Бүгінде еліміз бойынша мақтаны терең өңдеп, өнім шығаратын, Түркістан қаласының 150-ден астам тұрғынан тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған үлкен зауыт облыс орталығында орналасқан. Мақтадан жасалған өнімдерді өндіретін «Фараб» зауытының басшысы Абдурасул Құрбанәлиев өз жұмысын 2004 жылы бастайды.
«Алғашында бұл зауытты Қазақстан мен Ұлыбритания бірлесіп салған, кейін қаражат тапшылығына байланысты зауыт жұмысын тоқтатқан. Қазіргі таңда барлық өнімдер «Toyoda» маркалы германиялық, ағылшын, жапон аппараттарымен жүзеге асырылуда. Басында зауыт мақтаны тазалап, ағартуға бағытталған болатын. Келе-келе халық тұтынатын өнім шығару ісімен айналысуды қолға алдық. Алғаш жұмысымызды Кореядан 6 тәжірибелі маманды алдыртып, олардан кәсіп үйреніп, осындағы 5 жұмысшыны сол елге 6 айға біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасуға жіберуден бастадық. Қазақстанда мақта Түркістан облысында ғана өсіріледі. Сондықтан мақта зауыттарының басым бөлігі осы облыстың аумағында орналасқан. Түркістан облысындағы зауыттардың көпшілігі мақтаны шитінен, яғни, дәнегінен айырып, жуып тазалау ісімен ғана айналысады. Елімізде өсірілген мақтадан таза өнім шығармайды. Ал, Түркістан қаласындағы орналасқан мақта зауыты мақтадан халық күнделікті тұрмыста тұтынатын медициналық және косметикалық бұйымдар шығару ісін жолға қойған ірі өндіріс ошағы», – дейді өндіріс басшысы.
Комбинат қазіргі таңда 1-ші сұрыпты мақта талшығынан баршамызға әйгілі «Малыш и малышка» атты гигиеналық медициналық стерильденбеген мақта, гигроскопиялы, стерильді мақта, дымқыл сулықтар (оның ішінде балаларға арналған), медициналық стерильді дәке бинті, «doctor sponge» косметикалық мақта жастықшалары секілді 106 түрлі экологиялық таза мақта өнімдерін өндіруде.
Өндірістің бастапқы жалпы құны 12,5 миллион долларды құрайды. Мақта шығару-өндіру зауыттарымен, жеке шаруашылықтармен келісіп, мақтаны зауытқа жеткізгеннен кейін мақтаны қайнатуға 7 сағат, шаң-тозаңнан тазартуға 3 сағат жұмсалады. Тазартылған мақта кептіру, таралу, өңделу, қайта тазарту секілді санқилы процестерден өтіп, түрлі бұйымдарды жасауға әзірленеді. Мысалы, «Малыш и малышка» 25, 50, 100 граммдық қалташаларға буып-түйіледі, мақта жастықшалары аппараттар арқылы орама етіп дайындалғаннан кейін трафарет секілді қондырғыдан өтіп, домалақ пішінге енеді, жіңішке қалтаға салынады. Тұтынушының бұл затты өзіне ыңғайлы етіп ашып-жабуы үшін аузына арнайы жабыстырғыш ілмек те қарастырылған. Дәке бинттері стерильденіп, оралып, қондырғыға тұтас етіп салынғаннан кейін бөліктерге бөлінеді. Комбинат өнімдері Қазақстанның барлық облыстары мен аудандарына тарап, халық игілігіне ұсынылуда.
«Фараб» зауыты ел нарығын он бес жылдан бері медициналық мақта және дәкемен қамтамасыз етіп келеді. Қажетті шикізат осы маңдағы жергілікті шаруалардан алынады. Ол зауыт ішінде тазалаудың 4 сатысынан өтеді. Қажетті құрылғылар Италия мен Германиядан әкелінген. Бір жарым жылға созылған тәжтажал індеті кезінде түркісандықтарды ғана емес, жақын маңдағы елді мекендерді де сапалы залалсыздандырылған мақта мен дәке секілді медицинада қат тауарларды жеткізді. Халық асып-сасқан тұста ауруханаларға тегін де жеткізіп берді.
«Фараб» комбинатының басшысы ретінде танымал болған Абдурасул Құрбанәлиев «Ақ жол» демократиялық партиясының атынан Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы агроөнеркәсіп кешені бойынша комитет төрағасы ретінде егін шаруашылығының басы-қасында жүрген жандардың жанына батып жүрген мәселелерді ту етіп көтеріп, ел аманатын түбегейлі орындап отырған халық қалаулыларының бірі әрі бірегейі саналады.
– Жалпы биылғы көрсеткішіміз жаман емес. Қалыпты. Бірақ енді өздеріңізге де белгілі, тәжтажал індетінің зардабы өндіріске әлі де тиетіні белгілі болып отыр. Соған қарамастан өнім түрлерін көбейтіп, сапасын жақсарту жолында жұмыстар атқарып жатырмыз. Бірақ, бізге кедергі келтіріп отырған жағдай, соңғы жылдары мақта талшықтары бағасының екі есеге өсіп кетуі. Былтыр мақта талшығының тоннасы 1300-1400 доллардан аспайтын. Қазір тоннасы 2400-2500 доллардан болып тұр. Орташа есеппен 80 пайызға қымбаттады. Соған қарамастан әзірге ескі бағаны ұстап тұрмыз. Алайда, жақында жаңа өнімді пайдалана бастаған кезде, бізге де бағаны өсіруге тура келеді. Су тапшылығына және мақта өсіруге қажетті минералды тыңайтқыштар, тауарлар мен дизел отынының қымбаттауына орай, мақташылар егіс алқаптарын екі есеге дейін қысқартуға мәжбүр болып отыр. Мұның себеп салдарынан біздің де өз өніміміздің бағасын көтеруге мәжбүрміз. Біздің зауытқа субсидия бөлінбейді. Біздің зауытымыз жекеменшік болып табылады. Бүкіл жұмыстарды өз қаражатымызбен өз еңбеккерлеріміздің күшімен атқарып отырған жайымыз бар. «Атамекен» ҰКП тарапынан да жасалып жатқан көмек жоқ. Бұрындары мақта егетін шаруашылықтарға субсидия бөлінетін. Қазір екі жыл болды мақташыларға қайтарымсыз қаржы бөлінбейді. Осыған байланысты былтыр осы өңірдегі мақташылар 20 мың тонна мақта жинаса, биылғы жылы аздау болайын деп тұр. Мақта — ұзақ уақыт алатын, әрі көп күтімді қажет ететін, мемлекетке бірден-бір валюта кіргізетін өнім.
Бізде қазіргі таңда 100-ге жуық адам жұмыс істейді. Олардың дені жастар деуге болады. Біз алғаш кәсіпорынды ашқан кезімізде Оңтүстік Кореяға бес адамды жіберіп оқыттық. Олардан жеті маман осында келіп, алты ай бойына біздің жұмысшыларымызға үйретті. Қазіргі таңда бізде ешқандай шетел азаматы жоқ. Тек өзіміздің қала мен осы маңдағы ауылдардың адамдары. Бізге механик, дәнекерлеуші, электрик, бағдарламашы секілді мамандық иелері керек болады. Оқу орындарымен тығыз байланысымыз болғандықтан «Білім саласына қосқан үлесі үшін» деген марапатымыз да бар. Алдағы кешенді жоспарларымыз көп. Оның орындалуын уақыт көрсетеді, — дейді кәсіпорын басшысы.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.