Түркістан қаласындағы Экобазарда әлеуметтік маңызға ие шара — «Мектепке жол» акциясы аясында жәрмеңке өтті

Бүгін Экобазар кешенінде қала әкімдігінің ұйымдастыруымен «Мектепке жол» акциясы аясында жәрмеңке өтті.

19-20 тамыз күндеріне жоспарланған жәрмеңкеге жергілікті 26 кәсіпкер қатысты. Сондай-ақ, жәрмеңкеге қойылған кеңсе құралдары, балалардың мектеп сөмкелері, мектеп формалары мен аяқ киімдер қолжетімді бағада тұрғындарға ұсынылды.

Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде мектеп тауарларын нарықтық бағадан төмен бағада сатып алуға жағдай жасап, дайындықты жеңілдетуге бағытталған.

Құрметті, қала тұрғындары! Аталған жәрмеңке шаһардағы Экобазар сауда кешенінде 20 тамыз күні сағат 09:00-18:00 аралығында жалғасатынын хабарлаймыз!

Сонымен қатар бүгін қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен бүгінгі аппараттық мәжілісте өткен аптада анықталған кемшіліктердің орындалуы сараланды.

Бүлінген аяқжолдар мен қоршаулар, істен шыққан автоматты суғару жүйелері ретке келтіріліп, арық-атыздар тазаланған. Қала әкімінің Жаңа қала аумағын аралау барысында берілген тапсырмаларға сәйкес, жауапты мамандар көпқабатты үйлердің қасбетін реттеу мақсатында 990 салқындатқыш құрылғының қосалқы қорабын бірдейлендіріп, қайта орнатылуын қамтамасыз еткен. Тұрғындарға желдеткіш орнату барысында сақталуы тиіс техникалық талаптар түсіндірілуде. Бұл жөнінде қала әкімінің кеңесшісі Мадияр Асан 9-11, 32, 24-ші көшелер бойындағы кемшіліктерінің орындалуы туралы баяндамасында атап өтті.

Ветеринариялық қызмет мекемесінің Түркістан қалалық филиал басшысы Семсерхан Тоғаев өз кезегінде жыл басынан қалалық «1310» бірыңғай байланыс орталығына ит, мысықтарды аулауға 3192 өтінім түскенін, оның ішінде нақты 3174 өтінім орындалғанын мәлімдеді. Ветеринариялық қызмет мамандары тұрғындарды Түркістан облыстық мәслихатының 2022 жылғы 14 қыркүйектегі «Түркістан облысы бойынша үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің қағидаларын бекіту туралы» № 17/209-VII шешімінде көзделген талаптарды сақтауға шақырғанымен, әлі де шағымдар азаймай тұрғанын жеткізді. Жыл басынан бері ит-мысықтардан 270 адам зардап шеккен. Оның ішінде 148 иттің егесі анықталған.

Нұрбол Әбдісаттарұлы тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қажетті шараларды секторлармен бірлесіп, тиісті деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.

Қала тазалығын қамтамасыз ету бағытында Полиция басқармасы тарапынан 12-18 тамыз аралығында «Қоғамдық орындарды ластау» бабымен — 184 адамға, елді мекендерде абаттандыру ережелерін бұзған 61 азаматқа айыппұл рәсімделген. Бұл жөнінде қалалық Полиция басқармасы басшысының орынбасары Ахан Сапарбеков баяндады.

Шаһар басшысы: «Құқықбұзушылықтарды анықтауда бейнебақылау камераларының көмегі қай деңгейде? Олардың санын арттырғанымен әлі күнге нәтиже көңілден шығып тұрған жоқ. Қоршаған ортаны ластағандарды кешіргенімен, мәселе шешілмейтінін ұмытпаңыздар», — дей келе, бақылаудың атүсті жүргізілмеуін қатаң қадағалауды жүктеді.

Мәжіліс барысында сондай-ақ, облыс әкімінің және қала әкімінің тұрғындармен кездесуі кезінде, жеке қабылдауда берілген тапсырмаларының орындалуы сараланды. Хаттамалық тапсырмалар зерделеніп, жиналыс қорытындысымен тапсырма-жоспар қайта жаңартылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin