Түркістан қаласында үздік және белсенді бітіруші түлектерді марапаттау кеші өтті

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түркі университетінде «Ақ жол, Ясауи түлегі – 2024» атты үздік және белсенді бітіруші түлектерді марапаттау кеші өтті.

Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пен Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев, Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлепов пен Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев және басқа да мекеме басшылары мен зиялы қауым өкілдері, ата-аналар мен университеттің танымал түлектері қатысты.

Алғы сөз алған университет ректоры Жанар Темірбекова түлектерге ізгі тілегін жеткізіп, жиынды ашып берді.

– Түлектермен қоштасу әрбір университетке түрлі эмоциялар сыйлайтын кез. Бір жағынан бірнеше жыл бойы білім алған түлектерге үлкен өмірге жолдама берсек, екінші жағынан олармен қоштасу сәті ерекше сезім сыйлап тұр. Қос елдің көмегімен, мемлекеттік қолдауымен түркі әлемінің қасиетті шаһары — Түркістанда оқып, түркі дүниесінің жастарымен тіл табысып, ең мықты ғалымдардан дәріс алып, өзінің тұлғалық қасиеттерін дамытқан түлектеріміз үшін де ерекше сезім деп ойлаймыз. Сіздерге ақ жол тілейміз! Ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңыздың сенімін ақтаңыздар! – деді Жанар Темірбекова.

Құттықтау сөз алған ректор өкілі Наджи Генч те түлектерге ақ тілегін арнады. Ректор Жанар Темірбекова мен ректор өкілі Наджи Генч биылғы жылдың ең үздік атанған 30 түлекке дипломдарын табыстады.

Салтанатты кеште Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жас түлектерге ізгі ниетін білдіріп, бірқатар үздіктерге диплом табыстады.

– Қадірлі түлектер! Баршаңызды өмірдің жаңа белесіне қадам басуларыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Халықаралық қазақ-түрік университеті соңғы 30 жылда Қазақстанның тәуелсіздігімен бірге қатар жасап келе жатыр. Бүгінгі бітіруші түлектер еліміздің саналы, парасатты, биік мәдениетті азаматтардың қатарын толықтырады деген үлкен сенімдеміз. Себебі, сіздер жәй оқу орнында емес, түркі әлемінің орталығындағы қасиетті Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың атымен аталатын керемет университеттің шаңырағында тәлім алып, қадам басып отырсыздар! Баршаңызға ақ жол! – деді Бейсенбай Тәжібаев.

Іс-шара барсында оқу ордасының имиджін арттыруға атсалысқан, оқуда жоғары көрсеткішке ие болған 230 үздік студентке дипломдар табысталды. Осы білім ордасынан түлеп ұшқан елімізге танымал чемпиондар мен жарық жұлдыздар да арнайы келіп, құттықтау тілектерін жеткізді. Мажарстаннан келген үздік студент, қазақ дәстүрлі өнерінің жас өкілі Фехер Богларка қобыз тартып, көрерменнің қошеметіне бөленді.

Концерттік бағдарламамен жалғасқан көңілді кеште ҚР эстрада жұлдызы Ғазизхан Шекербек өнер көрсетті. Өнерлі жастар ән шырқап, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Кеш соңында 2023-2024 оқу жылының үздік түлегі атанған білімгерлер оқу ордамен қимастықпен қоштасып, ақ тілектерін арнады.

Айта кетейік, 2023-2024 оқу жылында аталған университетті 1226 түлек тәмамдап, кәсіби маман атанды.

Еске салайық, бүгінгі таңда Қазақстан мен Түркия арасындағы үкіметаралық келісім негізінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1991 жылы Жарлығымен ашылған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті (Ахмет Ясауи университеті) — Қазақстандағы ең алғаш ашылған халықаралық жоғары оқу орны, түркі тілдес мемлекеттер арасында халықаралық мәртебеге ие болған, түркі әлемі жастарының басын біріктірген бірінші білім және ғылым ордасы.

Ал, 1992 жылы 1 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Түркия Республикасының Премьер-Министрі Сүлеймен Демирелдің келісімі нәтижесінде «Халықаралық университет» мәртебесі берілді.

1992 жылғы 31 қазанда Анкарада Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы Үкіметтері арасында осы оқу орнын «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті етіп қайта құру туралы» келісімге қол қойылды.

2012 жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қызмет шарттары хаттамасы» ратификацияланды және Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарғысымен бекітілді.

Университет миссиясы — Түркі тілдес мемлекеттер мен қауымдастық жастарына бір шаңырақ астында сапалы білім беру және инновациялық оқыту мен ғылыми зерттеулерде көшбасшы болу.

Ахмет Ясауи университетінің Жарғысы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түркия Республикасы Үкіметімен бекітілді. Осы Жарғыға сәйкес, 10 адамнан жасақталған Үкіметаралық Өкілетті Кеңес құрылды (Анкара). Оның ішінде 5 мүшесін, Президентті (ректор) қосқанда, Қазақстан Республикасы Үкіметі, қалған 5 мүшесін Түркия Республикасы Үкіметі тағайындады. Өкілетті Кеңес университет басқаруда екі жақты тепе-теңдікті қамтамасыз етеді. Қаржыландыру республикалық бюджеттен және Түркия Республикасы бюджетінен жүргізіледі.

Ахмет Ясауи университеті — түркі әлеміндегі бірегей университет, ЖОО-да әлемнің 17 елінің жастары мен 30 ұлт пен ұлыс өкілдері арасында мәдениетаралық диалогы мен ұлтаралық толерантты тәрбие жүріп жатыр. Қазіргі жаһандану жағдайында Түркі тілдес әлемді рухани біріктіруші білім беру орталығы ретінде Ахмет Ясауи университетінің идеологиялық маңызы зор.

Білім беру қызметі білім берудің барлық деңгейлері мен тоғыз саласы бойынша 153 білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады: Педагогикалық ғылымдар, Өнер және гуманитарлық ғылымдар, Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат, Бизнес, басқару және құқық, Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика, Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары, Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина), Қызмет көрсету.

Оқыту қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.

Университет құрамында 10 факультет, Мемлекеттік басқару және экономика Жоғары мектебі, кәсіптік колледж, 6 ғылыми-зерттеу институты, докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі мамандандырылған диссертациялық Кеңес бар, университетте 10 мыңнан астам студенттер, интерндер, магистранттар, резиденттер мен докторанттар, сондай-ақ дайындық факультетінің тыңдаушылары білім алады.

Ахмет Ясауи университеті – түркі әлеміндегі бірегей университет, онда мәдениеттер диалогы мен әлемнің 17-ден астам елінің жастарын ұлтаралық толерантты тәрбиелеу жүріп жатыр және қазіргі жаһандану жағдайында түркітілдес әлемді рухани біріктіретін білім беру орталығы ретінде маңызды идеологиялық мәнге ие.

Университет 1992 жылдан бастап жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру шеңберінде медицина мамандарын даярлауды бастады және «full university»университеттерінің халықаралық санатына ие.

Қазіргі уақытта университетте 10 000 мыңға жуық білім алушылар (студенттер, интерндер, магистранттар, резиденттер мен докторанттар және тыңдаушылар)  оқиды, оның ішінде 1125 -ке  жуық шетелдік білім алушылар (контингентінің 12%) жақын және алыс шет елдердегі түркі тілдес елдерден.

Өзінің жұмыс істеген жылдары жоғары кәсіптік және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы 76 мыңнан астам жас мамандарды, оның ішінде жақын және алыс шетелдерден дайындады, олар бүгінде өз Отанының игілігі үшін табысты еңбек етуде.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin