Түркістан қаласында көлік-логистика бағыттарының орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесі талқыланды

Түркістан шаһарында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларының үшінші кездесуі өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов қатысты.

Кездесу барысында тараптар ТМҰ кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылық саласындағы ахуал жөнінде пікір алмасты.

Жиында терроризм мен экстремизмге, қару мен есірткінің заңсыз айналымына, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл үшін ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту аспектілері қарастырылды.

Ғизат Нұрдәулетов лаңкестік қауіп-қатерлер туралы тұрақты және тиімді ақпарат алмасу, халықаралық террористік ұйым қатарындағы содырлар мен рекруттар қозғалатын, сондай-ақ лаңкестік әрекетті қаржыландыратын түрлі арналардың жолын кесу бойынша өзара келісілген іс-қимыл жүргізудің маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі кезде шетелдік интернет-ресурстарды пайдалана отырып жасалатын трансұлттық қылмыстарға қарсы күресудің, сондай-ақ киберқауіпсіздік деңгейін арттырудың маңызы арта түсті.

Бұдан бөлек, жиында көлік қауіпсіздігін, соның ішінде өңірдегі елдерді өзара жалғайтын көлік-логистика бағыттарының орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті екеніне назар аударылды.

Көлік логистика саласы – елімізде қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Көліктің негізгі міндеті жүктер мен жолаушыларды тасымалдаудағы тұтынушының қажеттіліктерін уақытында және сапалы өтеу болып табылады. Ал автомобиль көлігінің жүктерді тасымалдау жылдамдығын арттырып, «есіктен-есікке» жеткізу мүмкіндігі бар.

Қазақстанның көлік-логистика саласы үш бағытта дамып келеді. Қазақстан Дүниежүзілік банк рейтингінің LPI логистика тиімділігі индексінде 11 позицияға жақсарып, 40-орынға табан тіреген болатын. Әлбетте, бұған елімізде көлік-логистикасы инфрақұрылымын дамытуға салынып жатқан инвестициялар ықпал етіп отыр. Соңғы алты жыл ішінде бұл салаға 23 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы құйылған, алдағы 3-4 жылда тағы да 12 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция бөлу жоспарда бар екенін айтады «Қазақстан теміржолы» АҚ мамандары.

Сонымен көлік-логистика саласында қандай шаруа тындырылды? Қазақстан үшін оның маңызы мен пайдасы қандай? Бұл сұрақтарға жауап беру барысында біз еліміздің Еуразияның сауда айналымында ойып тұрып орын алуы үшін трансқұрлық дәлізін дамытудың айқын бағытын таңдап алғанын көреміз. Тәуелсіздік тұғыры орнаған ширек ғасырдан аса уақытта біраз жұмыстың басы қайырылды. ТМД елдері арасында Қазақстан – 32 жыл ішінде бірнеше мың шақырым жаңа теміржол желісін салған жалғыз мемлекет. Жаңа теміржол халықаралық көлік дәлізін Шығыс-Батыс, Солтүстік-Оңтүстік және Транскаспий бағдарында (ТРАСЕКА) оңтайландыруға зор мұрсат берді. Мәселен 2014 жылы салынған бір ғана Жезқазған – Бейнеу теміржол желісі Қытайдан Каспийге, әрмен қарай Түркияға, оңтүстік Еуропа мен Парсы шығанағы елдеріне бағытталған жүк пойыздарының жол үстіндегі қашықтығын 1000 шақырымға қысқартты. Сонымен, қандай бағыттар?..

Бірінші бағыт – Шығыс-Батыс дәлізі. Бұл Қытайдан Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне, Қазақстан, Ресей арқылы Еуропа мен Скандинавия елдеріне шығатын бірден-бір көлік дәлізі болып отыр. Бұл бағдарда жүрдек тасымалды ұйымдастыру үшін инфрақұрылым жасақталған. Бағдарға қатысушы елдердің қолдау білдіруінің арқасында 2011 жылдан бері бұл бағдарды дамытуға қатысты ауқымды жұмыс жүргізіліп келеді.

2023 жылдың 1 қыркүйегінде жылдағы дәстүр бойынша ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын арнады. «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» деген атаумен жарияланған Жолдауда еліміздегі стратегиялық маңызды міндеттердің бірі – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану мәселесіне ерекше басымдық берілді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы транзиттік тасымалды жүзеге асырушылардың бірі «Қазақстан теміржолы» компаниясын толыққанды көлік-логистика компаниясы етіп қайта құру жұмысын жуық арада аяқтауды тапсырды.

Жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатқан бүгінгі әлемде көліктік транзит саласында көптеген өзгерістер орын алуда. Мәселен, Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар.  

– Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс. Қазір бәсеке күшейіп тұр. Осыған орай бірқатар маңызды мәселені шұғыл шешу керек. Ең алдымен «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» бағытындағы ірі теміржол жобаларын сапалы жүзеге асыру қажет. Оның қатарында Алматыны айналып өтетін теміржол желісі де бар. Қазақстан көлік саласында Ресеймен, Қытаймен ынтымақтастығын жалғастыра береді. Біздің транзиттік әлеуетімізді нығайтуда Транскаспий бағыты маңызды рөл атқарады. Орта мерзімді перспективада осы дәліз бойынша тасымалдау көлемі бес есеге ұлғайтылуы мүмкін. Ол үшін серіктес елдермен – Қытай, Әзірбайжан, Грузия, Түркиямен күш біріктіру қажет. Бақты өткелінде жаңа «құрғақ порт» салу, Ақтауда контейнерлік хаб құрылысын жеделдету, орта дәліз бойында Қара теңіздегі порт қуатын кеңейту міндеті тұр. Қытайдың Сиань мен Грузияның Поти портында қазақстандық терминалдардың құрылысы басталды. Бұл – қытайлық «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын ұлттық бастамаларымызбен жұптастырудың нақты мысалдары. Көлік әлеуетін іске асыру біздің барлық жақын елдермен, соның ішінде Ресеймен, Қытаймен, Орталық және Оңтүстік Азиядағы көршілерімізбен сындарлы және тату көршілік қатынастарымызға байланысты, – деді Мемлекет басшысы.  

Президент Қазақстанға теңіз инфрақұрылымын дамытуға арналған біртұтас жоспар керек екенін жеткізді. Онда Құрық портына айрықша мән берілуге тиіс. Құрықты Ақтау порты сияқты толыққанды логистикалық кластерге айналдыру қажет. Осы ретте ол «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізінің де өте маңызды екенін атап өтті. Себебі сол арқылы Парсы шығанағына шығуға болады. Біртіндеп бұл бағыттағы теміржол желісінің өткізу мүмкіндігін екі есе арттыру керек.

Сонымен қатар ол биыл жыл басынан бері айтып келе жатқандай, «Қазақстан теміржолын» толыққанды көлік-логистика компаниясы етіп қайта құру жұмысын жуық арада аяқтау қажеттігіне тоқталды. Жалпы алғанда, Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттыруы керек. Осылайша, уақыт өте келе Қазақстан көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналуы тиіс.  

– Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту, бұл – стратегиялық міндет. Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуі тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды, – деді Президент.

Расын айту керек, Түркістан қаласы тек еліміз емес, әлем таныған аймақтар қатарына жатады. Сондықтан логистикалық HUB-тарды орналастыруға да қолайлы. Мысалы, өткен жылы Қазақстан арқылы 8 миллион сәлемдеме өткізілсе, биыл соның 2 миллионы осы өңір арқылы өтеді. Биыл мамыр айында Түркістан халықаралық әуежайында Халықаралық пошта алмасу орны ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, құттықтау сөз сөйлеген-ді.

– Тарихи оқиғаға куә болып отырмыз. Түркістан әуежайында Халықаралық пошта алмасу орны ашылды. Бұл жүк тасымалдау көлемін, салық және кеден түсімдерін молайтуға, бизнестің дамуына себеп болады. Шет елдерден тікелей тауарларды Түркістан қаласына жеткізуге мүмкіндік туады. Өздеріңізге мәлім, күні кеше «Turkish Cargo» авиакомпаниясы Түркістанға алғашкы жүк әуе рейсін орындады. Алдағы уақытта, аптасына 2 рейсті тұрақты түрде орындауды жоспарлауда. Одан бөлек, «Alpha Sky», «Wizz Cargo» және басқа да компанияларды тарту есебінен жүк тасымал көлемін арттыру жоспарлануда. Бұл бастамалар Түркістан облысының экономикасының дамуына оң әсерін беретіні сөзсіз және әуежайдың табысын ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деді Дархан Сатыбалды.

Ашылу рәсіміне «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова қатысып, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз мемлекетімізді үлкен транзиттік HUB-қа айналдыруымыз керек. Бүкіл Қытайдан Еуропаға және Орталық Азияға баратын жүкті толық біздің аймақ арқылы өткізу мүмкіндігі бар. Үлкен бәсекелестік ортада жүрміз. Сондықтан бүгінгі оқиға жетістіктердің бірі деуге болады. Қытайдың “Cainiao” атты логистикалық компаниясымен өткен аптада меморандумға қол қойдық. Соның нәтижесінде келесі жылдан бастап Қазақстаннан 9 мемлекетке жөнелтілімдер орындалады. Осылайша, біз Түркістанды транизиттік логистикалық HUB-тың біріне айналдырамыз. Барлығыңызға табыс тілеймін, – деді басқарма төрағасы.

Жиын барысында «Alpha Sky» ЖШС директоры Гүлжан Жәнібекова бүгінгі бастаманың ерекше оқиға екенін айтты. Сондай-ақ «Гонконг – Түркістан» жаңа бағыты іске қосылғанын, оған арнайы сыйымдылығы жоғары ұшақ қарастырылып жатқанын жеткізді.

Салтанатты шараға «Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ басқарушы директоры Ильяс Нугуманов, «Turkistan Invest» ЖШС басқарма төрағасы Берік Кенжебаев, «Қазпошта» АҚ Түркістан облыстық филиалының директоры Азат Ильясов, сонымен қатар тиісті департамент және басқарма басшылары қатысты.

«Қазпошта» акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасының ұлттық пошта операторы бола отырып, халықаралық пошта байланысы қызметтерін ұсыну жөніндегі өз қызметін жүзеге асырады. Қытай, Түркия, Гонконг, Біріккен Араб Әмірліктері, Вьетнам және Еуропа елдерінен тағайындалған операторлармен көпжылдық ынтымақтастығымызды пайдаланып, Түркістан халықаралық пошта алмасу орны арқылы пошта жөнелтілімдерінің қосымша транзиттік логистикасын қамтамасыз ету жоспарлануда. YTO Express Group-пен кездесу барысында Қазпошта мен Қытайдың ірі логистикалық операторларының басшылары электрондық коммерция, көлік және логистика саларындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін талқылады. Осы мүмкіндікке Президент Қасым-Жомарт Токаевтың былтырғы Қытайға сапары кезінде қол қойылған ынтымақтастық туралы келісімнің арқасында жетіп отыр.

Жоба «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында жүзеге асырылмақ. Cainiao Group-пен кездесу барысындағы негізгі мақсат – логистика саласында берік серіктестік қарым-қатынасын орнату. Бұл екі компанияға да әлемдік нарықтағы ықпалын едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді. Cainiao Smart Logistics Network Limited – қытайлық логистикалық компания. Ол 2013 жылы 9 компанияның, соның ішінде интернет алыбы Alibaba Group-пен бірлескен кәсіпорны ретінде құрылған.

Осы жоба аясында «Қазпошта» акционерлік қоғамы мен Alpha Sky отандық логистикалық компаниясы арасында мен халықаралық транзиттік пошта және жүк жөнелтілімдерін тасымалдау туралы меморандумға қол қойылды. Оған Түркістан облысының әкімдігі қолдау көрсетті. Осы арқылы аптасына 60 тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік бар. Түркістан облысының 2 миллионнан астам халқына сапалы қызмет көрсетілді. Тұтынушылар «Keruen.post.kz» платформасы арқылы халықаралық интернет-дүкендер мен өндірушілерден төмен бағамен жеткізілім алу мүмкіндігіне ие.

Айта кетейік, Түркістан халықаралық әуежайы 3 халықаралық (Ыстамбул, Кувейт, Әбу-Даби) және 6 ішкі (Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қостанай) әуе бағыттарына қызмет көрсетеді. Рейстерді Turkish Airlines, Jazeera Airways, Wizz Air Abu Dhabi, Fly Arystan, Scat, Qazaq Air авиакомпаниялары орындайды. Әуежай аптасына 32 рейске қызмет көрсетуде. Әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 450 жолаушыны немесе жылына 3 миллион жолаушыны құрайды.

Жалпы, кейінгі жылдары Қазақстан жол жұмыстары бойынша ауқымды істер атқарылып жатқаны байқалады. Жол-құрылыс жұмыстарының рекордтық көлемі, авиациядағы жолаушылар ағынының айтарлықтай өсуі, теміржол көлігінің жақсаруы мен теңіз инфрақұрылымының дамуы — осы қатарда.

Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауда транзиттік әлеуетімізді нығайту ісінде Транскаспий бағдары айрықша рөл атқаратынын айтты. Кейінгі 1-2 жылдықтың көлемінде Қазақстанның халықаралық саясаттағы келісімдері, басымдықтарының бәрі дәл осы транзитке құрылып жатқанын аңғару қиын емес. Елімізде теңіз инфрақұрылымын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды. Бұл құжат Ақтау және Құрық порттарының базасында ірі теңіз көлік-логистикалық кластерін құруды көздейді. Сондай-ақ Ақтау портында контейнерлік хаб салу жұмысы қолға алынбақ. Транскаспий халықаралық көлік бағыты әлемде геосаяси ахуал ушығып тұрған шақта оңтайлы балама жолға айналып, экспорт мәселесінде маңызға ие болғаны рас. Орта дәліз арқылы тасымалданған жүк көлемі жыл сайын қарқынды өсуде. Мәселен, 2022 жылы 1,7 миллион тонна жүк жөнелтілсе, 2023 жылы 2,76 миллион тоннаға жетті. Ал биыл алғашқы 7 айдың өзінде былтырғы 12 айдағы көрсеткішке жетуге шақ қалдық – 2,56 миллион тонна. Бұл қарқынмен 2024 жылдың көрсеткіші 5 миллион тоннаға жетуге тиіс.

Жақында Құрық порты акваториясының түбін тереңдету жұмыстары басталғаны мәлім болды. Мамандар порт түбін 1,5-2 метрге тереңдетпек. Бұл жұмыстар терминалдың өткізу қабілетін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді. Негізі Құрық портының өткізу қабілеті 6 млн тоннаны құрайды. Сондай-ақ, портта 250 жүк көлігін сақтау мүмкіндігі қарастырылған. Дәл осындай жұмыстар Ақтау портында да жүргізіледі. Порт түбін тереңдету — Транскаспий халықаралық көлік бағытын одан әрі дамыту аясында қабылданған кешенді шараның бірі.

Жалпы, қазір сарапшылар Транскаспий халықаралық көлік жолы әлеуетін 2030 жылға дейін жылына 10 миллион тонна жүк және 300 мың контейнер деңгейінде бағалауда. Болжамнан асырып жүк жөнелтуге болатынын белсенді өсім айшықтап беріп тұр. Көбі бұл бағыт негізінен аймақтық дәліз болып қала беретінін болжап отыр. Әйтсе де көлем өсе берген сайын бағыттың маңызы да арта берерін ескерген жөн.

Экспорт пен импорт жайы сөз болғанда көбіне елеусіз көрінетін автомобиль жолдары мен темір жолдың маңызы орасан. Әрине, бұдан билік хабарсыз емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізуді тапсырған. Жалпы алғанда, Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттыруы керек. Осылайша, уақыт өте келе көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналуға мүдделі.

Бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Халықаралық қатынаста автомобиль көлігімен жүктерді экспорттық-импорттық тасымалдау көлемі 3,8 миллион тоннаны құрады. Қытаймен келісім ратификацияланды, қазақстандық тасымалдаушылар үшін жаңа бағыттар ашылуда. Қазақстан мен Каспий теңізі арқылы Қытайдан Еуропаға жүктер тестілеу режимінде автокөлікпен транзиттік тасымалдаулар ұйымдастырылды. Сондай-ақ халықаралық қатынаста автомобиль тасымалы саласындағы рұқсат беру жүйесін қолдану қағидаларына өзгерістер енгізілді. Яғни, жүйе адами фактордан толық арылып, автоматтандырылды.

2024 жылдың алғашқы 6 айында Қазақстан жол құрылысында рекорд орнатты. Жол-құрылыс жұмыстары 12 мың шақырым қамтыған екен. Оның 8 мың шақырымы – республикалық, 4 мың шақырымы – жергілікті желілік жолдар. Еліміздегі жалпы автожолдардың ұзындығы 95 мың шақырымды құрайды, оның 25 мың шақырымы республикалық жолдардың еншісінде. Еліміз қажет болғанда бір жылдың ішінде кемі 20 мың шақырым жолды жөндеуден өткізе алатынына дәйек бар.

Келесі тақырып – темір жол. Мемлекет басшысы бұған дейін ірі теміржол жобаларын сапалы жүзеге асыру қажеттілігі барын ескерткен. «Қазақстан темір жолын» толыққанды көлік-логистика компаниясы етіп қайта құру жұмысын жуық арада аяқтауды тапсырды.

Былтыр темір жол арқылы көрші елдерге жөнелткен Қазақстанның экспорты 50 миллион тоннаға жуық болыпты. Соның ішінде, Қытайға – 12,7 миллион тонна (35 пайыз өсім), Өзбекстанға – 10 миллион тонна (29 пайыз өсім), Ресейге 34,6 миллион тонна (3,3 пайыз өсім) жүк тасымалдаған.

Биыл да темір жол арқылы тасымалданатын экспорттық шикізат жүктерінің көлемі 7%-ға артып, шамамен 10 миллион тоннаға жеткен. Көлік министрлігі кезең-кезеңімен 140 жаңа жолаушылар вагонын жеткізбек және «Достық – Мойынты», «Дарбаза – Мақтаарал» сияқты ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асырмақ. Жалпы, теміржол желісіндегі ауқымды жөндеу жұмыстары 1,4 мың шақырымды қамтиды.

Қазір Қазақстан үшін көлік-логистика саласын қарқынды дамыту стратегиялық міндетке айналып отыр. Жүктелген тапсырма бойынша алдағы үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс.

Тақырыпты талқылау кезінде мәселелердің барын жоққа шығармағанымыз абзал. Орталық Азияда логистикалық сала қарқынды дамып жатқандай әсер қалдырғанымен, проблемалар жетерлік. Көптеген жоба ондаған жылдар бұрын қосымша маршрут құру мақсатымен жасалған. Мысалы, көпке дейін Қазақстан Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдаудың негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырылған жоқ. Жағдай өзгеріп, алпауыт елдердің саяси қарым-қатынасы құбылған тұста барып бізге мүмкіндік туды.

Біріншіден, Қытай АҚШ-пен қарым-қатынасы біртіндеп нашарлап, экспорт-импорт бағыттарын әртараптандыруға шешім қабылдады. Оның жүк айналымының едәуір бөлігі теңіз үлесіне тиеді. Бәсекелестерінің теңіз блокадасы қаупінің артуы Бейжіңде алаңдаушылық туғызуда. Қалыптасқан жағдай балама жолдарды құрлықтан іздеуге мәжбүр етті.

Екіншіден, Батыс елдерімен саудаға тосқауыл қойылғандықтан, Ресей шығыс бағыттарды қарастыруда. Мұндай нарықтарға Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка және Үндістан елдері жатады. Бұл процесс әсіресе 2022 жылдан кейін байқала бастады. Осылайша, Қытай мен Ресейдің көліктік-логистикалық екпіндегі ауысуы еліміздегі үрдістермен сәтті сәйкес келді. Енді бұл факторларды пайдаға жаратудан басқа жол жоқ. Мәселелер көп дегенімізбен, Қазақстан көлік-логистикалық жобаларға шетелдік инвесторларды тартуға мүмкіндік алып отыр. Инфрақұрылымдарды инвесторлар есебінен жетілдіріп алуға сәт келді.

Көлік демекші, Түркістан қаласында 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Оның 45,4%-ы — жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдар. Ал 54,6%-ы – тас жол.

2024 жылдың жоспарына сәйкес, шаһардағы 47,1 шақырымды құрайтын 45 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 41,7 шақырымдық 40 көшесіне асфальт төселді. 5,4 шақырымды құрайтын 5 көшеде құрылыс жұмыстары іске асырылуда. Асфальт салу жұмыстары инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы аяқталған, топырағы табиғи тапталу кезеңінен өткен көшелерде жүргізілуде. Аталған жұмыстардың нәтижесімен, жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдар үлесі 45,4%-дан 50,3%-ға өсті.

Сондай-ақ биыл жол сапасын жақсарту мақсатында қосымша 36,8 шақырымды құрайтын 30 көшеге асфальт төсеу көзделген. Қазір 14 шақырымды құрайтын 10 көшеде орташа жөндеу жұмыстары басталды. Аталған көшелердің асфальт жолдарына толықтай қаржы қаралған жағдайда, жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

Оған қоса биыл қалада 11,9 шақырымдық 11 көшеге аяқжол құрылысын жүргізу жоспарланған. Бүгінде 7,9 шақырымды құрайтын 8 көшеге аяқжол салынып, 4 шақырымды құрайтын 3 көшеде жұмыс жүргізілуде. Жоспар қазан айында толық аяқталады.

Қала аумағындағы инфрақұрылым жүйелерінің (сарқынды су, ауыз су) құрылысы салдарынан зақымдалған 102,6 шақырымдық 154 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілді.

Айта кетейік, биылғы жоспарға сай, қала аумағындағы жарықтандыру жүйесімен қамтылған көшелер үлесін 95%-ға жеткізу көзделіп отыр. Қазіргі таңда шаһарда 243 көшеде жарықтандыру жұмыстары аяқталып, оның ішіндегі 107 көше қуат көзіне қосылды.

Жалпы, Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 700 шақырымды құрайды. 2024 жылдың қорытындысына сәйкес жақсы және қанағатты жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың үлесін 93,7 пайызға жеткізу көзделген. Бұл туралы брифингте Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев мәлімдеген болатын.

«2024 жылы жалпы 248 нысан, яғни 1 061,3 шақырым жол мен көшелерге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүрді. Жыл қорытындысымен 159 нысан немесе 559,6 шақырым жол пайдалануға беріледі деп көзделіп отыр. Нысандардағы жұмыстар мен қолданылып жатқан материалдардың сапасы автор, техникалық қадағалаушы мекемелерден бөлек, «Ұлттық сапа орталығы» мекемесінің тұрақты бақылауында. Бүгінгі таңға дейін 492 рет бақылау жүргізіліп, 1 229 дана сынама алынған. Нәтижесінде 559 сынама құрылыс нормаларына сәйкес келсе, 321-і кемшілік нормадан ауытқыған. Кемшіліктерді жою бойынша жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, көлік қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында 15 708 шаршы метр шұңқырлар жамалып, 19,6 шақырым жолға жарықтандыру шамдары орнатылды. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 10 шақырым аяқжолдар салынды. Бұдан бөлек, 650 дана жаяу жүргіншілер жолағы сызылып, 2 785,6 шақырым жол таңбаланды. Облыс аумағындағы жолдар бойына 2 042 дана жаңа жол белгісі орнатылды», — деді басқарма басшысы.

Жолаушылар көлігі саласы бойынша тоқтала кетсек, өңірде 5 автовокзал, 20 автобекет және 18 жолаушыларға қызмет көрсету пункті жұмыс істейді. 2024 жылдың 7 айында облыста 81 қоғамдық көлік жаңартылды. Оның ішінде, Түркістан қаласы бойынша тасымалдаушылар есебінен 46 жаңа автобус алынды.

Айтпақшы, Түркістан қаласының айналма жолының жобалау-сметалық құжаттамасы қайта түзетуден өткізілу үстінде. Себебі, бүгінде Түркістан қаласының айналма жолы болып табылатын республикалық маңызы бар М-32 «Самара-Шымкент» автомобиль жолы бүгінгі таңда қаланың ішінде қалып отыр.

Қазіргі таңда бұл жолмен жүретін автокөліктермен ауыр жүк көліктерінің саны артып, жол кептелістері көбейіп, қалаға келуші туристерге қолайсыздықтар туғызуда. Осы орайда, М-32 «Самара-Шымкент» автомобиль жолына балама жол ретінде Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен «Түркістан қаласының шығыс айналма жолы» жобасы әзірленген болатын. Айналма жолдың жалпы ұзындығы 30 шақырымды құрайды.

Аталған жоба бүгінгі таңға дейін қаржыландырылмай техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалау-сметалық құжаттаманың 3 жылдық мерзімі өтуіне байланысты, қазіргі таңда техникалық-экономикалық негіздемесі мен  жобалық-сметалық құжатмасына қайта түзету жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жол демекші, жуырда жұмыс жоспарына сәйкес жұмыс аптасын қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков аппараттық мәжіліс өткізіп, тапсырмалардың орындалуын тексерген. Қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков жетекшілік ететін салалары бойынша атқарылған жұмыс есебін баяндады. Инфрақұрылым және коммуникациялар бөліміне, Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөліміне, Сәулет және қала құрылысы бөліміне жүктелген тапсырмалар талданып, бақылаудан алуға негіздеме ұсынылды.

Бүгінгі күні қала аумағында 41,7 шақырымды құрайтын 40 көшеге асфальт төселіп бітті. Жыл соңына дейін 36,8 шақырым 30 көшені асфальттау жоспарланып отыр.

Мәдениет сарайының құрылысы тұрақты қадағалануда. Қазіргі таңда нысанда жұмыс қарқыны күшейтілді. Мердігер жұмысшы санын арттырып, құрылысқа 4 техника жұмылдыруда. Ғимаратта ішкі және сыртқы әрлеу және ауласын абаттандыру жұмыстары жалғасуда.

Қала әкімінің орынбасары Талғат Төлегенов өз кезегінде 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының нысаналы индикаторы декомпозициясының орындалуы мен ықтимал қауіптерге тоқталды.

Түйінді нысаналы индикаторлардың жылдық жоспары бойынша облыс орталығына 35 тапсырма бекітілген. Бизнесті қолдау және туризм бөлімі тамыз айында өзіне жүктелген 3 индикаторды асыра орындап, жыл көрсеткішін мерзімінен бұрын аяқтауды көздеп отыр.

Жұмыспен қамту саласында «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас» жобалары мен әлеуметтік жұмыс орындарына қатысты жоспарларды орындау үшін тірлікті тиянақтау қажеттігі ескертілді.

Нұрбол Әбдісаттарұлы құрылысы аяқталған нысандарды қабылдау барысында жергілікті белсенді азаматтардың пікірін тыңдау маңызды екенін атап өтті. Шауғар мен Бірлік тұрғын алабтарындағы демалыс аймақтарының құрылысын мерзімінен кешіктірмей аяқтау үшін тиісті шараларды қабылдауды тапсырды.

Мәжіліс қорытындысына орай тапсырма-жоспар қайта түзіліп бекітілді. Орындау мерзімдері белгіленіп, жауаптылар нақтыланды.

Бұдан бөлек қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков 2025 жылға ұсынылған жобалар бойынша мәжіліс өткізіп, өзектілігін саралады.

Бірінші кезекте өтпелі құрылыс нысандарында атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды. Жұмыс көлемінің өндірістік кестеге сай болуын қамтамасыз ету жайы қозғалып, жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктелді.

Кәріз жүйесі мен жол құрылысы жоспарлы түрде жалғасады. Ол үшін кезекті аймақтардың жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, бюджет қарауына ұсынылды.

Сондай-ақ, мәжілісте қаладағы айналма жолдардың бойын абаттандыру, қоршау орнату, жаяу серуендеушілер үшін қолайлы орта қалыптастыру, сәулеттік қондырғылар орналастыру бойынша эскиздік жобалар таныстырылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin