Түркістан қаласында 9 мамыр — Жеңіс күніне арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды

Түркістан қаласындағы «Жеңіс» саябағында Жеңістің 79 жылдығына арналған мерекелік іс-шара өтті. Оған облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков, соғыс және тыл ардагерлері, әскерилер, жастар және қала тұрғындары қатысты. Саябақтағы мемориалдық кешен тақырыпқа сай безендіріліп, келушілерге Отан қорғаушылар мен Жеңіс күніне арналған көрме ұсынылды.

Арнайы әскери оркестр сүймелдеуінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалған соң жиынға қатысушылар Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ерлерді, ел басына күн туған кезде өмірін құрбан еткен жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Ел азаматтары ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Түркістан облысының әкімі көпшілікті Жеңіс күнімен құттықтап, бұл мерекенің маңызына тоқталды.

– Баршаңызды Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы «Ерлік – тайсалмас табандылық пен қайыспас қайсарлықтан шығады» дей келе, азаматтарды ерлік жасауға шақырған. Бұл ретте Қазақстанымыз ержүрек батырларымен мақтанады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жеңіс күнімен құттықтауында «Қазақстан адамзаттың ортақ жеңісіне, жер бетінде әділдік пен бостандықтың салтанат құруына өлшеусіз үлес қосты. Аға буынның екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ерлігі мен еңбегі өскелең ұрпақ үшін қайсарлықтың, жанқиярлықтың және отаншылдықтың озық үлгісі болып қалатыны сөзсіз», — деді. Биыл Ұлы Жеңіске 79 жыл толып отыр. Адамзат тарихындағы ең алапат сол майданда қазақ халқы шешуші рөл атқарғаны белгілі. Еліміздің ержүрек жігіттері мен қайсар қыздары әлемде бейбітшілік туын желбірету үшін қан төкті. Ерлік көрсетіп, Ұлы Жеңіске үлес қосты. Тылда еңкейген қария мен балалардың өзі күндіз-түні еңбек етіп, жеңісті жақындатты. Сондықтан Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсету, олардың ерліктерін ұрпаққа дәріптеу – ортақ міндет. Өйткені, біз – жеңімпаз буынның ұрпағымыз! Ардагерлерімізге, олардың ұрпақтарына амандық, шаттық тілеймін! Биыл Кеңес одағының батыры, алғашқы Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов пен Халық Қаһарманы, Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Қос қаһарманның ерлікке толы өмірі – ұрпақ үшін өнеге! Біз ардагерлеріміздің ерлігін ұмытпаймыз және мәңгі есте сақтаймыз! Елімізде әрқашан бейбітшілік заман, ұрпағымыз аман болсын! Тәуелсіз еліміздің мәртебесі биіктей берсін! – деді Дархан Сатыбалды.

«Жеңіс» саябағындағы мазмұнды жиында түркістандық «Жаңа леп» ұжымы «Ер есімі – ел есінде» театрландырылған музыкалық қойылымын ұсынды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов пен Түркістан облысының Қорғаныс істері бойынша департаментінің бастығы Нұрмаханбет Дүйсебаев жастарды отаншылдыққа бастайтын келелі ойлар айтты. Іс-шара «Семсер» тобының орындауындағы Бағдат Алтаевтың «Жеңіс күні» әнімен түйінделді.

Жеңіс күніне орай облыс әкімі Дархан Сатыбалды 102 жастағы түркістандық ардагер Немет Әбдірасиловтың үйіне арнайы барып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді. Екінші дүниежүзілік соғысының ардагеріне сый-құрмет көрсетті.

Немет Әбдірасилов 1922 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. І дәрежелі Отан соғысы, ІІ және ІІІ дәрежелі Даңқ ордендерімен, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін» және басқа да 24 медальмен наградталған. Соғыс аяқталған соң Түркістан қалалық милицияда және Түркістан қаласының автобазасында жүргізуші болып жұмыс істеген.

Айта кетейік, Оңтүстік өңірінен Екінші дүниежүзілік соғысқа 140 мыңнан астам азамат аттанып, тең жартысы шейіт болды. Оның ішінде 51 жауынгер «Кеңес одағының батыры» атанса, 8 майдангер III дәрежелі «Даңқ» орденінің кавалері атағын алған.

Бүгінде өңірде Ұлы Отан соғысының 11 ардагері бар. Оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Жеңіс мерекесінің құрметіне бір реттік материалдық көмек төлеу үшін аудандық, қалалық бюджет есебінен 176,5 миллион теңге қаржы бөлінді. ҰОС ардагерлеріне 1,5 миллион теңгеден үлестірілсе, 3600-ден астам тыл еңбеккері мен қаза болған жауынгердің жесірлеріне және басқа да санаттардағы ардагерлерге қаржылай көмек қарастырылды.

Облыстың барлық аудан, қалаларында Жеңіс күнінде отаншылдықты дәріптейтін іс-шаралар ұйымдастырылып, жауынгерлерге, қазіргі ардагерлерге құрмет көрсетілді. Отансүйгіштікті дәріптеу мақсатында алдағы уақытта жастардың қатысуымен іс-шаралар өткізу жоспарлануда.

Иә, Берлиннің түбінде фашистердің қарсылықсыз тізе бүккені туралы Актіге 1945 жылдың 8 мамырында түнгі сағат 22:43-те қол қойылды. Мәскеу уақыты бойынша бұл сәт – 9 мамыр 00:43 еді. Уақыт айырмашылығына байланысты сол күннен бастап Жеңіс мерекесін – Еуропа 8 мамыр, Кеңес Одағы – 9 мамыр күні атап өтетін болған.

Тарих пен уақыт безбеніне салынған бұл соғыс бүгінге дейін Ұлы Отан соғысы деген атауға ие. Соғыс 1941 жылдың 22 маусымында басталып, 1945 жылдың 9 мамырында аяқталды. Қазақстаннан 1,5 миллионға жуық азамат майданға аттанды. Оның тең жарымы Отанына оралмады. Елдің 500-ден астам азаматы Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Жаһандық қантөгісте қазақтың үлесі қандай деген сауалдың жауабы да дайын! Соғыс басталған сәтте қойша қырылды.

Кеңес әскер басыларының ақылының жеткені – қазақтарды атқа мінгізіп, ауыр танкіге қарсы шаптырды! Баудай түсті, қырылып қалды. Машукова, Ржев, Смолен секілді шайқастарда, қаншама боздақ сұраусыз кетті, құрбан болды. Бірақ, қазақ соған қарамастан, жанын аямай, Отаны үшін, болашағы үшін шайқасты. Бауыржан, Әлия мен Мәншүк, Талғат, Рахымжан, Қасым. Толып жатқан ұлт мақтаныштарының есімдері Ұлы Отан соғысының тарихында алтын әріптермен жазылды.

Адамзат тарихындағы ең сұрапыл да зұлматты кезеңнің бірі — Екінші дүниежүзілік соғыс. КСРО-да 1941 жылдың маусымында басталып, үздіксіз 5 жылға созылған соғысқа әлемнің көптеген елдері араласып, 35 миллион адам ұрысқа тікелей қатысты. 1 418 күнге жалғасқан соғыстың ақырғы нүктесі 1945 жылдың 9 мамырында қойылды.

Дүние елдерін шарпыған соғыстан сол тұстағы Кеңестер Одағының құрамындағы Қазақстан да тыс қалған жоқ. Мәліметтерге сүйенсек, сұрапыл соғысқа Қазақстаннан 1 миллион 200 мың жауынгер майданға аттанған екен. Бұл республика халқының 18-50 жас аралығындағы ересектердің жетпіс пайызын құрады. Қазақстан азаматтары сұрапыл соғысқа қатысып қана қойған жоқ, ұрыстардың алғы шебінде ерен ерліктер көрсетті. Аттанғандардың 600 мыңы немесе тең жартысы соғыстан қайтып оралмады. Қазақстандық 500-ге жуық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды. Соғыс аяқталғаннан кейінгі жылдары нақты айтқанда, 1946 жылы Құдайберген Сұрағанов, 1965 жылы генерал Сабыр Рахымов, ал 1990 жылы Бауыржан Момышұлы Батыр атағын алды. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский, ал Шымкентте орналасқан Чугуев әскери авиация училищесі түлегі И.Н.Кожедуб үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Шығыстан шыққан қос жұлдыз пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұловалар да осы жоғары атаққа лайықты деп танылды. Сонымен қатар 142 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанса, Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар саны 100 мыңға жуықтайды.

Мәліметтерге сүйенсек, майдан даласында Қазақстаннан жіберілген 23 бірлестік, елуге тақау полк пен батальондар шайқасты. Қазақстандықтар Мәскеу мен Ленинградты жанқиярлықпен қорғап, Украинаны, Беларусьты, Балтық жағалауын, Молдованы азат етуге қатысты, тұтастай алғанда қазақстандықтар кеңес-неміс майданының шешуші шайқастарының басым бөлігіне дерлік атсалысты.

Соғыстың алғашқы сәтінде шекара шебіндегі Брест қорғанысын қорғаушылар қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды. 1941 жылғы қыркүйектің аяғында басталған Мәскеу түбіндегі шайқаста генерал И.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы ерекше көзге түсті. Мұнда Бауыржан Момышұлы басқарған 1073-гвардияшыл атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. Мәскеуді қорғауда панфиловшылар дивизиясы бөлімдерінің саяси жетекшілері П.Вихров, М.Ғабдуллин, автоматшылар Т.Тоқтаров, Р.Амангелдиев ерлік көрсетті. Қазақстандық әскери құрамалардың үштен бірі 1941 жылғы 9 қыркүйектен бастап Ленинградты қорғауға қатысты.

Қазақстан 1942 жылдың жазында Сталинград шайқасының ең жақын тылына айналып, соғыс қимылдарына Батыс Қазақстандағы темір жол стансалары мен елді мекендер кеңінен тартылды. Курск шайқасында және басқа да майдандарда қазақстандық құрамалар мен бөлімдер болды. Балтық бойы республикаларын, Украина мен Белоруссияны, Шығыс Еуропаны азат етуге және Берлин операциясын жүзеге асыруға қазақстандық жауынгерлер де қатысты.

Қазақ жауынгерлері партизан соғысына да белсене қатысты. Ленинград облысындағы шайқастарда — 220, Смоленск жерінде — 270-тен астам, Украина мен Белоруссияда — 3000-дай қазақстандық ерлік көрсетті. Бұлардың ішінде Қ.Қайсенов, Ғ.Ахмедияров, Б.Жангелдин, Ә.Шәріпов, Н.Байсейітова мен Т.Жұмабаева, Ж.Саин, Ғ.Омаров сияқты қазақтың ұл-қыздары болды. Партизандар командирлері А.Егоровқа, Н.Зебницкийге және Ф.Озмительге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 300-дей қазақстандық Еуропадағы қарсыласу қозғалысына қатысты. Фашизмге қарсы соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін қазақстандық жауынгерлер Квантунь армиясына қарсы шайқасты.

Қазақстанның табиғи байлығы Қызыл Армияны әскери техникамен жарақтандыруда маңызды рөл атқарды. КСРО ХКК мен БК(б)П ОК-нің 1941 жылғы 16 тамыздағы қаулысы Қазақстанның 1941 жылдың 4 тоқсаны мен 1942 жылға арналған әскери-шаруашылық жоспарын белгіледі. Осы қаулыға сәйкес республика экономикасы соғыс мүддесіне бағытталды. Республика әскери өндіріс үшін қажет мыс, қорғасын, металл, висмут, молибден, полиметалл кендерін өндіруде жетекші орында болды. Марганец, вольфрам, никель, т.б. өндіру жолға қойылды. Қазақстанның қорғаныс зауыттары қару-жарақ пен оқ-дәрі жасаудың жаңа үлгілерін игерді. Қарағанды кеншілері өнеркәсіп пен көлікті көмірмен қамтамасыз етті. Орал — Ембі мұнайлы аудандарының кәсіпорындары сұйық отын шығаруды 39 пайызға арттырды. Электр қуатын өндіру 2 есе дерлік өсті. 1941-1945 жылдары барлығы 460 жаңа өндіріс орны салынды. Бұлардың қатарында соғыс жүріп жатқан аудандарда Қазақстанға көшірілген 142 кәсіпорын қысқа мерзім ішінде орналастырылып, іске қосылды. Қазақстанның ауыл шаруашылығы майдан мен тылды азық-түлікпен, өнеркәсіпті шикізатпен жабдықтады. 1942 жылы мал басы 2 млн-ға, егіс көлемі 8 миллион гектарға жуық арттырылды. Республика 1941-45 жылдары 5829 мың тонна астық, 734 мың тонна ет және басқа азық-түлік берді. Соғыс жылдары республика еңбекшілері майданға киім-кешек, азық-түлік жіберіп, жеке азаматтардың қаржысына танктер, ұшақтар, сүңгуір қайықтар жасалды. Республика халқының майдан қажетіне ерікті жинаған қаржысы 4700 миллион сом болды.

Осының өзі Қазақстан үшін екінші дүниежүзілік соғыс, соның ішінде Ұлы Жеңіс ұлт тарихының ерекше парақтары екенін көрсетсе керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл күн еліміз үшін ерекше мән берін, оның айрықша күн екенін ұдайы айтып келеді. «Құрметті отандастар! Баршаңызды Жеңіс күнімен құттықтаймын! Біз 9 мамырда бейбіт өмір мен тыныштықты қорғау жолында құрбан болып, майдан даласынан қайтпай қалған батырларымыздың рухына тағзым етеміз. Соғыс және тыл ардагерлеріне шексіз ризашылық білдіріп, айрықша құрмет көрсетеміз.  

Қазақстан адамзаттың ортақ жеңісіне, жер бетінде әділдік пен бостандықтың салтанат құруына өлшеусіз үлес қосты. Аға буынның екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ерлігі мен еңбегі өскелең ұрпақ үшін қайсарлықтың, жанқиярлықтың және отаншылдықтың озық үлгісі болып қалатыны сөзсіз.   

Бүгінде біз ұлтымыздың қаһарман ұл-қыздарының арқасында алаңсыз еңбек етіп, ұрпақ өсіріп, жарқын болашаққа қадам басып келеміз. Сол үшін оларға мәңгі қарыздармыз. Ешкім де ешқашан ұмытылмайды!

Ардагерлерімізге әрдайым бас иеміз!

Бейбітшіліктің қадірін түсініп, оны сақтай білейік!

Баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс тілеймін!

Жеңіс күні құтты болсын!», -дейді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондықтан да, еліміз үшін 9 мамыр мерекесінің орны ерекше. Өйткені, Қазақстан тарихындағы Жеңіс күні — бұл бабаларымыздың ерлігі мен батырлық даңқы айшықталған күн. Сондықтан да, ел басына күн туған сәтте туған жердің намысы үшін майданға аттанып, Отан үшін жанқиярлық ерлік көрсеткен жаужүрек қаһарман бабаларымыздың ерлігін естен шығаруға болмайды. Сол үшін де 9 мамыр күні — қайсарлықтың, қайтпас рух пен жалынды жігердің хас үлгісін көрсеткен барша соғыс және тыл ардагерлерінің алдында тағзым етуге тиіспіз. Осы күні болашақ үшін құрбан болған миллиондаған адамдарды еске алып, мерекені Отанға деген сүйіспеншіліктің нышаны ретінде атап өтуге де тиіспіз.

Биыл Ұлы Жеңіске 79 жыл. 9 мамыр — Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысының тарихына шолу жасайық. 

30-жылдардағы әлемдік дағдарыс көптеген мемлекеттердің экономикалық, әлеуметтік және халықаралық қатынастарын шиеленістірді. Бұл жағдай әлемдік билікке талпынған күштердің пайда болуына жол ашты. Осындай күштердің ішіндегі ең қауіптісі – Германияда орнаған фашистік тәртіп еді. Батыс мемлекеттері тарапынан ұйымдасқан қарсылықтың болмауы фашистік агрессияның күшеюіне жол ашты. 1937 жылы фашистік мемлекеттер – Германия мен Италияның милитаристік Жапониямен әскери-саяси одақ құруы екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына алып келді.

Екінші Дүниежүзілік соғыс 1939 жылы Германияның Польшаны жаулап алуымен басталды.

Англия мен Франция Германияға соғыс жариялағанымен, батыс майданда белсенді іс-қимыл танытпады. Бұл жағдайды Германия өз мүддесіне пайдаланып, 1940 жылы Дания, Норвегия, Нидерланды, Люксенбург мемлекеттерін еш қарсылықсыз жаулап алды. Бельгияны жеңгеннен кейін, негізгі күштер талқандалды. Нәтижесінде Франция Германиямен бейбіт келісімге қол қойса, Англия АҚШ-тан көмек сұрауға мәжбүр болды.

Сонымен Батыс Еуропадағы әскери іс-қимылды аяқтаған фашистік Германия Кеңестер Одағын басып алуға дайындықты бастайды.

КСРО-ға қарсы соғыс жоспары “Барбаросса” деген атпен белгілі. “Барбаросса” жоспары 4 әскери топтың келісілген іс-қимылына негізделді. Финляндия фельдмаршалы Маннергейм мен генерал фон Дитла басқарған Финляндия тобы Мурманск, Беломорск, Ладогоға бағытталды. “Солтүстік” тобына (басқарған генерал фельдмаршал фон Лееб) Ленинградты басып алу жүктелді. Генерал-фельдмаршал фон Бок басқарған ең күшті “Орталық тобы” Москваға бағытталды. Генерал-фельдмаршал фон Рундштенд бастаған “Онтүстік тобы” Украинаны басып алуға тиіс болды. Фашистік Германияның Кеңестер Одағын жаулап алу жоспарында Қазақстанға үлкен мән берілген. Осы мақсатпен Атлантикадан Сібірге дейін біртұтас Герман этнотерриториялық кеңістігін құру көзделді. Бұл территорияны славян халықтарынан тазарту және түрік-моңғол халықтарын жою көзделді. Сонымен қатар фашистік Германияға қызмет ететін Қарағанды, Новосибирск, Кузнецк индустриалды облыстарын құру жоспарланды.

1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германия әскері Кеңес Одағына тұтқиылдан, соғыс жарияламастан басып кірді. Кеңес халқының Ұлы Отан соғысы, яғни Отанын шетел басқыншыларынан азат ету соғысы басталды. Кеңестік әскери күш бейбіт уақыт жоспарына сай орналасқандықтан, соғыс қимылдары басталған территорияға тартылуы барысында, жау соғыстың алғашқы бес айында мемлекеттің 5% халқы тұратын аудандарын жаулап алды.

Осыған қарамастан шекарашылар, олардың қатарында Брест қорғаушылары алғашқы ұрыстың өзінде теңдесі жоқ ерлік көрсетті. Брест шекаралық отряды жауынгерлердің құрамында жаудың алғашқы соққысына А.Мүсірепов, В.Лобанов, К.Абдрахманов, К.Иманқұлов, А.Наганов, Ғ.Жұматов, Ш.Шолтыров, Т.Деревянко, Қ.Батталов және басқа қазақстандық жауынгерлер қарсылық көрсетіп, айрықша ерлікпен көзге түсті. 

Соғыс жылдары Қазақстанда 12 атқыштар және 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге жуық жеке полктер мен батальондар жасақталып, майданға аттандырылды. Қазақстан территориясында жасақталған әскери құрылымдар соғыстың алғашқы күндерінен бастап, жаумен ерлікпен шайқасты. Әсіресе, Москва түбіндегі шайқаста қазақстандықтар үлкен құрметке ие болды. Москва бағытындағы негізгі жолдардың бірі – Волоколамск тас жолын қорғауда Алматыда жабдықталған 316-атқыштар дивизиясы генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен теңдесі жоқ ерлік танытты. Қысқа уақыт ішінде дивизия жауынгерлері жаудың танк, моторлы және екі жаяу әскер дивизияларын талқандады. Москва түбіндегі шайқаста әсіресе саяси жетекші В.Г.Клочков басқарған бөлімше – 28 панфиловшылар жаудың 50 танкісіне тойтарыс беріп, асқан ерлік көрсетті. 1941 ж. 17 қарашада дивизияға 8-ші гвардиялық деген атақ беріліп, кейінірек Қызыл Ту, Ленин ордендерімен, ал Риганы жаудан азат еткені үшін екінші дәрежелі Суворов орденімен марапатталды. Бұл шайқаста ерлік танытқан 28 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Сонымен бірге Волоколамск түбінде үлкен ерлік көрсетіп қаза тапқан талантты қолбасшы, қаһарман командир И.В.Панфиловке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Панфиловшы аға лейтенант Б.Момышұлы Мәскеу түбіндегі шайқаста өз батальонымен жау қоршауын үш рет бұзып шықты. Соғысты Б.Момышұлы полковник лауазымымен, 9-шы гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі болып жүріп аяқтады. Белгілі орыс жазушысы А.Бектің “Волоколамское шоссе” повесі Б.Момышұлының соғыс жылдарындағы ерлігіне арналды. Сөйтсе де, Б.Момышұлының соғыс жылдарындағы ерлігі өз дәрежесінде мойындалмай, тек 1990 жылы оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

“Барбаросса” жоспары жүзеге аспағаннан кейін, 1942 жылы Германия Кеңестер Одағын басып алу мақсатында жаңа жоспар қабылдады. Бұл жоспар бойынша фашистер негізгі күшін Сталинград пен Кавказды басып алуға бағыттады. Сталинград пен Кавказды басып алу операциясына фашистер құпия дайындалып, оған “Блау” деген ат қойды.

Жау 1942 жылдың шілде айында Сталинград бағытына 42 дивизия, тамызда – 69, ал қыркүйекте – 81 дивизия аттандырды.

1942 жылдың 19 желтоқсанында Боковская-Пономаревка ауданында болған әуе шайқасында қарағандылық ұшқыш Н.Әбдіров өзінің оқ тиіп өртенген ұшағын жау танктері шоғырланған жерге бағыттап, экипажымен бірге ерлікпен қаза тапты. Н.Әбдіров, минометші Қ.Сыпатаев пен Р.Рамазанов Сталинградты қорғаудағы ерліктері үшін Ұлы Отан соғысы батыры атағына ие болды.

1943 жылы фашистер Кеңестер Одағын басып алу мақсатында жаңа операция жоспарлады. Бұл операцияға “Цитадель” деген ат беріп, жан-жақты дайындалды. Осы жылы Германияның әлсірегенін сезген бұрынғы одақтастары бастапқы міндеттерінен бас тартып, дүниежүзілік соғыстан шығу жолдарын іздеу үстінде болды.

1944 жылы Германияның жеңілетіні белгілі болғаннан кейін, ендігі жерде соғыс қимылдарын Кеңес Одағы бақылауға алды. Осы жылы Кеңес үкіметі “Берлин” операциясын бастайды. Бұл операцияның мақсаты – неміс фашистерін Кеңестер Одағы територриясынан қуып, Еуропа мемлекеттерін жаудан азат ету болды.

Ұлы Отан соғысына тартылған қазақстандықтар санына тоқталайық. Соғыстың алдында Қазақстанда 6,2 миллион адам тұрды. Соғыс жылдары қолына қару алып, майданға 1,9 миллион адам аттанды. Сталиндік тәртіп 1916 жылғы патша үкіметінің тәжірибесін пайдаланып, арнайы құрылыс батальондарын да құрды. Бұл батальондар Орта Азия және Қазақстанның жергілікті халқынан және құғын-сүргінге түскен халықтардан жасақталды. Қазақстаннан әскери комиссариат арқылы еңбек армиясына 700 мың адам жіберілді. Олар соғыс шебіне жақын аудандарда оқ астында қорғаныс объектілерінде еңбек етті. Осылайша әрбір төртінші қазақстандық қорғаныс және майдан объктілеріне тартылған.

Ұлы Отан соғысы майдандарында қаза болған қазақстандықтар санына байланысты түрлі пікірлер бар. Кейінгі жылдардағы мәліметтерде соғыстан оралмаған қазақстандықтардың саны 601 000-ға дейін жетіп отыр, оның 350 мыңнан астамы қазақтар. Бұл қолға қару алып, ұрыс даласында қаза тапқардардың саны. Егер осы тұстағы халықтың жалпы саны мен соғыста қаза тапқан өкілдердің санына шағатын болсақ, қазақтардың шығыны көршілес өзбек, татар, азербайжан, грузиндерден анағұрлым жоғары. Бұл пайыздық шығын жағынан қазақ халқы өз жерінде соғыс қимылдары болған орыстармен, украиндермен, белорустермен деңгейлеседі.

Кеңестер Одағының құрамдас бөлігі ретінде жаумен шайқаста қазақстандықтар үлкен ерлік көрсетіп, жеңіс күнін жақындатуға өз үлестерін қосты. Майдандағы ерлігі үшін 520 қазақстандықтың, оның ішінде 100-ден астам қазақтың Кеңес Одағының Батыры атағын алуы – ортақ Отанын қорғауда қазақ ұлтының суырылып алға шыққанын көрсетеді.

I Дүниежүзілік соғыс қалай басталды?

II Дүниежүзілік соғыс 1939 жылы 1 қыркүйекте басталды. Сол күні Германия әскері Польшаға басып кірді. Оған дейін халық арасында үгіт-насихат жүргізілді. Немістің баспасөзі Польшада этникалық немістерді қудалап жатқанын жазды. Сондай-ақ, осы елдің Ұлыбритания мен Франция сияқты одақтастарымен бірге Германияны қоршап, өзара бөліп алуды жоспарлап жүргені туралы жалған ақпарат таратылды. Неміс әскерилері өз еліндегі радиостанцияға өтірік шабуыл да ұйымдастырды. Осы «қылмыс» үшін поляктарды айыптады.

Польшаға бір уақытта 60 дивизия баса көктеп кірді. Неміс әскерінің саны 1,5 миллионнан асты. Олар поляктардың қорғаныс шебін оп-оңай бұзып, бірден Варшаваға бет алды. Польша мобилизация өткізіп үлгермеді. Армиясы да дайын болмады. Қару-жарақ пен әскери құрал-жабдықтар жетіспеді. 300 ұшақ аспанға көтерілуге дайын тұрған. Бірақ люфтваффе басым бөлігін бірден бомбалап тастады. Әлемде Германия әскерінің табысты тактикасы – блицкриг немесе «көзілеспес соғыс» әдісі кеңінен тарап кетті.

27 қыркүйекте Польша немістерге берілді. Содан Ұлыбритания мен Франция Германияға соғыс ашты. Артынан антигитлерлік коалицияға басқа елдер де қосылды. Ал Италия мен Жапония Германия жағында болды.

Жалпы II Дүниежүзілік соғысқа 62 мемлекет (Жер шарының 80 проценті) қатысты. 70 миллионнан астам адам қаза тапты. Олардың басым бөлігі – бейбіт тұрғындар. Бұл соғыста алғаш рет ядролық қару қолданылды.

Немістер КСРО жеріне қалай кірді?

1941 жылдың маусымына қарай II Дүниежүзілік соғыс Кеңес одағының шекарасына жақындап қалды. Батыста немістерді ешкім тоқтата алмады. Германия 12 мемлекетті жаулап алды. Ал 22 маусымда ешбір ескертусіз КСРО жеріне басып кірді. Фашистер «көз ілеспес шабуылмен» соғысты жылдам қысқа дейін аяқтауды жоспарлады. Бірақ қанды қырғын төрт жылға созылды.

Кеңес үкіметі Фин соғысынан кейін ғана әскери күштерді қайта құрып жатқан. Оған қоса, армия қатарында тазарту мен репрессия кең етек алды. Бес маршалдың үшеуі (М.Н.Тухачевский, В.К.Блюхер, А.И.Егоров) атылды. 1937-1938 жылдары 40 мың әскер басшылары тұтқындалды. Сол себепті 1941 жылы соғыс басталғанда әскери және саяси басшылардың басым бөлігі — 70-75 проценті тәжірибесі жоқ жас адамдар болды.

КСРО басшылығы бір күн бұрын шекарадағы неміс әскерінің соғысқа дайындалып жатқанын біліп қойды. Оған дейін тыңшылар ақпарат жіберді. Неміс жақтан қашып келген адам да соғыстың басталатынын растады. Содан арнайы деректива шығарылды. Бірақ оны таратып үлгермеді. Германия әскері таң атпай шекара заставаларын бомбалауға кірісті. Жүздеген ұшақ тұрған жерінде жойылды. Оған қоса, орталықпен дұрыс байланыс болмады. Бас кезінде Мәскеуде отырғандар батыс майданында не болып жатқанын білген де жоқ.

Ресми мәліметке сәйкес, 1941-1945 жылдары сұрапыл соғыста 25-27 миллион адам қаза болды.

Қазақстандықтар барлық майданда шайқасты

Соғыстың алғашқы күндерінен бастап қазақстандықтар барлық майданда жаумен жан аямай шайқасты. Мәселен, ең бірінші шабуылға ұшыраған даңқты Брест қамалын қорғаушылардың қатарында Г. Абдрахманов пен В. Лобанов, атқыштар В. Горянов пен К. Иманқұлов, артиллерияшы Г. Жұматов, минометші В. Фурсов болды. Немістер дәл сол қамалды бірнеше сағаттың ішінде жаулап алуды жоспарлады. Бірақ бір айдан астам уақыт бойы қорғаныс шебін бұза алмады.

Мурманск іргесінде пулеметшілер Қ. Қайдаров, Г. Оқасов және К. Теміржанов дұшпанды ішке жібермей, көз жұмғанша айқасты. Киев бағытында 19-танк дивизиясының полктары жанкешті шайқас жүргізді. Сол үшін олардың командирі К.А. Семеченко қазақстандықтардың ішінде ең бірінші Кеңес Одағының Батыры атағын алды.

Соғыс кезінде Қазақстанда барлығы 12 атқыштар дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 4 атты әскер дивизиясы және қарулы күштер мен әскер түрлерінің әр саладағы жеке полктері мен батальондары жасақталды. Мәселен, полковник А.Н. Замировскийдің ақмолалық 310-атқыштар дивизиясы, А.Ф. Наумовтың ақтөбелік 312-дивизиясы, генерал-майор А.Д. Шеменковтың петропавлдық 314-дивизиясы және генерал-майор И.В. Панфиловтың 316-дивизиясы 1941 жылы тамызда майданға бірінші болып аттанды.

Қазақстандықтардың жауынгерлік даңқы, әсіресе, Мәскеу түбіндегі шайқаста шықты. 316-атқыштар дивизиясына негізгі жолдардың бірі — Волокаламск тас жолын қорғау тапсырылды. Мұнда Бауыржан Момышұлы басқарған 1075 ұлан атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. 28 танк жоюшылар («28 панфиловшы») тобы Дубосеково разъезінде жаудың 18 танкісін жойып жіберді. Ротаның саяси жетекшісі В. Г. Клочков «Ресей кең-байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ, артымызда Москва» ұранын көтерді.

Оның бұл сөзі бүкіл майданға тарады. Кейіннен «28 панфиловшы» ерлігі аңызға айналды. Олар қасық қаны қалғанша шайқасты. Бәрі дерлік қаза тапты, бірақ жауды өткізбеді. Сондай-ақ, Мәскеуді қорғау тарихына панфиловшылар дивизиясы бөлімдерінің саяси жетекшілері П. В. Вихров, М. Ғабдуллин, автоматшылар Т. Тоқтаров, Р. Амангелдиев мәңгі өшпес із қалдырды.

600 мың жауынгер оралмады

1941-1945 жылдары болған сұрапыл соғысқа 35 миллион адам қатысты. Қазақстаннан майданға 1,8 миллион адам аттанды. 600 мыңы отанына оралған жоқ.

Қазақстандықтар Мәскеу мен Ленинградты жанкештілікпен қорғап, Украина мен Беларусь, Балтық маңы мен Молдованы азат етуге атсалысты, Берлин шабуылына қатысты.

Бүкіл соғысты басынан өткерген қазақстандық 12 дивизия құрметті атақ алды. Олардың бесеуі бір, төртеуі екі, екеуі үш орденмен марапатталған. Бес дивизия гвардиялық атақ алды. Олардың қатарында Кеңес Одағының батыры Иван Панфилов атындағы атақты 8-ші гвардиялық дивизия да бар.

Ұлы Отан соғысында 497 қазақстандық Кеңес Одағының батыры атағын алды. Ал 1990 жылы 11 желтоқсанда соңғы Кеңес Одағының батыры атағы қолбасшы Бауыржан Момышұлына берілді. 1941 жылы аға лейтенант Бауыржан Момышұлы басқарған атқыштар батальоны мен Иван Карпов басқарған 1075-ші атқыштар полкі Мәскеу түбінде бір ай бойы үздіксіз ұрыстар жүргізіп, дұшпанға қарсы шабуылға шықты.

Батырлардың қатарында пулеметші Мәншүк Мәметова және снайпер Әлия Молдағұлова да бар. Екеуі де майдан даласында қаза тапты. Кеңес Одағының батыры атағын алғандардың ішінде атқыштар – Баймағамбетов, Лутфуллин, Мин Сен Юр, Тоқтаров, артиллеристер – Муткенов, Новиков, ұшқыштар Әбдіров, құрыш бұзушы Миллер, минометші Сыпатаев, атты жауынгер Қаратаев, саперлер – Қаратаев пен Гончаров, саяси жетекші Ғабдуллин, торпедалық катердің командирі Ущев, атқыштар дивизиясының командирі Сафиуллин және тағы басқа да азаматтар бар. 110 қазақстандық Даңқ орденінің толық кавалері атанды.

Бұдан бөлек, төрт қазақстандық – Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов және Сергей Луганскийекі мәрте Кеңес Одағы батыры атанды. Рейхстагқа шешуші шабуылға шыққан және Жеңіс туын тіккендердің ішінде қазақстандық Қошқарбаев, капитан Чупрета, минометші Бақтыгереев, пулеметші Вицько, байланысшы Волочаевтар болды.

Қазақстан аумағында шайқас болған жоқ, бірақ республика майданның берік тылына айналды. Майданға 14,1 мың жүк және жеңіл автомобильдері, 1,5 мың шынжыр табанды трактор, 110,4 мың жылқы жіберілді.

Қорыта айтқанда, 9 мамыр бүкіл ТМД аумағында, Болгария, Ұлыбритания және Израильде аталып өтеді әрі демалыс күні болып есептеледі. Жеңіс күні көптеген қалада әскери парадтар, мерекелік шерулер, жауынгерлер ескерткішіне гүл шоқтарын қою, отшашу сияқты шаралар ұйымдастырылады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin