Түркістан қаласында туризм индустриясын өркенту бағытында «Алматы-Түркістан-Ташкент» туристік пойызы іске қосылды

Елімізде «Жібек жолы» туристік теміржол бағыты іске қосылды. Пойыз «Алматы-Түркістан-Ташкент-Алматы» бағыты бойынша жүреді. 16-20 қараша күндері өтетін алғашқы сапарға 115 жолаушы аттанды. Енді туристік пойыз ай сайын қатынайтын болады.

Жолаушыларға жатын орын, үш мезгіл тамақ, қала ішіндегі саяхат ұсынылады. Туристерге ыңғайлы болу үшін барлық экскурсиялар кәсіби гидтердің қатысуымен жүргізіледі. Саяхат өз кезегінде туристік автобустармен қамтамасыз етіледі. Туристер Түркістанды — бір күн, ал Ташкентті екі күн аралайды.

Төрт күнде халықаралық теміржол туры туристерге ежелгі қалалардың атмосферасына еніп, Ұлы Жібек жолының ізімен саяхаттауға мүмкіндік береді. Маршрут Түркістан мен Ташкенттің басты көрікті жерлерін қамтиды. Туристерге ыңғайлы болу үшін тур бағдарламасында гид қызметі, тамақтану, көлік қызметі және кіру билеттері қарастырылған.

«Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде екі елді байланыстыратын ерекше теміржол туры іске қосылмақ. Аталған тур біздің азаматтарымыз бен елдеріміздің мәдени байлығы мен тарихи мұрасына қызығушылық танытатын шетелдік туристер үшін ыңғайлы әрі қолжетімді болмақ. Бұл Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени байланыстарды нығайту мен туризмді дамытудағы маңызды қадам», – деп атап өтті ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Саяхат барысында туристер Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, «Керуен Сарай» кешені мен Отырар ауданындағы Арыстан Баб кесенесіне зиярат жасайды. Сондай-ақ, Ташкент қаласындағы Хазірет Имам кешенін, Төле би кесенесін, Әмір Темір және Тәуелсіздік алаңдарын аралайды. Одан бөлек, Ташкент қаласындағы көрікті жерлерге барады. Ташкенттегі тур аясында қаланың тарихи нысандарымен ғана емес, сонымен қатар заманауи дамуымен де танысуға болады.

Сапар барысында пойызда түрлі ойын-сауық шаралары ұйымдастырылады. Жолаушылардың ыңғайлылығы үшін пойызда фильм көруге, ән тыңдауға және кітап оқуға арналған «vputi.kz» мультимедиялық жүйесі қолжетімді болады.

Сондай-ақ, жолаушыларға турдың бағдарламасы мен қалалардың карталары бейнеленген буклеттер ұсынылады. Әрбір жолаушыға естелік ретінде «Түркістан жаңғыру» атты туристік кітап сыйға беріледі.

Халықаралық турды «Tau Komek Travel», «Тұран Қазақстан Тревел», «Grand Soluxe Travel Company», «SkyWay Travel», «Kompas», «KhanTuran Travel» компанияларымен бірлесіп «Жолаушылар тасымалы» АҚ іске асырады. Ал «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ маршруттың халықаралық деңгейде насихатталуына қолдау көрсетеді.

Орайы келгенде айта өтейік, таяуда ғана Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында өткен «China International Import Expo» көрмесінде Түркістан облысы мен қаласының туристік және инвестициялық әлеуеті таныстырылып, әлемдік қауымдастықтың назарын аударды.

Түркістан облысының Туризм басқармасы мен «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының қызметкерлері аймақтың бай мұраларын, табиғи сұлулығын және заманауи даму мүмкіндіктерін таныстырды. Облыстың туристік әлеуеті, гастрономиялық туризм, этнотуризм және экотуризм бағыттары туралы кеңінен мәліметтер ұсынылды. Қонақтар ұлттық тағамдардың ерекше дәмін татып, дәстүрлі киімдер мен қолөнер бұйымдарын тамашалады.

Көрмеге арнайы келген Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов ұсынылған туристік бағыттармен танысып, Түркістан облысының туристік әлеуетінің дамуын жоғары бағалады. Ол өңірдің халықаралық деңгейдегі мүмкіндіктерін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар көрме аясында «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы мен Бахрейн Әмірлігінің «Export Bahrain» компаниясы арасында ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы келісімшарт жасалды. Бұл келісім екіжақты серіктестікті нығайтып, Түркістан облысының туристік және экспорттық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Естеріңізде болса, қараша айының басында Түркістанда өткен «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» халықаралық инвестициялық форумында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов форумның маңыздылығына тоқталып, Түркістан облысы мен Түркістан қаласының туризм саласында жоғары әлеуетке ие екенін атап өткен-ді.

– Түркістан қаласы – Ұлы Жібек жолының тарихи, әрі мәдени орталығы. Аймақтың мәдени, тарихи және табиғи байлықтары шетелден келетін туристердің қызығушылығын жылдан-жылға арттырып келеді. Форумды пайдалана отырып, біз Қытай Халық Республикасымен инвестициялық және туристік әріптестікті дамытуға үлкен үміт артып отырмыз. Өткен жылы екі елдің Мемлекет басшыларының «Визасыз режимді» қабылдаған сәтінен бастап туризм саласындағы байланыстар нығая түсті. Қытайдағы Қазақстанның туризм жылы аясында бірқатар туристік көрмелерде, роуд-шоуларда облыстың туристік әлеуеті таныстырылды және бірқатар келіссөздерге қол жеткізді. Келесі жылы Қазақстандағы Қытайдың туризм жылы аясында туризм және авиация салаларында көптеген бірлескен жобаларды іске асыруға дайынбыз. Жаңа туристік бағыттарда рейстерді ашу, бірлескен туристік маршурттарды жүзеге асыру, туризм және авиация саласындағы инвесторларға қолдау көрсетуге дайынбыз. Әрбір жоба біз үшін маңызды және сіздермен бірге жаңа бастамаларға қол жеткіземіз деп үміттенемін, – деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.

Республика бойынша Түркістан облысы туристер үшін маңызды TOP туристік әлеуетке ие. Атап айтсақ, республикалық маңызы бар ескерткіштер бойынша бірінші орында, емдік-сауықтыру туризмі нысандарының саны бойынша бірінші орында тұр. Республика бойынша туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі бойынша үшінші орынды алады. Облыста ЮНЕСКО-ның үш бірдей нысаны бар. Туризм саласын дамыту мақсатында өңірге соңғы 5 жылда 800 миллион доллар инвестиция тартылды. Жылдан-жылға жаңа туристік жобаларды іске қосу арқылы шетелдік туристердің санын арттыру көзделіп отыр. Ол үшін, Түркістан қаласында ұлттық қолөнерді насихаттау және туристерге бірегей кәдесыйларды ұсыну мақсатында алаңы 2,5 гектарды құрайтын «Қолөнер қалашығы» жобасын келесі жылы іске қосу жоспарлануда. Облыс әкімдігі туризмді дамыту және туристік инфрақұрылымдарды жақсарту үшін қолдау көрсетіп келеді.

Сондай-ақ өңірдің халықаралық көлік логистикасына баса назар аударылып отыр. Өңірдегі жаңа халықаралық әуежай өз қызметін көрсетуде. Қазіргі әуежай – әлемдік стандарттарға сәйкес, ИКАО-ның 1-санаты бар жаңа нысан. Облысқа келетін шетелдік туристер үшін халықаралық әуежайдың ұшу географиясын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазір уақытта туристік чартерлік рейстерді ашу бойынша да келіссөздер жүргізілді. Сессияда «Dalaman Airport» халықаралық әуежайының директоры Хамди Гювенч, Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов, «Kazakh tourism» ұлттық компаниясы жобаларды сүйемелдеу департаментінің директоры Тұрсын Әлішер, Hubei miaoshang Group Industrial Co Ltd. төрағасы У Цзяньмяо, Wuhan Xinyatu International Travel Agency Co. Ltd. бас директоры Ван Ся баяндама жасап, өз ұсыныстарын айтты. Отырыста спикерлер өңірдің туристік әлеуетін арттыру, заманауи инфрақұрылымды құру және екі ел арасындағы туристік қарым-қатынасты нығайту бағытында бірге жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді. 

Салыстыру үшін сандарды сөйлетіп көрейік. Мәселен, биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша туризм саласындағы негізгі капиталға инвестициялардың оң серпіні байқалады. Осы кезеңде АҚК көлемі 390,5 миллиард теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 2 есе көп. Іске асыру сатысында жалпы сомасы 399,8 миллиард теңгеге 61 инфрақұрылымдық жоба тұр.

Ал 2024 жылдың алғашқы 10 айында туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 668,1 миллиард теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33,6%-ға көп.

2023 жылы бұл көрсеткіш 787 миллиард теңге болса, 2022 жылы 513 миллиард теңгеге жеткен еді. Бұл деректер инвесторлардың еліміздің туристік әлеуетіне қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.

«Туризм саласына салынған инвестицияның артуы бизнестің бұл бағытты дамытуға деген тұрақты қызығушылығын байқатады. Негізгі туристік өңірлерде заманауи инфрақұрылым құру арқылы Қазақстанның халықаралық туристік картадағы орнын нығайта аламыз», – дейді Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.

Жалпы, туризмді дамыту мақсатында биыл мемлекеттік қолдау шеңберінде мынадай жобалар мақұлданды: 

  • Туроператорлардың өтінімдері негізінде келу туризмі саласындағы шығындарды субсидиялау.
  • Kids Go Free (Қазақстан аумағында кәмелетке толмаған жолаушыларды әуе тасымалы кезінде туристік өнімге енгізілген билеттің құнын субсидиялау) – 1 шілдеге 28,2 миллион теңге сомасына 518 балаға 223 өтінім мақұлданды.
  • Туристік қызмет нысандарын салу, реконструкциялау кезінде шығынның бір бөлігін өтеу.
  • Жол бойындағы сервис нысандарын салу бойынша шығынның бір бөлігін өтеу.

Кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру үшін биыл қонақ үй саласы үшін жеңілдетілген несиелеу мерзімі 7 жылдан 10 жылға дейін ұлғайтылды. Осы тетік бойынша алты өңірде халықаралық франшизасы бар қонақүйлер салу жоспарлануда. Ақтөбе мен Павлодар қалаларында оларды іске асыру басталып кетті.

2024 жылы Қазақстан India Today нұсқасы бойынша «Үнді саяхатшылары үшін жетекші бағыт» атанды. Алматы The New York Times нұсқасы бойынша ТОП-52 туристік бағыттың қатарына енді, ал «Шымбұлақ» тау курорты Conde Nast Traveller Italia нұсқасы бойынша үздік 5 тау шаңғысы орны тізіліміне енгізілді. Сондай-ақ Қазақстан Green Destinations Top 100 Story Awards салтанатында тұрақты дамуы үшін берілетін марапатқа ие болды.

2024 жыл Қытайдағы қазақстандық туризм жылы болып жарияланды. Осының аясында іс-шаралар, соның ішінде ресми рәсімдер, туризмді дамыту форумдары мен көрмелер ұйымдастырылды.

Биылғы маусым айында Түркістан қаласында алғашқы әрі жалғыз мамандандырылған жоғары оқу орны – Халықаралық туризм және қонақжайлылық университетінің мамандары даярланып шықты. 460 түлектің 125-і Қазақстан бойынша саладағы кәсіпорындарда табысты жұмыс істеп жатыр. Білімі бойынша диплом алғанға дейін ерте жұмысқа орналасу тәжірибесі студенттерді оқытудың дуальды форматына көшкеннен кейін мүмкін болды, онда оқу процесінің 50%-ы кәсіпорында өтеді.

Жалпы, «ranking.kz» порталы ұсынған деректерге сүйенсек, әлемдік туризм «коронадағдарыстан кейін» көрсеткіштерін толық қалпына келтірді деп айтуға болады. «БҰҰ-туризм» Дүниежүзілік туризм ұйымының деректері бойынша 2024 жылдың алғашқы жеті айында халықаралық туристердің саны 2019 жылғы деңгейге қарағанда, 96%-ға жетті. Бұл шамамен 790 миллион сапарды құрайды, 2023 жылмен салыстырғанда, 11%-ға көп. Еуропа мен Америка аймақтары «коронадағдарысқа дейінгі» деңгейдің 96%-97%-ын қалпына келтірді, ал Таяу Шығыс пен Африка, тіпті, бұл деңгейден 26%-ға және 7%-ға асып түсті.

Қазақстанда сектордағы динамика бүкіл әлемдік динамикаға сәйкес келеді деуге болады. Мәселен, 2023 жылы ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) деректері бойынша қазақстандық сыртқы туристердің саны 10,5 миллион адамға жетті, 2022 жылмен салыстырғанда, 11,2%-ға ұлғайды. Көрсеткіш 2019 жылғы «коронадағдарысқа дейінгі» деңгейдің 98%-ын құрады.

Айта кетерлігі, ҰСБ деректері кез келген мақсатпен Қазақстаннан тыс кез келген межелі жерге сапар шеккен барлық саяхатшыларды қамтиды (яғни, бұл іссапарлар, демалыстар, туыстарына бару және басқа да жеке мақсаттар болуы мүмкін).

Егер демалысқа баратын және турлар сатып алатын ұйымдасқан туристер туралы айтатын болсақ, деректерді басқа дереккөздерден іздеу керек. Мәселен, «Tourcode.kz» порталында берілген «Туристік Қамқор» бейіндік қорының деректері бойынша Қазақстаннан шетелге шыққан ұйымдасқан туристердің саны биылғы жылдың қаңтар–қазан айларында 927,4 мың адамға жетті.

Қазан айында осындай туристердің саны 75,5 мыңды құрады, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда, бірден 35,8%-ға көп. Жалпы алғанда, биыл ай сайынғы динамикада айтарлықтай жылдық өсім тамыз, қыркүйек және қазан айларында (35%-36%-ға өсті), ең аз көрсеткіш қаңтар және мамыр айларында (8%-9%-ға өсті) байқалды.

Бір қызығы, әлемде туризмді онлайн түрде ұйымдастыру қарқынды дамып келеді. Сарапшылардың деректеріне сүйенсек, 2023 жылы саяхатты онлайн-брондау нарығының көлемі 521 миллиард АҚШ долларын құрады, бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай 1 триллион АҚШ долларына жетеді деп болжануда. 2019 жылы барлық саяхаттың 57%-ы онлайн режимінде брондалды, ал 2022 жылы саяхат және туризм саласындағы барлық сатылымдардың 68%-ы онлайн сегментке тиесілі болды. 2028 жылға қарай онлайн-сатылымдар саяхат және туризм секторындағы кірістің 76%-ын құрайды деп болжануда.

Туристік нарық сегменттерінің ішінде әуе билеттері, тұру ақысы және қосымша қызметтерді қамтитын пакеттерді брондау ең көп сұранысқа ие. Бұл сегмент тұтынушыларға ұсынылатын ыңғайлылық пен үнемділіктің арқасында серпінді өсіп келеді. Ал «Booking.com» мен «»Tripadvisor.com жаһандық нарықта негізгі жүйелер болып қалды.

Қазақстанда саяхат және туризм секторында онлайн-сату туралы деректер аз. Алайда біз «Kaspi.kz» ұсынатын есепті қарастырдық, ол тоқсан сайын өз деректерін жариялап, Kaspi Travel арқылы турлар бойынша ақпаратты жеке көрсетіп отырады.

Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында «Kaspi Travel» қызметтерін пайдаланған туристердің саны 16 мың адамды, екінші тоқсанында 26,8 мың адамды, үшінші тоқсанында 25,9 мың адамды құрады. Жалпы алғанда, біз жоғарыда келтірген «Туристік Қамқор» қорының деректері бойынша ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында ұйымдасқан туристер саны 199,8 мың адамға, екінші тоқсанында 266,3 мың адамға, үшінші тоқсанында 385,8 мың адамға жетті.

Яғни, ең көп дегенде, «Kaspi Travel-дің» үлесі екінші тоқсанда тек 10%-ды, бірінші тоқсанда 8%-ды, үшінші тоқсанда небәрі 6,7%-ды құрады. Демек, қазақстандықтар әлі күнге дейін нарықта 90%-дан астам үлесті құрайтын туристік агенттіктердің қызметіне жүгінуді жөн санайды.

Қорытындылай келе, бір нәрсе айтуға болады: әлемдегі туристік сала қарқынды түрде қайта жанданып келеді. Сарапшылар алдағы уақытта да оң көрсеткіштердің болатынын болжауда: мысалы, «The World Economic Forum» сарапшылары әлемдік ЖІӨ мен жұмыспен қамтудың 10%-ын тарихи қамтамасыз етіп отырған саяхат пен туризм секторының сауатты стратегиялық басқарумен жақын арада бүкіл әлемдегі қауымдастықтардың әл-ауқаты мен өркендеуінің негізгі факторы болуға әлеуеті бар екенін атап өтті. Сондықтан, клиенттер барлығына жеткілікті. Тек тұтынушыларға сапалы өнім ұсыну қажет.

Бүгінде Түркістан қаласы халқының саны 234 мыңнан асып отыр. Қалада инвестиция, өнеркәсіп, құрылыс, инфрақұрылым, туризм, білім, денсаулық, мәдениет, спорт салалары күн сайын қарқынды дамып келеді. Мәселен, жыл басынан бері Түркістан қаласына 273 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылғы көрсеткіштен 110 пайызға артқан.

 Ішкі туризм саласы бойынша Түркістанға жыл басынан бері 752 мың адам келген. Ал биылғы 7 айда 13,7 мың шетелдік қонақ болған. Сәйкесінше, қонақ үйлер мен туристік нысандар саны да күн санап артыпжатыр. Ал ауыз су, кәріз жүйесі, электр қуатымен қамтамасы ету, абаттандыру, жол, қоғамдық көлік қызметінің сапасы жақсарып, көгілдір отынмен 98 пайызға қамтылған.

Қорыта айтқанда, Түркістан қаласын дамытудың негізгі басым бағыты – туризм. Салаға соңғы 2 жылда 74,2 миллиард теңге инвестиция тартылса, биыл  53,5 миллиард теңгеге жетеді деп көзделіп отыр. Алдағы уақытта 145 миллиард теңгені құрайтын, 955 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 13 жобаны іске асыру жоспарға енгізілген.  

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin