Түркістан қаласының жаңа оқу жылына дайындық барысы пысықталды

Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен бүгінгі мәжілісте бұл жөнінде Құжаттандыруды қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Бексұлу Сүлейменова баяндады. Бұл тапсырмалар қала әкімінің шілде айында секторларда тұрғындармен өткен кездесуінде белгіленген болатын.

Жауапты басшылар Инфрақұрылым және коммуникациялар бөліміне жүктелген 92 тапсырманың 11-нің, Құрылыс бөліміне жүктелген 24 тапсырманың 11-нің орындалу сатысына тоқталып, мерзімін қайта бекітуді сұрады.

Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Олжас Бөлегенов бюджеттің атқарылуы мен индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы жөнінде баяндама жасады. Түркістан қаласы бойынша 35 индикатор бекітілген. Жетекшілік ететін салалары бойынша қала әкімінің орынбасарлары тындырылған тірліктерге тоқталып, мәлімет берді.

19-25 тамыз аралығында құқық бұзушылықтың алдын алу, қала тазалығы және абаттандыру қағидасы талаптарының сақталуы бойынша Полиция басқармасы тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылған. Басқарма басшысының орынбасары Ахан Сапарбековтың мәлімдеуінше, қоғамдық орындарды ластау дерегімен 194 азаматқа 2 млн. 187 мың 510 теңге айыппұл салынып, елді мекендерді абаттандыру ережелерін бұзған 50 азаматқа 92 300 теңге айыппұл рәсімделген.

Қала әкімдігінің жұмысшы тобы анықтаған кемшіліктердің есебін Ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы Ердәулет Төрехан ұсынды. Берілген тапсырмалардың орындалу сапасы да сараланып, жіберілген олқылықтар тізбесі көрсетілді.

Білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасованың жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы баяндамасынан кейін шаһар басшысы тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктеді.

Нұрбол Әбдісаттарұлы: «Қазіргі ең басты міндет – мектептердің дайындығын, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Білім беру мекемелері орналасқан жолдарда жаяуларға арналған өткелдердің сызбасы жаңартылып, жол белгілерінің талапқа сәйкестендірілгені жөнінде есеп бердіңіздер. Ұйымдастыру бөліміне атқарылған жұмыстарды толық тексеріп, нәтижесін баяндауды тапсырамын. Құрылыс бөлімі күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарының сатысын зерделеп, мәліметін ұсынсын. Күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша жүктелген тапсырмалар бақылауға алынсын. Орындалуы күнделікті лездемелік мәжілісте сұралатынын ескертемін», — деді.

Мәжіліс қорытындысына сәйкес, хаттамалық тапсырмалар жаңартылып, қайта бекітілді.

Атап өтер жайт, Түркістан қаласында жаңа оқу жылының басталуы қарсаңында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 23 білім ордасының маңындағы жаяу жүргіншілер жолағы жаңартылды. Сондай-ақ, қыркүйек айына дейін қаладағы барлық мектептердің жаяу жүргіншілер жолағы жаңартылады деп жоспарланып отыр.

Қалалық «Түркістан жол қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мәліметіне сәйкес, ағымдағы жылдың соңғы 6 айында Бекзат Саттарханов даңғылы, Әмір Темір, Байбұрт, Тәуке хан, Сұлтанбек Қожанов, О.Жарылқапов, Т.Нышанов, Төле Би, Қазыбек Би, Ораз Жандосов көшелерінің 123,28 шақырым жол сызығы, 7334 шаршы метр жаяу жүргіншілер жолағы, 31000 шаршы метр вело жолақтардың бояуы жаңартылған.

Сонымен қатар, қала көшелеріне 1400 дана жол белгілері орнатылды. Жыл соңына дейін жаңа 2500 дана жол белгісі, 5 жаяу жүргіншілерге арналған және 5 транспорттық бағдаршам қойылады.

Сондай-ақ, соңғы жарты жылда қала көшелеріне жаңа үлгідегі 105 жаңа автобус аялдамалары орнатылды. Жыл соңына жаңа аялдамалар санын 150-ге жеткізу көзделген.

Сонымен қатар бүгін қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков Әкімшілік-іскерлік орталықтағы көшелерді аралап, тапсырмалардың орындалуы бойынша бекітілмге сәйкес жауапты басшылардың есебін тыңдады.

Көпқабатты үйлердің 1-қабатында орналасқан бірқатар кәсіпкерлік нысандарының маңдайшасы ретке келтіріліп, ретсіз жарнамалары жойылған.

Шаһар басшысы көше жарықшамдарын қосу кестесін қайта түзіп, уақытылы орындалуын қадағалауды, аулалар мен арық-атыздардың тазалығына мән беруді ескертті. Сонымен қатар, көгалдар мен ағаштардың күтіміне қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.

Бұдан бөлек бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековті қабылдап, қаланың әлеуметтік экономикалық дамуы туралы есебін тыңдады.

Облыс орталығында жалпы өңірлік өнім көлемі биылғы 7 айда 196,4 миллиард теңгеге жетіп, өсім 9,5%-ды құрады.

Инвестиция тарту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймағында 7 гектар жерге 200-ге тарта жаңа жұмыс орны бар 4 жоба іске асырылмақ. Бұдан бөлек, индустриалды аймақта 11 жобаның негізі қалануда. Бүгінде мұнда 39 жоба орналасып, 1500-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр.

Облыс орталығының инфрақұрылымы да жақсарып келеді. Қалада орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған абонент саны 16 мыңнан асып, қамтылу көрсеткіші 36 пайызға жетті.

Қазіргі таңда қала аумағында сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында 15 нысанның (11 нысанның құрылысы жүргізілуде, 4 нысанның құрылысы басталуда) құрылысы жүргізілуде. Қосымша 3 нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Нәтижесінде орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған абонент саны 33 690-ға жетіп, қамтылғандар үлесі 72%-ды құрайды.

Түркістанның даму барысын жан-жақты талқылай келе, Дархан Сатыбалды қала әкіміне инвестиция тарту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету ісін жетілдіруді, инфрақұрылым жүйесін жақсарту бағытында жоспарды нақтылап, жұмысты ширатуды тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin