Сапасы жоғары, бағасы қолайлы жиһаз шығарумен айналысып жүрген «Grand Miks» кәсіпорнының іргетасы сонау 1998 жылы қаланды. Түркістан шаһарының тумалары, ағайынды Сабыржан мен Камилжан Исхаковтардың іскерлігі арқасында үй жанынан ашылған цехтің бүгінде қуаттылығы артып, үлкен өндіріс ошағына айналған. Ағайынды Исхаковтар Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары нарықтық экономикаға бет бұрып, алдымен жұмсақ жиһаздарды үйде жасап, базарға апарып, өздері сатып жүрді. «Тамшы тас теседі» демекші, осы салада ерінбей еңбек етіп, біраз тәжірибе жинақтаған олар алдымен — 4 адамды, бертін келе 15 жұмысшыны жұмысқа қабылдаған. Ал, бүгінгі таңда «Grand Miks» қанатын кеңге жайып, 150-ге жуық жергілікті тұрғынды жұмысқа қабылдап, облыс орталығындағы жиһаз жасайтын ірі кәсіпорындарының біріне айналған жайы бар.
«Grand Miks» заманауи жиһаз кәсіпорны бастапқыда жұмысын жолға қою мақсатында Бірлік ауылынан осы саланы өркендету үшін жер сатып алып, қолда бар қаражатқа қондырғылар алған. Уақыт өте «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығынан алынған несие арқылы тұтынушылардың көңілінен шығатындай жиһаз жасау үшін заманауи қондырғылар орнатқан. Осылайша жиһаз өндірісін өркендетуді дұрыс жолға қойып, жаңа технологияларды енгізу арқылы өндіріс көлемін арттырған. Ширек ғасырға таяу уақыттан бері осы салада тер төгіп келе жатқан Сабыржан Исхаков күні бүгінге дейін небір қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешіп, соның барлығын қажырлы еңбектің арқасында жеңіп келеді. Тіпті тәжтажал әлемдегі адамзат атаулыны қыспаққа алған шақта да қиындықтарға мойымапты.
– Бүкіл әлем экономикасына кері әсерін тигізген індет біздің елімізді де айналып өтпей, біраз өндіріске айтарлықтай кесірін тигізгенін жасыра алмаймын. Соған қарамастан біздің өнімге сұраныс күннен-күнге артып отыр. Шынын айту керек, жиһаз өнімдері күнделікті тұрмысқа қажет бұйым болғандықтан, жыл бойы сұранысқа ие. Бүгінде жұмысымыз бірқалыпты, еліміздің 17 облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы дилерлеріміз арқылы жиһаздарымыз республикамыздың барлық өңіріне жеткізілуде. Тек қатаң шектеу шаралары қолға алынған карантин кезінде ғана бір ай бойы демалдық. Мемлекет тарапынан жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп жатқандығына ризашылығымды білдіремін. Өндірісімізді өркендету үшін 2017 жылы Халық банкінен 200 миллион теңге көлемінде несиені 5 жылға 15,5 пайызға алып, оның 7 пайызын «Даму» қоры төлегендігін тілге тиек ете кетейін. Мұндай қолдаулар жергілікті кәсіпкерлердің жоспарларын жүзеге асыруларына зор септігін тигізіп отырғаны жасырын емес. Бұл қаржыға 30-ға жуық станок алдық. Бүгінгі таңда индустриалды аймақтан қосымша 1 гектар жерге қол жеткізіп, өндірісімізді өркендету үшін кәсіпорынның жаңа ғимаратын салдық. Биылдан бастап тағы қосымша 1,8 гектар жерге кәсіпорынның тағы да жаңа ғимаратының құрылысын жүргіздік. Құдай бұйыртса, жұмысымыздың өрісі кеңеюде. Қазір бәсекелестік заманы, сондықтан алдағы уақытта ізденісімізді тоқтатпай, керісінше жұмысымызды ширата түсеміз, — дейді өзі.
2016 жылдың қазан айында Түркістанның индустриалды аймағында 6 мың шаршы метрлік сақтау орны бар, 2 мың шаршы метрден астам өндірістік цех ашылды. Зауыт аумағында ламинадты тақтайшалар шығаратын цех салуға мүмкіндік болды, ол үшін мемлекеттік бағдарлама арқылы қол жеткізілген 500 миллион теңгеден астам сомаға өндіріс машиналары мен жабдықтар алынды.
Басты мақсаты етіп тұтынушыларды сапалы әрі арзан өніммен қамтамасыз етуді қойған Сабыржан Исхаков «Тапсырыс берушілердің талабына сай қолжетімді бағада жиһаз жасап беруге кәсіпорынның толық мүмкіндігі бар. Құдай қаласа, жиһазымыз еліміздің, қала берді шет мемлекеттердің талабына сай деп ойлаймын. Осы қыруар шаруалардың біртіндеп орындалуына жақындарым, достарым, әріптестерім, ең бастысы әкем Мирзамарип қажы және анам Хидаят үнемі қолдау көрсетіп, ақ баталарын беріп отыратындығын мақтанышпен айтамын» — дейді.
Ал «Grand Miks» кәсіпорны директорының орынбасары Камалжан Юлдашев: «Жұмысшылардың әрқайсысы өз міндеттерін тиянақты әрі ойдағыдай атқаруға күш-жігерін жұмсайды. Біздің ұстанымымыз: «Санға емес, сапаға көңіл бөлу». Өйткені, тұтынушылар біздің шығарып отырған өнімімізден кемшілік тұстарын таппауы керек. Бүгінде кәсіпорында асхана жиһазы, ас үй жиһазы, жатын бөлме жиһазы, балалар шкафы, кеңсе жиһазы, сондай-ақ құрастырмалы жиһаздың 200-ден аса түрін ұсынамыз. Жұмысшыларымыз соңғы үлгідегі Қытай елiнiң «Nanxing» зауытынан шыққан жаңа технологияларда жұмыс істейді. Иә, карантин кезінде біршама қолбайлауларға тап болдық. Атап айтсам, Қытайдан келетін шикізатты жеткізу қиындық тудырды. Индустриалды аймақта жұмысын жолға қойған кәсіпорындар үшін ортақ мәселе – теміржол тұйығын іске қосу. Өйткені, біраз кәсіпорындарға шикізат теміржол арқылы жеткізілетіндігін айтып өткім келеді. Осы мәселеде жергілікті билік қолдау көрсетсе, көп мәселенің түйіні шешілер еді. Ал, енді ішкі жағдайымызға тоқталсам. Кәсіпорын жұмысшыларына қолайлы жағдай жасау үшін олардың жұмысқа барып-келуіне жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтсақ, арнайы бөлiнген автобус жұмысшыларды таңертең алып келiп, кешкiсін үйлеріне алып қайтады. Жұмысшылардың көңіл-күйін көтеру, жұмыстан бір мезгіл өздерін еркін сезіну мақсатында спорттық iс-шаралар ұйымдастырылады. Айтпақшы, кәсіпорындағы кәсiподақ ұйымы тарапынан жылына 20 жұмысшы «Сарыағаш» шипажайына дем алып келетіндігін, барлық шығындар кәсіпорын есебiнен жұмысшыларға тегiн қарастырылғанын айтып өткеніміз жөн» — дейді.
Тағы бір атап өтерлігі, кәсіпорын жылына жиһаздың 15-20 түрiн жаңадан ойлап шығарып, жиһаз түрлерiн жаңартып отыру жүйесiн жолға қойған. Облыстық, республикалық көрмелерге қатысып, елiмiздегi өзге де жиһаз шығаратын фабрикалардың жұмысымен iс-тәжiрибе алмасып отырады. Осындай ізденістердің арқасында кәсіпорын осы уақыт аралығында елімізде өткен ірі байқауларда «Ең жақсы корпус жиһазы», «Ең жақсы асхана жиһазы», «Халық тұтынатын ең үздік тауарлар» номинациялары бойынша үздік деп танылған. Мұндағы жұмысшылар «Grand Miks» кәсіпорнында тер төгіп жатқандарына ризашылықтарын білдіреді. Өйткені, мұнда қандай қиындықтар мен тосқауылдарға қарамастан бұрынғыша жұмыс бірқалыпты, жұмыс тұрақты, жалақы уақытында беріледі.
Айтпақшы, санға емес, сапаға айрықша көңіл бөлетін Түркістан қаласы «Бірлік» тұрғын үй алабындағы Наурызым атындағы көшеден «Grand Miks» жиһаз үйі ашылған. Аталмыш сауда орталығының «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автокөлік дәлізі бойына жақын орналасуының өзі еліміздің түкпір-түкпіріне саудаланатын жиһаз өнімінің қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Мұнда жаңа отбасылар үшін қандай жиһаз қажет болса, барлығын табуға болады. Яғни, электр жарықтандырумен қамтамасыз етілген екі кісілік ыңғайлы диван, кең шкаф, жаңа орындықтар, асхана жиһазы, стол, үстелдер бар. Бағасы да тұтынушылардың мүмкіндігіне қарай ыңғайлы. Жиһаздарда металл детальдарының қолданылуы сапаны арттыруға мол мүмкіндік береді. Жиһаздарды қалаған мекенжайға жеткізу және құрастырып беру кәсіпорын есебінен жүзеге асырылады.
Айта кетейік, өз жұмысын Бірлік ауылындағы шағын цехта бастаған кәсіпорын бүгінде республика көлемінде кез келген жиһаз өндірісімен айналысатын кәсіпорындармен бәсекелесе алатын дәрежеге жетті. «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» — дейді дана халқымыз. Ағайынды Сабыржан мен Камилжан әкесі Мирзамариптің ақыл-кеңесіне құлақ түріп, жақындарының демеуімен бұл күндері еңбектерінің жемісін көріп отыр.
Түркістан қаласындағы индустриалды аймақта орналасқан заманауи кәсіпорында 150-ден аса адам еңбек етіп, сапаны арттыру бағытында шетелдік компаниялармен тәжірибе алмасып келеді. Нәтижесінде ізденіс пен жаңашылдық сапалы өнім көлемінің артуына сеп болуда. Осындай еңбек өнімділігі арқасында 2020 жылы «Grand Miks» жиһаз фабрикасы «Халыққа арналған тауар шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Алтын сапа» сыйлығына ие болды.
– Біз әрқашан тұтынушының мүддесіне және оның қажеттілігін зерттеп, санға емес, сапаға айрықша көңіл бөліп келеміз. Сондықтан кәсіпорындағы басқару жүйесі үздіксіз дамып, өнім көлемі де жылдан жылға артып келеді, — дейді «Grand Miks» жиһаз фабрикасының басшысы Сабыржан Исхақов. Сабыржанның туысқан ағасы Мамиржан Исхақовтың айтуынша, олардың аталары Ергеш ата ағаш ұстасы шебері болып, Түркістанда аты кең тараған екен. Бүгінгі ұрпақтары ата-баба ізімен жүріп, осы кәсіпті меңгеріп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып жатыр. Ал атакәсіп, әрине, қашанда берекелі!
Қорыта айтқанда, бүгінгі күні зауыт Қазақстан Республикасындағы ірі өндіруші, ал «Grand Miks» атауы халықаралық трендтерді қолдайтын жиһаз өндірісі саласында брендке айналды. Жиһаз өндірісі саласында «Grand Miks» қалада және тұтастай республикадағы жиһаз сәнінің заңды шығарушысы болып саналады. Зауыттың қызметкерлері шын мәнінде бірегей дизайнерлік жиһаздың керемет коллекцияларын жасап шығаруда.
«Біздің өндірісте тек жоғары сапалы материалдарды қолданамыз», – дейді Гранд Микс басшысы Сабыржан Исхаков. – Тапсырыс беруші немесе сатып алушы әрдайым жиһаздың неден жасалғанын толық біле алады. Тек қауіпсіз материалдар мен технологияларды пайдаланамыз. Мысалы, пластикті пайдаланатын материалдардың технологиялық талаптарына жақсы жауап беретін экологиялық таза дисперсиялық желім. Жұмсақ жиһаз және ас бұрыштары үшін бетін қаптауға арналған маталар әлемдік үрдіске сәйкес келеді».
Зауытта өндірістің технологиялық үдерісі де сақталынады. Әрбір өнім барлық кезеңдерден өтеді: материалды аралаудан жиақтауға дайін және дайын өнімді орау. Зауыттың барлық цехтары заманауи жабдықтармен жұмыс істейді.
Бүгінгі таңда «Grand Miks» жиһаз фабрикасының өнімдері тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие. Қажетті компоненттер Ресей мен Польшадан жеткізіледі. Кейбір бөлшектер тікелей цехта өндіріледі. Зауыттың шеберлері шетелдік компаниялармен тәжірибе алмасады. Мысалы, қайбір жылы Германиядан келген мамандар отандық ағаш өңдеудің заманауи әдістерінде жергілікті мамандарды дайындады. Нәтижесінде сапалы өнім көлемі артты.
Қазір жиһаз фабрикасы түрлі жиһаздың 200-ден астам түрін жасап шығарады. Бүгінгі таңда зауыт Ресей, Белоруссия, Қытай және Қазақстаннан 30-дан астам дилерлермен, 40 жеткізушімен жұмыс істейді.
Компанияда әрбір клиентке, ол көтерме сатып алушы болсын, дилер немесе қарапайым клиентке жеке көзқараспен қарайды. Кәсіпорындағы басқару жүйесі үздіксіз дамып келеді және ең тиімді сенімді шешімдерді шығармашылық ізденіске қабілетті команда құруға бағытталған. Гранд Микс жиһаз фабрикасы әрқашан тұтынушының мүддесіне және оның қажеттілігін зерттеуге бағытталған. Маркетологтар, дизайнерлер, конструкторлар, жобалаушылар өз жобаларын әлемдік жиһаз өндірушілерінің тәжірибесіне сүйеніп және нарықтық зерттеулердің нәтижесін мұқият талдай отырып жасауда. Жиһаз тәжрибелік үлгілердің тұтас сериясын тексергеннен кейін өндіріске енгізіледі. Сондықтан ақаулары бар модельдер жоқтың қасы.
Бірақ компания табысының сыры — бұл ауқымды тапсырманы жүзеге асыруға қатыса алатын қызметкерлерінің болуы. Зауыт директорының пікірінше, ең маңыздысы бүгінгі күні 150 адам жұмыс атқаратын және бұл үшін спорттық және шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылып отырылатын бірлескен топ, корпоративтік рухты тәрбиелеу. Жұмыста ерекшеленген қызметкерлерге қаржылық сыйақы да беріледі. Бұдан басқа, еңбек қорғаудың барлық шарттары сақталып, қызметкерлер санаторлық-курорттық емделуден кейін өз денсаулығын жақсарта да алады.
«Ең бастысы – әрдайым өндірістік тонуста болу, жаһандық трендтерді қадағалап, экономиканың осы бір кішігірім саласын дамыту. Бұл отандық өндірушінің зор әлеуеті туралы бүкіл елге жариялауға мүмкіндік береді», – деп санайды «Grand Miks» басшылары.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.