Түркістан қаласында халықаралық талапқа сай кілем фабрикасы салынады

Өткен аптада ғана Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Түркия Республикасына іссапарлап, бизнес өкілдерімен іскерлік кездесулер өткізген болатын. Нәтижесі көп күттірмеді. Бүгін бауырлас мемлекеттен бірқатар инвесторлар облыс орталығына табан тіреді.

Сонымен, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркиялық кәсіпкер әрі инвестор Искендер Капланмен кездесті. Кездесу барысында Түркістан шаһарында ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы талқыланды.

– Қазақстан, әсіресе, Түркістан облысы үшін Түркия Республикасының орны айрықша. Біз – бауырлас елдерміз. Түрік бауырлар үшін де Түркістан мен Қожа Ахмет Ясауидің маңызды екенін білеміз. Біз Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тартуға басымдық беріп отырмыз. Шетелдік кәсіпкерлермен келіссөздер тұрақты жүруде, жобалар жүзеге асуда. Түркиямен де іскерлік байланысты нығайтып, сіздердің өндірістік мүмкіндіктеріңізді, тәжірибелеріңізді қолданғымыз келеді. Инвестициялық бастамаларға әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз. Түркістанның өз өнімдерін, өз брендтерін қалыптастыруға күш саламыз, – деген Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға жобаны жүзеге асыратын орынды әзірлеп, инфрақұрылымын реттеуді тапсырды.

«Milat Hali» – халықаралық деңгейде танымал ірі компания. Кілем өндірісінде экспорттық әлеуеті жоғары. Компанияның басқарма төрағасы Искендер Каплан Түркістанда жаңа жобаны жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді.

– Тарихи Түркістанға келгеніме қуаныштымын. Бұл шаһар мені тартып тұрады. Түркістанның Түркі әлемінде орны ерекше. Біздің компания кілем және кілем бұйымдары өндірісінде халықаралық деңгейде мойындалған. Әлемнің көптеген еліне тауар экспорттаймыз. Түркістанда да заманауи кілем фабрикасын ашуға дайынбыз. Жұмысты тез бастап кетуге ниеттіміз, – деді ол.

Айта кетейік, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Түркістан өңірінің делегациясы Түркия елінде болып, инвесторлармен келіссөздер, меморандумдар жасаған болатын. Келіссөздер жемісін беруде. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады.

Түркістан қаласында түркиялық инвестордың қолдауымен жаңа зауыт салу мәселесі талқыланды

Сонымен қатар бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «EsVilla Prefabik Hafif Çelik Yapı Sistemleri Ltd. Şti.» компаниясының бас директоры Ибрагим Тюйлюді қабылдады. Кездесуде Түркістанда жаңа зауыт салу мәселесі талқыланды.

– Түркі әлемі үшін қасиетті Түркістанның орны айрықша. Түркістан – Тұран даласындағы ең көне қалалардың бірі. Мұнда Ахмет Ясауи бабамыз өмір сүрген. Бұл шаһар Қазақ хандығының астанасы болған. Қазақтың хандары мен билері, батырлары осында мәңгі қоныс тепкен. Алты жыл бұрын Түркістан қаласы облыс орталығына айналды. Мұнда жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасалған. Түркия елінен келетін инвесторлармен бірлесе жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды.

Ибрагим Тюйлю Түркістан облысы әкімдігінің делегациясымен Түркияда кездескенін, жобаларды талқылағанын атап өтті.

– Сіздің өңірдің делегациясымен Түркиядағы кездесуде Түркістан қаласының инвестициялық әлеуеті туралы ақпарат алдық. Соны көзбен көру үшін арнайы келіп отырмын. «Өндірістік паркті» аралап, ғимараттарды көрдім. Жеделсаты өндірісін жолға қоюды жоспарлап отырмыз. Жобаны жылдам жүзеге асырып, жұмыс істеуге ниеттімін. Бұл кәсіпорында қазақ жастары жұмыс істейді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат еттім. Сізді де Түркия еліне маңызды жобаларды бірге талқылауға шақырамын. Іскерлік байланыс нығайып, бауырлас елде инвестициялық жобалар көбейе берсін, – деді түркиялық инвестор.

Айта кетейік, Түркістан облысындағы арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақта, «Өндірістік парк» аумағында инвесторлар тартып, кәсіпорындар ашу жұмыстары жалғасуда. Жыл басынан бері Түркістан облысына 888,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,7%-ға артты.

Атап өту керек, Түркістан облысында алғаш рет «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы жүзеге асырылуда.

– Әлемдегі экономикасы дамыған алпауыт мемлекеттердің тарихына қарасаңыз, өркениетке жету жолы өндірістен басталған. Егер біз де салаға серпін беретін заманауи кәсіпорындарды құра алсақ, экономикалық тәуелсіздікті де бекіте түсеміз. Ең бастысы сол зауыт пен фабрикада еңбек ететін елдің санасы өзгеріп, еңсесі тіктеліп, отандық тауар айналымының үлесі артады. Сондықтан біз облыста алғаш рет 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасын ашқанымызды ерекше атап өткім келеді. Жоба аясында 308 миллиард теңге инвестиция тартылып, 151 өндірістік ғимарат салынады. 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Бюджетке жылына 2 миллиард теңге салық түседі. Қазір 10 нысан салынып, 8 кәсіпорын ашылып, 712 жұмыс орны құрылып үлгерді, – деді Дархан Сатыбалды.

Аталған аумақта жаңбырлатып суғару қондырғыларын шығаратын кәсіпорындар ашылды. Жиһаз, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын зауыттар қолданысқа берілді. Бұрын тек шетелден әкелінетін су үнемдеу технологиялары бүгінде Түркістанда шығарылуда. Өндірістік паркте ашылған компаниялардың су үнемдеу технологиялары еліміздің өзге өңірлеріне де сатылып жатыр.

Расын айту керек, Түркістан облысына инвестиция тарту, жаңа зауыттар мен өндіріс орындарын ашу бағытында қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды бір топ шетелдік инвестор мен кәсіпкерді қабылдап, келіссөздер жүргізді.

– Тарихы тереңде жатқан Түркістанға қош келдіңіздер. Алты жыл бұрын Түркістан облысы құрылып, аймақтың жаңа даму жоспары жасалды. Мақсатымыз – тұрғындардың әл-ауқатын көтеру, өңірдің экономикасын көтеру. Осы мақсатта бірнеше мемлекетке барып, келіссөздер жүргіздік. Байланысқа, әріптестікке әрдайым ашықпыз. Өңірімізде қолайлы бизнес-климат қалыптасқан. Арнайы экономикалық аймақ, индустриалды аймақтар бар. «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы жүзеге асырылуда. Инвесторларға тез жобасын жүзеге асыруға жағдай жасалған, – деді Дархан Сатыбалды.

«Shaanxi Zhonghuang Huancheng Technologi Co., Ltd» компаниясының бас директоры Ли Хайнан жоғары деңгейде қарсы алып, жобаларды талқылауға мүмкіндік тапқан облыс әкіміне алғысын білдірді. Кәсіпкерлер Түркістан қаласының сәулетіне, инвестициялық әлеуетіне жоғары бағаларын берді. Бірнеше сала бойынша әріптестік орнатуға дайын екендерін жеткізді.

Айта кетейік, Түркістан облысында алғаш рет 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы жүзеге аса бастады. Жоба аясында 308 миллиард теңге инвестиция тартылып, 151 өндірістік ғимарат салынады (10 нысан салынды). 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады деп күтіліп отыр. Сонымен бірге Арнайы экономикалық аймақта да маңызды жобалар жүзеге асырылмақ.

Орайы келгенде еске салайық, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров бастаған өңір делегациясының Қытай Халық Республикасына ресми сапары жалғасуда. Іссапар аясында облыс өкілдері Хубэй провинциясының Халықтық үкіметінің Шетел істері департаментінің директоры Чжан Сяомэймен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасындағы ынтымақтастық нәтижелерін талқылады. Екі ел өкілдері байланыстарды нығайтуға ықпал еткен бірлескен жұмыстың оң нәтижелерін атап өтті.

Нұралхан Көшеров қытайлық серіктестерге екіжақты қатынастарды дамытуға белсенді қатысқаны үшін алғыс білдіріп, Хубэй провинциясының басшыларын Түркістан облысына сапармен келуге шақырды. Аймақтар арасындағы байланыстарды нығайту экономиканы дамытуға ғана емес, сондай-ақ тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізді.

Кездесу Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасындағы серіктестікті одан әрі кеңейтуге жасалған маңызды қадам болмақ. Сонымен қатар Қазақстан мен Қытай арасындағы ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестік аясындағы ынтымақтастықтың өсіп келе жатқанын айғақтайды.

Сонымен қатар Түркістан облысына инвестиция тарту, шет мемлекеттермен тәжірибе алмасу бағытындағы жұмыстар Қытай елінде жалғасты. Іссапардың алғашқы күні Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров бастаған делегация ҚХР-ның Бейжің қаласында өткен «Болашақ үшін әлемді біріктіру» атты CISCE халықаралық көрмесіне қатысты.

Бұл бизнес шараға ғылым және технология салаларының жетекші өкілдер қатысып, жеткізу тізбегінің алты негізгі бағыты бойынша жетістіктерін көрсетті. Нақтырақ айтқанда, озық өндіріс, экологиялық таза энергия, ақылды көліктер, цифрлық технологиялар, салауатты өмір салты және жасыл ауыл шаруашылығы, сондай-ақ жеткізу тізбегі қызметтерінің жетістіктерін ұсынды.

Көрмеде тұрақты даму мен жаһандық жеткізу тізбегін жетілдіруге бағытталған ең озық, заманауи технологиялар мен инновациялық шешімдер ұсынылды.

Маңызды шара барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары халықаралық компаниялар өкілдерімен кездесіп, экологиялық таза технологиялар, ақылды көлік шешімдері және жасыл ауыл шаруашылығын дамыту салаларында ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Ірі компания өкілдерін Түркістан облысына инвестиция тартуға шақырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.

Түйіндей айтарымыз, Түркістан облысына инвестиция тарту және тәжірибе алмасу мақсатында Қытай, Ресей, Австралия, Өзбекстан, Катар және Оңтүстік Корея елдеріне Түркістандық кәсіпкерлердің сапарын ұйымдастырып, алпауыт компаниялармен маңызды келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде шетел капиталының қатысуымен жалпы құны 910 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобалар басталды.  Мәселен, өңірде Өнеркәсіптік жылыжай кешені, Алюминий бұйымдарын шығару, Өнеркәсіптік тоңазытқыштар шығару,  Каустикалық сода, пвх, кальций карбиді, әк цемент шығаратын зауыт,  Фосфорит кендерін өңдеу зауыты, Мұнай өңдеу зауыты ашылмақ. Бұл жайлы таяуда ғана Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Орталық коммуникация қызметінің көшпелі баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның айтуынша, қазан айында Түркістан қаласына 127 шетелдік компания шақырылып, 301 миллиард теңге көлемінде 35 меморандумға қол қойылды. Осы келісім арқылы дрон, бейнекамера, медициналық жиhаз, тұрмыстық техника өндіретін кәсіпорындарды ашу жұмыстары басталды.  Түркістандық зауыттар елімізді және экспортты түрлі өніммен қамтамасыз ететін болады. 

Одан бөлек, алдағы уақытта индустриалды аймақтарда тұрмыстық техника, өсімдік майы, газ қондырғылары, лифт құрастыру, әскери палатка, санфаянс, сэндвич панелі және сусындар өндіретін зауыттар ашылады. 

«Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, инвестиция тарту экономикада маңызды бағыт болып есептеледі. Елімізде Түркістан облысы инвестиция тарту бойынша көшбасшылар қатарында келеді. Облысқа жыл басынан 888 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,7%-ға артты. Ал, жыл басынан тікелей шетелдік инвестиция көлемі 685 миллион АҚШ долларын құрап, жылдық жоспардан 1,5 есеге артығымен орындалды. Түркістан облысы – халық саны ең көп өңірдің бірі. Сондықтан аймақта жұмыс орындарын ашу, өндірісті дамытуға айрықша басымдық берудеміз», — дейді облыс әкімі.  

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin