Түркістан қаласында жасыл алқап көлемін ұлғайту жұмыстары жүзеге асу үстінде. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған саладағы жұмыстарды қадағалап, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев пен орман саласының басшыларымен бірге «Жасыл белдеу» нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Ең алдымен өңір басшысы жалпы жер көлемі 268,0 гектарды құрайтын Қарашық өзенінің жоғарғы жағындағы Бірлік ауылына барды. Мұнда 2019-2020 жылдары мәдени екпе отырғызылған. Шамамен 350 мың данадан астам әртүрлі жапырақты ағаш көшеттері егілген. Бүгінгі таңда көнімділігі – 70-80 пайыз.
Одан соң жалпы ауданы 120,0 гектарды құрайтын орман тұқымбағында болды. Қазіргі таңда 33,0 гектар жерге 2022-2023 жылдары әртүрлі ағаш-бұта тұқымдары себілсе, оның 4 гектар жеріне тамшылатып суғару жүйесі орнатылған. Бүгінде 3 миллионнан астам сеппе көшеттері бар.
Жер телімдерін аралау барысы Қарашық өзенінің төменгі жағында қорытындыланды. 286 гектар аумаққа 2019-2021 жылдары мәдени екпе отырғызылған. Қазіргі таңда 400 мыңнан астам әртүрлі ағаш көшеттері өсірілуде. Жауапты басқарма басшысы өңір басшысына жер телімін алу мәселесіндегі түйткілдерді айтып, көшеттердің жерсінуі және көнімділігі ойдағыдай екенін атап өтті. Көнімділігі 65-70 пайызды құрайды.
Дархан Сатыбалды «Жасыл белдеудің» қазіргі жағдайымен танысып, жауапты сала мамандары мен ғалымдардың көмегімен бау-бақшалы, жасыл желекке айналдыру керектігін айтып, жұмысты сапалы және кемшіліксіз орындауды тапсырды. Тұрақты суғару, күтім жасау қажеттігін айтты. Бұл жұмыстар тұрақты бақылауда болады.
Сонымен қатар бүгін Түркістан облысы әкімдігінде тапсырмалардың орындалуы мен тәртібі жөнінде мәжіліс өтті. Күн тәртібінде құжат айналымы және облыс әкімінің хаттамалық тапсырмаларының жүзеге асуы, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінің қаралу жағдайы, орындаушылық тәртібінің жай-күйі, облыс әкімінің халықпен кездесу барысында көтерілген мәселелердің орындалуы барысы талқыланды. Жиынға Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов төрағалық етіп, жүргізіп отырды. Облыс әкімі аппаратының бөлім басшыларының есебі тыңдалды.
Өз салалары бойынша Құжат айналымын қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің басшысы Камелия Дүйсебекова, Өтініштердің қаралуын бақылау бөлімінің басшысы Шамшия Қыстаубаева, Персоналды басқару қызметінің басшысы Бақыт Ералиев, Ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұркен Аралбеков баяндама жасады.
Жиында тапсырмаларды кешіктіріп орындаған басқарма басшыларының уәждері тыңдалды, оларға тәртіптік шара көру жөнінде ұсыныс берілді. Аудан, қала әкімдеріне де жұмысқа жауапкершілікпен қарау тапсырылды. Аудан, қалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша берілген тапсырмалардың орындалу барысы да сараланып, әкімдерге тиісті ескертпелер айтылды.
2023 жылдың 6 айында жалпы облыс көлемінде 32 854 өтініш, ұсыныс, шағым түсіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3%-ға көбейген. Түскен өтініштердің 28 127-і қаралды, 2 274 өтініш қаралуда, басқа өтініштер де бақылауға алынған. Әсіресе, жер және ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша өтініш көбірек. Түркістан облысы бойынша 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында 1208 азамат сенім телефонына хабарласқан. Оның ішінде 892 азаматтың мәселесі қанағаттандырылды, 200 азаматтың мәселесі бойынша оларға заңға сәйкес түсіндірме беріліп, 116-сы — орындалу барысында.
2022-2023 жылдары бекітілген кестеге сәйкес, облыс әкімінің барлық аудан, қала тұрғындарымен жалпы 51 кездесуі өтті. Жалпы 51 кездесудің қорытындысымен халық тарапынан 473 мәселе көтеріліп, олардың 37-не заңнама аясында түсіндірме беріліп, қалған 436 мәселенің орындалуы бойынша іс-шара жоспары бекітілді. Оның 102 жобасы 2022 жылы, 166-сы 2023 жылы, қалған 168-і 2024-25 жылдары жүзеге асырылады деп межеленген. 2022 жылы жоспарланған 102 жобаның 85-і (83%) шешімін тапқан. Бұл бағытта жұмыс жалғасады.
Мәжілісті түйіндеген аппарат басшысы тәртіпті күшейтуді және ел өтініштеріне жауап беру және өңірді дамыту бағытындағы тапсырмаларды сапалы атқаруды тапсырды.
– Тұрғындар тарпынан «е-Өтініш» ақпараттық жүйесіне, кездесулер барысында түсетін өтініштерге уақтылы жауап беру керек. Ай сайын өтініштердің барысын талдай отырып, өтініштердің мерзімінде және сапалы жолдануын қатаң бақылауға алу қажет. Шешімі табылмай жүрген мәселелерге талдау жасалып, арыз иесін жеке қабылдап, нақты шешілу жолдары бойынша заңға сәйкес түсіндіру жұмыстары жүргізілсін. Әр басқарма өз салалары бойынша аудандағы тұрғындар тарапынан көтеріліп отырған мәселелерге талдау жүргізіп, шешу бойынша жол картасын әзірлеп, облыс әкімінің салаға жауапты орынбасарымен келісіп, бекітуі тиіс. Кемшіліктерге жол берген басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері мен аппарат басшыларының тәртіптік жауапкершіліктерін қарау жөнінде ұсыныс беріліп, мәжілісте айтылған ұсыныстар хаттамаға енгізілсін, – деген Еркеғали Әлімқұлов хаттамалық тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауда екенін жеткізді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат