Түркістан қаласының жас балуаны «Азия балалары» ойындарынан жүлде әкелді

VIII «Азия балалары» халықаралық ойындарының күміс жүлдегері Құдірет Ерімбетовті отбасы мүшелері мен туған-туыстары құрмет-қошеметпен күтіп алды. Түркістан теміржол вокзалындағы күтіп алу іс-шарасының бел ортасынан табылған қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев пен қалалық мәслихат депутаты Жандос Арыстанов спортшыны жеңісімен құттықтады.

Ресей Федерациясының Якутск қаласында өткен дүбірлі жарыста түркістандық балуан 38 келі салмақта бақ сынап, күміс медальды қанағат тұтты. Чемпиондар мектебінің спортшысы Тәжікстан, Беларусь, Ресей, Әзербайжан елдерінің балуандарын жеңіп, финалдық белдесуде ғана қарсыласына есе жіберді.

Жеке бапкері – Асхат Орынбасаров. Балуан бұған дейін облыстың жеңімпазы, ҚР-ның 2 дүркін және халықаралық турнирлердің жүлдегері атанып үлгерген. Күміс медаль тағынған спортшыға туған-туыстары қаржылай сый-сияпат ұсынып, ақжарма тілегін жеткізді.

Түркістанның мақтанышы Құдірет Ерімбетов 10 жасынан бастап грек-рим күресімен айналысады. Әбдісалан Нұрмаханов атындағы ОРМБЖСМ сайыпқыраны облыс орталығындағы Жұмабек Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназиясында 9-сыныпта білім алады.

Сонымен, Яутск қаласындағы «Туймаада» стадионында VIII жазғы «Азия балалары» ойындарының салтанатты жабылу рәсімі өтті.

Жүлде алған барлық спортшы көрермендер алдында шеруде сап түзеп, көпшілік ықыласына бөленді.

Кешті құрметті қонақтар қатарында осы ойындардың түлегі, VIII жазғы «Азия балалары» ойындарының бас төрешісі Мерей Ақшалов, сондай-ақ бірнеше мәрте аталған жарысқа еліміздің делегациясын бастап келген Мәлік Сапашев тамашалады.

Қазақстан құрамасы «Азия балалары» ойындарында 17 алтын, 31 күміс, 59 қола (барлығы 107) медальмен жалпыкомандалық есепте 7-орынға тұрақтады.

Орайы келгенде айта өтейік, Түркістанда шахматтан ашық аспан астында біріншілік өтті. Сайысқа шахмат үйірмесінің 2-3 санаттағы жас спортшылары қатысты. Жалпы интеллектуалды ойында 40 оқушы бақ сынады. Жас шахматшыларды төрешілер алқасы қадағалады. Айта кетейік, таза ауада, яғни, «Жеңіс» саябағында өткен шахмат жарысын Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт клубы ұйымдастырды.

Турнирдің мақсаты – жас шахматшылардың шеберліктерін шыңдап, жаздық демалыс уақытында оқушылардың бос уақыттарын тиімді пайдалану. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз және жүлдегер атанған қатысушылар анықталып, арнайы марапатталды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin