Түркістан қаласында көлік қозғалысын жүйелеу мақсатында кең жолақты көшенің құрылысы жүргізіліп жатыр

Түркістан шаһарында О.Жарылқапов пен Қазыбек би көшелерін жалғайтын кең жолақты көшенің құрылысы жүргізіліп жатыр. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков нысан басына барып, мердігерлермен кездесті.

Расын айту керек, Түркістан облысы орталығындағы кең жолақты көшелер санын арттыру өз кезегінде көлік қозғалысын жүйелеуді көздейді. Бұл тұрғыда Қазыбек би — О.Жарылқапов көшелерінің аралығындағы жол іске қосылғанда, Кентау қаласы бағытынан келетін көліктерге қосымша айналма жол ретінде қызмет етеді, Қазыбек би көшесінде кептелістің алдын алып, жол жүктемесін азайтады.

Көше 4 жолақты болады. Сонымен қатар, жол жиегі аяқжолмен және суағар науамен қамтылады. Нысанды толық аяқтап тапсыру 2025 жылға жоспарланған.

Нұрбол Әбдісаттарұлы тиісті мекеме басшыларына электр бағаналары мен трансформаторларды ауыстыру бойынша тапсырма беріп, мердігерге инженерлік жүйелердің сақталуын қамтамасыз етуді ескертті.

Шаһар басшысы Тоған және М.Әбенова көшелерінің аралығын қосу құрылысын да тексерді. Жүргізушілер ендігі кезекте қауіпті бұрылыстан арылып, М.Әбенова көшесіне кедергісіз шығу мүмкіндігін иеленбек.

Қазіргі таңда жол негізі әзірлену үстінде. 2 жолақты жолға асфальт төселіп, жаяулар үшін аяқжол салынады.

Бір ерекшелігі, Түркістан қаласында коммуникациялық жүйелер толық тартылып болғаннан соң ғана асфальт төселеді. Өйткені қазылған жерлер шөгіп қалады. Сөйтіп, атқарылған жұмыс заяға кетуі мүмкін. Дегенмен күні бүгінге дейін қала аумағында шағыл тас төселмеген көше қалмаған. Оған қоса темір жолдан өтетін екі бірдей көпір салынып жатыр екен.

 Көне қала аумағында коммуникациялық жүйелер қарқынды жүргізіліп жатыр. Бірінде кәріз жүйесі тартылса, енді бір жерде жер асты газ құбыры тартылуда. Мұның барлығы жолға әсерін тигізуде. Дегенмен мамандар қазылған жерде дер кезінде тегістеп, әзірге шағыл тас төсеп шығып жатыр. Жұмыстар толық аяқталған соң, асфальт жабындысы төселеді. 

Түркістан қаласында 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Оның 45,4%-ы жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдар. Ал 54,6%-ы – тас жол. 2024 жылдың жоспарына сәйкес, шаһардағы 47,1 шақырымды құрайтын 45 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 41,7 шақырымдық 40 көшесіне асфальт төселді. 5,4 шақырымды құрайтын 5 көшеде құрылыс жұмыстары іске асырылуда. Асфальт салу жұмыстары инфрақұрылым жүйелерінің

құрылысы аяқталған, топырағы табиғи тапталу кезеңінен өткен көшелерде жүргізілуде. Аталған жұмыстардың нәтижесінде, жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдар үлесі 45,4%-дан 50,3%-ға өсті. Сондай-ақ биыл жол сапасын жақсарту мақсатында қосымша 36,8 шақырымды құрайтын 30 көшеге асфальт төсеу көзделген. Қазір 14 шақырымды құрайтын 10 көшеде орташа жөндеу жұмыстары басталды. Аталған көшелердің асфальт жолдарына толықтай қаржы қаралған жағдайда, жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Оған қоса биыл қалада 11,9 шақырымдық 11 көшеге аяқжол құрылысын жүргізу жоспарланған. Бүгінде 7,9 шақырымды құрайтын 8 көшеге аяқжол салынып, 4 шақырымды құрайтын 3 көшеде жұмыс жүргізілуде. Жоспар қазан айында толық аяқталады. Қала аумағындағы инфрақұрылым жүйелерінің (сарқынды су, ауыз су) құрылысы салдарынан зақымдалған 102,6 шақырымдық 154 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Айта кетейік, биылғы жоспарға сай, қала аумағындағы жарықтандыру жүйесімен қамтылған көшелер үлесін 95%-ға жеткізу көзделіп отыр. Қазіргі таңда шаһарда 243 көшеде жарықтандыру жұмыстары аяқталып, оның ішіндегі 107 көше қуат көзіне қосылды. Қазір 30 көшеде орташа жөндеу, 6 күрделі нысанда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қала аумағындағы 6 секторда 15 шақырым жолға аяқ жол төселіп жатыр. Веложолдар үлкен жол бойында болады.

 2024-2025 жылдары 95,4 шақырымды құрайтын 94 көшеге асфальт салу жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда 20-ға жуық көшеге қаржы бөлінді. Тамыз айының соңында сол 20 көшеде құрылыс жұмыстары басталды.   
 Түркістан қаласы бойынша қазіргі таңда жолдың басым бөлігі жөнделіп жатыр. Сәтін салса, жұрт облыс орталығында заман талабына сай тақтайдай тегіс көшемен жүйткитін болады.

Салыстыру үшін бірқатар сандарды сөйлетіп көрсек. Мәселен, 2020 жылғы Түркістан қаласында жүргізілген жолдың құрылыс және орташа жөндеу жұмыстары нәтижесінде 301 шақырымы асфальтты (35,6%), 296,9 шақырымы — тас жол (35,2%),  361,7 шақырымы топырақ (29,2 %) жолдары  құраған болатын. 2023 жылдың қорытындысына сәйкес 845 шақырымды құрайтын жолдың 383,9 шақырымы (45,4%) — асфальт жол, 461,1 (54,6%) шақырымды құрайтын қанағатты жағдайда жолдары бар. Яғни, 3 жылдың қорытындысына орай қала аумағындағы топырақ жолдар мәселесі шешілді. 2021 жылы 4 нысанның құрылысы басталған. Олар: І.Қожабаев көшесі, Қалаби көшесі, Жангелдин көшесі, Қазыбек би – О.Жарылқапов аралығындағы жолы. Құрылыс жұмыстары барысында жүріс бөлігі 4 жолақты жолға кеңейтіліп, жарықтандыру жүйесі, аяқжол (тротуар), веложол, суағар науа, көпір құрылысын салу жұмыстары жүргізіледі. Халықпен кездесу барысында Бекзат мөлтекауданында темір жол үстінен жаяу жүргіншілер көпір салуды сұраған болатын. Осыған байланысты, ағымдағы жылы 2 жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы басталды.  2023 жылы қала аумағындағы сарқынды су жүйесі жүргізілген, сондай-ақ, қоғамдық көліктер қатынайтын 50,3 шақырымды құрайтын 47 көшесінде орташа жөндеу жұмыстары жоспарланып, толығымен аяқталды. 2023 жылы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік нысандарға (мектеп, балабақша және т.б.) баратын және соларға қосалқы жатқан, жалпы 42 шақырымды 43 көшеге аяқжол төселді.

2024 жылы 4 жолдың құрылыс жұмыстарына (Атабай тас жолын реконструкциялау (Ұзындығы 3,07 шақырым). Б.Майлин көшесін реконструкциялау (Ұзындығы – 1,97 шақырым); О.Жандосов көшесін реконструкциялау (Ұзындығы – 3,11 шақырым), Қазыбек би – С.Ерубаев аралығындағы жолдың құрылыс (Ұзындығы – 1,82 шақырым) жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Сонымен қатар, 89 көшеге орташа жөндеу жұмыстары (Шауғар және Яссы тұрғын алаптары), «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша – 2 мектеп тұсына, жалпы 102,1 шақырым жолға асфальт басу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Реті келгенде айта өтейік, биыл Түркістан облысындағы автомобиль жолдарын жақсартуға бюджеттен 37,6 миллиард теңге қаржы бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы ұзындығы 1100,3 шақырымды құрайтын жолдар мен көшелер немесе 244 нысанды қамту жоспарланып отыр. Жыл қорытындысына сәйкес 546,6 шақырым болатын 149 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды сапаны назарда ұстамаған, жұмыс барысында орын алған кемшіліктерді қалпына келтірмеген аудан, қала басшылары мен жауапты тұлғаларды сынға алып, тиісті тапсырмалар беруді естен шығарған емес.

– Жол жөндеу жұмыстары уақтылы әрі талапқа сай жүргізілуі тиіс. Аудан, қала әкімдері мен «Қазавтожол» және жауапты басқарма өзара тығыз байланыста жұмыс істеңіздер. Мердігерлердің жұмысын, асфальт сапасын бақылауда ұстаңыздар. Бірлесе атқаратын іс көп. Жол жөндеуге қажетті бюджетті дұрыс үйлестірмеген, жұмысты кешіктірген басшылар мен жауапты орынбасарларға тағы да ескертемін. Жағдайды өзгертеміз, егер жағдай өзгеріп, мәселе шешілмесе, соған жауапты адамдарды өзгертуге тура келеді, – дейді Дархан Сатыбалды.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Қуатжан Жұматаевтың мәлімдеуінше, 368,1 шақырымды құрайтын 34 облыстық маңызы бар жолдар құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Жыл соңына дейін 19 нысан немесе 163,6 шақырым жол, 4 көпір, 4 құбыр пайдалануға берілмек. Бүгінгі таңда 3 нысан: 10,6 шақырым жол, 1 көпір, 1 жарықтандыру пайдалануға берілді.

Аудандық маңызы бар жолдарды ретке келтіру жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Осы жылы 19 нысан немесе 97,3 шақырым жол күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтуға қаржы қаралған. Оның 31 шақырымдық 8 нысаны және 4 көпірі жыл соңына дейін аяқталады.

Елді мекен көшелерінің сапасы да назардан тыс қалмайды. Биыл елді мекендерде 191 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. 630,6 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жоспарланып, жыл соңына дейін 331,3 шақырымдық 122 нысан пайдалануға тапсырылады. 2024 жылдың қорытындысымен жалпы 194,6 шақырым жолды пайдалануға тапсырып, жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 93,7%-ға жеткізу көзделуде.

Нысандардағы жұмыстар мен қолданылып жатқан материалдардың сапасы автор, техникалық қадағалаушы мекемелерден бөлек, Ұлттық сапа орталығының Түркістан облысы бойынша филиалының тұрақты бақылауында. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде 343 кемшілік анықталды. Жауапты мекемелерге ескерту хаттар беріліп, 5,7 млн теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ 55 000 м2 жол негізі мен асфальт жабындысы бұзылып, қайта салынды.

Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 702 шақырымды құрайды. Оның ішінде, республикалық маңызы бар жолдар – 723,1 шақырым (нормативтік жағдайы – 95%), облыстық және аудандық маңызы бар жолдар – 5717 шақырым (нормативтік жағдайы – 93%), елді мекендердің көшелері – 11 268,2 шақырым (нормативтік жағдайы – 70%). Елді мекендердегі жөндеуді қажет ететін көшердің жалпы ұызындығы 3380,5 шақырымды құрайды.

Түркістан қаласында қазіргі уақытта 22 қоғамдық көлік бағыты бар («Жолаушы» ЖШС-і — 16 қалаішілік бағыт, «ТехПрофАвто» ЖШС-і — 6 бағыт). Оларға 2 тасымалдаушы мекеме 220 автобус, шағын автобустармен қызмет көрсетеді. Оның ішінде, 164 данасы — сыйымдылығы жоғары автобустар (жақсы жағдайдағы) және 56 данасы шағын автобустар саналады.Түркістан қаласы облыс орталығы статусын алғалы, қалаға жаңа 164 автобус (оның ішінде, 2021 жылы – 46; 2022 жылы – 40; 2023 жылы – 78. «Жолаушы» ЖШС — 106 автобус, ТехПрофАвто» ЖШС — 58 автобус) алынған. Жақсы жағдайдағы автобустардың үлесі 75%-ға жетті.  Қоғамдық көліктерде электронды билеттендіру жүйесі енгізілген.

2022 жылдары атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, қала аумағындағы 123,1 шақырымды құрайтын 93 көшеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жарықтандырылған көшелер үлесі 55,4%-ға жетті (485 көше, 618,6 шақырым). 2023 жылы 84 көшеге жарықтандыру жүргізіліп, нәтижесінде 757 көшесі (895,8 шақырымды құрайтын) түнгі жарықтандыру жүйесімен қамтамасыз етілді. Қаланың жарықтандыру жүйесімен қамтылған көшелер үлесін 86,5%-ды  құрады. 2024 жылы 188 көшені жарықтандыру көзделген, нәтижесінде жарықтандыру жүйесімен қамтылған көшелер үлесі 95%-ға жетеді.

Айта кету керек, облыс орталығы мәртебесін иеленгелі, Түркістан қаласының даму қарқыны күшейді. 2020 жылы шаһар көшелерінің 44,6% жарықтандырылған еді. Ал 2022-2023 жылдар аралығында атқарылған жұмыстардың нәтижесімен қала аумағындағы жарықтандыру көрсеткіші 80%-ды құрады. Мамандардың мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы құрылысы жоспарланған 218 көшедегі жұмыстар аяқталған соң, қала көшелерінің жарықтандырылуы 95%-ға жетеді. Бұл шаһар тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі мен қаланы көрікті ету мақсатында жасалып отыр. Сондай-ақ қала аумағында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1050 жол белгісі орнатылып, 70-ке жуық көше, мектептер мен балабақшалардың жол таңбаларын жаңарту жұмыстары жүргізілді. 39 орынның жасанды жол кедергілері жаңартылды. Жолдаушыларды заңсыз тасымалдаған қоғамдық көліктерге 25-тен аса хаттама толтырылды.

Нұрбол Әбдісаттарұлы Әкімшілік-іскерлік орталығы аумағындағы кемшіліктерді жою бойынша берілген тапсырмалардың орындалуын бақылады. 9-11-ші көшелерді жаяу аралап, бекітілімге сәйкес бөлім басшыларының атқарған жұмыстарының есебін алды.

Аралау барысында кәсіпкерлік нысандардың сыртқы қасбеттері мен жарнамаларын реттеу, сәулеттік жобасын сәйкестендіру мәселелері сараланды.

Әкімшілік-іскерлік орталығы аумағындағы бүлінген аяқжолдар, көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы фасады тапсырмаға сәйкес реттелу үстінде.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin