Түркістан қаласындағы мектеп оқушылары автобуста 50 пайыздық жеңілдікпен жүреді

Түркістан қаласының қоғамдық көліктеріне заманауи талаптарға сай барлық жағдайлар жасалған. Атап айтқанда, автобустарда төлем жасаудың онлайн әдісін жүзеге асыратын «AlemPay» электронды төлем жүйесі қолданысқа енгізілген.

Енді шаһарда «AlemPay» төлем картасын сатып алу арқылы мектеп оқушылары жол ақысының 50%-ын ғана төлей алады. Яғни 7 жастан 18 жасқа дейінгі мектеп оқушылары карта арқылы автобус жол ақысының жартысын ғана төлеу мүмкіндігіне ие болады.

«AlemРay» төлем карталарын Түркістан қаласындағы «Қуаныш» базары аялдамасынан және «Қуаныш» базары кеңсе тауарлары павильонындағы (№52) сауда нүктелерінен алуға болады.

Картаны банк қосымшалары немесе «Киви» терминалы арқылы толтыра аласыз. Ал дайын картаны 2505 нөміріне тіркеп, жол ақысын төлеуге болады.

Қолма-қол 100 теңге төлегенше, «AlemРay»-мен 70 теңге төлеңіз! Ал мектеп оқушылар үшін жол ақысы – 35 теңге!

Сонымен қатар, қазіргі таңда шаһардағы жекелеген санаттағы азаматтардың қоғамдық көлікте тегін жүру мәселесі бойынша жаңа жоба әзірленіп, тиісті мекемелерге жолданды. Егер қолдау тапқан жағдайда жүзеге асырылатын болады.

Түркістан қаласында 22 бағытта қатынайтын 190-ға жуық қоғамдық көлік тұрақты түрде қызмет көрсетіп келеді.

Ерекше атап өтерлігі, Түркістан қаласында 2021 жылдан бастап 3 жылда қоғамдық көліктер 100%-ға жаңартылды. Оның ішінде 2024 жылы 40 автобуспен толықты. Шаһарда 2020 жылы 21 бағытта 220 шағын автобустар қызмет көрсететін. Қазіргі уақытта 22 қоғамдық көлік бағыты бар. Бағыттарда 300-ге жуық жүргізуші қызмет атқарып, тұрақты жұмыспен қамтылған. Жолаушылар 2 тасымалдаушы мекемеге тиесілі, сыйымдылығы жоғары автобустармен тасымалданады. Олардың бірі «Жолаушы»

ЖШС қала тұрғындарына сапа стандарттарына сәйкес қызмет көрсетеді. Автобустар заманауи үлгідегі видеокамералармен, дербес ауа баптағыштармен (кондиционер), электронды билет шығаратын құрылғылармен жабдықталған. Атап айтқанда, төлемді QR-код, SMS, «Халық банк», «Каспий банк», «Хоум кредит» қосымшалары арқылы жасауға болады.  Қоғамдық көліктерде төлем жасаудың онлайн әдісін жүзеге асыратын құрылғылар орнатылған. Солардың бірі – «AlemРay» электронды төлем жүйесі. Сала мамандарының айтуынша, жолаушылардың электронды түрде төлем жасауы бұл – көлеңкелі кәсіптің алдын алудың бірден-бір жолы. Сондай-ақ, бұл құрылғылар жолаушыларды тасымалдауда ыңғайлы және қаржы ағындарының ашықтығын қамтамасыз етеді. Автопарктің кірісін арттырып, жолаушы тасымалдауда мәдениеттілікті қалыптастырады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың мініп-түсуіне қолайлы болуы үшін пандуспен жабдықталған, төмен табалдырықты автобустар қызмет көрсетуде. Олар қоршаған ортаға зияны жоқ «Еуро-5» экологиялық стандарттарына сәйкестендірілген. 

Қалалық автобуста жол жүрудің жиі таралған жолақысы — 80 теңге. Мұндай сома мөлшері Ақтөбе, Атырау, Жезқазған, Қонаев, Семей және Талдықорған қалаларында белгіленген.

Қазақстандықтар үшін қалалық автобуспен жол жүрудің ең арзан қалалары Шымкент, Ақтау және Түркістан қалаларында – 70 теңге.

Алматы, Көкшетау, Қарағанды, Қостанай, Орал, Павлодар және Петропавл қалаларының тұрғындары қоғамдық көлікке 100 теңгеден төлейді.

Естеріңізге сала кетейік, 1 тамыздан бастап Астанада қалалық автобус 110 теңге болмақ.

Айта кетейік, Ақтау, Қонаев және Түркістан қалаларынан басқа елдімекендерде көлік картасы немесе QR арқылы төленетін мөлшер көрсетілген.

Қоғамдық көлік мәселесі тілге тиек етілгенде, жол құрылысы хақында да мағлұмат берген жөн болар. 2024 жылы жол-құрылыс жұмыстарының көлемі рекордты 12 мың шақырымға жетеді, оның 8 мың шақырымы еліміздің өңірлерін байланыстыратын стратегиялық маңызы бар көлік күре жолдарын қамтамасыз ететін республикалық жолдарды құрайды. Қалған 4 мың шақырымы — жергілікті маңызы бар жолдар. Бұл жөнінде Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Жыл соңына дейін 7 мың шақырым жолдың құрылысы, реконструкциясы және жөндеу жұмыстары аяқталады деп жоспарлануда.

Бүгінгі таңда, мысалы, «Қарағанды — Алматы», «Талдықорған — Өскемен» және «Ақтөбе — Атырау — Астрахан» сияқты ірі көлік күре жолдарын реконструкциялау жұмыстары аяқталады. Бұл жобалар жол жүру уақытын қысқартады, көлік шығындарын азайтады әрі жол қауіпсіздігін арттырады. Аталған жобалардың жалпы ұзындығы — 2 мың шақырым.

Түркістан облысында Шақпақ баба асуында туннель құрылысы аяқталды. Оның ұзындығы — 840 метр. Құрылыс аймақ үшін үлкен маңызға ие, өйткені асу «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» көлік дәлізінің күрделі бөлігі болып саналады.

Көлік инфрақұрылымын дамытудағы тағы бір маңызды объект — Алматы облысындағы Шамалған стансасында автомобиль жолы өтпесінің салынуы. Өткелдің ашылуы автокөліктердің темір жолдардан қауіпсіз әрі кедергісіз өтуін қамтамасыз етуі тиіс.

Қазақстанның шығысында ұзындығы 1 316 метр Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір өткелінің құрылысы аяқталуда. Көпірдің өзінен бөлек, жоба жалпы ұзындығы 19 шақырым болатын кірме жолдың құрылысын қамтиды, бұл Шығыс Қазақстан облысында көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта 21 тіректі орнату және 20 металл аралықты монтаждау жұмыстары аяқталды. Көпір мен кірме жолға асфальтбетон жамылғысын төсеу жұмысы жүргізілуде.

Бұл көпір өңір үшін стратегиялық маңызға ие, өйткені бұрын шалғай аудандардың тұрғындары паром өткелін пайдалануға мәжбүр болған. Жаңа көпір жол жүру уақытын қысқартып қана қоймайды, сонымен қатар қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі жол инфрақұрылымын дамытудың 2029 жылға дейінгі ұзақмерзімді стратегиясын одан әрі іске асыруда. Мәселен, бұл бағдарламаға «Ақтөбе — Ұлғайсын», «Қарағанды — Жезқазған» сияқты перспективалы жобалар және Сарыағаш қаласын айналып өту құрылысы енгізілген. Барлық жоба бір мердігер ұйымның жолды жобалап, салуын және кейіннен күтіп ұстауын көздейтін ЕРСМ-келісімшарты бойынша іске асырылатын болады.

Сонымен қатар Қазақстанның оңтүстік және орталық өңірлерін байланыстыратын «Қызылорда — Жезқазған» автожолын реконструкциялау жұмысы басталды. Реконструкция жол төсемін жақсарту, жол жиектерін нығайту және инфрақұрылымды жаңғырту бойынша кешенді жұмысты қамтиды. Бұл жоба ұзақ уақытқа созылған проблемаларды шешуге мүмкіндік береді және осы магистраль бойынша қауіпсіз әрі жайлы қозғалысты қамтамасыз етеді.

Бұған қоса, автожол инфрақұрылымын дамыту шеңберінде ҚДБ арқылы қаржыландырылатын, құрылымды күшейте отырып, жолдарды орташа жөндеудің ауқымды бағдарламасы іске қосылды. Аталған бағдарлама 20 жылдан астам жөндеу жүргізілмеген учаскелермен қоса, 2,5 мың шақырым республикалық жолдарды қамтиды.

Жобалар тізбесіне «Жезқазған — Петропавл», «Қандыағаш — Шалқар — Ырғыз», «Қарағанды — Аягөз — Боғас» және «Семей — Барнаул» жолдарын орташа жөндеуден өткізу енгізілген. Бұл жобаларды іске асыру алдағы жылдарға қауіпсіз әрі жайлы қозғалысты қамтамасыз ете отырып, бүкіл ел бойынша жолдардың жағдайын жақсартуға ықпал етеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin