Түркістан қаласындағы индустриалды аймақта жиһаз құрастырылып жатыр

Түркістан қаласының индустриалды аймағында «Тұран-Мебель» ЖШС жиһаз құрастырумен айналысуда. Жобаның жалпы құны 2,361 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорын үйге, кеңсеге және қоғамдық орындарға арналған жиһаздар шығарып, өндіріс процесінде заманауи технологияларды қолданады.

Кәсіпорында 40 адам жұмыс істейді, бұл жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді. Компанияның өндірістік қуаты жылына 300 000 дана жиһаз шығаруға мүмкіндік береді, бұл ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорт әлеуетін де арттырады.

«Тұран-Мебель» мемлекеттік бағдарламалар аясында аймақтық билікпен серіктестікте жұмыс істеп, өндірісті жаңғырту және кеңейту жобаларын жүзеге асырады. Алдағы уақытта компания өндіріс көлемін арттырып, экспорттық нарықтарға шығуды көздейді. Осылайша, «Тұран-Мебель» өңірдің экономикалық дамуына үлес қоса отырып, өз позициясын одан әрі нығайтуды көздеп отыр.

Өз кезегінде Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы жиһаз өндірісінің дамуына көңіл бөліп отырады. Мәселен, биыл мамыр айында түркістандық жиһаз өндіруші кәсіпкерлердің басқосуында шетелдік көрмелерге қатысу кезіндегі шығындардың өтелуі, «Expo Mebel Astana» жиһаз, фурнитура, қаптама материалдары мен жабдықтар көрмесі және «Show room» жобасы тақырыбындағы мәселелер талқыланды.

Жиһаз өнеркәсібіне инвестиция тарту бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Өткен жылы осы өңірдің жиһаз өнеркәсібіне 13,2 миллиард теңге инвестиция салынып, республикалық деңгейдің 76,8 пайызын құрады.

Облыс аумағындағы кәсіпкерлердің шетелдік көрмеге қатысуға кететін шығыны жобамен 20-30 миллион теңге екенін ескерсек, бұл тек ірі кәсіпорындарға ғана қол жетімді болып отыр. Кәсіпкерлер өз өнімін шетелдік көрмеге шығарғысы келгенімен, қомақты қаржы шығару кез келген кәсіпкер үшін қалтаға салмақ салады. Сондықтан да, кәсіпкерлер «шетелдік көрмеге қатысу үшін берілетін қаржы алдын ала берілсе» деген ұсыныс айтты.

Сондай-ақ, кездесуде «Expo Mebel Astana» жиһаз, фурнитура, қаптама материалдары мен жабдықтар көрмесіне қатысу бойынша ақпарттандыру жүргізілді. Көрме ағымдағы жылдың 14-16 тамыз аралығында Астана қаласында өтті.

Жиында жиһаз өндірісіндегі кәсіпорындарға арналған «Show room» жобасы бойынша ұсыныс айтылды. Бұл дегеніміз — қаладағы барлық жиһаз өндіруші кәсіпорындардың сатылым дүкенін бір жерге тоғыстыру.

Бұдан бөлек Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды да Түркістандағы бірнеше кәсіпкерлік нысандарында болып, жұмысымен танысып отыруды жолға қойған. Кәсіпкерлермен жеке-жеке сөйлесіп, өндіріс көлемін ұлғайту, жұмыс орындарын көбейту, шетелдік нарыққа шығу жөніндегі жоспарларын, өтініштерін тыңдайды. Қандай қолдау қажет екенін сұрап, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіреді.

Бүгінде Түркістандағы «ASIA BREND» жиһаз компаниясы жылына 22000 дана жиһаз шығаруға қауқарлы. Жылдық қаржылық айналымы – 1,1 миллиард теңге. Кәсіпорында 150 адам жұмыспен қамтылған.

Заманауи үлгідегі технологиялар қолданылатын кәсіпорынның жиһаздарына өз елімізбен қатар көршілес мемлекеттерден де сұраныс бар. Облыс әкімі кәсіпкерге жобаның қуаттылығын арттырып, эскспортқа жұмыс істеу қажеттігін айтты.

Дархан Сатыбалды «Ideal Turkestan» ЖШС-нің әлеуетімен де танысқан. Жиһаз зауытында 50 адам жұмыспен қамтылған. Бүгінде кәсіпорынның өнімдеріне сұраныс бар. Кездесуде кәсіпкерлікке қолдау көрсету, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді қолдану, өндірісті жандандыру бағытында ұсыныс-пікірлер тыңдалды.

Иә, соңғы жылдары Түркістан қаласында кәсіпкерлікке басымдық беріліп, жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу өнеркәсібін дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беріп жатыр.

Бұл орайда, заманауи, соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған жиһаз өндіруші «Asia Brand» кәсіпорыны ел экономикасының артуына елеулі үлесін қосуда.

Жиһаз өндіру бойынша нарықта 13 жылдан астам тәжірибесі бар «Asia Brand» ЖК жиһаз өндірісін бір қызметкермен бастаған.

Компанияның бас директоры Ұйғын Әбішевтің айтуынша, қазіргі уақытта кәсіпорында 150-ге жуық адам еңбек етеді. Облыс орталығында жылына Түркістан қаласының брендіне айналған ас үйге және жатын бөлмесінің жиһаздар мен шкафтың 22 мың данасы өндірілуде. Компания өз өнімін сату үшін Қазақстанның барлық ірі қалаларында 14 қойма ашса, бұдан бөлек Өзбекстан және Ресей мемлекеттеріне экспорттап жатыр.

Ұйымшыл ұжымда түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында еліміздің дамуы жолында аянбай тер төгіп жүр. Саланың сан қырлы ерекшелігін мінсіз меңгерген оларды өз кәсібінің шынайы майталмандары деуге болады.

Айта кетсек, өткен жылдың желтоқсан айында Астана қаласында өткен салтанатты жиында «Asia Brand» кәсіпорыны Президенттің «Алтын сапа-2023» сыйлығына ие болды. Аталған кәсіпорын диплом, байқау эмблемасымен және жеңімпаздарды келесі кезең – ТМД-ның өнім және қызмет көрсету сапасы саласындағы байқауына қатысуын ынталандыру үшін 450 АЕК мөлшерінде қаржылай сыйақымен марапатталды.

Түркістан қаласында жиһаз өнеркәсібі жыл сайын қарқынды дамып келеді. Бұл бізде даңғыл жолға түсіп келе жатқан жас сала деуге болады. Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, инвестиция жаңа жобалармен жұмыс істеп тұр­ған кәсіпорындарды одан әрі дамытуға бағытталған.

Елімізде жиһаз өнімдерін тұтыну нарығы өткен жылы 221 миллиард теңгені құраған. Сарап­шы­лар халық санының өсуі, көші-қон, кірістің ұлғаюы, инфра­құрылымның кеңеюі, сондай-ақ жаңа тұрғын үй жобалары мен коммерциялық үй-жайлар құры­лысының өсуі есебінен жи­һаз өнімдерін әлемдік тұты­ну­дың тұрақты өсуін болжайды. Ұлттық статистика бюро­сы­ның мәлі­метін­ше, елімізде жиһаз өндірісі құндық мәнде 44,9 миллиард теңгенің орнына 46,7 миллиард теңгені құрап отыр.  Нақты мәнде асхана мен қонақ бөлмеге арналған ағаш жиһаз өндірісі (56,9 мың дана, жылдық өсім 35,5 пайыз), сондай-ақ ас үй жиһазы (73 мың дана, 20 пайыз өсім) айтарлықтай өскен. Орындықтар жән металл қаңқасы бар басқа да отыратын жиһаздар өндірісі былтырмен салыстырғанда 10,6 пайыз өсіп, 869,1 мың дана болған.Импорттың негізгі көлемін ТМД елдері қамтамасыз етті: 78,3 пайыз. Жыл басынан бері бұл елдерден Қазақстанға 67,2 мың тонна жиһаз әкелінді, бұл былтырғыдан 1,3 пайызға аз. Ресей Қазақстан Республикасы үшін негізгі жеткізуші болды: 36,4 мың тонна, былтырғыдан 27,9 пайызға аз. Үздік үштікке Беларусь пен Украина да кірді. ТМД елдерінен басқа елдерден Қазақстан 90 миллион АҚШ долларына 18,6 мың тонна жиһаз әкелді. Мұнда негізгі жеткізушілер — Қытай мен Түркия.

Бүгінгі күні шаһарда осы бағытта өнім шығаратын 30-дан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 15-сі ірі болса, қалғандары — шағын цехтар. Бүгінгі күні бұл кәсіпорындарда 2 мыңнан астам адам еңбек етіп, 200-ге жуық жиһаз түрін шығарады. Қалада қарқынды жұмыс істеп тұрған жиһаз фабрикасының бірі — «Аsia Brend». Осыдан жеті жыл бұрын жұмысын бастаған кәсіпорында қазіргі таңда 100-ден аса өнім түрлері дайындалады.  Мұнда Германия, Италия, Түркия, Қытай мемлекеттерінен жеткізілген заманауи құрал-жабдықтар орнатылған. Мұнда олардың тілін жетік меңгерген мамандар да жетерлік.  Аталмыш кәсіпорынның қазіргі таңда Астана, Алматы, Көкшетау, Қызылорда, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау, Орал қалаларында арнайы өкілдіктері жұмыс істейді. Тұтынушылар сұранысына қарай қажетті барлық отандық өнім 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін бағада сатылуда. Ал, тұтынушыларға сатып алған жиһаздарын үйлеріне жеткізу мен құрастыру фабрика есебінен атқарылуы да қосымша жеңілдік болып табылады. Мұнда жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Арнайы киімдер мен дәмді тағамдар кәсіпорын есебінен берілуі қызметкерлер мен жұмысшыларға әлдеқайда қолайлық пен жеңілдік туғызуда. «Аsia Brend»тің өнімдеріне Қазақстанда сұраныс жоғары. Бұған басты себеп – жиһаз фабрикасының жаңашылдыққа бет бұрып, тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыруында. Түркістан қаласындағы жетекші өндіріс орны өткен жылды табысты аяқтады. Атап айтсақ, Астана қаласында өткен «Қазақстанның ең үздік тауары» республикалық көрме-байқауында үздік үштіктен көрініп, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Алғыс хаты» және арнайы сыйлығымен марапатталды.

Иә, тұрғындар қалтасына қонымды баға мен ең бастысы сапаға көңіл бөлген кәсіпорын басшысы Ұйғын Ибраһимұлының болашаққа қойған жоспарлары көп әрі айқын. Мемлекет тарапынан қолдау көріп және жергілікті әкімдіктің шарапатын сезініп отырған жиһаз фабрикасы мұнымен тоқтап қалмай тұтынушылардың көңілінен шығатын өнімдерді одан әрі өндіре бермек.

Бұл мекемелерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жеңілдік бағдарламалар ол — 4-6 пайыздық жеңілдетілген несиелер. Көрсеткен өнімдері бар. Соның бәрін мемлекет ескеріп, несие беріп отыр. Мұндай несие «Азия бренд» және «Грант микс» кәсіпорындарына берілген. Қала билігі шаһардағы барлық жиһаз кәсіпорындарын бір жерге шоғырландыру үшін оларға индустриалды аймақтан жер беру мәселесін қолға алған. Сөйтіп, үлкен кластер құруды жоспарлап отыр.

Түркістан облысында «Жайлы мектеп” Ұлттық пилоттық жобасы аясында 63 мектеп салынатыны естеріңізде шығар. Өңірде осы жоба арқылы құрылысы жүріп жатқан нысандардың бас мердігерлері Түркістандағы жиһаз шығаратын ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Басты мақсат – мектептерді сапалы отандық жиһазбен қамту барысын пысықтау.

Мердігерлерге Түркістан қаласындағы «Brownfield» дайын өндірістік аймағы мен шағын өнеркәсіптік аймағында орналасқан кәсіпорындар таныстырылды. Негізінен мектепке қажетті бекітілген техникалық сипаттамаға сай жиһаз өнімдері ұсынылды. Олардың қатарында: «Аkniet Holding» мүгедектер қоғамы» жоба құны: 2,3 миллиард теңге, 80 жаңа жұмыс орнымен қамтиды. Қуаттылығы: жылына 180 000 дана. Жобаның ерекшелігі: роботтандырылған соңғы үлгідегі қытайлық технология; «СП Тұран Мебель» ЖШС жоба құны: 2,3 миллиард теңге, 40 жаңа жұмыс орнымен қамтиды. Қуаттылығы: жылына 400 000 дана. Жобаның ерекшелігі: арнайы мектепке арналған жиһаз бұйымдарын өндіру.

Салаға қатысты атап өтер маңызды ақпарат, жиһаз өнеркәсібінің негізгі капиталына алдағы жылдары 8 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылмақ. «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу және талдау дирекциясы кейбір жобаларды Қытай қаржыландыратынын хабарлады.

«Қазіргі таңда еліміздің жиһаз өнеркәсібінің инвестициялық портфелі құны 17 миллиард теңгеден асатын 9 жобаны қамтиды.  Оларды іске асыру арқылы шамамен 1000-ға жуық жұмыс орны ашылмақ», – деп мәлімдеді аталған орталық.

Мәселен, биыл Түркістан облысында 4 жоба іске қосылды. Жалпы өндіріске 9,2 миллиард теңге жұмсалды. Өнімдердің негізгі бөлігі ел аумағына таралады.

2024 жылдың соңына дейін Павлодар облысында бір жоба іске қосылады. Жоба құны – 388 миллион теңге.  Өндіріс орны кеңсе және мектеп жиһаздарын шығарады.

Шымкент қаласында құны 800 миллион теңгені құрайтын 3 жоба бар. Соның негізінде жиһаз, медициналық жиһаз және металл шкафтар өндірісі қолға алынады. Жаңа кәсіпорындар өнімінің 9 %-ға жуығын жақын және алыс шетелдерге экспорттайды. 

Абай облысында жалпы құны 7,5 миллиард теңгеге корпустық кеңсе жиһазын шығаратын кәсіпорын салынбақ. Жоба нәтижесінде 530 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаның негізгі инвесторы – Қытай Халық Республикасы.

2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында жиһаз өнеркәсібі саласына 1 173,4 миллион теңге инвестиция тартылды. Инвестиция көлемі жөнінен сол кезде Түркістан облысы алға шықты.

Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 7 ірі кәсіпорын бар, сондай-ақ тағы бірқатар шағын жиһаз цехтары жұмыс істеп тұр. Облыста жұмысын жүргізіп отырған, жиһаз өндірісінде өзіндік орны бар «Гранд Микс», «Азия бренд», «Мебель люкс», «Кордиал – Түркістан» сынды кәсіпорындарының өнімдері еліміздің өзге облыстарымен қатар ТМД елдеріне шығарылады. 

Атап айтар болсақ, өз жұмысын 2013 жылы шағын ғана цехтан бастаған «Азия бренд» (ИП Абишев) өнімдері еліміздің бірқатар өңірлеріне тарайды. Кәсіпкерліктің іргесін кеңейткен бұл кәсіпорын бүгінде түркістандық 60 тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Шағын кәсіпкерлікті мемлекет қолдауымен бастаған бұл цехта жиһаздарға қажетті шикізатты әрлеу өнімдері де осы жерде дайындалады.

Цехтың жылдық өнімділігі – 10 мың дана жиһаз топтамасы. Сондай-ақ, бүгінде жиһаз топтамасына қажетті қосалқы бөлшектер мен материалдардың 80 пайызы өздерінен шығады. Бұрындары Ташкент, Қытай елдерініне тасымалданған өнімдерді енді цехта өндіріліп, өндірістің тиімділігін арттырып, баға тұрақтылығын сақтап отыр. Қазір фабрикадағы жұмыстың 80-90 пайызы автоматтандырылған. Цехтағы жұмыс италиялық станоктардың көмегімен жүргізілуде. Жобалық құны – 20 миллион теңге. Өнімнің сапасын жақсартып, көлемін арттыру үшін кәсіпорын қызметкерлері шетелдік мамандармен тәжірибе алмастырып отырады. Сондай-ақ, Түркістандағы индустриалды аймақтағы үлкен жобалардың бірі – «Гранд Микс» кәсіпорынының өнімдері еліміздің барлық өңірлеріне таныс. Себебі, фабрика өнімдері Қазақстанның 14 облысына және Қырғызстанның Бішкек, Ош қалаларына жіберіледі.

Қазіргі таңда Ресей, Әзербайжан елдерінен де сұраныстар қабылдауда. Жиһаз өнімдерінің бірнеше түрін шығаратын «Гранд Микс» мекемесі жылына 1,5-2 миллиард қаржының өнімін өндіреді. Онда бүгінде жергілікті тұрғындардан 145 жұмысшы еңбек етеді. Облыс орталығы Түркістан қаласында алдағы уақытта кәсіпкерлікті, өнеркәсіпті дамытуға баса мән беріліп отыр. Бұл тек қаланың көркеюіне ғана емес, жұмыссыздықтың да азаюына сеп болмақ.

Иә, іскерлік әлемге еніп, белгілі бір істің көзін тауып, айналаға қажетті затты дәл анықтап, оның түбін зерттей білу өміріңізді, ұстанған жолыңызды өзгертуі әбден мүмкін. Бұған түркістандық Сайдиганиевтер отбасының қолға алған кәсібі дәлел. Олар бүгінде өздерінің шағын цехында жасанды ротангтан жиһаз өріп, өнімнің 15-тен астам түрін жасап шығаруда.

— «Бүгінде облыс орталығы болғалы қаламызда қадам аттасаң жиһаздың түр-түрі кездесетінін білесіз. Үйге дейсіз бе, кеңсеге дейсіз бе, тиісті мекемелерге, балаларға арналған көптеген жиһаздың барлығын Түркістаннан қиналмай табуға болады. Енді жаңаша не істеуге болады деп ойлана келе, интерьерде қызықты көрінетін тоқылған жиһазды жасауға бел будық. Әрине, нөлден бастаған нәрсе оңай емес. Алдымен Ташкентке барып, олардың осындай ротангтан жиһаз шығаратын алып зауыттарынан жылдан астам тәжірибе жинақтап, үйреніп, ол жақтың нағыз шеберлерін осында келіп үйретулері үшін келісім жасадық», — дейді ағайынды Сайдиганиевтердің бірі Сұлтанмұрат атты жас кәсіпкер.

Түркістанда жасалған отандық өнімнің қазіргі таңда «Деко Классик», «Изабелла», «Рим», «Шанель», «Джек», «Милано» сияқты тағы басқа 15 түрі сауда сөресіне қойылды. 4-6-8 орындықты үстелдердің, аспалы гамак-креслолардың ерекше сыртқы түрі алуан түрлі стильдерге де сәйкес келеді. Оларды қазір кафе-мейрамханаларда ғана емес, тұрғын үйлерде де көптеп кездестіруге болады.

— «Күннен күнге түрлі өзгерістер болып, қаламыздағы тіршілік қайнап жатқан тұста қарап отыру ақылға сыймайды. Қолда бар қаржыны жинақтап, жетпегенін қарызданып, осы істі қолға алдық. Іздендік, әрекет еттік. Біраз жерде ротангтан жасалған жиһаздарға сұраныс көп екен. Ташкентте ойдағыдай үйреніп-біліп келгеннен кейін уақыт созбай өзімізде бастап көруге бел байладық. Байқап отырғаныңыздай, бұл нағыз қол жұмысын талап ететін өндіріс. Негізі ротанг өсімдігі – қымбат материал, ол Индонезияда өседі. Бүгінде оның жасанды түрі өндірілуде. Осы өнімнің сегіз түрін Өзбекстаннан алдырамыз, ал темірден ресейлік темірді пайдаланамыз. Оны өзіміз өңдеп, әрлейміз.

Тәжірибе көрсеткендей, өнімнің шикізатын толық өзімізден өндіруге болады, ол үшін алдағы уақытта ротангты өндіретін арнайы құрылғыны (станокты) алдыру жоспарымызда бар. Сондай-ақ ісімізді кеңейту мақсатында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Даму» қорының бағдарламасы аясында жұмыс істеу ойда бар. Қазір өзбекстандық 15 шебер дайын ротангтан осы жиһаздарды қолдарымен өруде. Жиһаздың түсі тапсырыс берушінің қалауы бойынша жасалады. Оларға жергілікті 5 жұмысшы қосылып, өнімді қалай жасаудың қыр-сырын меңгеруде», — дейді Сұлтанмұрат шебер.

Кәсіпкердің айтуынша, қолы жылдам, епті шебердің әрқайсысы күніне бір орындықтан тоқып бітірсе, үйреніп жатқан шәкірттер бір орындықты өруге үш күн жұмсайды. Бұл аса сабырлылық пен төзімділікті қажет ететін жұмыс. Бүгінде кәсіпкер Сайдиганиевтердің сапалы өніміне сұраныс артып, жергілікті ғана емес, Алматы, Астана, Қарағанды қаласының, алыс-жақын аудандардың тұрғындары да тапсырыс беруде. Демалыс орындарының ғана емес, ас және қонақ бөлмелерінің де ажарын ашатын бұйымдардың бағасы шетелден келетін жиһаздармен салыстырғанда айтарлықтай төмен екені аңғарылады. Демек, жергілікті халықтың қалтасына қонымды.

Айта кетейік, ротангтан жасалған өнімдер біздің оңтүстіктің 40 градус ыстығына да, сондай градустағы суыққа да төзімді. Суға да шыдамды. Кірлегендей болса, еш қорықпастан щетканы алып, кез келген тазартқыш құралын пайдаланып жууға болады. Өрілген өнімнің мықтылығын жетік зерттеп келе жатқан ағайындылар қолдарынан шыққан өз өнімдерінің сапасына жүз пайыз кепілдік береді. Демек, өз өніміне өзі нық сенімді, ал сенім болған жерде істің алға басатыны анық.

Жалпы, соңғы жылдары Түркістан қаласында кәсіпкерлік саласы жанданып, өнеркәсіп орындары көптеп ашыла бастағаны байқалады. 2024 жылы индустриалды аймаққа тартылған жобалар: «Түркістан» индустриалды аймағында өндіріс орындарымен толықтыру бағытында 2 жоба, ӨҮК-нің оң қорытындысын алып, алдағы 2024-2025 жылдары іске асырылуы және 56 адам жұмыспен қамтылуы жоспарлануда. «Махатов» ЖШС ағаштан сәнді еден және қабырға қаптамаларын жасау жобасы; «Мунай Инвестмент Груп» ЖШС битум өндіру және оны сақтау жобасының құрылысы; Бұдан бөлек, «Құрғақ қағаз майлықтарын және тұрмыстық химия жасау» жобасын «Құрылыс саласына арналған жеңіл қабырға қаптамаларын жасау» жобасын тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, 2024 жылы құны 3,4 миллиард теңге және 100-ге жуық жаңа жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар – «Али Канстракшн Груп» ЖШС, «Гүлзада» ЖК, «Тұран Мебель БК» ЖШС атты 3 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Қалай десек те, Түркістан қаласында аса маңызды әрі елдің экономикасын көтеретін жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олардың қазіргі жай-күйі қандай? Қандай мәселелері бар? Өңірлік инвестициялық штабтың кезекті мәжілісінде осы түйткілдер тарқатылды. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров жүргізіп, жобалардың жағдайымен таныстырды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әрбір инвестордың пікірін, ұсынысын тыңдап, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.

– Аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары инвестиция тарту бағытында белсенділікті арттырсын. Ізденіңіздер. Инвестиция тарту, өндіріс және жұмыс орындарын ашу – басты міндетіміз. Жұмысты күшейтіңіздер. Кәсіпкерлермен, инвесторлармен ақылдасыңыздар. Екіншіден, жерді алып, жұмысын уақтылы бастамаған инвесторларға да заң шеңберінде шара көрілсін. Жер берілген соң жобалар өз уақытында жүзеге асуы керек, – деді Дархан Сатыбалды.

Инвестициялық штаб отырысында 14 жобаның жай-күйі талқыланды. Сол жобалар жүзеге асатын аймақтың әкімдері мен инвесторлардың есептері, ұсыныстары тыңдалды.

Түркістан облысында дрон шығаратын, интеграцияланған жылыту жүйелеріне арналған жабдықтар өндіретін зауыттар салу жұмысы жүруде. Өсімдік майын шығаратын зауыт салу жобасы да ұсынылған. Бұл жобалар Сауран ауданы мен Арыс қаласында жүзеге асады. Сонымен бірге Кентау мен Түркістанда газ қазандықтары мен тұрмыстық техника өндіретін зауыт құрылысы да жүргізілмек. Жобаның 1-кезеңі бойынша «Кентау» арнайы-экономикалық аумағындағы бұрынғы экскаватор зауытының қолданыстағы ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілуде. 2-кезеңін іске асыру бойынша «TURAN» арнайы-экономикалық аумағынан 4 гектар жер бөлу көзделіп отыр.

Сайрам ауданындағы «ПГУ Туркестан» ЖШС-нің бу-газ қондырғысының құрылыс барысы мен «Казахстанские коммунальные сети» ЖШС-нің газ турбиналы электр станциясын салу және жел электр станциясын салу жобалары да талқыланды. Жобаны уақтылы аяқтау қажеттігі ескертілді.

Түлкібас ауданындағы «Beibars-Bottlers» ЖШС-нің ауыз су және түрлі-түсті сусындар өндіру зауытының құрылысы аяқталған. Қазіргі таңда құрал-жабдықтарына шеф-монтаждау жұмыстары жүргізіліп, жобаны іске қосуға қажетті электр энергиясы мәселесін шешу күтіліп отыр. Мақтааралдағы «GLOBAL TEXTILE TURKESTAN» ЖШС-нің тоқыма кластерін құру жобасын іске асыру барысы да зерделенді. Бүгінде аталған компанияның көмегімен жоғары сұрыпты мақта егілген, түсім ойдағыдай.

Мәжілісте осы және өзге де жобалар талқыланып, жауаптыларға тиісті тапсырмалер берілді. Түркістан облысында зауыттар салу, өндіріс орындарын ашу жұмыстары жалғасады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin