Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ботаникалық бағында орналасқан «Жеміс-жидектерді өңдеу өндірістік цехы» өз өнімдерін сатылымға шығарды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты «Ғылым қоры» АҚ қолдауымен ашылған цех жұмысы бүгінде қарқынды. Қазіргі таңда онда 13 түрлі өнім дайындалады. Атап айтқанда, кептірілген өрік пен алма, алмұрт, банан, алмұрт пен өрік пастиласы, асқабақ, күнбағыс дәні, жаңғақ қосылған өрік пастиласы мен табиғи сусын қоспалары бар. Цехтың барлық өнімдері университеттің ботаникалық бағында өсетін жеміс-жидектерден жасалады. Бұл тәсіл тұтынушыларға экологиялық таза, сапалы өнімдерді ұсынуға мүмкіндік береді.
Аталған өнімдер қолжетімді бағада тек облыс көлемінде ғана емес, Қазақстан бойынша таратылып отыр. Айта кетейік, цехта алдағы уақытта басқа да өнімдер нарыққа шықпақ. Өндірістік цех заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Онда жемістерді жуу, кесу, кептіру, сұрыптау, орау, сақтау сынды қызмет түрлері орындалады. Шағын өндіріс орнының 1 тəулікте 5-7 тонна өнім өңдеуге мүмкіндігі бар. Бұл көрсеткіш цехтың тиімділігін және өндірістік мүмкіндіктерін айқындайды.
Цехтың өнімдері тек облыс көлемінде ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның басқа аймақтарына да таратылады. Бұл Түркістан қаласының агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына оң әсерін тигізеді. Тұтынушылар арасында бұл өнімдерге сұраныс жоғары, өйткені олар табиғи, сапалы және пайдалы.
Цехтың жұмысы тек экономикалық пайда әкеліп қана қоймай, сонымен қатар студенттердің практикалық тәжірибе алуларына, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізулеріне мүмкіндік береді. Студенттер мен мамандар бірігіп, өнімнің сапасын жақсарту, жаңа технологияларды енгізу бағытында зерттеулер жүргізуде. Бұл, өз кезегінде, Түркістан қаласының агроөнеркәсіптік өндірісінде жаңа стандарттарды орнатуға септігін тигізеді.
Алдағы уақытта, цехта жаңа өнімдердің шығарылуы жоспарлануда. Жаңартылған ассортиментпен қатар, цехтың қызметі агроөнеркәсіптік өндірісте инновацияларды енгізуге, ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруға бағытталатын болады. Түркістан қаласындағы бұл цех агроөнеркәсіптік өндірістің тиімділігін арттыруға, экологиялық таза өнімдерді шығаруға, жергілікті экономика мен ауыл шаруашылығын дамытуға өз үлесін қосады.
Осылайша, Түркістан қаласындағы «Жеміс-жидектерді өңдеу өндірістік цехы» жаңа мүмкіндіктер мен инновациялар енгізе отырып, өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуда маңызды рөл атқарады. Цехтың шығарған өнімдері халық арасында сұранысқа ие болып, Түркістанның агроөнеркәсіптік беделін арттыруда. Цехтың қызметі Түркістан облысының агроөнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлес қосуда.
Түркістан шаһары облыс орталығына айналғалы, мұнда келелі басқосулар, айтулы іс-шаралар жиі-жиі өткізілетін болды. Осындай алқалы жиынның бірі түнеугүні Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткендігінен хабардармыз. «Қазақ тілі — ғылым тілі: дәстүр және инновация» атты тақырыпта өткен симпозиумда еліміздің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар бас қосып, келелі ойларын ортаға салып еді. Осы симпозиум аясында жеміс-жидектерді өңдеу цехын ашу рәсімі өткізіліп, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ғылыми жоба негізінде жүзеге асырылып отырған өндірістің тұсауын кескен болатын. Заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен жасақталған жеміс-жидек өңдеу цехының жай-жапсарын қадірлі меймандарға түсіндірген университет ректоры Жанар Амангелдіқызы осы цехта арнайы дайындалған бұл өнімдердің оқу орнының жанындағы ботаникалық бақта өскен жемістерден жасалғандығына жан-жақты тоқталған:
— Біздің ботаникалық бақта өсетін жеміс және сәндік ағаштардың өте сирек кездесетін түрлері мен сапасы көпшілікке бұрыннан белгілі, — деді ол үстел үстіне әдемі қораптарға сәндеп салып, түрлі кептірілген жемістерден топтастырылған өнімді көрсетіп.
— Мысалы, мына жаңғақтардан, өріктерден пластиналар жасалады. Жақында алғашқы өнімдерімізді жергілікті сауда орындарына шығарып көріп едік, нәтижесі көңіл қуантарлықтай болды. Тағы да сұраныстар түсті. Сәби күтіп жүрген болашақ аналардың оның ерекше дәміне қызығушылығы артып келеді. Бұл — тек бастамасы ғана. Бұл — тек үлгергеніміз ғана. Бүгінгі симпозиумға келген қонақтарымызға өнімімізді дайындадық, — деген басшы сөзін тыңдап тұрып, «Шынында да, сапалы, таза құнарлы топырақта өсіп, ешбір зиянды қоспасыз дайындалған өз өніміміз тұрғанда, өзгелердің өнімін алыстан арбаламай, жақыннан алғанға не жетсін» деген ой келді. Сыртқы қаптамасының көрінісі де көз тартады. Осы өнімнің өзімізден шыққандығына әрі таңданып, әрі сүйсіндік. Білім мен ғылымды ұштастырып, өндірісті жолға қойып, түрлі жобаларды жүзеге асырып жатқан университет ұжымының жаңашылдығына, шынында да, тәнті болдық.
Ал енді осы жобаның жайына кеңірек тоқталар болсақ, тиімділігі жан-жақты «Инновациялық технологиялар негізінде биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ботаникалық бағының бағалы гендік қорын сақтау» атты коммерциялық жоба аясында жүзеге асырылып отыр.
2022-2025 жылдарға арналған бұл жобаның жалпы қаржыландыру сомасы — 360 миллион теңге. Өндірістік цех қазіргі заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген және онда өнімдерді жуу, кесу, сұрыптау, орау, сақтау сынды қызмет түрлері орындалады. Өндірістік цех тәулігіне 5-7 тонна өнімді қабылдап, өңдей алады.
Аталмыш жоба жетекшісі Ерден Мұратов жүзеге асырылып жатқан жобаның мақсатына тоқталды:
— Біздің мақсатымыз — Түркістанда ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтаудың, оны қайта өңдеудің негізгі әрі маңызды жолдарын анықтау. Осыған орай, осы жобаның негізінде оңтүстік облыста алғаш рет ботаникалық бақта өнімдерді өңдейтін, қайта өңдейтін цехтың жұмысын жүзеге асырудамыз. Бұл бағытта ұлан-ғайыр жұмыс атқарылды. Және бұл цехтың жұмысы өте ауқымды. Мұнда жыл сайын отыз-қырық тонна өнімді қайта өңдей аламыз. Алманың қағын, қауынның қағын, қарбыздың қағын, өріктің қақтарын дайындауға болады.
Коммерцияландыру ісінің басшысы Азат Искаков бұл коммерцияландыру ғылыми жобасының ботаникалық бақтың гендік қорын сақтауға байланысты қолға алынғандығы туралы таратып айтып өтті:
— Жасыратыны жоқ, жыл өткен сайын кейбір ағаштардың түрлері сиреп, жоғалып кетіп жатыр. Оның ішінде, сәндік ағаштар да, жеміс ағаштары да бар. Солардың гендік қорын сақтау — бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Ал, енді оны биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы сақтап қала аламыз. Яғни, қалдық ағаштарымызды қайта өңдейміз. Оны коммерциялық игереміз. Сатамыз. Жемістерімізді қайта өңдейміз. Ол үшін арнайы өндірістік цехты іске қосып жатырмыз. Бұның іші жуудан бастап қазіргі заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Кесеміз. Жуамыз. Қаптаймыз. Ораймыз. Сақтаймыз. Барлық қызмет түрлері орындалады. Бұл жерде цехтың, яғни кептіргіш аппараттарымыздың тәулігіне жеті тонна өнім қабылдауға мүмкіндігі бар. Оның бәріне көз жеткізу үшін 2023 жылы қосып көріп, тестілеуден өткіздік. Тестілеу кезінде он екі түрлі өнімді кептіріп көрдік. Оның ішінде көкөністер бар. Жемістер де бар. Қызанақтан бастап қарбызға дейін кептіріп көрдік. Және оның алғашқы партиясын шығардық. Өте жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Өзімізден шығатын алмұрт, алма, өрік, қара өріктерді кептірдік. Кептіргеннен кейін еліміздің ішінде сатып жатырмыз. Түркістан қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерін сататынқожалықтардан сұраныс түсті. Әсіресе, кептірілген өріктерге сұраныс көп. Балабақшалар да алады. Баға жағынан төмен. Қолжетімді. Өйткені, ол өзіміздің өнім болғаннан кейін өнімнің өзіндік құнына әсер етеді. Бұл жерде жұмысшы қолы азайған сайын, аппараттармен жұмыс істеген сайын бағасына әсер етеді. Бағасы да әртүрлі, соған қарай бекітіледі. Қазіргі уақытта жартылай аппаратпен істеудеміз. Біраз жұмыстар қолмен атқарылды. Адамдарға ақша төледік. Қыста да жартылай аппаратпен жұмыс істеуге тура келді. Енді толыққанды жұмыс істеуді қамтамасыз еттік. Жалпы, бұл жердің жұмысына екі адам бас-көз болса жетеді. Жалпы, жоба іске асырылып жатыр. Әлі бұл жоба аяқталған жоқ. Жоба үш жыл бойы іске асырылады. Негізгі талаптар, орындалғаннанкейін ғана, яғни цехтың жұмысы бар, бау-бақшада орындалып жатқан күтіп-баптау жұмыстары бар, барлығы аяқталғаннан кейін толыққанды іске қосылады. Маусым айында жемістер пісе бастайды. Өнімдерді қабылдауға цех дайын.
Жеміс-жидектерді өңдеу цехының ашылу рәсімінде университеттің биология кафедрасының меңгерушісі Ғани Исаұлы Исаевпен сұхбаттасып, жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалардың мән-мақсатына қанықтық:
— Жалпы, кафедра жоспарында бес гранттық жоба бар. Химтехнология бойынша екі, биотехнология бойынша бір гранттық жоба коммерциялық негізінде ғылым қоры тарапынан қаржыландыратын жоба. «Бұл жоба неге құрылды?» — деген сауалға жауап берер болсақ, бірінші біздің ботаникалық бақтағы өнімді ысырап етпеу, оны қайта өңдеу. Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда қалдықсыз технологиямен жұмыс істеу күн тәртібінде тұр. Біздің шығып жатқан өнімдердің барлығы адам ресурстары арқылы жүзеге асады. Мына жоба бойынша жұмыстың басым бөлігін техника атқарады. Осы аппараттардың барлығын алып келіп, өнімді кептіреміз. Бұл — бір. Екіншіден, өңделген өнімдеріміз тым болмағанда өзіміздің асханаларымызды қамтамасыз етсе де, келтіретін пайдасы зор. Демек, бұл ғылыми зерттеулердің өндіріске енгендігі, пайдаға асқандығы. Осылайша ғылым мен еңбекті ұштастырып жатырмыз. Зерттеуді өндірісте қолданып жатырмыз. Коммерциялық игеру осы мақсатта құрылған. Бұдан бөлек әдістемелік жобамыз бар. Білім бағыты бойынша жобаға тоқталсақ, биология мұғалімдерін даярлау тарапынан педагогикалық жоба бар. Ол 37 миллион теңгені құрайды. Жалпы, кафедра бойынша бес гранттық жобаның жалпы құны 562 миллион 400 мың теңгені құрайды.
Орайы келгенде атап өтейік, өңірде маусымына 3 мың тонна жеміс-жидек өңдейтін кәсіпорын ашылмақ. Түркістан облысында осындай нысанның құрылысы басталды. Аймақ басшысы Дархан Сатыбалдының жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, әл-ауқатын арттыру тапсырмасына сай, Түлкібас ауданында игі бастамалар қолға алынған.
Мичурин ауылдық округіндегі «Түлкібас жеміс-жидектері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі соның айғағы. Кооператив аудан әкімдігінің қолдауымен биыл 1 миллиард 100 миллион теңгеге жеміс-жидекті өңдеу жобасын іске асырып жатыр.
Аумағы 2200 шаршы метрді құрайтын нысанының іске қосылуына жоспарланған 1 миллиард 100 миллион теңге қаржының 122 миллион теңгесі – кәсіпкердің өз қаржысы, 350 миллион теңгесі мемлекеттік қайтарымсыз грант есебінен, қалғаны жеңілдетілген несие арқылы қаржыландырылуда.
Бұл жерде маусымында 3 мың тонна алмадан 0,2 литрлік 16 миллион 300 мың дана дайын ыдыстағы шырын, 90 тонна кептірілген жеміс, 100 тонна кептірілген алма ұнтағын және 50 тонна балалар тағамын (пюре) өндіру жоспарланған.
Кәсіпкер шикізатты да өзі өндірмек. Яғни, өзінің 360 гектар алма бағынан шыққан өнімінің сақтауға жарамай қалған бөлігін осы өндіріске жібермек. Қазіргі таңда нысанның негізгі құрылысы аяқтала келді. Көп кешікпей шатырын жабу және іші, сыртын әрлеу жұмыстары атқарылмақ. Барлығы біткен соң Қытайдан қажетті құрылғылар алынып, оны орнату жұмыстары жүзеге асырылады.
Өндіріс орны толық іске қосылған жағдайда 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтіліп отыр.
Реті келгенде пайдалы ақпаратпен де бөлісе кетсек. Кептірілген жеміс-жидек ежелгі Қытай елінде тас ғасырынан бері үйлену тойына берілетін зат ретінде танылған. Орта ғасырда кептірілген жемістер жеңсік ас (деликатес) саналған. Қазіргі таңда мұндай өнім түрі тағамға қосуға, сусын дайындауға және басқа да қолданыстағы азық. Кептірілген жемістердің ең басты құндылығы – ағзаға қажетті минералды заттарға бай. Құрамында май жоқ. Бұл жемістің балғын жеміс-жидектерден айырмашылығы – сусыз болуы. Алайда кептіру кезінде пайдалы дәрумендер мен минералды заттардың жартысы жоғалады. Ал қалған микроэлементтер – натрий, магний, калий, кальций, темір және пектин мен жаснұқтар сақталады. Сонымен қатар, жемістердің құрамында 20% шырын қалдырылғаны пайдалы. Жемістің мұндай түрі күн көзінде немесе арнайы орындарда кептіріліп, дайындалады.
Кептірілген жеміс-жидектердің құрамындағы пайдалы элементтер қан қысымын қалпына келтіріп, шаштың түсуін тоқтатады. Сонымен қатар, тырнақты қатайтады, жүрек жұмысын жақсартып, жүйкені тыныштандырады және ағзадағы артық суды шығарады. Одан өзге қандағы гемоглобинді бір қалыпта ұстап, барлық клеткаларды оттекпен қоректендіреді. Асқазан және ішек жұмыстарын бір қалыпқа түсіреді.
Кептірілген жемістер — тәттісіз өмір сүре алмайтындар үшін таптырмайтын азық. Жемістің бұл түрінде сахароза, фруктоза, глюкоза көп болғанымен, калориясы екі есе аз. Олар ағзаға тез сіңіп кетпей, аз мөлшерде еріп түседі де, басқа тәттілермен салыстырғанда, қандағы инсулинді көтермей бір қалыпта ұстайды.
Кептірілген алмұрт. Жемістің құрамында биологиялық белсенділігі өте күшті заттар иммунитетті көтеріп, ағзадағы зиянды токсиндерді шығарады. 100 гр кептірілген алмұрт құрамында 2,3 гр ақуыз, 62,12 гр көмірсу, 257 ккал бар.
Кептірілген банан. Жемістің бұл түрінде қанттың құрамы өте көп. Сондықтан ол адамға қуатты мол береді. 100 гр кептірілген банан құрамында 4,5 гр ақуыз, 54,6 гр көмірсу, 295 ккал бар.
Ананас. Оның құрамында дәрумендер өте көп. Әсіресе А, С, көмірсу, жаснұқ, магний, йод және беромелин ферментіне өте бай. Осы элементтердің арқасында асқорытуды жақсартады. 100 гр кептірілген түрінде 0,8 гр ақуыз, 82,6 гр көмірсу, 339 ккал болады.
Кептірілген манго. Бұл жеміс ағзаны қажетті барлық минералдармен қоректендіріп, қандағы қант құрамын төмендетеді. Теріні жасартатын қасиеті де бар. 100 грамда 9,5 гр ақуыз, 57,6 гр көмірсу, 640 ккал болады.
Кептірілген інжір. Жемістің құрамындағы ерекше ферменттер ас қорытуды жақсартып, ағзаны темірге байытады. Ал басқа жемістермен салыстырғанда калийге өте бай. 100 гр кептірілген інжірде 4,5 гр ақуыз, 54, 6 гр көмірсу, 298 ккал болады.
Жалпы, Түркістан облысында жаңа технологияларды қолдану арқылы кептірілген жемістер өндіру бойынша ірі жоба қолға алынуда. Аталған жобаның шеңберінде өнеркәсіптік кәсіпорын құрылып, кептірілген жемістер өндіріле бастайды. Бұл кәсіпорынға ауған инвесторлары 1 миллион АҚШ долларын инвестиция салатын болады.
Бұл жоба Түркістан облысындағы ауыл шаруашылығын дамытуға және жергілікті экономикаға үлкен серпіліс береді деп күтілуде.
Жаңа жобаның іргетасын қалау мақсатында «Turkestan Invest» ЖШС Басқарма Төрағасы Берік Кенжебаев шетелдік инвесторлармен кездесу өткізді. Кездесу нәтижесінде «ТҮРКІСТАН» ӘКК АҚ, «Turkistan Invest Itedaa» ЖШС және «Талифа» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы келісімдердің негізінде жоба толықтай жүзеге асатын болса, Түркістан облысы еліміздегі кептірілген жеміс өндірісінің орталығына айналуы мүмкін.
Берік Кенжебаев пен шетелдік инвесторлар бірлесе отырып, экомаркет аумағындағы шағын индустриалды парктер мен қоймаларды аралады. Жобаның негізгі мақсаты — өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді пайдаланып, кептірілген дайын өнім шығару. Бұл өнімдер тек жергілікті нарыққа ғана емес, сондай-ақ шетелдерге экспортталатын болады. Жобаның тағы бір ерекшелігі — оны жүзеге асыру кезінде инновациялық технологиялар қолданылады. Әсіресе, кептірілген жемістер өндірісі үшін арнайы технологиялар енгізіліп, олар жергілікті кооперативтер мен жеке шаруашылықтарға таратылатын болады.
Жобаның табысты іске асырылуы өңір тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік береді. Кәсіпорын толық қуатта жұмыс істеген жағдайда, шамамен 70 жергілікті тұрғын тұрақты жұмысқа орналасады. Сонымен қатар, бұл жоба жастарды жаңа технологияларды меңгеруге баулып, оларды заманауи өндірістік процестермен таныстыруға ерекше көңіл бөлетін болады.
Кептірілген жемістер ұзақ мерзімге сақтауға және тұтынуға өте қолайлы өнім ретінде танымал. Олар су мөлшерінің кебуі арқылы ылғалдылығын жоғалтып, сақталу мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді. Кептіру процесі табиғи жолмен, күн сәулесі арқылы жүзеге асырылуы мүмкін, бірақ жаңа жобада заманауи технологиялар қолданылады. Бұл әдіс кептірілген жемістердің сапасын арттыруға, олардың құрамындағы пайдалы дәрумендер мен минералдарды сақтауына септігін тигізеді. Сонымен қатар, кептірілген жемістердің құрамындағы талшықтар да адамның денсаулығына оң әсер ететін тағам ретінде маңызға ие.
Түркістан облысы өз кезегінде ауыл шаруашылығына қолайлы климаты мен құнарлы жерлерінің арқасында жеміс-жидек өсіруде көшбасшы аймақтардың бірі болып табылады. Бұл өңірде кептірілген жеміс өндірісі үшін өрік, алма, жүзім, шие, құрма, алмұрт, айва, шабдалы, қауын сияқты жеміс түрлері кеңінен өсіріледі. Бұрын бұл жемістер өңделмеген күйінде республика аумағына кеңінен таралатын болса, алдағы уақытта кептірілген өнімдер де ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да сұранысқа ие болады деп күтілуде.
Осы жобаның арқасында өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің құндылығы артатын болады. Кептірілген жеміс өндірісі ауыл тұрғындарына жаңа мүмкіндіктер ашып, жергілікті экономиканың дамуына елеулі үлес қосады. Жергілікті халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға ықпал ететін бұл жобаның жүзеге асуы Түркістан облысының Қазақстандағы ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптік өндіріс саласындағы жетекші рөлін нығайта түседі деп сенім білдірілуде.
Сонымен қатар, кептірілген өнімдерге сұраныстың артуы аймақтың экспорттық әлеуетін де күшейтеді. Түркістан облысы алдағы уақытта Қазақстанның ғана емес, шетелдердің де кептірілген жемістер нарығындағы маңызды ойыншыға айналуы ықтимал. Жоба сәтті жүзеге асырылған жағдайда, бұл Түркістанның ауыл шаруашылығы өнімдерін шет елдерге экспорттау көлемін айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Жеміс демекші, агросаласы дамылсыз дамып жатқан Түркістан облысында банан өсіру ісі жандана түспек. Банан өсіруді мықтап қолға алған түрік компаниясы Сайрам ауданында 5,3 гектар жылыжай кешенін салып, банан отырғызған. Жылыжайда жылына 1000 тоннадан астам банан өндірілмек. Компания құрылтайшылары Тимур Утешов пен Абдулла Исмаилов кешен көлемін кемінде 2 есе арттыруды көздейтіндерін жеткізді. Елімізде баламасы жоқ жобаның жалпы құны 19,4 миллиард теңгеден асады.
Алдағы уақытта кәсіпкерлер Түркістан облысында манго, авокадо сынды экзотикалық жеміс түрлерін өндіруді жоспарлап отыр. Жылыжайда сондай-ақ құлпынай мен қызанақ өседі. Сонымен бірге қияр мен көкжидек өсірмек. Жылыжай құрылысы соңғы үлгідегі технологиямен салынып, жылу мөлшерін бақылайтын жүйемен жабдықталған.
Өңірдің ауыл шаруашылығы саласында егістікті әртараптандыруға ерекше көңіл бөлінгенін атап өту керек. Жыл сайын бір ғана дақыл екпей, жоғары сұранысқа ие өнімдерді өсіру өңірде кеңінен қолға алынған. Сондықтан банан өсіруді қолға алғысы келетін диқандарға қолдау болады. Аталмыш компания банан өсірудің қыр-сырымен бөлісуге дайын.
Сонымен қатар кездесуде Түркістан қаласындағы азық-түлік белдеуін кеңейтіп, банан өсіруді қолға алу мәселесі талқыланды. Бұл мәселе жан-жақты зерттеледі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.