Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен кезекті лездемелік мәжілісте жауын-шашыннан туындауы мүмкін мәселелер мен жылыту маусымына дайындық жұмыстары сараланды.
Соңғы үш жылда Түркістанда жаңбыр суы жиналатын орындарды зерделеу нәтижесінде көлік қатынасына және жаяу адамдар үшін кедергі келтіретін 109 жер қазылып, дренаж орнатылған. Сонымен қатар, қажеттілігіне қарай жол жиектеріне қосымша құбырлар көмілген.
Нұрбол Әбдісаттарұлы жауаптыларға ендігі кезекте жаңа қоныстанған аймақтарды тұрақты бақылауға алып, ықтималдығын ескере отырып тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Жылыту маусымына дайындық барысын “Жылу” мекемесінің басшысы Ерғазы Рысбеков баяндап, жылу жүйесінің магистралды және ішкіорамдық құбырларын сәуір айында қысымдап, шаю жұмыстарын толық аяқтағанын мәлімдеді.
Орталық қазандық және модульді 17 қазандық арқылы Түркістан қаласындағы І-ІІ мөлтекаудандарда -75, Отырар мөлтекауданында — 46 және Әкімшілік-іскерлік орталығында 98 көпқабатты тұрғын үй орталық жылу энергиясымен қамтамасыз етілген.
Шаһар басшысы пәтерлердің ішкі жүйесін қысымдап, дайындықты пысықтау үшін Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне нақты тапсырмалар жүктеді.
— Мүлік иелерінің бірлестік төрағаларымен жұмыс жасаңыздар. Бір пәтердегі ақау тұтас үйдегі жүйеге зардабын тигізеді. Тұрғындар жылыту маусымына жауапкершілікпен дайындалғаны жөн. Туындауы мүмкін деген проблемалар болса, осы кезден айтыңыздар, ертең зардабымен алыспай, бүгін алдын алуға жұмылайық, — деді қала әкімі өз сөзінде.
Мәжіліс нәтижесінде тапсырмалар нақтыланып, жауаптылар бекітілді.
Еске салайық, Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Талған Үсенбаев тапсырмалардың орындалуы жөнінде жуырда есеп берген-ді. Қала аумағындағы көпқабатты үйлердің жалпы саны 379-ды құрайды. Оның 175-сі «көгілдір отынға» қосылған, қалған 204-і орталық жылу жүесі арқылы жылытылады. Баяндамашы орталық жылу жүйесіндегі қысымдау жұмыстары бүгінгі таңға толық аяқталғанын жеткізді.
Нұрбол Әбдісаттарұлы тазалық сақтауда тұрғындармен қатар тазалық мекемелерінің де жұмысына қадағалауды күшейтуді тапсырды.
— Тұрғындар кей көшелерде тұрмыстық қалдықтардың мерзімінде алынбайтынына жиі шағымданады. Ұйымдастыру-инспекторлық бөліміне таңдаулы көшелерде тұрақты түрде зерделеу жүргізіп, есеп ұсынуды тапсырамын. Тазалық мекемелері де өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауы тиіс, — деп, шаһар басшысы ескерту жасады.
Мәжіліс қорытындысына сәйкес тапсырма-жоспар қайта түзіліп, орындалу мерзімі мен жауаптылар қайта бекітілді.
Айта өту керек, алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысы Түркістан облысында шілде айында-ақ басталып кетті. Сол тұста өңір басшысы Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен отырыста пысықталғаны — есте. Облыс әкімі жауапты басшыларға жылу беру кезеңіне дайындықты күшейтуді тапсырған-ды.
– Жауапты басқармалар мен аудан әкімдіктері шұғыл түрде көмір жеткізу, табиғи газға ауыстыру жұмыстарын жеделдетуі керек. Бюджеттік және әлеуметтік мекемелер, білім ұялары, мәдениет, спорт нысандары жылыту маусымына толық дайын болуы тиіс. Көмір тасымалдаушы мердігерлердің жұмысын қадағалап, көмірді мерзімінде жеткізіңіздер. Сапасына мән берілсін. Осы салаға жауапты басшылар тұрақты түрде штаб отырысын өткізіп, мәселені бақылауда ұстаулары қажет, – деді облыс әкімі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, Түркістан облысында алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, облыста жылумен қамтамасыз ету бойынша 7 кәсіпорын қызмет көрсетеді. Олардың құрамында 1 жылу энергетика кешені, 34 орталықтандырылған және 1577 автономды қазандық бар. Аталған жылу орталықтары арқылы облыста 1279 білім, 668 денсаулық сақтау, 212 мәдениет, 9 жұмыспен қамту, 75 спорт нысаны және 737 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтамасыз етіледі.
Жылу энергетикалық кешендеріне қажетті отын көлемі анықталған. Алдағы жылыту маусымына 114,2 мың тонна көмір, 1 млн. литр дизель, 7,8 мың тонна мазут, 17 093 мың м3 газ қажет. Жалпы жылыту маусымында тұтынылатын мазут көлемі 7,8 мың тонна. Алдағы жылыту маусымына 17,3 млрд. теңге қаралып отыр. Оның ішінде 16,9 млрд. теңге бюджет есебінен бөлінген.
Облысқа қажетті көмірдің көлемі – 778,3 мың тонна. Оның ішінде бюджеттік мекемелерге қажеттілік – 104 мың тонна. Жылу беретін кәсіпорындарға – 4,8 мың тонна. Жеке тұрғындарға – 386,1 мың тонна. Өңірге көмір вагондары тұрақты келуде.
Мәжілісте білім, спорт, мәдениет және өзге де сала басшыларына көмір тасымалдау, қысқа дайындық мәселесі бойынша нақты тапсырма берілді.
Облыста табиғи газға қосу жұмыстары қарқынды жүргізілуіне байланысты тұрғындардың көмірге деген сұранысы 82 000 тоннаға төмендеген. Өткен маусымда 93 бюджеттік мекеме көмірден газға ауыстырылды. Көмір қажеттілігі 36 000 тоннаға төмендеп отыр.
Облыста 2023 жылы 60 газ нысанының құрылысы нысан аяқталды. 45 елді мекен, 11 шағын ауданда 111 876 халыққа табиғи газ берілді.
Білуімізше, бүгінде Түркістан облысы бойынша алдағы жылыту маусымына дайындық іс-шаралары кестеге сәйкес атқарылуда және өңірлік штабтың тұрақты бақылауында. Жалпы аймақта 34 жылу энергетика кешені және 1 622 автономды қазандық бар. Бұл туралы брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков мәлімдеген болатын.
«Облыстың көмір отынына қажеттілігі — 700,9 мың тоннаны құрайды. «ҚТЖ» АҚ ақпаратына сәйкес, қазіргі таңда облысқа 189,8 мың тонна көмір кіргізілген (27,1%). Шымкент қаласына жақын орналасқан Ордабасы, Бәйдібек, Қазығұрт, Сайрам аудандары Шымкент қаласындағы көмір қоймаларынан тасымалдайды. Ал облыстың жылыжайлары үшін қажетті көмір көлемі — 282,9 мың тонна. Жылыжай иелері қажетті отынды алу үшін тікелей «Шұбаркөл» АҚ-мен келісімшартқа тұрған. Сондай-ақ, бюджеттік мекемелер үшін 99,8 мың тонна көмір сатып алу жоспарланып, бүгінгі күнге 91 пайызы жеткізілді. Қазіргі таңда аймақта қара отынның тоннасы 19 850-22 000 теңгеден саудалануда. Бұдан бөлек, облысқа қажетті 7,8 мың тонна әлеуметтік мазутты ҚР Энергетика министрлігі тарапынан оператор мекемелері анықталып, бағасы бекітілді. Тасымалдау бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда»-деп баяндады сала басшысы.
Естеріңізде болса, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев 2024 жылғы 20 тамызда Үкіметтің отырысында Қазақстандағы жылу маусымына дайындық қай кезеңде екенін айтқан болатын.
Спикер көмір дайындау бойынша дайындық жұмыстарының әлсіздігі алты өңірде: Абай, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында және Астанада байқалып отырғанын атап өтті.
«Алдағы жылыту кезеңінде көмір өніміне қажеттілік 8,6 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге 2,3 млн тонна, халықты тұтынуға 6,3 млн тонна қажет. Жылыту маусымы басталғаннан бері шамамен 1 млн тонна жеткізілді – бұл жылдық жоспардың 12%», – деді Қанат Шарлапаев.
Оның айтуынша, ҚТЖ және көмір өндіруші кәсіпорындар жоспарларға сәйкес өңірлерге қажетті көмір көлемін жеткізуге дайын.
«Білім беру нысандарының дайындығы 88%-ды құрайды. Кестеден бес өңір артта қалып отыр: Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Алматы облыстары және Алматы қаласы. Денсаулық сақтау нысандары бойынша жағдай ұқсас, дайындық пайызы 87%, яғни 5788 нысанның 5038-і бүгінде дайын. Қарағанды, Алматы, Ақмола облыстарында және Шымкент, Алматы қалаларында төмен көрсеткіштер. Тұрғын үйлер бойынша дайындық жұмыстары 35 433 үйде аяқталды – бұл жоспардың 70%. Шымкентте тұрғын үй дайындығының тиісті қарқыны байқалуда», — деген-ді Қанат Шарлапаев.
Сондай-ақ, ол өңірлерде инженерлік инфрақұрылым бойынша жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Жалпы республика бойынша 546 км жылу желілерін жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда 354 км немесе жоспардың 65% жөнделді. Бес өңір бойынша желілерді жөндеу жоспардың 50% – дан азына орындалды, оның ішінде Шымкент қаласында – 31%, Маңғыстау облысында – 41%, Атырау, Қостанай және Абай облыстарында-49%. Алты өңірде жөндеу жұмыстары 75% — дан астам орындалды. Бұл Ұлытау, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстары мен Астанада»,-деп қорытындылады Қанат Шарлапаев.
Ал 2024 жылғы 25 маусымда ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов жылыту маусымына дайындықты сынға алған болатын. Сондағы Үкімет отырысында жылумен жабдықтау объектілерін дайындау мәселесі талқыланды. Екібастұз, Теміртау, Тараз, Жезқазғанда жылыту нысанын жөндеу уақыты жиі өзгерген. Ал Қарағанды облысында жылыту нысандарындағы проблемалар тексерілді.
«Биыл мамыр айының басында Үкімет отырысында жөндеу мерзімін ұзартуға және олардың көлемін азайтуға жол бермеу туралы тапсырма бердім. Алайда КЕГОК операторы бекіткен жөндеу жұмыстарының кестесіне меншік иелерінің қалауы бойынша үнемі өзгерістер енгізіп отырады. Биылдың өзінде кестеге жөндеу жұмыстарын ауыстыру бойынша 18 рет өзгеріс енгізілді. Бұл әкімдіктер мен Энергетика министрлігінің қатысуынсыз және келісімінсіз жасалды», — деді Олжас Бектенов.
Осыған байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасын қадағалау бірінші вице-премьер Роман Склярдың жеке бақылауына тапсырылды.
«Роман Васильевич, жергілікті жерлерде қажетті жедел шешімдер мен қатаң шаралар қабылдаңыз. Жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше назар аударыңыз», — деп тапсырған-ды Олжас Бектенов.
Қазір күз. Өкінішке қарай, жылу қазандықтарындағы жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған өңірлер бар. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты. Олардың ішінде өткен қыста қайта-қайта апатты жағдайда өшірілген Риддердің жылу станциясы да бар.
Қазіргі уақытта 9 облыста жылыту маусымы басталып кеткен. Ел бойынша автономды қазандықтардың дайындығы — 100%. 535 шақырым жылу желілері жаңғыртылды, бұл — жоспардың 98,5%-ы.
ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев: «Электр станцияларының жөндеу кестесіне сәйкес 5 энергоблокта 32 қазандықта, 28 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. 4 энергоблокта, 23 қазандықта және 16 турбинада жөндеу жұмыстары түрлі кезеңдерде жүргізілуде» — дейді.
Қазандықтардың 40-50 жыл бойы жөнделмеуі қалпына келтіру жұмыстарын қиындатып отыр. Сондықтан жаз маусымында аяқтау мүмкін болмаған. Дегенмен қала бойынша қажетті температураны ұстап тұру үшін дайын қазандықтардың күші жеткілікті дейді мамандар.
Ал Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды: «Кентау қаласындағы жылу орталығында 1956 жылдан бері қайта құру жұмыстары жүргізілмеген. Тозу 85 пайызға жеткен болатын. Ағымдағы жылы 6 қазандықтың қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 4 қазандықтың жұмыстары толық аяқталды» — деп отыр.
«Жаман айтпай жақсы жоқ». Премьер-министр апатты жағдай бола қалса, жылдам қалпына келтіру мәселесін де назарда ұстаудың маңызды екенін айтты. Қазір солтүстік өңір халқы жеке тұрғын үйлер үшін көмір сатып алуды бастап кеткен. Әзірге талас та, тапшылық та жоқ. Ал жылы аймақтардың тұрғындары асығар емес. «Күн күрт салқындаса, кезек те, тапшылық та болуы мүмкін» — деді Қанат Шарлапаев.
«Коммуналдық тұрмыстық қажеттілікке және халықтың пайдалануына арналған көмірге қажеттілік 8,2 миллион тоннаны құрайды. Жылыту маусымы басталғалы бері шамамен 3 миллион тонна жеткізілді. Бүгінгі таңда еліміздің көмір тұйықтарындағы түрлі маркадағы көмір қоры шамамен 570 мың тоннаны құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 мың тоннаға артық» — дейді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.
Арзан көмірдің шетелге заңсыз сатылмауы үшін көмір экспортына лицензия беруді көздейтін Үкімет қаулысы қабылданды. Ал, алыпсатарлар бағаны өсірмесін деп көмірді сатуды биржаға шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.