Түркістан қаласындағы «Яссы» тұрғын үй алабы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылды

Түркістан қаласының «Яссы» тұрғын алабы үй жағдайындағы интернет желісімен қамтылуда. Бұл сектордың тұрғындары енді озық «GPON» технологиясының арқасында жоғары жылдамдықты интернетті, цифрлық теледидарды және жоғары сапалы ұялы байланысты пайдалана алады. «Beeline» компаниясының жаңа технологиясы абоненттеріне қазірдің өзінде қолжетімді.

– Қазіргі уақытта «Яссы» және «Отырар» тұрғын үй алаптарындағы жеке секторларды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ 2025 жылдың соңына дейін Түркістан қаласының барлық жеке секторларын толық қамту жоспарланып отыр. Қаржыландыру жекеменшік инвесторлардың есебінен жүзеге асырылады. Басқарма тарапынан инфрақұрылым мәселелері бойынша қолдау көрсетуге дайынбыз, – дейді Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабеков.

«Beeline» компаниясының Түркістандағы тіркелген байланыс бизнесін дамыту бөлімінің басшысы Ержан Қошмаханбетовтың айтуынша, «GPON» технологиясының негізгі артықшылықтарының бірі – оның тұрақты деректерді беру жылдамдығы, сондай-ақ, сыртқы кедергілерден қорғалуында. Соның арқасында интернет, тіпті, шалғай елді мекендерде де жылдам әрі бірқалыпты жұмыс істейді. Технология деректерді оптикалық талшық арқылы 1 Гбит/с жылдамдықпен жіберуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бүгінде Түркістанда «Яссы» және «Отырар» тұрғын алабындағы 8 мыңнан астам тұрғыны бар 2 мыңға жуық үй аталған технологияға қосылған.

Орайы келгенде айта өтейік, Түркістан қаласының аумағын жоғары жылдамдықты үй жағдайындағы интернетпен қамту жұмыстары жүргізіліп келеді.
Өз кезегінде өңір басшысы Дархан Сатыбалды да: «Біз тұрғындардың өмір сапасын жақсарту және ауылдардың әлеуетін арттыру үшін бар мүмкіндікті қарастыруымыз керек. Әсіресе, ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту қажет. Бұл экономикалық, білім беру, медициналық және ғылыми салалардың дамуына елеулі ықпал етеді деп санаймын. Жаңадан құрылысы жүргізіліп жатқан тұрғын үйлерде байланыс желілерін бірден орнатуды тапсырамын», – деп отыр.

Өңірдегі жалпы 807 елді мекеннің қазіргі таңда 415-і жоғары жылдамдықты талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылған. Оның ішінде 305-і мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасымен жүзеге асты. «Қазақтелеком» тарапынан 177-сіне және «Транстелеком» тарапынан 128-іне оптика жүргізілген. Облыста интернет жылдамдығын арттыру, елді мекендер мен білім ұяларын сапалы ғаламтормен қамту жұмыстары жалғасады.

Түркістан облысында 825 ауылдық елді мекен мен 7 қалаға интернет сапасын анықтау мақсатында талдау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесі бойынша 683 елді мекен сапалы интернет желісімен қамтылған. Қалған елді мекендерде интернетпен қамту жұмысы жүруде. Жыл басында өңір басшысы Дархан Сатыбалды ауылдық елді мекендердегі интернет пен байланыстың сапасын арттыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырған болатын.

– Өңірде әсем ғимараттар бой көтеруде. Мәселен, әрбір аудан-ауылға барсақ мектеп, аурухана салынып жатқанын көреміз. Сол ғимараттарды, білім ұяларын және әлеуметтік нысандарды сапалы интернетпен қамту жұмысын күшейту керек. Көрші елмен шекаралас аудандарды интернетпен қамтуға басымдық берілгені дұрыс. Ақпараттық қауіпсіздік әрі аймақтың дамуы үшін маңызды. Байланыс операторларымен, осы салаға қатысты инвесторлармен тұрақты байланыс орнатып, жұмысты жалғастырыңыздар, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысының айтуынша, 2023 жылы ұялы байланыс операторлары арасында келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде 32 елді мекенге жаңа базалық станция орнатылып, 62 ауылдық елді мекеннің қолданыстағы базалық станциялаларына жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Жоспардың орындалуы 107% құрап отыр.

Бүгінде орталық атқарушы органдар тарапынан 2023-2027 жылдарға арналған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы әзірленуде. Облыс бойынша негізгі іс-шаралар жоспары айқындалды. Атап айтсақ, талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы ауылдық елді мекендерді қолжетімділікпен қамту, республикалық және негізгі облыстық жолдарды 4G технологиялары мобильді кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету, «Соңғы мильді» субсидиялау арқылы интернетті ауылдық елді мекендердегі үй-шаруашылығына дейін жеткізу және 5G желісін енгізу мәселелері қарастырылған.

Түркістан облысы елді мекендерін жоғары жылдамдықты интернетпен қамту мақсатында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жол картасы әзірленген. Қазіргі таңда байланыс операторлары өз тарапынан 96 ауылдық елді мекенге жаңа базалық станция орнату жоспарланған. Бұдан бөлек, 113 ауылдық елді мекенде жаңа базалық станция орнатылады. Сонымен қоса, 70 ауылдық елді мекенде орнатылған базалық станцияларды жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

Бұдан бөлек, өңірлік байланыс инспекциясымен бірлесіп тұрғындардан түскен арыз-шағымдарға қатысты жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілді. Түркістан облысында 361294 үй шаруашылығы бар. Оның 68 646-сы, яғни 19%-ы сапалы талшықты интернетпен қамтылған. Облыс тұрғындарын үй жағдайындағы жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамту мақсатында операторлардың серіктестері тарапынан 2023-2024 жылдарға салынған инвестициялар көлемі жалпы 1,64 млрд. теңгені құрайды. Түркістан қаласы тұрғындарын жоғары жылдамдықты талшықты-оптикалық интернет желісімен толықтай қамтамасыз ету үшін «Қазақтелеком» АҚ 1 миллиард теңге инвестиция салып, жалпы 91 үйге интернетпен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Түркістан облысы әкімдігіне қарасты 900-ден астам мемлекеттік мектептің барлығы техникалық мүмкіндігіне қарай интернет желісімен қамтылған. Оның ішінде 464 мектеп талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы интернет желісімен қамтылса, 295 мектеп шекара маңында және таулы аумақтарда орналасуына байланысты радиокөпір технологиясы арқылы интернет желісіне қосылған. 149 мектеп төмен жылдамдықты желісімен қамтылған. 2023 жылы басқарма тарапынан байланыс операторларымен келіссөздер жүргізіліп, облыс бойынша 84 мектепті жоғары жылдамдықты оптикаға ауыстыру мақсатында жоспар дайындалды. Қазіргі уақытта жоспар бойынша «Қазақтелеком» АҚ тарапынан 56 мектеп, «Транстелеком» АҚ тарапынан 28 мектеп оптикаға ауыстырылды.

Ал биыл наурыз айында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Транстелеком» АҚ-ның басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдинді қабылдаған-ды. Кездесуде аймақта интернет сапасын жақсарту, ауылдарды, білім ұяларын қамту мәселелері талқыланды. Өңір басшысы әріптестікті нығайтып, елге пайдалы жобаларды бірге жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.

– Түркістан қаласы облыс орталығы ретінде бекітілген уақыттан бастап, «Транстелеком» акционерлік қоғамы әкімшілік-іскерлік және мәдени-рухани орталықтарын оптикалық байланыспен толығымен қамтамасыз етті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы интернет сапасын жақсарту жөнінде тапсырма берді. Осы бағытта жұмысты күшейтуіміз керек. Осы ретте, облыс аумағындағы мемлекеттік мекемелер мен тұрғындарды жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосу үшін 435 ауылдық елді мекенді оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз етуді қарастыру қажет. Ауылдық елді мекендерді сапалы байланыспен қамту үшін, біз, өз тарапымыздан, орын алған мәселелер бойынша заң шеңберінде қарастыруға дайынбыз. Халқы тығыз орналасқан өңірімізде әріптестік орнатып, жұмыс істеу сіздерге де тиімді болатыны анық, – деді Дархан Сатыбалды.

Кездесуде Сүйеніш Әбділдин компанияның өңірде атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады. Алдағы жоспарларын тілге тиек етті. Оның айтуынша, өңірдегі 8 мыңнан астам абонентке, 389 мектепке «Транстелеком» АҚ қызмет көрсетеді. Компания Түркістан қаласында байланыс сапасын жақсартуға 2022-2023 жылдары 200 миллион теңге инвестиция салған, жалпы 240 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен бірге 145 көпқабатты үй осы компанияның қызметіне қосылған.

– Түркістан өңірінде интернет сапасын жақсарту бағытындағы жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз. Ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім салаларын цифрландыруға да мүмкіндігіміз бар. Түркістанда аймақтық филиалымызды ашу да жоспарланған, – деді «Транстелеком» АҚ-ның басқарма төрағасы.

2023 жылы «Транстелеком» АҚ-на қарасты қызмет көрсетуші компаниялармен 25 400 тұрғын үй шаруашылықтары үй жағдайындағы интернет желісімен қамтылып, 2022 жылмен салыстырғанда 3834-ке артқан. Дегенмен, тұрғындардың басым көпшілігі радиокөпір технологиясы арқылы интернет желісіне қосылуына байланысты интернет сапасында олқылық анықталған. Осы мәселені реттеу, талапқа сай технологияларды қолдану жөнінде ұсыныс берілді. Сонымен бірге мектептердегі интернет жылдамдығын жақсарту жолдары, демалыс орындары мен туристер көп шоғырланған аумақтарда жалпы қолданысқа ие «Free Wi-Fi» қызметіндегі анықталған кемшіліктер де айтылды. Қос тарап облыста интернет жылдамдығын арттыру және әріптестікті нығайту жөнінде уағдаласқан еді.

Естеріңізде болса, Түркістан қаласы 2021 жылдың 9 желтоқсанында ресми түрде 5G жүйесіне қосылған болатын. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай үйлестірілген ауқымды жобаны «Kcell» және «Ericsson» компаниясы бірлесе жүзеге асырды. «KUN» қонақ үйінде аталған жүйенің базалық станциясын орнату рәсімі өтіп, арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды.

Жиында «Қазақтелеком» АҚ басқарма мүшесі Тимур Құдайбердиев Түркістан қаласының даму деңгейі, өңірдегі оң өзгерістер осы игі істі қолға алуға себеп болғанын атап өтті.

5G желісін іске қосу үшін Түркістан қаласы кездейсоқ таңдалған жоқ. Бұл цифрландыру мен цифрлық трансформацияның алдыңғы қатарында тұрған аймақ. Түркістан Қазақстан бойынша қалалық ауқымда 5G жүйесіне қосылған алғашқы шаһар атанып отыр.

5G жүйесі «Ақылды қала» тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл дегеніңіз — тек жоғары жылдамдықты ғаламтор емес, дамудың жаңа сатысы деген сөз. Осы жүйе арқылы облыстың денсаулық сақтау, білім, ауыл шаруашылығы және өнеркәсібіне жоғары технологияларды енгізуге болады. Аталған өзгерістер Түркістан облысының дамуына серпін береді. Түркістан қаласы оңтүстік өңірінде ғана емес, республика бойынша 5G жүйесін енгізу бойынша көшбасшы атанып отыр.

«Ericsson» компаниясының Шығыс Еуропа және Орталық Азия өңіріндегі радио және көлік желілерін дамыту жөніндегі вице-президенті Анатолий Ильяич түркістандықтарды тарихи сәтпен құттықтағаны – есімізде. «Ericsson» компаниясы Қазақстанда 120 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейді. 1989 жылы Семейде 48 абонентке арналған ең алғашқы «Ericsson» телефон коммутаторы орнатылды.

Бүгінде Түркістан қаласының бүкіл тарихи әрі маңызды орталығын қамтитын 8 сыртқы станция дайындалып, толық жұмыс істеп тұр. Атап айтсақ, қала әкімдігі, «Конгресс Холл» сарайы, «Түркістан Арена» стадионы, автовокзал, «Фараб» кітапханасы, «Батыр» жастар сарайы және өзге нысандар жүйеге енгізілген. Қазіргі уақытта әуежай, «Kcell» абоненттік бөлімі, «Rixos» қонақ үйі сияқты маңызды туристік нысандарда 5G жүйесі орнатылған.

Түркістан облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабековтің сөзіне сүйенсек, бүгінде Түркістан облысы аумағында 829 елді мекен бар болса, оның 822-сі ауыл, жетеуі қала статусына ие. 2 053 379 тұрғыны бар 690 ауылдық елді мекен 3G және 4G мобильді интернет желісімен қамтылған. Ал, 93 855 тұрғыны бар 139 ауылда интернет жоқ. Түркістан облысының мобильді интернет желісімен қамтылу деңгейі халық санына шаққанда 92,2 пай ызды, ал,  ауылдық елді мекен санымен есептегенде 83 пайызды құрайды. Интернет тартылмаған 139 елді мекеннің жүзінде 2G байланысы бар болса, қалған 39-ында мүлде байланыс жоқ. Осы ретте 139 ауылдық елді мекеннің  81-інде ғана тұрғындар саны 250-ден көп екендігін айта кету керек. Осыған орай жол картасы аясында 2024-2025 жылдары халық саны 250-ден жоғары 50 елді мекенді интернет желісімен қамту жоспарланған. Қалған 89 елді мекенде техникалық мүмкіндіктің болмауы, антенна мачталық құрылыс жайларын орнатуға бюджеттен қаржы қаралмауы, халықтың аз қоныстануы, таулы не шалғай аумақтарда орналасуы, коммерциялық тұрғыдан тиімсіз болуына байланысты операторлар базалық станса орнатудан бас тартып келеді.

Қазіргі уақытта орталық атқарушы органдармен бірлесіп, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы әзірленіп жатыр. Облыс бойынша негізгі іс-шаралар жоспары айқындалды. Атап өтсек, біріншісі – 2024-2027 жылдар аралығында ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желілерімен қамту. Бүгінге дейін 407 ауылдық елді мекендегі 1800 мемлекеттік мекеме талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылған. Ендігі кезекте Үкімет қаулысына сәйкес 383 елді мекендегі 583 мекеме талшықты-оптикалық интернетпен қамтылатын болады. Жоспарға сәйкес, биыл – 158, келер жылы – 125, 2026 жылы – 95, 2027 жылы 18 елді мекенде тиісті жұмыстар жүргізіледі. Екіншісі – республикалық және негізгі облыстық жолдарды 4G мобильді кеңжолақты байланыспен қамтамасыз ету. Мұны іске асыру мерзімі – 2024-2027 жылдар аралығы. Бұл тұрғыда Түркістан облысына тиесілі 4737 шақырым жолдың көлік нөпірі көп болатын 650 шақырымын (Өзбекстан Республикасының шекарасы – Шымкент, Тараз – Қызылорда, Кентау – Түркістан – Арыстан баб – Төрткөл бағыттары) мобильді интернетпен қамтамасыз ету қажет. Үшінші іс-шара – «Соңғы мильді» субсидиялау арқылы интернетті ауылдық елді мекендердегі үй шаруашылығына дейін жеткізу. Мұның іске асырылу мерзімі — 2023-2024 жылдар. Қазіргі таңда Түркістан облысына қарасты тұрғындар саны 250-ден аз, халық аз шоғырланған 9 елді мекенде спутникті интернет желісі арқылы жалпы қолданыс нүктесі орнатылды. Олар Сайрам ауданындағы Береке, Қазығұрт ауданындағы Ызабұлақ, Бәйдібек ауданындағы Шұқыршақ, Сары ағаш ауданындағы 49 разъезд, Келес ауданындағы Құрөзек, Мәдениет, Тартоғай, Арыс қаласындағы 42 разъезд және Жосалы ауылдары. Төртіншісі – 5G желісін енгізу. Осыған дейін Түркістан қаласының бүкіл тарихи әрі маңызды орталығын қамтитын 9 сыртқы 5G базалық стансасы орнатылды. Түркістан қаласы әкімдігі, «Конгресс Холл» сарайы, «Түркістан Арена» стадионы, автовокзал, «Фараб» кітапханасы, «Батыр» жастар сарайы, «Керуен сарай» кешені, Түркістан қаласының әуежайы және «Rixos» қонақүйі сияқты маңызды туристік нысандарда бесінші буынды 5G мобильді интернеті іске қосылды. Алдағы уақытта Кентау, Сары ағаш, Арыс қалаларына 5G мобильді интернетін тарту жоспарда бар.

Түркістан облысы аумағына тиесілі республикалық және негізгі облыстық жолдарды 4G технологиясы арқылы мобильді интернет желісімен қамтамасыз ету үшін «Кселл» АҚ тарапынан 5 нүкте ұсынылып, 2024 жылдың ақпан айында радиожоспарлау жұмыстары жүргізілді. Осыған сәйкес  5 аумақта антенна-діңгекті нысан орнату үшін жердің актісі мен сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленіп, талшықты-оптикалық байланыс желілері мен электр желісін жүргізуге техникалық шарттар алынған. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары инвестор арқылы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, ұлттық жобаға сәйкес, басқарма тарапынан облыс аумағына тиесілі 650 шақырым жолды толығымен мобильді интернет желісі және байланыспен қамту мақсатында қосымша 14 базалық станса орнату үшін «Кселл» АҚ-мен келісім жасау жұмыстары жүргізілуде. Егер нәтижеге қол жеткізілсе, аудан, қала әкімдіктері қосымша ұсынылған координаттар бойынша байланыс операторымен радиожоспарлау жұмыстарын жүргізе отырып, жер телімдерін ресімдеу, жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу, антенна-діңгекті нысандарды салу жұмыстарына атсалысады. 

Әрине, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысының елді мекендерін жоғары жылдамдықты интернетпен қамту мақсатында жол картасы әзірленген. Жол картасы шеңберінде облыс аумағындағы 96 ауылдық елді мекеннің әкімдігі антенна-мачталық құрылыс жайлары және электр желілерімен қамтамасыз еткен жағдайда, байланыс операторлары тарапынан жаңа базалық станса орнату жоспарланған. Бұдан бөлек 113 ауылдық елді мекенде жаңа байланыс бекеті орнатылып, 70 елді мекенде стансаларды жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен бірге, Түркістан облысында 353 482 үй шаруашылығы бар. Қазір оның   60 134-і, яғни 17 пайызы сапалы талшықты интернетпен қамтылған. 

Түркістан облысына қарасты 911 мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылған. Атап айтқанда, 581 мектеп талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы жылдамдығы 20-80 мбит/с аралығындағы интернетпен қамтылған. Аталған мектептер Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Оқу-ағарту министрлігімен бекітілген «Орта білім беру ұйымдарында интернет желісіне және жергілікті желі жылдамдығына ұсынылатын ең төменгі талаптарды бекіту туралы» бұйрыққа сәйкес жеткілікті деңгейде интернет желісіне қосылған. Сондықтан бұл мектептер интернет желісін жоғарылатуды қажет етпейді. Ал, 329 мектеп «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ арқылы «SpaceX» компаниясының «Starlink» спутниктік интернет желісіне қосылды. Қалған бір мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан байланыс орнату кейінге шегерілді. 

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin