Биыл қазақ әдебиетінің аспанында жарқ етіп, бір-ақ сәтте жалт етіп ағып түскен жұлдыздардың бірі, жас талант Саттар Ерубаевтың туғанына — 110 жыл. Қазақтың маңдайына біткен марқасқа ұлы небәрі 23 жыл ғана ғұмыр кешті. Оның есімі адамзат тарихынан ешуақытта ұмытылмақ емес. Осы мақсатта Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің Саттар Ерубаев музей-филиалы және Түркістан қалалық Мәдениет үйі мен мәдениет үйіне қарасты «Бірлік» клубының бірлескен шарасы өтті. «Ұлы даланың жас Алашы» атты ұлттық-танымдық кешке зиялы қауым өкілдері мен мұражай қызметкерлері қатысты.
Шара аясында әдеби ортаға тұлпар шабыспен екпіндей келіп, ғұмырының соңына өшпес мұра қалдырған талант туралы кеңінен сөз болды. Жергілікті ақын Айгерім Жұмабай Саттар Ерубаев жайында ой қозғады. Сондай-ақ Саттар Ерубаев музейінің меңгерушісі Айгүл Исабекова Саттар ғұмырын ғасырдың өшпес мұрасына теңеп, Ерубаев шығармашылығын құрметтеп өскен ұрпақтың қатары артса деген ниетін білдірді.
Тағылым мен тәрбиеге толы басқосуда Түркістан қаласындағы Саттар Ерубаев атындағы №7 мектеп-интернатының оқушылары Саттар шығармаларынан үзінді оқыды. Ал мәдениет үйінің «Шұғыла» халықтық мәдени-үгіт бригадасы көрерменге «Шындық пен шығарма» танымдық қойылымын ұсынды. Яссы халықтық этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі Ерлан Жақыпбеков пен күйші Нұрзаман Мұсаханұлы көңіл тебірентер күйлерді асқан шеберлікпен орындады. Мәдениет үйінің әншілері «Аға» әнін орындап, айшықты шараны қорытындылады.
Саттар Асқарұлы Ерубаев (1914, Түркістан ауданы — 02.06.1937, Алматы) — қазақ жазушысы.
Ауыл балалары сияқты молданың солқылдаған көк шыбығына көнбестен Саттар Түркістандағы бастауыш мектепке қашып кетеді. Мұны бітіргеннен соң жетіжылдық орыс мектебінде оқып, оны үздік аяқтап шығады. Оның қалыптасуына әкесі Асқардың, анасы Бапаның үлкен әсері болған.
1930-шы жылы Саттардың белсенді комсомол мүшесі және зейінді жас екені ескеріліп, жоғары оқу орындарына даярланатын Алматыдағы дайындық курсына жіберіледі. Сол жылы ол Қазақстан оқу Комиссариатының арнайы жолдамасымен Ленинград тарих, философия және лингвистика институтына түседі.
Институтты Саттар 1933 жылы үздік бағамен бітіріп шықты. Ол дипломдық жұмысын өте жақсы қорғайды және және осы еңбегі үшін бәйге алады. Сөйтіп, бұл жұмыс баспасөз бетінде жариялансын деген қаулы шығарылады. Ұстаздарының ұсыныстары бойынша Ерубаев аспирантураға қалдырылған екен. Бірақ Қазақстан өлкелік комсомол комитеті арнайы жеделхат жолдап, Ерубаевты шұғыл түрде Қазақстанға шақыртады. Осыған байланысты Саттар, оқуын қалдырып, елге оралады.
Алматыда Саттар 1933-1934 жылдары «Ленинская смена» газеті әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, «Лениншіл жас» газеті редакторы; 1934 жылы бірер ай музыка театрының директоры; 1933-1934 жылдары Жоғары ауыл шаруашылық мектебінде философия кафедрасының ұстазы қызметтер атқарды.
1934-1935 жылдары қалалық «Қарағанды пролетариаты» (қазіргі облысы «Орталық Қазақстан», газеті) редакторының орынбасары.
1935 жылдың жазында Ерубаев Ленинград университетінің аспирантурасына түседі. Бірақ мендеп кеткен өкпе ауруы оған бар болғаны бір-ақ жыл оқуға мүмкіндік береді. Осыдан соң Саттар Алматыға қайтуға мәжбүр болады. Мұнда ол 1936-1937 жылдары Қазақстан педагогикалық институтына қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясынан лекциялар окиды.
Бірақ бойын әбден меңдеп алған ауыр дерт Саттарды 1937 жылдың екінші маусымында Алматы қаласындағы Түрксіб ауруханасында көз жұмғызды. Онда ол бар болғаны 24 жаста еді.
Қарағанды жұмысшы табының қалыптасуы жайындағы «Үш шахтер туралы баллада», «Меруерт алқа» балладалардың, «Бақыт», «Өмір көркемдігі» новеллалардың авторы. «Менің құрдастарым» романында (1939 жылы жарияланған, 1957 жылы орыс тіліне аударылған) Қазақстанның көмір орталығы Қарағандыны кұрушы жастардың тұрмысы мен еңбегін суреттейді. Қарағандының бір көшесіне Ерубаевтің есімі берілген.
Қазақстан өлкелік партия комитетінің «Қарағанды полетариаты» газетінің жауапты редакторының орынбасары болып істейді. Қаламы ұшқыр, пікірі таза, дарынды қаламгер Ерубаев сол кезде Қазақстан Жазушылар одағының бірінші сьезіне қатысып, одақ мүшелігіне алғаш қабылданғандардың бірі болды.
Ерубаев әдеби ортаға тұлпар шабыспен екпіндеп, жарқырап кірді. Ол астанадағы зиялы қауымды жан-жақты біліммен, журналистика саласындағы білікті ізденістермен әдебиеттегі жаңашыл сыни ой-пікірмен, жаңаша жазылған өлең, баллада, пародиялырымен елең еткізді. С.Ерубаев 1934 жылы Қарағандыға, қайнаған еңбек ортасына келгеніне қатты қуанған. Сол тұста жазған бір күнделігінде Саттар: «Мен Қарағандыға ризамын, ол мені жазушы етіп шығаратын болды!» — депті. Қарағанды оны жазушы етіп шығарды. Саттар әдебиет сүйер қауымға мәлім «Менің құрдастарым» романын дәл осы кезде жаза бастаған еді. Бұл роман қазақ жұмысшы табының қалыптаса бастау тарихынан, 30-жылдарғы Қарағанды сынды ірі өнеркәсіп ошағының тыныс-тіршілігінен сыр шерткен, алғашқы ұлттық техникалық интеллигенция өкілдерінің бейнелерін сомдаған туынды. Қарағандыда болған кезінде С.Ерубаев басқа да көптеген новеллалар, балладалар, өлеңдер, очерктер, сын мақалалар жазады. Оның қаламынан «Бақыт», «Мәңгілік өмір», «Өмір көркемдігі», «Келесі соғыс туралы» новеллалары, «Өмір туралы рапорт», «Үш шахтер туралы баллада», «Меруерт алқа» тәрізді балладалары, алуан өлеңдері мен сын мақалалары, очерктері мен эпиграммалары өзіндік өзгеше үнімен, жүрек жарды лебімен, мөлдір сыршылдығымен. Қалтқысыз шыншылдығымен қазір де қайран қалдырады. Аяқталмаған «Менің құрдастарым» романы бүгінгі күні де халқымыз сүйіп оқитын жаңашыл мәңгі жас шығарма. Саттар шығармаларынан рухани нәр ғана емес, Саттардың өзі жайында да көп мағұлмат табуға болады. Жарық жұлдыздай жарқырай ағып өткен қас-қағым тіршілігінде ол өзін халқының адал перзенті ретінде көрсетті. Артына көлемі шағын болса да салмақты, құнды әдеби мұра қалдырды. Оның қазақ кеңес әдебиетінде бірінші болып игерген жаңа жанрдағы шығармалары – балладалары, новеллалары, пародиялары мен эпиграммалары қазіргі әдебиеттің алтын қорына енді. Ерубаев Жанғожинмен бірігіп мектеп оқушыларына арналған қазақ әдебиеті хрестоматиясын құрастырды. Сонымен қоса аудармашылықпен де шұғылданған. Ол К.Чуковскийдің, Ю.Березиннің, А.Суриковтың, И.Эренбургтің кейбір шығармаларын қазақ тіліне аударған. 1966 жылы Саттар Ерубаевқа Қазақстан Ленин комсомолы атындағы сыйлық берілді. Түркістан қаласында Саттар мұражайы бар. Қарағандыда Саттар Ерубаевтың аты мектепке, үлкен көшелердің біріне берілді.
Саттар Ерубаевтың туған жылы туралы әртүрлі деректер:
Барлық деректерде Саттар Ерубаевтың 1914 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданына қарасты «Арыс» совхозындағы Ұзынқұдық» жайлауында туғаны жазылған. Саттар дүниеге келген кезде Саттардың әкесіне жақын ағайыны Тебейдің үйіндегі Тәлімі дейтін шешеміз «Бапаны келін қып түсіргеннен кейін Асқармен жаз жайлауымыз да, қыс қыстауымыз да бір болатын. Саттар күзем алып болғаннан кейін Ұзынқұдықта туды. Ал менің Әмзем одан екі ай кейін тоқсанның басында туды», – дейді. (Саттар Ерубаев. Мәңгілік өмір. Алматы, «Жазушы». 1994, 448-бет)
Орыс тіліндегі мәліметтерден:
«Подтверждается дата поступления Саттара в ЛИЛИ – именно 21 маусым 1931 г. Далее -новые разночтения. С.Ерубаев записан как студент отделения языковедения. А самое главное и очень важное – годом рождения казахского публициста указывается 1913-й, а не 1914-й, как повсеместно пишут его биографы. Сохранился и лицевой счет студента 2 курса С.А. Ерубаева. На стипендию он зачислен с 1 қыркүйек 1931 ж. (80 рублей). В декабре с него удержано за питание в институтской столовой по талонам 25 руб. Другие расходы – подписка на заем и оплату комнаты в общежитии.», (А.ЖАНГОЖИН. Караганда — Санкт-Петербург. Индустриальная Караганда.-2005.-4 авг.-С.7)
Саттар Ерубаевтың «Мәңгілік өмір» дейтін новелласында мынадай дерек бар. «Бұл 1920 жылы болатын. Онда мен 7-де едім», – деп жазады. Мұнда да сол 1913 жылды меңзейді.
Қазақ әдебиетіндегі баллада дейтұғын бөлекше жанрдың бастау көзі – Саттар. Фантастикалық новеллистиканың да тұңғыш қайнарларын Ерубаевтан табасыз. Пародияңызды да бастап бергендердің бірегейі Ерубаев. Драмасы тағы бар. Ал енді «Менің құрдастарым» романы нағыз жаңашылдықтың үлгісі болды. Өз кезінде. Қазіргі күнде де жаңашылдықты сезіндірер. Лев Толстойыңыздың сөзі бар: «Ешқашан ескірмейтін жаңалық, ол – талант. Себебі, талант әрқашан жарық жұлдыздай жарқырап тұрады». Әдебиетіңіздегі жарық жұлдыздар дегенде ең біріншілердің қатарында Саттар Ерубаевтың тұратынын ешкім де жоққа шығара алмайды. Саттар Ерубаев туралы аз айтылған, аз жазылған дей алмаймыз. Зейін Шашкин, Асқар Лекеров, Әбіш Байтанаев, Мырзай Алтынбекова, Мұхаметжан Қаратаев, Әбділда Тәжібаев, Тұрсынбек Кәкішев, Әдіһам Шілтерханов, Ғафу Қайырбеков, Бейбіт Қойшыбай, Фарида Құжымова, Жарылқасын Боранбай, Сәрсенбек Сахабат… Бұлардың ішінде тереңірек зерттеуге тырысқандар да, тиіп-қашып бір азырақ пікір білдіргендер де бар, әрине. Саттар ұрпақтармен бірге жасай берер. Ерубаев ешқашан ескірмек емес. Алайда… Жауһар жазушы, парасаты биік қаламгер Әдіһам Шілтерханов Саттар хақында неғұрлым жан-жақты еңбектенген, кемел зерттеп, кенен зерделей сөз қозғаушылардың қатарында. Сол Әдекең әдіптейді: «Саттар, әрине, Пушкин де, Лермонтов та емес. Сөйтсе де, Саттар – Саттар ғой! Қазақтың Саттары көп пе? Халқымызда қаншама талантты перзенттер бар. Олардың саны арта береді. Бірақ оның бірі де Саттар бола алмайды. Саттар қашанда да дара тұрған, көптеген ерекшелігімен қайталанбайтын тұлға ғой!». В.Беседин дейтұғын орыстың ойшыл ғалымы Саттар Ерубаевтың бір әңгімесін оқып қайран қалған. Болашақ соғыс туралы фантастикалық әңгімесінде дарынды жас жазушының өз кезеңінен қырық жыл кейін келетін жаңалықтарды ғажайып көрегендікпен болжағанын дәлелдейді. Ол жаңалықтардың ішінде «автожектор», «ракетоплан», «живой электрический текст» сияқты кереметтер келтірілген.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.