Бүгін Түркістан қаласында мемлекет және қоғам қайраткері, Түркі халықтарының бірлігі үшін күрес жүргізген біртуар тұлға Тұрар Рысқұловтың 130 жылдығына арналған «Тұрар және Түркістан идеясы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтіп жатыр.
Жиынға Түркия, Өзбекстан, Моңғолия елдерінен арнайы өкілдер мен еліміздің танымал ғалымдары, тарихшылар, Тұрартанушы азаматтар арнайы қатысып жатыр. Оқу ордасының мәдениет сарайына келген қонақтар алдымен арнайы көрмені тамашалап, тұлға тарихы таспаланған фото-шежіремен танысты.
Ауқымды жиынның модераторы – академик, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі. ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев алғаш болып сөз алып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жеткізді. Содан соң ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хаты оқылды. Наурызбай қажы, Моңғолияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Баярхуу Дорж, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының төрағасы Зауытбек Тұрысбеков, Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Илкер Пак, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова сөз алып, сан қырлы қасиетіне тоқталды.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысып, өңір басшысы Дархан Сатыбалдының ықыласын жеткізді.
– Біз қашан да ұлын ұлықтап, тұлғаларын қадірлеген халықпыз. Сондықтан да олардың еңбегі тарих беттерінде алтын әріптермен жазулы. Бұл маңызды жиынның Түркістан төрінде өтуі заңдылық. Өйткені, көрнекті қоғам қайраткері, дарынды көшбасшы Тұрар Рысқұлов өткен ғасырдың алғашқы ширегінде Түркістан идеясын көтеріп, Түркі жұртының тұтастығына бар ғұмырын арнады. Түркістанның ойшылы, Түркі әлеміне ортақ тұлға Қожа Ахмет Ясауидің «Халқыңа қызмет ет, Ізгілерге ізет ет, Жаны жақсы жайсаңдарға құрмет ет» деген қанатты сөзі бар.
Тұрар Рысқұловтың өмір жолы осы ұстанымға толықтай келеді. Халқына адал қызмет етті, отаншылдық пен адалдықтың өлшеміне айнала білді.
Ол – Түркістандағы түркі халықтарының ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, публицист, дипломат. Ұлт санасына сілкініс әкелетін мұндай маңызды бастамалар 100 жыл бұрын Тұрардай тұлғалар бастаған бауырластық идеясын іске асырудың алғышарттарына айналары анық. Ізгілікті істердің заңды жалғасы ретінде бастау алған бүгінгі шараның берері мол болмақ. Бүгінгі конференцияда ғалымдарымыз, зиялы қауым өкілдері тарапынан Тұрар Рысқұловтың саяси, рухани, тарихи болмысын ашып, тың деректер айтылады деп сенемін! – деді әкім орынбасары.
Мазмұнды жиын әрі қарай панельдік сессияға ұласады. Онда Тұрар Рысқұловтың тұлғалық болмысын айқындай түсетін еңбек жолы жайлы баяндамалар жасалмақ. Бұдан бөлек қонақтар мерейтойға арналған конференция аясында шынар ағашын отырғызады. Ал күні ертең туған жері Түлкібас ауданында рухани шара жалғасады деп жоспарлануда.
Айта кетейік, қазіргі таңда Тұрар Рысқұловтың еңбектерін насихаттап, есімін ұлықтау бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Түркістан облысында Түлкібас ауданының орталығы және аудан, қалалардағы 3 мектеп пен 40-тан аса көше мемлекет қайраткерінің атымен аталады. Сонымен қатар Тұраркент ауылында арнайы музейі жұмыс істеп тұр.
Тағы бір атап өтерлігі, Түркістанда мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың 130 жылдығы аясында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің аумағында аллея ашылды. Онда біртуар тұлғаның мерейтойына орай 130 түп шынар ағашы отырғызылды. Игі іске ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев және аталған оқу орданың ректоры Жанар Темірбекова, ғалымдар мен тарихшылар, ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері, студенттер атсалысты. Университет басшылығы алдағы уақытта аллеяның аумағы кеңейіп, үлкен паркке айналады деді.
Таңертең бастау алған «Тұрар және Түркістан идеясы» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясысы әрі қарай панельдік отырысқа ұласты. Ғылым жолындағы Тұрар өмірін зерттеушілер қазіргі таңда оның еңбектерін насихаттап, есімін ұлықтау бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылылып жатқанын тілге тиек етті. Тұлғалық болмысын айқындай түсетін еңбек жолы жайлы баяндамалар жасалды. Атап айтсақ, «Рысқұлов және қырғыз зиялылары», «Рысқұлов – әлемдік тұлға», «Рысқұлов және Алаш зиялылары», «Рысқұлов және Түркістан», «Рысқұловтың публицистикасы», «Рысқұлов және Түркістан үшін күрес», «Рысқұлов және Ататүрік, Түркі бірлігі» атаулармен басқа да тақырыптар аясында ақпараттар айтылды.
Жиында профессор, Қырғызстанның Жокорку Кенеш экс-спикері Зайнидин Курманов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Оразалы Сәбден, Өзбекстан Республикасы, Өзбекстан Ғылым академиясы Тарих институтының директоры, профессор Кахраман Раджабов, Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы Тимур Козырев, университеттің қаржы және халықаралық байланыстар вице-ректоры Мустафа Гиритлиоглу, ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Шілдебай, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Хангелді Әбжанов сынды өзге де ғалымдар маңызды тақырыптарды қозғады.
Осылайша қазақ халқы мен түркі мемлекеттерінің, Орта Азия халықтарының ынтымағы мен амандығын армандаған баба рухына бүгінгі ұрпақтары тағзым етті. Оның артында қалдырған өшпес ізі, тарих сахнасындағы рөлі тағы да айтылып, жаңғырды. Заманында ашаршылықтан зардап шеккен халқының қамын жеген ұлт жанашырының ел біле бермейтін, сан салаға сіңірген еңбегі сараланды. Мазмұнды іс-шара күні ертең туған жері Түлкібас ауданында рухани шара ретінде жалғасады деп жоспарланған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.