 елді мекенде (Сарыағаш, Төлеби, Қазығұрт аудандары) су тазалау имараты мен су жинау қоймасы, 15 шағынауданда су құбырлары салынды. 2023 жылдың қорытындысына сәйкес, 800-ден астам елді мекеннің 739-ы (7 қала, 732 ауылдық елді мекен) немесе 89,1% ауыз сумен қамтамасыз етілді.

Биыл бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.

– Мемлекет басшысы 2025 жылы өңіріміздегі елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамту міндетін жүктеді. Ауыз су – ең маңызды және бірінші мәселе. Жауапкершілікпен қараңыздар. Жерасты су көздерін геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Екіншіден, нысанды салу тапсырысын жеңіп алған мердігерлер мен кәсіпкерлердің жұмысын қадағалаңыздар. Әрбір су нысаны сапалы әрі уақтылы тапсырлуы тиіс. Аузы сумен қамту бойынша жаңа тәсілдер, ізденістер, зерттеулер қажет. Жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдері осы міндеттерді орындасын. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту – басты міндет, – деген-ді Дархан Сатыбалды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, 70 елді мекенді ауыз сумен қамту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

2024 жылы 61 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен 14,1 миллиард теңге бөлінді. Соның ішінде, биыл 35 нысан аяқталады, қалған 26 нысан 2025 жылға өтпелі. Нәтижесінде 12 елді мекен (Сарыағаш – 2, Отырар – 1, Төлеби –1, Келес – 4, Созақ –4) ауыз сумен қамтылады, 12 елді мекеннің (Бәйдібек –1, Арыс –1, Сарыағаш – 1, Төлеби – 3, Жетісай – 2, Мақтаарал – 2, Түлкібас –1, Шардара –1) тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады.

2024 жылдың қорытындысына орай, 829 елді мекеннің 768-ін (7 қала, 761 ауылдық елді мекен) немесе 92,6%-ын ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Яғни, 29 елді мекенде ауыз су мәселесі шешіледі. Облыс елді мекендерін 100% ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді.

Ол құжатта 41 елді мекенге құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Атап айтқанда, 21 елді мекенде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, биыл 13 елді мекенде құрылыс аяқталып, пайдалануға беріледі, қалған 8 елді мекен 2025 жылға өтпелі. 29 елді мекенде кешенді блок-модуль (КБМ) орнату жоспарлануда. Атап айтқанда, 3 елді мекенге (Келес – 2, Сарыағаш – 1) кешенді блок-модуль қондырғысы орнатылған, іске қосу жұмыстары жүргізілуде. 11 елді мекенге КБМ орнатуға 2024 жылға ОБ есебінен 336,8 миллион теңге бөлінді.

Өңірде аудан, қала әкімдіктерімен бірлесе талдау жұмыстары жүргізіліп, қорытындысына сәйкес «Облыс аумағындағы кестемен берілетін елді мекендерге тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етудің іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, 2024 жылы 32 елді мекен 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етіледі. 2025-2027 жылдары аралығында 133 елді мекенді тәулік бойы ауыз сумен қамту жоспарлануда. Жаңа су көздерін барлау жұмыстары да қолға алынбақ.

Расын айту керек, Түркістан облысы ауызсу тапшылығы жоғары аймақ саналады. Себебі өңірге су негізінен трансшекаралық өзендер арқылы келеді. Бұл мәселені шешуге 2025-2026 жылдары шамамен 33 миллиард теңге көлемінде қаражат жұмсалмақшы.

«Бізде су мәселесі ең өзекті. Өңірдегі 807 елдімекеннің 70-інде орталықтандырылған су құбыры жоқ. Биыл 30 елдімекенді орталықтандырылған су құбырына қосамыз. 40 елдімекенді сумен қамту 2025 жылға қалады. Жалпы өңірде сумен қамтуға қатысты 100-ге жуық жоба жүзеге асырылмақшы», – дейді өңір басшысы.

Сол жобалардың ішінде Сарыағаш және Келес аудандарын ауызсумен қамту мәселесі тұрғанын айтты. Әкімнің мәліметінше, бұл өңірлерде жер асты сулары жоқ. Ауызсу Өзбекстаннан бұрынғы канал арқылы келеді. Алайда тұтынушылар санының артуына байланысты құбырдың қуаты төмендеген. Су Сарыағаш ауданына жеткенімен, Келес ауданының тұрғындарын толық қамти алмайды. Осының салдарынан Келес ауданынадағы 56 елдімекен кестемен су алып келген.

«Су ресурстары және ирригация министрлігі бұл мәселені шешу үшін құбырды кеңейту жобасын жүзеге асырады. Жоба әзірленіп жатыр. Министрлік келесі жылы бюджетке ұсыныс беруді жоспарлап отыр»,– дейді әкім.

Бұл жоба министрліктің қаржыландыруымен жүзеге аспақшы. Сонымен бірге Келес ауданын Өзбекстаннан келетін Зах каналы арқылы сумен қамту жоспарланып отыр. Бұл мақсатта жоба әзірленген. Оның құны 8 миллиард теңгені құрайды.

«Осы екі жоба жүзеге асса, екі ауданда ауызсу мәселесі толық шешіледі»,- дейді Дархан Сатыбалды.

Одан бөлек Шардара қаласының халқының ауызсу мәселесі тұр. Бұл елдімекенге де су трансшекаралық өзеннен келетіндіктен, су деңгейі 1 миллиард текше метрден төмендеп кетсе, өңірде ауызсу тапшылығы орнайды.

«Бұл мәселені шешу үшін Тама-Тастамақ деген жерасты суынан ауызсу тарту көзделіп отыр. Оның құрылысы басталып та кетті. Жоба 2025 жылғы бюджеттік жоспарда қолдау тапты. Жоба құны 16 миллиард теңгені құрайды»,– дейді Дархан Амангелдіұлы.

Дархан Сатыбалды Әлқожа ата көшесін аралап, осында салынатын әлеуметтік нысандардың жобасын көрді. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы осында атқарылатын жұмыстар мен жоспарларды баяндады. Мұнда тұрғын үй, кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандар салынады деп жоспарланған.

Өңір басшысы бұл жобаларды мұқият зерделеп, халыққа қажетті әрі шаһардың сәулетіне сән қосатын нысандарды ғана салу керектігін айтты. Жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.

Сәулет дегенде еске түседі, Түркістанда бүгінде көптеген ғимараттар бой көтеріп, қала көркін аша түсті. Осыған сәйкес құрылыс бастауға ниетті инвесторлар саны артып келеді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткізілген мәжілісте сәулеттік жобалар таныстырылды. Өңір басшысы жаңа жобалардың барлығын өзінің бақылауында ұстайтынын жеткізді. Сонымен қатар әр ғимарат сәулетшілердің мақұлдауынан кейін ғана салынуы тиіс деді. Тозығы жеткен ғимараттарды қайта қалпына келтіру кезінде, сонымен қатар алдағы уақытта салынатын нысандардың қасбеттері мен қоршауларына және бояу түсіне баса мән беруді, бірізді етуді тапсырды.

Жиын барысында бірқатар жаңа жобалар ұсынылды. Оның қатарында Әкімшілік-іскерлік аумағынан медициналық орталық, Әлқожа ата көшесінен нысандар салу туралы ұсыныс беріліп, ғимараттардың үлгілері көрсетілді. Сонымен қатар айналма тас жолы бойы жаяу жүргінші көпірі айналасын абаттандыру, жол қиылыстарын абаттандыру, Мәдени-рухани орталығына білім беру орталығы, Арбат ойын-сауық орталығы, ыстық су, Сауран қалашығын ашық аспан астындағы мұражай ретінде дамыту жобасы, Тұттыбұлақ, Ақмешіт үңгірін дамытудың жобасы, Екпінді, жол бойына орналасатын сервистік қызмет көрсету жобалары, Сарыағаш ауданы, Жібек жолы елді мекеніне орналасатын жобалар, Арыстанбаб кесенесі және Отырар қалашығы маңын дамыту жобасы талқыланды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin