Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» халықаралық әуежайы арқылы қазіргі уақытта Ыстамбұл, Кувейт, Абу-Даби және республикаішілік Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қостанай әуе рейстері қатынайды. Рейстерді «Turkish Airlines», «Jazeera Airways», «Wizz Air Abu Dhabi», «Fly Arystan», «Scat» және «Qazaq Air» әуекомпаниялары орындайды.
2024 жылдың 8 айында әуежай арқылы 197 300 жолаушы қатынаған. Оның ішінде халықаралық рейстерге – 54 900 жолаушы, ішкі рейстерге 142 400 жолаушы ұшқан. Ал жүк тасымалы биыл 487,6 тоннаға жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11 есеге артқан. 2024 жылдың соңына дейін әуежайдағы жүк ағынын 1 284 тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. «Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ Басқарушы директоры Ілияс Нұғымановтың айтуынша, бүгінде әуежай арқылы «Turkish Airlines», «Jazeera Airways», «Wizz Air Abu Dhabi», «Fly Arystan», «Scat», «Qazaq Air» әуекомпанияларының ұшақтары қатынайды. Әуежай аптасына 32 рейске қызмет көрсетеді. Шетелден келіп түсетін тауарларды көтерме-бөлшек сату және оларды пошта қызметтері арқылы жөнелту мақсатында «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп әуежай аумағында халықаралық пошта алмасу орны құрылған.
Түркістан қаласынан Анталия, Самарқанд, Мәскеу, Баку, Үрімші қалаларына әуе рейстерін ашу бойынша «Fly Arystan», «Centrum Air», «Fly Khiva» әуекомпанияларымен келіссөздер жүргізілуде. Сонымен қатар, Астана және Алматы бағыттарына рейстер санын көбейту жоспарлануда.
Түркістандағы халықаралық әуежайдың жұмысын жандандыру, жолаушылар ағымы мен рейстер санын көбейту бағытында жаңа жоспарлар жүзеге асады. Биыл ақпан айында облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған салаға жауапты басшыларды қабылдап кеңес өткізген-ді. Әуежайды туризм саласымен үйлестіре отырып дамыту керектігін айтып, жауаптыларға тапсырмалар берген.
Кеңесте Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев пен «Turkistan International Airport» ЖШС-нің басқарушы директоры Ильяс Нугумановтың есептері, жоспарлары тыңдалды.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында «YDA» компаниясы халықаралық әуежайдың құрылысын жүргізіп, 2020 жылдың 1 желтоқсанынан бастап рейстер орындалуда. Жоба құны 73,1 миллиард теңгені құрайды (әуежай құрылысы – 54 миллиард теңге, арнайы техникалар және өзге шығындар – 19,1 миллиард теңге).
Былтыр әуежайдың табысы 740 миллион теңгені құрады. Әуежайды басқару келісімшарты 2024 жылы 1 наурызда аяқталды.
Қазіргі уақытта «Әзірет Сұлтан» халықаралық әуежайы 3 халықаралық (Ыстамбұл, Эль-Кувейт, Абу-Даби) және 7 республикаішілік (Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қарағанды, Қостанай) әуе бағыттарына қызмет көрсетуде.
2024 жылдың 15 наурызында «Түркістан – Самарқанд» әуе бағытын ашу бойынша «Qazaq Air» әуе компаниясымен келіссөздер жүргізілді, сондай-ақ еліміздің Көкшетау және Үшарал (маусымдық) қалаларына әуе рейстерін ашу жоспарлануда.
«YDA» компаниясымен 2024 жылдың 1 наурызында мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімшарты аяқталды. Осыған байланысты облыс әкімі әуежайды жаңаша бағытта дамыту бойынша жол картасын бекітіп, жұмыс жүріп жатыр. Әуежайдың басқарушы органы болып, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасын бекіту туралы облыс әкімдігінің қаулысы қабылданды.
«Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ-ның жарғысы жаңа редакцияда бекітіліп, әділет органдарында тіркелді. «Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ-ның штаттық кестесі қайтадан жасақталып, бекітілді. Бекітілген штаттық кестеге сәйкес, 350 қызметкермен (75%) еңбек келісімшарты түзілді.
Облыс әкімдігінің қаулысымен «Түркістан қаласында халықаралық әуежай салу, пайдалану және басқару» МЖӘ нысаны «Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ-на сенімгерлік басқаруға берілді. Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен «Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ арасында әуежайдың мүлкін, техникаларын басқаруға сенімгерлік келісімшарты түзілді.
Облыс әкімі әуежайдың жұмысын жандандыру керектігін айтты.
– Шетелдік әуе компанияларының тәжірибесін зерттеңіздер. Тиімді ұсыныстарды зерделеп, жұмыс жоспарына енгізу керек. Әуежайды дамыту, табысын көбейту жолдары қарастырылсын. Түркістан қаласы мен жалпы облыстың туристік әлеуетін көтеру мәселесі де әуежаймен тікелей байланысты. Ол үшін жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіп, әуе рейстерінің санын көбейту маңызды. Жан-жақты зерттеп, нақты жоспар жасаңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.
Әуежайдың табысын молайтуда жолаушылар ағынын 500 мыңға жеткізу жоспарлануда. Бұл нәтижеге жету үшін әуежайға мемлекет қолдауы қажет.
«Түркістан Халықаралық Әуежайы» — мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде өз қызметін жүргізетін «YDA INSAAT SANAYI VE TICARET ANONIM SIRKETI» АҚ-ның 100% инвестициялық жобасы. Түркістан қаласының әуежайы халықаралық стандарттарға сәйкес жобаланған. Жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін еуропалық стандарттарға және IATA стандарттарына сәйкес қамтамасыз ету үшін терминал қауіпсіздік пен күзеттің барлық қажетті талаптарымен жабдықталған. Өткізу қабілеті сағатына 450 жол/сағ құрайды. 2 телескоптық трап, 14 жолаушыларды тіркеу бағандары, 88 орындық автотұрақ, сондай-ақ VIP және CIP залдары бар.
Бос алаң:
- Бажсыз сауда дүкендері
- Такси
- Кафе-барлар
- Жүк орау
- Сұлулық салоны
- Кәдесыйлар, азық-түлік, аксессуар, кітап түрлерін сататын дүкендер
- Билет сату орны мен турагенттіктер
- Дәріханалар
- Авиакомпаниялар мен өкілдік компанияларға арналған кеңселер
Жолаушылар терминалында кеңістіктің болуы:
- Багаж жүйесі мен тексеру жабдығын интеграциялау
- Жолаушыларды автоматты түрде хабардар ету
- ӘК тұраққа қоюдың автоматты жүйесір
- Жолаушыларды бақылаудың автоматты жүйесі
- Авиа ЖЖМ-А-1 сақтауға бейімделген жүйесі
Түркістан қаласының әуежайы автоматты тұрақ жүйесінің қосымша функциясына ие 2 телескопиялық жолаушы траппен жабдықталған.
Түркістан қаласының әуежайы жолаушылар, багаж, почта, жүк тасымалдарын әуе көлігімен қамтамасыз етуге, әуе кемелерін авиакөлікпен және қосымша қызметтермен қамтамасыз етуге байланысты барлық жұмыстар мен қызметтер кешенін дайындайды және іске асырады. «Түркістан халықаралық әуежайы» ЖШС тұрақты және чартерлік рейстерді орындау кезінде меншік нысанына қарамастан әуе кемелеріне, әуе компаниялары мен әуе кемелерін пайдаланушыларға жерүсті қызмет көрсететін болады.
Атап өту керек, Түркістан қаласы тек еліміз емес, әлем таныған аймақтар қатарына жатады. Сондықтан логистикалық HUB-тарды орналастыруға да қолайлы. Мысалы, өткен жылы Қазақстан арқылы 8 миллион сәлемдеме өткізілсе, биыл соның 2 миллионы осы өңір арқылы өтеді. Биыл мамыр айында Түркістан халықаралық әуежайында Халықаралық пошта алмасу орны ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– Тарихи оқиғаға куә болып отырмыз. Түркістан әуежайында Халықаралық пошта алмасу орны ашылды. Бұл жүк тасымалдау көлемін, салық және кеден түсімдерін молайтуға, бизнестің дамуына себеп болады. Шет елдерден тікелей тауарларды Түркістан қаласына жеткізуге мүмкіндік туады. Өздеріңізге мәлім, күні кеше «Turkish Cargo» авиакомпаниясы Түркістанға алғашкы жүк әуе рейсін орындады. Алдағы уақытта, аптасына 2 рейсті тұрақты түрде орындауды жоспарлауда. Одан бөлек, «Alpha Sky», «Wizz Cargo» және басқа да компанияларды тарту есебінен жүк тасымал көлемін арттыру жоспарлануда. Бұл бастамалар Түркістан облысының экономикасының дамуына оң әсерін беретіні сөзсіз және әуежайдың табысын ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деді Дархан Сатыбалды.
Ашылу рәсіміне «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова қатысып, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз мемлекетімізді үлкен транзиттік HUB-қа айналдыруымыз керек. Бүкіл Қытайдан Еуропаға және Орталық Азияға баратын жүкті толық біздің аймақ арқылы өткізу мүмкіндігі бар. Үлкен бәсекелестік ортада жүрміз. Сондықтан бүгінгі оқиға жетістіктердің бірі деуге болады. Қытайдың “Cainiao” атты логистикалық компаниясымен өткен аптада меморандумға қол қойдық. Соның нәтижесінде келесі жылдан бастап Қазақстаннан 9 мемлекетке жөнелтілімдер орындалады. Осылайша, біз Түркістанды транизиттік логистикалық HUB-тың біріне айналдырамыз. Барлығыңызға табыс тілеймін, – деді басқарма төрағасы.
Жиын барысында «Alpha Sky» ЖШС директоры Гүлжан Жәнібекова бүгінгі бастаманың ерекше оқиға екенін айтты. Сондай-ақ «Гонконг – Түркістан» жаңа бағыты іске қосылғанын, оған арнайы сыйымдылығы жоғары ұшақ қарастырылып жатқанын жеткізді.
Салтанатты шараға «Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ басқарушы директоры Ильяс Нугуманов, «Turkistan Invest» ЖШС басқарма төрағасы Берік Кенжебаев, «Қазпошта» АҚ Түркістан облыстық филиалының директоры Азат Ильясов, сонымен қатар тиісті департамент және басқарма басшылары қатысты.
«Қазпошта» акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасының ұлттық пошта операторы бола отырып, халықаралық пошта байланысы қызметтерін ұсыну жөніндегі өз қызметін жүзеге асырады. Қытай, Түркия, Гонконг, Біріккен Араб Әмірліктері, Вьетнам және Еуропа елдерінен тағайындалған операторлармен көпжылдық ынтымақтастығымызды пайдаланып, Түркістан халықаралық пошта алмасу орны арқылы пошта жөнелтілімдерінің қосымша транзиттік логистикасын қамтамасыз ету жоспарлануда. YTO Express Group-пен кездесу барысында Қазпошта мен Қытайдың ірі логистикалық операторларының басшылары электрондық коммерция, көлік және логистика саларындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін талқылады. Осы мүмкіндікке Президент Қасым-Жомарт Токаевтың былтырғы Қытайға сапары кезінде қол қойылған ынтымақтастық туралы келісімнің арқасында жетіп отыр.
Жоба «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында жүзеге асырылмақ. Cainiao Group-пен кездесу барысындағы негізгі мақсат – логистика саласында берік серіктестік қарым-қатынасын орнату. Бұл екі компанияға да әлемдік нарықтағы ықпалын едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді. Cainiao Smart Logistics Network Limited – қытайлық логистикалық компания. Ол 2013 жылы 9 компанияның, соның ішінде интернет алыбы Alibaba Group-пен бірлескен кәсіпорны ретінде құрылған.
Осы жоба аясында «Қазпошта» акционерлік қоғамы мен Alpha Sky отандық логистикалық компаниясы арасында мен халықаралық транзиттік пошта және жүк жөнелтілімдерін тасымалдау туралы меморандумға қол қойылды. Оған Түркістан облысының әкімдігі қолдау көрсетті. Осы арқылы аптасына 60 тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік бар. Түркістан облысының 2 миллионнан астам халқына сапалы қызмет көрсетілді. Тұтынушылар «Keruen.post.kz» платформасы арқылы халықаралық интернет-дүкендер мен өндірушілерден төмен бағамен жеткізілім алу мүмкіндігіне ие.
Түркістан қаласының облыстық маңызы бар қала және түркі әлемінің астанасы мәртебесіне ие болуына байланысты халықаралық әуежай салу қажеттілігі туындады. 2020 жылы заманауи халықаралық әуежай салынып, пайдалануға берілді. Бұл – Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда нөлден салынған алғашқы ірі әуежай. Әуежай бір уақытта 2 халықаралық немесе 4 ішкі рейсті қабылдай алады.
Түркістан облысы аумағында маңызды көлік маршруттары өтеді. Атап айтсақ, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізі, шығысты батыспен біріктіретін теміржол, «Түркістан халықаралық әуежайы» арқылы халықаралық және ішкі рейстер орындалады.
Түркістандағы «Түркістан халықаралық әуежайы» Халықаралық азаматтық авиация ұйымының 1-ші санатына сәйкес келеді. Әуежайдың жалпы ауданы – 905 гектар, әуе айлағының өткізу қабілеті сағатына – 450 жолаушы немесе жылына – 3 миллион жолаушы.
Орайы келгенде оқырман назарына ұсынар маңызды ақпарат. 2024 жылдың бірінші жартысында көлік-логистика саласы қандай нәтижелер көрсетті? Тиісті министрлік 2024 жылы 140 жаңа жолаушылар вагонын жеткізуді жоспарлап отыр.
2024 жылдың бірінші жартысында Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі көлік-логистика саласын жүйелі түрде дамытуды жалғастырды. Басты жетістіктер – жол-құрылыс жұмыстарының рекордтық көлемі, авиациядағы жолаушылар ағынының айтарлықтай өсуі, теміржол көлігінің жақсаруы және теңіз инфрақұрылымының дамуы болды.
Маңызды оқиғалардың қатарында автожолдарды реконструкциялау жөніндегі ірі жобалардың аяқталуы, әуе рейстері санының ұлғаюы және әуежайларды жаңғырту, экспорттық теміржол жүктері көлемінің өсуі және жаңа теңіз жобаларының іске қосылуы бар. Қабылданған шаралар көлік желісін жақсартуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және еліміздің экономикалық өсімін қолдауға бағытталған.
Автокөлік жолдары туралы
Бүгінгі таңда Қазақстандағы жалпы автожолдардың ұзындығы 95 мың шақырымды құрайды, оның 25 мың шақырымы республикалық, ал қалған 70 мың шақырымы жергілікті жолдарға жатады. Жол жөндеу және құрылыс жұмыстары 12 мың шақырымды қамтиды. Бұл – елімізде бұрын соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Жөнделетін жолдардың 8 мың шақырымы – республикалық, ал 4 мың шақырымы – жергілікті желіге тиесілі. Жыл соңына дейін 7 мың шақырымда құрылыс және жөндеу жұмыстарын аяқтау көзделген.
Шамамен 2 мың шақырымды құрайтын төрт автожол жобасында реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Олардың қатарында «Қарағанды – Алматы», «Талдықорған – Өскемен», «Атырау – Астрахан» және «Ақтөбе – Қандыағаш» жолдары бар. Бұл жолдардың кейбір учаскелері жаздың ортасынан бастап пайдалануға беріле бастады және барлық нысанды жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Көлік министрлігі Астана мен Алматы арасындағы негізгі бағыт — Орталық – Оңтүстік дәлізінің жол учаскелерін жоспарлы түрде іске қосуда. Мәселен, «Қарағанды – Балқаш» автомагистралі учаскесінде Қарағанды қаласынан Ақбастау ауылына дейінгі төрт жолақты жолда қозғалыс ашылды.
Бұдан басқа, «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» жаңа төрт жолақты жолы кезең-кезеңімен іске қосылуда. Талдықорғанды Қызылағаш кентімен байланыстыратын 38 км жол ашылды.
Айта керу керек, Астана мен Алматы арасындағы жолдың құрылыс сапасын кореялық Dongsung Engineering және ISAN Corporation компаниялары бақылауға алды. Инженерлер техникалық қадағалау жүргізіп, үнемі құрылыс басында болып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын бақылайды.
Сонымен қатар биыл автожол саласында бірнеше маңызды жобаны, атап айтсақ, Түркістан облысы Шақпақ баба асуындағы автомобиль тоннелінің, Шамалған стансасындағы автомобиль жол айрығының, Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасы арқылы салынып жатқан көпірдің құрылысын аяқтау көзделген.
Сондай-ақ Министрлік Recycling қайталама шикізатты қайта өңдеу технологиясын пайдалана отырып, жол құрылымын күшейте отырып, оларды орташа жөндеу бойынша жаңа ауқымды бағдарламаны іске асыруда. Салынғалы бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген жолдарға басымдық беріледі. Биыл Қазақстан Даму Банкінің қаражаты есебінен 2,5 мың шақырым жолда орташа жөндеу жұмыстары басталды. Келесі жылы қосымша 4,5 мың шақырымда жұмыстар жалғасатын болады. Аталған технология жоба құнын реконструкциямен салыстырғанда 7 есеге арзандатуға және екі есе жылдам жөндеуге мүмкіндік береді.
Бұл жобалардың қатарында 20 жылдан бері жөндеу кезегін күтіп тұрған «Жезқазған – Петропавл», «Шалқар – Қандыағаш», «Қарағанды – Қарқаралы», «Семей – Қайнар» және «Семей – Барнаул» секілді ірі жобалар бар.
Бірінші жартыжылдықта республикалық желі объектілері Ұлттық жол активтері орталығының сапа сараптамасымен 100% қамтылды. Орталық мамандары осы аралықта 5 мың инспекциялық шығуды жүзеге асырды, 11 мыңға жуық материал сынамасы алынып, сынақтан өткізілді. Жергілікті желіні қамту 84%-ға жетті. Сонымен қатар ҚазжолҒЗИ автожол саласын толығымен цифрландыруды жүзеге асыруда. Қолданылатын жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың ашықтығы мен тиімділігін бағалауды қамтамасыз ету мақсатында Бірыңғай цифрлық база құрылды. Базаға қазірдің өзінде 642 карьер, 382 асфальт зауыты және 98 жаңа технология енгізілген.
Автожол саласындағы кадр тапшылығын жүйелі түрде шешу үшін биыл білікті мамандарды даярлау мақсатымен 1 мыңға жуық мемлекеттік білу беру гранты бөлінді.
Азаматтық авиация хақында
2024 жылы Қазақстанның азаматтық авиациясы айтарлықтай өсім көрсетті. Жолаушылар ағыны өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға артып, 6,8 миллион адамға жетті. Қазақстандық әуежайларда 11,3 миллион жолаушыға қызмет көрсетілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 21,5%-ға артық.
Биыл отандық әуе компаниялары паркі 5 ұшақпен толықтырылды. Халықаралық рейстердің географиясы аптасына 760 рейс жиілігімен және 132 бағыт бойынша 33 елге дейін кеңейтілді. Жаңа бағыттардың қатарында Ұлыбритания, Вьетнам, Германия, Грузия, Египет, Қатар, Қытай, Малайзия, БАӘ, Тайланд және басқалары бар.
Ішкі әуе тасымалын алты әуе компаниясы жүзеге асырады, атап айтсақ: Air Astana, FlyArystan, SCAT, Qazaq Air, «Оңтүстік аспаны» және «Жетісу». Олар аптасына 640 рейс жиілігімен 53 бағыт бойынша рейстерді орындайды.
Әлеуметтік маңызы бар бағыттардың көлікке деген қолжетімділігі және ішкі туризмді дамыту үшін еліміздің 9 өңірінде – Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Абай, Жетісу, Павлодар, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында 19 ішкі әуе бағыты 6,6 миллиард теңге сомасына субсидияланады.
Әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғырту аясында Алматы қаласы әуежайының жаңа жолаушылар терминалының құрылысы аяқталды. Сонымен қатар жеке қаражат есебінен Қызылорда және Шымкент қалаларының әуежайларында жолаушылар терминалдарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы мамыр айында Балқаш қаласы әуежайының перроны мен жермен жүру жолдарын қайта жаңарту жұмыстары басталды. Сондай-ақ биыл Павлодар қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмыстары басталды, ол жоспар бойынша 2025 жылы аяқталады.
Бұл инфрақұрылымдық жобалар еліміздің барлық әуежайын Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкес келтіруге, ұшу қауіпсіздігі мен қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Әуежайлардың инфрақұрылымын жаңғырту және авиация саласын дамыту үшін тәжірибелі инвесторлар тартылуда.
Қазақстан мен қазақстандық тасымалдаушылардан Еуропалық Одақ елдеріне ұшуға қойылған барлық шектеулер алынып тасталды. Бұл 15 мамырда Еуропалық комиссияның Ұшу қауіпсіздігі комитеті отырысының арқасында мүмкін болды, онда Қазақстанның бұған дейін анықталған ескертулерді жою бойынша қабылдаған іс-қимылдары ұсынылды. ИКАО мен Еуропалық комиссия Қазақстанды азаматтық авиацияны басқарудағы реформалаудың табысты үлгісін көрсеткен ел ретінде атап өтті.
Сонымен қатар биыл Қазақстан мен Өзбекстанның әуе кеңістігі арқылы өтетін жаңа Т-916 әуе бағыты ашылды. Бұл – Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия арасын жалғайтын қосымша бағыттардың бірі. Бұл бағыт ашылғалы 19 рейс орындалды. Т-916 әуе кеңістігінің жалпы ұзындығы 2 мың шақырымнан асады, оның ішінде 437 шақырымы Өзбекстан Республикасының әуе кеңістігі арқылы өтсе, қалған 1,7 мыңы Қазақстан Республикасы аумағының үстімен өтеді.
Теміржол көлігі: шикізаттық емес жүктер экспортының өсуі, вагон паркін жаңарту, көлемді жол жұмыстары
Биылғы алты айда шикізаттық емес жүктер экспортының көлемі шамамен 10 миллион тоннаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға артық. Химиялық және минералды тыңайтқыштар 11%-ға, түсті металдар 9%-ға, қара металдар 15%-ға және бидай ұны, тұз, өсімдік майы және құрама жем секілді басқа жүктер 11%-ға артты. Сонымен қатар Қытай бағытында жалпы экспорт белсенді түрде артып келеді. Мәселен, өсім 19%-ды немесе 6,8 млн тоннаны құрады.
Министрлік 2024 жылы 140 жаңа жолаушылар вагонын жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл өткен жылдағымен салыстырғанда 22 вагонға артық. Жоспарланған көлемнің 50 бірлігі жеткізілді, қалғаны жыл соңына дейін жеткізіледі деп күтілуде. Жаңа вагондар Қызылорда – Семей, Павлодар – Алматы, Ақтөбе – Атырау және Алматы – Сарыағаш бағыттарында пайдаланылатын болады. Сондай-ақ Павлодар – Түркістан, Қарағанды – Самара, Қарағанды – Омбы және Қостанай – Алматы бағыттарындағы вагондар жаңартылады.
Сонымен қатар теміржал саласында төрт ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асып жатыр. Олардың қатарында «Достық – Мойынты», «Дарбаза – Мақтаарал», «Бақты – Аягөз» және Алматы қаласының айналма жолы бар. Биыл еліміздің теміржол желісінде ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде, 1,4 мың шақырымнан астам темір жол қамтылды, оның 570 шақырымы рельстерді толық ауыстыруды талап етеді. Қазіргі уақытта жұмыстар жартылай аяқталды.
Бұған қоса, кірме жолдарды мемлекеттік меншікке беру рәсімі аяқталып қалды. Жалпы ұзындығы 241 шақырым болатын 600-ден астам кірме теміржолы «Көліктік сервис орталығы» АҚ сенімгерлік басқаруына берілді. Кірме жолдарды Техникалық пайдалану қағидаларының талаптарына сәйкес жөндеп, қалыпқа келтіру жоспары әзірленіп, бекітілді.
Теңіз көлігі логистикалық кластерін құруға талпыныс
Теңіз инфрақұрылымын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды. Құжат Ақтау және Құрық порттарының базасында ірі теңіз көлік-логистикалық кластерін құруды көздейді. Бұл контейнерлерді өткізу қабілетін арттыруға, жүктерді ауыстырып тиеу терминалдарын және халықаралық тасымалдардың логистикасын дамытуға, сондай-ақ әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік бермек.
Жоспар аясында Құрық портының акваториясын тереңдету жұмыстары жоспарланған, сондай-ақ алдағы уақытта Ақтау портында контейнерлік хаб салу жұмысы қолға алынады. Жобалардың негізгі үлесі жеке инвестициялар есебінен салынбақ. Оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамыту шеңберінде жоспарланған инвестициялар да бар. Биылғы 6 айда ТХКБ бойынша жүктерді тасымалдау көлемі 65%-ға артып, 2,1 миллион тоннаны құрады.
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында халықаралық қатынаста автомобиль көлігімен жүктерді экспорттық-импорттық тасымалдау көлемі 3,8 миллион тоннаны, ал жүктерді транзиттік тасымалдау көлемі 2,4 миллион тоннаны құрады. Қытаймен халықаралық автомобиль тасымалы саласындағы үкіметаралық келісімді ратификациялау да маңызды оқиға болды. Енді қазақстандық тасымалдаушылар Қытайдың өнеркәсіптік және порт-қалаларына жүктерді тасымалдай алады және басқа елдердің аумақтары бойынша транзитпен жүре алады.
Биыл алғаш рет Қазақстан мен Каспий теңізі арқылы Құрық және Баку теңіз порттары бойынша Қытай – Қазақстан – Әзірбайжан – Грузия бағытында Қытайдан Еуропаға жүктер тестілеу режимінде автокөлікпен транзиттік тасымалданды.
Сондай-ақ халықаралық қатынаста автомобиль тасымалы саласындағы рұқсат беру жүйесін қолдану қағидаларына өзгерістер енгізілді. Енді бұндай кезде адами фактор болмайды. Айта кетейік, әлемнің 42 елімен 231 мың рұқсат бланкілері алмасылды.
Жалпы, көлік-логистика саласы – Қазақстан инфрақұрылымының негізгі бір бөлігі және ел экономикасының даму деңгейіне елеулі әсер ететін маңызды сала. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында стратегиялық маңызы бар міндеттің бірі – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану екенін атап өтті.
– Менің цифрландыру ісіне және инновацияны енгізу мәселесіне баса мән беретінімді баршаңыз білесіздер. Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз. Былтырдың өзінде ІТ саласындағы экспортымыз бес есе өсті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 500 миллион долларға жетуі мүмкін. Әрине, мұнымен шектелмейміз. 2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу – Үкіметке жүктелетін жаңа міндет. Шетелдің ірі ІТ компанияларымен бірлескен кәсіпорындар ашу бұл іске септігін тигізері сөзсіз. Үкімет осы мәселені мұқият зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуі керек. Үкімет жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аударуға тиіс. Әлемде алдағы бірнеше жылда осы салаға бір триллион доллардан астам инвестиция салынады деген болжам бар. Жасанды интеллект оны дамыта білген елдердің ішкі жалпы өніміне айтарлықтай үлес қосуы мүмкін. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек. Еліміз есептеу қуаттарын жаһандық тұтынушыларға сататын орынға айнала алады. Сондықтан ірі мәлімет орталықтарын салуға инвестиция тарту үшін түрлі жеңілдіктерді де қамти отырып, барынша қолайлы жағдай жасау керек. Сондай-ақ мәліметті сақтау және өңдеу саласында Қазақстанның мүддесін ілгерілету қажет. Цифрландыру ісінде басшылыққа алынатын қағидаттарды заң жүзінде бекітетін кез келді. Үкіметтен, сарапшылар қауымынан, Парламент депутаттарынан біртұтас салалық құжат әзірлеу мәселесімен айналысуды сұраймын.
Мен сайлау алдындағы бағдарламамда «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылдау туралы бастама көтерген едім. Қазір әзірленіп жатқан заң жобасында экономикамызды ғылым мен инновацияға сүйене отырып дамыту логикасының көрініс табуы өте маңызды. Бизнес-инкубатор, коммерцияландыру орталығы, технопарк, құрастыру бюросы сияқты инновациялық инфрақұрылымдар құруға қатысты жеке бастамаларға сөз жүзінде емес, нақты іспен қолдау көрсететін пәрменді шаралар керек. Шетелдің озық тәжірибесін пайдаланған жөн. Венчурлық қаржыландыру тәсілі инновациялық жобаларды іске қосуға қажетті негізгі қаражат көзі болуға тиіс. Сондықтан жобаларға еліміздегі және шетелдегі инвесторлардың қызығушылығын арттыру үшін құқықтық және қаржылық мәселенің бәрін шешу қажет. Келесі. Елімізді инновациялық жолмен дамыту үшін Астанада және Алматыда қажетті экожүйе қалыптастыруға мән беріліп отыр. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Мен аймақтарға барғанда дарынды әрі ойы ұшқыр, яғни креативті азаматтармен үнемі кездесемін. Біз олардың өз әлеуетін толық ашуына жағдай жасауымыз керек. Аймақтағы жоғары оқу орындарының негізінде біртұтас инновациялық экожүйе құру қажет. Оны нақты сектормен тығыз ынтымақтаса отырып жүзеге асырған жөн. Бұл жұмысты әрбір облыс орталығында жүргізу керек. Астана хабының тәжірибесін кеңінен пайдаланған жөн.
Экономиканы өркендетуге және халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін тағы бір бағыт – медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру, ақпараттық технология салаларын қамтитын креативті индустрия, – деген болатын.
Айта кетейік, Түркістан облысында Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын жаңа теміржол құрылысы басталды. Онда қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы жаңа өткізу пункті ашылады. Дарбаза – Мақтаарал желісі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынып жатыр. Жаңа магистраль республиканың көліктік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға серпін береді.
“Темір жол – мемлекетіміздің экономикалық және әлеуметтік саласын дамытатын болат артерия. Өткен жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылында 245 млрд тонна-километрден астам жүк тасымалданған болатын. Биыл да жоғары қарқын сақталып тұр”, – деп атап өтті Әлихан Смайылов жобаны іске қосу салтанатында. 2023 жылдың басынан бастап желтоқсан айына дейін Қазақстан мен Өзбекстан арасында 25,8 миллион тонна жүк тасымалданды. Тауарлар жалғыз “Сарыағаш” мемлекетаралық станциясы арқылы экспортталады. Жаңа жол өткізу пунктіндегі жүктемені азайту үшін салынып жатыр. “Сарыағаш – Ташкент учаскесіндегі қауырт жағдай қалпына келеді. Мұнда соңғы жылдары жүк көп болды. Сондай-ақ жүк уақтылы жіберілмеді, өйткені бұл жер мұндай жүк ағынына арналмаған. Соңғы екі-үш жылда жүк ағыны күрт өсті. Құрылыстың нәтижесінде осы негізгі учаскенің жүктемесі азайып, жолаушылар пойызы еркін қозғалады”, – деп түсіндірді “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов.
Сонымен қатар жоба оңтүстік бағытта экспорттық тасымалдарды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осы желі арқылы Ауғанстанға, Иранға, Тәжікстанға және Өзбекстанға тауар жылдам жеткізіледі. Дарбаза – Мақтаарал желісі Түркістан облысының дамуына ықпал етеді. Жол екі шалғай ауданды – Мақтаарал және Жетісай аудандарын Қазақстанның қалған бөлігімен байланыстыратындықтан, өңір республиканың негізгі теміржол желісіне қосылады.
Жоба екі кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезекте “Сырдария” станциясына шығатын Өзбекстанның мемлекеттік шекарасы – Руддаут – Мақтаарал желісі салынады. Содан кейін Жетісай – Өзбекстанның мемлекеттік шекарасы тармақтары пайдалануға беріледі. Барлығы 152 шақырым теміржол төселеді. Жоба аясында 3 400 адам жұмысқа орналаспақ. Негізі жұмыстың 85%-і Қазақстанның үлесіне тиесілі болмақ.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.