Облыс орталығында тұрғын үй кешендерінің саны артып келеді. Бүгінгі таңда Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында 190 пәтерден тұратын 20 қабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары аяқталды.
Тұрғын үйге осы жылдың қазан айында Түркістан облысы аумағында тұратын, тұрғын үй кезегінде тұрған, «Отбасы банк» АҚ-ның салымшылары тарапынан конкурсқа өтінімдер қабылданады.
Тұрғын үйдің барлық пәтері – 2 бөлмелі, 65-80 шаршы метр. Мердігер мекеме – «Inter Construction» ЖШС.
Түркістанда «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Дәлірегі, халықты баспанамен қамту, арендалық тұрғын үй сатып алу бойынша біраз тірлік атқарылуда. Маңызды мәселе облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатаң бақылауында тұр. Мәселен, Отырар ауданының Шәуілдір ауылындағы Жаңа тұрғын үй алабында жеке инвесторлар есебінен арендалық тұрғын үйлер салынып жатыр. 10 тұрғын үйдің құрылыс барысын бақылауға барған аудан әкімі Қайрат Жолдыбай жауапты мердігерлермен кездесті. Салынып жатқан үйлердің сапасы — қатаң бақылауда. Айта кету керек, аталған тұрғын үйлер аудандағы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға үлестірілетін болады. Қазіргі таңда Отырар ауданы бойынша тұрғын үй кезегіне 2303 азамат тіркелген.
Биыл тұрғындарды баспанамен қамту үшін 2 469 пәтер сатып алуға республикалық және облыс қазынасынан 44,8 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде «Тұрғын үй-моммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында 500-ден астам пәтер сатып алуға қаражат бағытталады. Пәтерлер аудан, қалаларда кезекте тұрғандар санына теңдей бөлінуде. Бағдарлама бойынша тұрғын үйдің 1 шаршы метрін сатып алу құны 300 мың теңгеден асады.
Бекітілген ережеге сәйкес, тұрғын үй құрылысына бөлінетін жер учаскелері аукцион арқылы тұрғын үй мақсатында бөлінеді. Құрылысшы тиісті құжаттар әзірлеп, тұрғын үйді салады. Дайын үйлерді әкімдік мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы сатып алып, кезекте тұрған азаматтарға ұсынады.
Бүгінгі таңда Түркістан қаласындағы 20 көпқабатты тұрғын үйден 1628 пәтер сатып алынған. Аудан, қалалардан 1000-ға жуық баспана сатып алынады. Тағы 2469 пәтер республикалық қазынадан бөлінген қаражатқа сатып алу көзделген. Аудан, қала тарапынан 3 мың пәтердің құрылысы жүріп жатыр. 13 ауданда жоспардан артық 545 пәтер салынып жатыр.
Елімізде тұрғын үй кезегінде тұрған 650 мыңға жуық азаматтың 65 мыңнан астамы Түркістан облысының тұрғындары. Бұл — елдегі ең үлкен көрсеткіш. Баспана кезегінде тұрғандардың ішінде көпбалалы отбасылар, әлеуметтік жағынан әлсіз топтағылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жандар бар.
Жалпы, Түркістан қаласында құрылыс жұмыстары қарқынды. Әсіресе, баспана мәселесін шешу бағытында ауқымды жұмыс жүруде. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласындағы 5 қабатты тұрғын үй кешендерінің құрылыс алаңдарын кезекті рет аралады. «Жібек жолы» тұрғын үй кешені мен «Отырар» шағынауданында салынып жатқан үйлердің құрылысын көріп, мердігерлер мен жауапты басшыларға тапсырмалар берді.
– Мердігерлер халық пен мемлекет алдында міндеттеме алған соң өз жұмыстарын жауапкершілікпен атқарулары керек. Жауапты басқармалар мен мекеме басшылары да әр нысанның сапалы салынуын бақылауда ұстасын. Бүгін айтылған кемшіліктер дереу ретке келтіріліп, жұмыс жандансын, – деген Дархан Сатыбалды бірқатар сын-ескертпе айтты. Үйлердің сыртқы бейнесін біркелкі ету, қасбеттеріне мән беруді тапсырды.
«Жібек жолы» тұрғын үй кешенінде жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Мұндағы 20 үйдің құрылысына 6 мердігер тартылған. Құрылыстың жалпы алаңы 20 мың шаршы метрден асады. 1728 пәтердің 1374-і, яғни, 17 үй биыл тапсырылады деп жоспарланған.
«Отырар» шағынауданындағы 5 қабатты үйлердің құрылымы да тұрақты қадағалауда. Мұндағы 20 үйді 7 компания салып жатыр. Облыс орталығы жаңа 800 пәтермен толығады.
Айта кетейік, биыл облыс көлемінде жалпы 114 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Оның ішінде, 41 үй, 2820 пәтердің құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен жүргізіліп жатыр. Ал 73 үй, 3611 пәтер жеке инвесторлар есебінен үйлестірілуде. Облыс бойынша 2023 жылы көпқабатты 87 үй пайдалануға қабылданды. Оның ішінде, мемлекеттік бюджет есебінен 57 үй, 3051 пәтер болса, ал жеке салушылар есебінен 30 үй, 300 пәтер тапсырылған. Жалпы 900 мың мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріліп, 3 мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болды. Сонымен қатар 55 тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен.
Облыс көлемінде биыл жалпы 2469 пәтер салу жоспарланған. Атап айтқанда, Қазығұрт және Созақ аудандарында 36 пәтерлі, Мақтаарал ауданында 56 пәтерлі, Бәйдібеке 21 пәтерлі, Жетісай және Сарыағаш аудандарында 90 пәтерлі, Келесте 106 пәтерлі, Ордабасы және Шардара аудандарында 120 пәтерлі, Отырар ауданында 50 пәтерлі, Сауранда 64 пәтерлі, Төлеби ауданында 118 пәтерлі, Түлкібаста 68 пәтерлі, Сайрам ауданы, Арыс және Кентау қалаларында 60 пәтерлі тұрғын үйлер бой көтеруде. Сонымен қатар облыс орталығында 1 314 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.
2024 жылдың соңына дейін 221 үйдің құрылысы аяқталып, 2469 пәтер кезекте тұрған азаматтарға пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Аталған тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуы облыстық құрылыс басқармасының мамандарының да тұрақты бақылауына алынған.
Айтпақшы, қыркүйектің 24-інде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте өңірде құрылысы жүретін нысандардың сәулеттік жобалары талқыланды. Мәжілісті Түркістан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлыжан Букебаев жүргізіп, жобаларды таныстырды. Сонымен бірге Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков облыс орталығында жүзеге асатын бастамалар туралы баяндады. Өңір басшысы мемлекеттен жерді алып, игермей отырған инвесторлар мен кәсіпкерлермен тиісті жұмыс жүргізуді тапсырды.
– Жоспарға енгізіліп, жер берілген соң оны игеру керек. Жылдап созып жүруге болмайды. Өңірдегі жобалар уақтылы жүзеге асырылсын. Қадағалаңыздар. Түркістанда салынатын туристік нысандар келушілерге ыңғайлы әрі сапалы болуы тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте «Жібек жолы» туристік орнын салу, Түркістанның Қызылорда облысынан кіреберіс жағын дамыту, тұрғын үйлер салу, облыс орталығының Бас жоспарын жетілдіру, Сарыағаштағы шекара маңын дамыту, Сауранның туристік әлеуетін көтеретін жоба және өзге де сәулеттік үлгілер талқыланды. Жауаптыларға тиісті тапсырмалар берілді.
Сәулет демекші, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласына рухани және тарихи орталық ретіндегі ерекше мәртебе мәселесін көтеріп, тиісті тапсырма берген болатын. Осыған байланысты жаңа заң жобасы әзірленді. Түнеугүні ҚР Парламенті Мәжілісінде «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасы таныстырылды. Аталған заң жобасын депутаттарға Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков таныстырып, халық қалаулыларының сұрақтарына жауап берді.
Аталған маңызды мәжіліске Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бастаған жұмысшы топ өкілдері қатысты. Осы Заң жобасы Түркістан қаласының дамуына оң серпін береді деп күтіліп отыр.
Заң жобасы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 27 қыркүйектегі Түркістан облысына сапарында берген тапсырмасына және 2023 жылғы 10 сәуірдегі қарарына сәйкес әзірленген. Оны әзірлеуге Түркістан қаласының Түркі мемлекеттері ұйымы мен түркі әлемінің рухани астанасы ретінде танылуы да негіз болды. Сонымен бірге қаланың тарихи келбетін және оның аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау қажеттілігі, Түркістан қаласының халық санының тез өсуі де негіз болған. Соңғы 6 жылда халық саны 60 мыңға өсіп, қазір 233 мыңнан асты.
Заң жобасын әзірлеу барысында Англия, Италия, Өзбекстан, Әзірбайжан және тағы басқа мемлекеттердің тарихи ескерткіштерін сақтап қалу бойынша тәжірибелері зерттелген. Министрліктің өкілдері Заң жобасы бойынша Түркістан қаласына іссапарға шығып, халықпен кездескен, онда Заң жобасының ережелері, нормалары талқыланды.
Заң жобасы 4 тараудан және 15 баптан тұрады. Мақсаттары мен міндеттері – Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде Түркістан қаласының қалыптасуы, дамуы және жұмыс істеуі үшін құқықтық шарттар құру, сондай-ақ жалпы мемлекеттік маңыздылығын тану; қаланың тарихи-мәдени маңызы бар, соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бүкіләлемдік мұра объектісінің қорғау аумағында орналасқан ескерткіштер мен объектілерді басқару мен сақтаудың оңтайлы жүйесін құру. Тарихи-мәдени мұраны сақтау, қорғау және рухани объектілердің киелілігін сақтау – Заң жобасының негізгі қағидаттары.
Осы бастама арқылы Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын құру, ұлттық қолөнер саласындағы шеберлерге қолдау көрсету, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу, құрылыстың бөгде элементтеріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау көзделген. Атап айтқанда, кесененің қорғау аймағының шекарасына іргелес жатқан жүз метрлік қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын, сондай-ақ ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін объектілер салуға жол берілмейді.
Заң жобасы аясында Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына қосымша 34 құзыретті беру көзделген. Осылайша, қала мәслихатына 7 құзырет берілмек. Олар:
— қала құрылысы регламентін мен қаланың дизайн кодын;
— Сәулет келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидаларын, тарихи, ландшафттық-табиғи, функционалдық, жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, қаланың сәулет келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау тәртібін айқындайды;
Ұлттық қолөнер саласындағы шеберлер шығындарының белгілі бір бөлігін бюджеттен өтеу қағидаларын (өтемақы мөлшері 10%-дан 25%-ға дейін) қарастырады. Бейнебақылау мониторингін жүргізу қағидаларын; Көпшілікті тамақтандыру, сауда және қызмет көрсету стационарлық емес объектілерін, жазғы алаңдарды орнату қағидаларын айқындайды. Түркістан қаласының аумағында нышанды (қаланың эмблемасы мен таңбасы) пайдалану тәртібін бекітеді.
Қала әкімдігіне 27 құзырет беріледі, олар негізгі 3 бағытқа бөлінген. Бірінші бағыт қаланың мәдени игілігі мен рухани дамуын сақтау мәселелерін реттеуге, сондай-ақ тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге бағдарланған. Осы міндеттерді іске асыру үшін Түркістан қаласының әкімдігіне құзыреттер беріледі. Мәселен, қала әкімдігі маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің пайдаланылуына және оларды күтіп-ұстау тәртібіне мемлекеттік бақылауды жүргізеді. Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің пайдаланылуын және оларды күтіп-ұстау тәртібін; жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың және археологиялық жұмыстардың жүргізілуін бақылауды қамтиды. Жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің ғылыми реставрация жұмыстары бойынша ғылыми-жобалау құжаттамасын келісу және тағы басқа мәселелерді реттейді.
Екінші бағыт кесене айналасындағы құрылыс стандарттарын және қала аумағында бірыңғай құрылыс стилін қолдануға бағдарланған. Қала әкімдігі қаланың дизайн кодын және қала құрылысы регламентін әзірлейді. Қаланың дизайн коды әзірленіп, сәулетіндегі бірізділік сақталады.
Үшінші бағыт туристік қызметке жәрдемдесу мәселелерін реттеуге және оны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға, туристік орындардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін көлік және инженерлік инфрақұрылымды бейімдеуге бағдарланған. Кәсіпкерлік субъектілерінің туристік қызмет объектілерін салу және реконструкциялау, сондай-ақ жол бойындағы сервис бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу қаралады. Туристік қызмет субъектілеріне әдістемелік және консультативтік көмек көрсету, туризм инфрақұрылымын дамыту шаралары қабылданады.
Сонымен қатар Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе Заң жобасын әзірледі. Заң жобасымен Жер кодексіне, «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы», «ҚР туристік қызмет туралы» ҚР заңдарына өзгертулер мен толықтырулар енгізу көзделген.
Айта өтейік, Түркістан қаласының жер көлемі – 22,4 мың гектар. 2024 жылдың 1 тамыздағы жағдай бойынша халық саны — 233 533 адам. Оның экономикалық белсендісі — 87873 адам.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Түркістан өңірінің аудан, қалаларын дамыту жұмыстары жүруде. Оның ішінде Түркістан қаласына ерекше көңіл аударылған. Жұмыстар нәтижесінде көрсеткіштер жақсаруда. Өнеркәсіп өнім көлемі — 19 902,5 миллион теңге, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 11 845,6 миллион теңге немесе 107,8%-ды құрады. Ауыл шаруашылығының өнім көлемі — 3466,3 миллион теңге немесе НКИ 104,0% құрады, жылыжайлар – 1,5 гектар. 2024 жылдың қаңтар-шілде айының қорытындысына сәйкес 22 002 бірлік шағын және орта бизнес тіркелген. Қалаға 163 185,4 миллион теңге (138,3%) инвестиция тартылған. Оның ішінде жеке инвестиция 104 508,9 миллион теңгеге ұлғайған. Құрылыс жұмыстары: 109 858,5 миллион теңгені құрады. Пайдалануға берілгені – 152 257 шаршы метр оның ішінде 82 426 шаршы метрі жеке тұрғын үйлер есебінен салынған
Қалаға келетін туристер саны артып келеді. Туристер мен зиярат етушілер саны 2023 жылы 1 015 211 адам болса, 2024 жылдың 6 айында 752121 адам келген. Шетелден 2022 жылы 7113 адам келсе, 2023 жылы 12 169 адам мейман болған. Ал 2024 жылдың 6 айының өзінде шетелден 13 732 турист келіп отыр.
Түйіндей айтқанда, Түркістанда туризм саласын дамытуда жан-жақты жобалар жүзеге асып, жаңа нысандар мен баспаналар бой көтеруде. Өңірдің сәулетшілері әрбір ғимараттың жобасына ерекше мән береді. Оның сәулеті, идеологиялық мәні талқыланып, құрылыс материалдары да қатаң сараптаудан өтеді. Жаңа жобалардың жүзеге асуы өңір басшысы Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен өткен жиналыста жаңа ғимараттардың жобалары талқыланды. Облыста салынатын және салынып жатқан нысандардың жобасы сараланды. Мамандардың ұсыныстары тыңдалды.
Жиналыста Түркістан қаласының мәдени-рухани және әкімшілік-іскерлік орталықтарының, көлік және инженерлік инфрақұрылымының, тұрғын үйлер аймағының құрылысы қарқынды жүргізілгені айтылды.
Сондай-ақ басқосуда қолөнершілер қалашығының құрылыс барысы баяндалды. Қолөнершілер қалашығының жалпы аумағы шамамен 9 мың шаршы метрді құрайды. Оның аумағында қонақүйлер мен ас үйлер салынады. Бұл жоба өңірге туристерді тарту, кәсіпкерлікті дамыту ғана емес, сондай-ақ мәдениет пен мұраны сақтап қалу мақсатында жүзеге асып келеді.
Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеру үшін бірінші кезекте жұмыспен қамту және баспанамен қамту қажет. Мемлекет басшылығының әрбір қазақстандықты баспанамен қамту туралы бағдарламалары мен жобаларын жүзеге асыруда Түркістан облысының аудандары мен қалаларында, облыс орталығы Түркістан қаласында қыруар жұмыстар атқарылып, құрылыс қарқынды жүргізілуде.
Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Түркістандық кәсіпкерлерді қолдап, қажетті құрылыс материалдары мен есіктерді жергілікті шеберлерден сатып алу өңір дамуына, отандық өнім көлемінің артуына ықпал етеді. Тұтас қалашыққа айналатын 20 көпқабатты тұрғын үйдің жалпы алаңы 145 мың шаршы метрге жуық. Жаңа үйлерден 2 мыңнан астам отбасы баспаналы болады. Түркістан облысында тұрғындарды баспанамен қамту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Соның нәтижесінде таяуда Түркістан қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 88 пәтер кілті табысталды.
Облыс құрылғаннан бері өңірде 176 көпқабатты үй салынып, 40 мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болды. Сонымен қатар 232 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Түркістан қаласында 80 мыңнан астам тұрғынға инфрақұрылым жасақталып, тұрғын үй салынды. Жаңа шағын аудандар пайда болып, талай отбасының баспана мәселесі шешілді.
Биыл бюджет есебінен 41, жеке инвесторлар есебінен 24 көпқабатты үй салу жоспарланған. Жеке қаржы есебінен салынатын жер үйлер жоспары – 781,851 мың шаршы метр. Сонымен қатар 2024 жылы 191 үй салу жоспары бекітілді. 159 тұрғын үйді жыл соңына дейін тапсыру жоспарланған.
Биыл бюджет есебінен 41, жеке инвесторлар есебінен 24 көпқабатты тұрғын үй салу көзделген. Сонымен қатар осы жылы жалпы 191 үй салу жоспары бекітілді. Бүгінде 159 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оларды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Жалпы, Түркістан қаласы халықты баспанамен қамту бағытында елімізде алдыңғы қатарда. Жаңа шағынаудандар пайда болып, тозығы жеткен тұрғын үйлер ретке келтірілді. Сол сияқты облыстың аудандарында да тұрғын үй құрылысының қарқыны жақсы. Тұрғын үйлер бірінші кезекте жеңілдікпен алатындарға, сосын кезекпен алатындарға беріледі. Сол сияқты тұрғын үйді несиемен, сатып алу арқылы да алуға болады
Мәселен, Түлкібас ауданында бірнеше көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Бұл жерде 2 қабатты, 20 пәтерлік 2 тұрғын үйдін құрылыстары ағымдағы жылдың мамыр айында бастау алған. Нысандар осы жылдың қыркүйек айында толық аяқталып, үй кезегінде тұрған азаматтарға берілмек. Сондай-ақ жаңа шағынауданда 56 пәтерлі үш тұрғын үй салынып жатыр. Аталған баспаналарды банк арқылы қолжетімді бағамен ұсыну бағыттары қарастырылуда. Айта кетерлік, бүгінгі таңда Түлкібас ауданында 3100 азамат үй кезегінде тұр.
Түркістан облысында тұрғындарды баспанамен қамту бағытында жұмыстар жалғасып жатыр. Кезекте тұрғандарға 2024 жылы 2469 пәтер сатып алуға 36,5 млрд. теңге бөлінген. Оның ішінде: «Тұрғын үй-моммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында 504 пәтер сатып алуға 6,6 млрд. теңге қаралған. Ал «Самұрық-Қазынаның» кредиттік қаржысы есебінен 1989 пәтер сатып алуға 29,9 млрд. теңге қаралып отыр. Бүгінде аудан, қалаларда аталған үйлерді салатын жер белгіленіп, кейбір аудандарда құрылыс басталып кеткен.
Аудан, қала әкімдіктеріне, құрылыс жүргізуге 1, 2 және 3 қабатты тұрғын үйлердің типтік жобалары ұсынылған. Аталған қаржы аясында облыс бойынша жалпы 113 000 шаршы метр құрайтын 114 үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Бұл үйлердің басым бөлігі сатып алу құқығымен жалға немесе ипотекаға беріледі деп жоспарланып отыр.
Түркістан облысында тұрғын үй құрылысы жалғасып жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласындағы үйлердің құрылыс алаңын аралап көрді.
Алдымен әкім әкімшілік-іскерлік орталықта салынып жатқан 9 қабатты 7 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты. Үйдің санынан сапасы маңызды деген өңір басшысы мердігерге өз жұмысына мұқият болуды тапсырды. Қазіргі таңда тұрғын үйлердің монолит бетон құю, қабырғаларын қалау, терезе орнату, электр, су, кәріз жүйелерін орнату жұмыстары жүргізілуде.
Нысан басында 360 жұмысшы, 16 техника жұмыс атқаруда. Тұрғын үйлердің инфрақұрылымының жобасы әзірленіп, сараптасы алынған. Қаржыландыруға республикалық бюджетті нақтылауға 700 млн теңге ұсынылды. Жалпы жобалар құны 4,4 млрд теңге.
Тұрғын үй құрылысы биыл желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланған. Пәтерлердің жалпы ауданы 70 мың шаршы метрге жуық. Пәтер саны — 1062, оның ішінде 2 бөлмелі 536 пәтер және 3 бөлмелі 472 пәтер бар. Облыс басшысы сондай-ақ 5 қабатты 20 тұрғын үй кешеніне барып, құрылысты аралап көрді. Мердігерлермен жүздесіп, жеке-жеке тапсырма берді. «Отырар» шағынауданында көппәтерлі кешенде бірнеше мердігер мекеме бар.
Ауқымды жобаның жалпы құны – 16,14 миллиард теңге. 11,4 гектар жер көлемі бар кешендегі жалпы пәтер саны – 800. Қазіргі таңда құрылыстың 35 %-ы аяқталған. Биыл облыс көлемінде жалпы 114 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Оның ішінде, 41 үй, 2820 пәтердің құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілуде. Ал 73 үй, 3611 пәтер жеке инвесторлар есебінен үйлестірілуде.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиевтің айтуынша, өткен жылы, өңір бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен 866,4 мың шаршы метр тұрғын үйлерді пайдалану жоспарланып, жыл қорытындысымен жоспар 104,1% өсіммен орындалды. Бүгінде 898,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс бойынша 2023 жылы көпқабатты 87 үй пайдалануға қабылданды. Оның ішінде, мемлекеттік бюджет есебінен 57 үй, 3051 пәтер болса, ал жеке салушылар есебінен 30 үй, 300 пәтер тапсырылған.
Бүгінгі таңда, 1890 пәтер «Отбасы банк» арқылы тұрғын үй кезегіндегі тұрған азаматтарға кредиттік жүйемен табысталды. Жетісай қаласында 60 пәтер кезектегі осал топтағы азаматтарға берілді. 2023 жылы басқарма тарапынан жалпы көпқабатты 50 үй тапсырылды. Аудан, қала әкімдіктері тарапынан жалпы ауданы 18,7 мың шаршы метрді құрайтын 7 көпқабатты тұрғын үй (297 пәтер) пайдалануға берілді.
Түркістан қаласында өткен жылы 4 тұрғын үй пайдалануға берілді. Атап айтсақ, 12 қабатты 2 үй, 7 қабатты 2 үй. Аталған 4 тұрғын үйде барлығы 237 пәтер бар. Оның ішінде ипотекамен берілетін 201 пәтер «Отбасы банк» АҚ арқылы конкурс өткізіліп нәтижесінде, 76 пәтердің иелері анықталған. Ал қалған 125 пәтер сатылымға шығарылды. 36 пәтер кезекте тұрған отбасыларға берілетін болады. Биыл құрылыс бөлімі тарапынан 2023 жылға жаңадан тұрғын үйлер құрылысы бойынша жоба әзірленіп, Әкімшілік-іскерлік орталықта 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталады деп күтілуде. Нәтижесінде 800 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі.
Тұрғын үйлерде анықталған кемшіліктер бойынша арнайы мониторинг тобы құрылып, ақаулық актісі түзілген. Қазіргі таңда көрсетілген кемшіліктердің біршама жұмыстары орындалып, мерзімінде қалпына келтірілмегендерін бақылау жөніндегі басқармаға шара көруге және Түркістан облысы экономикалық сотына талап-арыз жолданған.
2023 жылы Түркістан қаласы әкімдігінің «Құрылыс бөлімі» ММ-нің тұрғын үй құрылысы нысандарының кемшіліктері негізінде 14 мердігерге шара көру бойынша Түркістан облысының Бақылау жөніндегі басқармасына хат жолданған. Нәтижесінде, басқарма тарапынан мердігерлерге 11 716 000 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 2 есеге көбейіп, 864 мың шаршы метрге жетті. 6 жылда Түркістан облысында 4500-ге жуық отбасы коммуналдық баспанамен қамтылды. «7-20-25» бағдарламасы және «Отбасы банк» арқылы 5000-нан астам отбасы әлеуметтік кредиттік үй сатып алды. Жалға алған баспана ақысын субсидиялау бағдарламасымен (50%) 2000-нан астам отбасы қамтылды. 221 көппәтерлі үйге күрделі жөндеу жүргізілді.
Облыс орталығына айналған Түркістанда 6 жыл ішінде заманауи нысандар бой көтеріп, халық игілігіне берілді. Облыс орталығында ғана емес, аудан-қалаларда да осы бағытта жұмыстар қолға алынып, Түркістанмен бірге дамыту көзделген. Түркістан облысында 6 жылда тұрғын үй саласы бойынша құрылыс қарқыны артқаны белгілі. Алайда өзекті мәселелер де аз емес. Үйлерді уақтылы тапсырмау, абаттандыру жұмыстарын талапқа сай жүргізбеу және өзге де түйткілдері бар.
Түркістанда тұрғын үй саласына инвестиция көзі күшейді. Себебі өңірде тұрғын үй саласына инвестиция салуға қызығушылық білдіргендер саны артып отыр. Жақын уақытта заманауи кешендер көбеймек. Түркістанның тұрғын үй нарығына кіруді жоспарлаған «BI Group» холдингі облыс орталығында заманауи тұрғын үй кешендерін салуды көздеп отыр. Сонымен қатар, дайын баспаналардың несиелік және мемлекеттік бағдарламалармен берілуі қарастылады. Инвестиция аясында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «BI Group» холдингінің өкілдерімен кездесіп, бірқатар жобалармен танысты. Қажетті өзгертулер енгізіп, салынған үйлердің сапасына мән беруді басты назарда ұстауды міндеттеді.
Еуропалық брендтермен тығыз жұмыс істейтінін айтқан компания өкілдері инфрақұрылымға басты аса мән беріп, құрылыста ең сапалы құрылыс материалдары пайдаланатынын айта кетті. Сондай-ақ, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының қолдауымен бірлесіп жобаны іске асыру мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар жаңа баспаналар қаладағы әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтеретін болады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды инфрақұрылымға баса мән беру керек екендігін айтып, басты талап сапаға мән беру маңыздылығын алға тартты.
— Абаттандыру да назардан тыс қалмайды. Балаларға арналған алаңшалардың қауіпсіздігіне үлкен көңіл бөлу керек. Сапалы, қолжетімді, халыққа жайлы баспана салу бағытында Түркістанда түрлі жоба-жоспарлар жүзеге асады. Оның барысы қатаң бақылауда болады, – дейді облыс әкімі. Инфрақұрылымды дамыту бағытында облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өңірде жүзеге асатын жаңа жобалармен танысу бойынша апта сайын басқосулар өтіп жатыр. Сондай-ақ, Түркістанның кешенді дамуына бағытталған жаңа жобалар талқылануда.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйене отырып, 2024 жылғы қыркүйектегі тұрғын үй нарығындағы баға мен алып-сату саны туралы мәліметтерді де назарларыңызға ұсынсақ.
Бір жылда (2024 жылғы қыркүйек 2023 жылғы қыркүйекке) пәтерлерді қайта сату бағалары 5%, жаңа тұрғын үйлерді сату 2% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2024 жылғы қыркүйекте 8,4% жоғарылады.
Өңірлер бөлінісінде жаңа пәтер нарығында жылдық мәнде баға Ақтөбе – 7,9%, Талдықорған 7,2%, Қызылорда – 7,1% қалаларында едәуір қымбаттады. Қолданыстағы пәтер нарығында баға өсімінің лидері – Атырау қаласы (23,3%), Астана қаласы (13,9%), тұрғын үйді жалға алу нарығында – Талдықорған қаласы (24,2%), Петропавл қаласы (23,9%), Өскемен қаласы (22,1%), Шымкент қаласы (22%), Орал қаласы (20,6%).
Бір айдың ішінде (2024 жылғы қыркүйек 2024 жылғы тамызға) жаңа тұрғын үйді сату – 0,8%, пәтерлерді қайта сату 0,2% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі қыркүйекте өткен аймен салыстырғанда 1,5% жоғарылады.
2024 жылғы қыркүйек айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 39 543 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 9 036 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 30 507 мәміле жасалды. 2024 жылдың тамызымен салыстырғанда (40 832) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 3,2%-ға азайды. Мәмілелер саны бойынша Алматы (8 163 – 20,6%) және Астана (6 646 – 16,8%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 989 – 7,6%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 396 мәміле (1%).
2024 жылдың тамызымен салыстырғанда қыркүйекте ең көп өсім Алматы қаласында (+12,7%) және Батыс Қазақстан (+6,8%), Шығыс Қазақстан (+6,6%) облыстарында тіркелді. Ал бір айдағы ең үлкен төмендеу Астана қаласында (-19%), Қостанай (-11,3%) және Ақтөбе (-10,4%) облыстарында орын алды.
2024 жылдың тамызымен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 4,2%-ға (1 344 мәмілеге) кеміді. 2024 жылдың қыркүйек айында пәтерлер бойынша барлығы 30 507 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 77,1%-ы. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Алматы (24,7%), Астана (21,4%) қалаларына және Қарағанды облысына (8,2%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 1 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, 2024 жылдың қыркүйек айында олар бойынша 11 506 мәміле ресімделген.
2024 жылдың тамыз айымен салыстырғанда, 2024 жылдың қыркүйегінде жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны бойынша жағдай тұрақты, 0,6%-ға (55 мәмілеге) ғана көбейген. Қыркүйекте барлығы 9 036 мәміле тіркелген. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының ең көп өсімі Ұлытау (+25,4%), Батыс Қазақстан (+23,4%) облыстарында және Алматы (+17%) қаласында байқалды. Ал бір айдағы ең үлкен төмендеу Қызылорда (-12,2%), Қостанай (-9,9%) және Шымкент қаласында (-6,8%) орын алды.
2024 жылғы қыркүйекте тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері былтырғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 11,7%-ға көбейген, ол кезде 35 398 мәміле ресімделген болатын. Мәмілелер санының ең жоғарғы өсімі Батыс Қазақстан облысында (72.2%-ға) байқалды, ең үлкен төмендеу – Түркістан облысында (14,4%-ға). 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы мәмілелер санын 2023 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда 13,6%-ға өсім байқалды.
ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросы тұрғын үй бағасы бойынша ай сайын мониторинг жүргізеді. Баға индекстері облыс орталықтары мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары бойынша іріктелген байқау деректері негізінде қалыптастырылады. Жаңа тұрғын үйлер бойынша ақпарат сату бойынша операциялар жүргізетін құрылыс компанияларынан жиналады, бұл ретте пәтердің бастапқы және таза әрленгендегі бағасы ескеріледі. Пәтерлерді қайта сату және жалға алу бойынша деректер интернетте, бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылатын хабарландырулар негізінде жиналады. Бағаларды есептеу кезінде бір, екі, үш бөлмелі пәтерлер бойынша ұсыныстар есепке алынады.
Сонымен, 2024 жылға пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің жалпы алаңы 394,5 мың шаршы метр (3967 пәтер) болып жоспарланса (көп қабатты тұрғын үй — 303,7 мың шаршы метр, жеке тұрғын үй — 90,8 мың шаршы метр), 4 айда нақты 60,6 мың шаршы метр пайдалануға берілді (көпқабатты тұрғын үйлер – 24,0 мың шаршы метр, жеке тұрғын үйлер – 36,6 мың шаршы метр).
Тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестиция көлемі 14,5 миллиард теңгені құрап отыр. Қазіргі таңда Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 16 645 азамат тіркеліп тұр.
Сонымен қатар, 2024 жылы кезектегі азаматтарға тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 1314 пәтерді сатып алуға қаржы қарастырылып, сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
«Отбасы банк» арқылы 66 тұрғын үйдің 3317 пәтерін сату жоспарланып, бүгінгі таңға 2351 пәтері сатылды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.