Түркістан қаласының экономикасына соңғы 4 жылда 1,3 триллион теңге инвестиция тартылған

Иә, иә, соңғы 4 жылда Түркістан шаһарының экономикасына 1,3 триллион теңге инвестиция тартылған. Ал алдағы 6 жылда негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемін 4,6 триллион теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.

Түркістанда алдағы 6 жылда бірқатар жобалар іске асырылмақ. Жоспарлы кезеңде 541 миллиард теңгені құрайтын 7 мыңнан асатын жаңа жұмыс орнымен 192 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2,8 есе өсіп, 1,1 триллион теңгеге, ал тартылатын инвестиция көлемі 3 есе өсіп, 1,2 триллион теңгеге ұлғаяды.

Естеріңізде болса, жуырда ғана Түркістан қаласында өткен Халықаралық инвестициялық форумға әлемнің алпауыт компания өкілдері қатысып, форум аясында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы түрлі саладағы инвесторлармен келіссөз жүргізді.

Нақтырақ айтсақ, Халықаралық инвестициялық форумға Қытай Халық Республикасынан 120 компания және Қазақстан өңірлерінен 100-ден астам ірі компания өкілдері қатысты. Келіссөзге қатысқан инвесторлар қатарында лифт зауыты — «Giant Intelligent Elevator Co», механика және электр құралдарын өндіретін «Sichuan Hongji Engineering Management Co» компаниясы, жолдар, абаттандыру, сумен жабдықтау саласындағы құрылыс өнімдерін шығаратын «Hubei Xiaode Engineering Co» және өзге де басқа компания өкілдері бар.

Келіссөздер аясында ынтымақтастық танытқан компаниялармен екі жақты меморандумға қол қойылды.

Жалпы, осыған дейінгі ҚХР тарапынан Түркістан қаласының негізгі каптиталына тартылған инвестиция көлемі 78,2 миллиард теңге болатын және 1910 жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 3 жоба іске асырылуда. Оның ішінде жүзеге асырылған — «Golden Camel» ЖШС бар.

Ал алдағы уақытта тартылатын инвестиция құны 141,5 миллиард теңге болатын және 790 жаңа жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 6 жоба іске асырылуы жоспарланып отыр.

Түркістан өңірінде кәсіп ашқысы келетін инвесторларға жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды кезекті инвестициялық штаб отырысын өткізіп, өңірде жаңа өндіріс орындарын ашатын кәсіпкерлермен жоба барысын жан-жақты талқылады. Инвестициялық штаб – бизнес мәселелерін жедел шешуге арналған ашық алаң. Әкім энергетика саласы, сүт өңдеу зауыты, тігін фабрикасы, медициналық бұйымдар өндірісі, мал бордақылау алаңы, кір жуатын ұнтақ, тұрмыстық химия өндірісін қолға алған инвесторлармен жұмыс барысын пысықтады.

Инвестициялық штаб отырысында көрсетілетін жан-жақты мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету арқылы жаңа жобаларды жүзеге асыруына ықпал ететіні айтылды. Облыс әкімі инвесторларға оңтайлы әрі ыңғайлы орта қалыптастыру үшін бизнеске қойылатын артық талаптарды жоюдың маңыздылығын атап өтті. Құрылысы жүріп жатқан зауыт, фабрикалардың маңыздылығы мен тиімділігін ескертіп, осы мақсатта жауапты тұлғаларға инфрақұрылым тартуға қатысты нақты тапсырмалар берді.

– Қағазбастылық дегенді доғару қажет. Инвесторлардың түрлі кедергілерге тап болуына жол берілмеу керек. Ол үшін әр әкім, басқарма басшылары тікелей жауапты екенін ескертемін. Әр инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысы қатаң бақылауда. Ешқандай тежеу болмауы керек. Электр энергиясы, газ бойынша мәселе туындаған жағдайда, шұғыл әрекет етіп, шешу қажет. Оны созбалаңға салудың өзі – сын. Аса маңызды шикізатты өндіру және өңдеу саласына басымдық беріледі. Тапсырма берілгенін күтіп отырмай, бастама көтеріп, дербес жұмыс істей біліңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.

Сондай-ақ Дархан Сатыбалды таныстырылған жаңа жобалардың маңыздылығына назар аударып, аудан басшылары мен жауапты сала басшыларына инвесторларға қолдау көрсетуді тапсырды. Аудан, қала әкімдерінің жұмысы инвестиция тартумен, халықты жұмыс орнымен қамтумен бағаланатынын еске салды.

Түркістан облысында қазіргі уақытта өндірісті дамыту бағытында жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Биыл жалпы құны 136,0 миллиард теңгені құрайтын 56 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары ашылуда. Бүгінге күні 31 инвестициялық жоба іске қосылды.

Импорттан тәуелділікті азайту үшін, Өндірістік паркте мемлекет тарапынан кәсіпорынға қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген дайын ғимарат ұсынылады. Өндірістік кешенде 39 ғимарат бой көтеруде. 10 кәсіпорын іске қосылды. Бұдан бөлек, өңірде 13 индустриалды аймақ және арнайы экономикалық аймақ бар. Онда жұмыс бастап жатқан кәсіпорындар салықтан босатылады. Кедендік жеңілдіктер қарастырылған, инфрақұрылымы бар. Жалпы арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарда 53 кәсіпорын жұмыс істейді. Сондай-ақ 139,4 миллиард теңгеге 29 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Түркістан облысында кәсіпкерлердің саны жыл басынан 2 мыңға артып, бүгінде 208 мыңды құрады. Аталған салада 282 мың адам жұмыспен қамтылған. Шетелдік инвесторлардың қатысуымен өңірде жалпы құны 1,1 миллиард АҚШ долларын құрайтын 7 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып, қазіргі уақытта текстиль кластерін құру және алюминий бұйымдарын шығару зауыты инвестициялық жобаларының құрылысы басталды.

Айтпақшы, 2024 жылғы 14 қарашада ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың жетекшілігімен қытайлық «Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd.» (Синцзянь Лихуа Групп) компаниясымен Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін құру жобасын жүзеге асыру туралы кездесу өтті.

«Xinjiang Lihua (Group) Co.» мақта өсіру және оны озық өңдеу саласындағы Қытайдағы ең ірі компаниялардың бірі саналады. Кәсіпорын мақта-матадан жіп пен маталар, дайын тоқыма бұйымдары сияқты жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығаруға маманданған.

Жиынға Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, сондай-ақ қытайлық «K&K 86 LTD» компаниясының басшысы Сюй Цзе қатысты.

Бірлескен жоба Түркістан облысындағы «TURAN» АЭА-да мақта-тоқыма кластерін құруды көздейді.

Жоба 2 кезеңде жүзеге асырылады деп күтілуде және келесі нысандардың құрылысын қамтиды: ПВХ құбырларын шығаратын зауыт; тамшылатып суару жүйелерін шығаратын зауыт; мақта өңдейтін 2 зауыт; иіру фабрикасы; зығыр мата өндіру бойынша тоқыма фабрикасы; бояу және өңдеу зауыты; тігін фабрикасы

Жобаның жалпы құны 180 млрд теңгені құрайды, толық іске асырылған кезде 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.

Бүгінгі күні тамшылатып суару жүйесі орнатылып, 1120 га алқапқа егіс жұмыстары жүргізілді. Мақта өнімділігі 55 центнер/гектарды құрады. Иіру фабрикасының құрылысы басталды.

Министр бұл жобаны жүзеге асырудың Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін дамытудағы маңыздылығын және оны қолдауға жан-жақты көмек көрсету қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар облыс орталығындағы жергілікті түсім 44,2 миллиард теңге немесе 2,2 есе өсіп, 81,2 миллиард теңгені құрайды деп жоспарланып отыр. Келетін сыртқы туристер саны 2 есе өсіп, 20 мың адамға артады. Сонымен қатар жұмыссыздық деңгейін 4,7%-ға төмендетіп, 22 мыңға жуық жұмыс орындарын ашу көзделуде. Баспанамен қамту бойынша 2411 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар алдағы жылдары өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі арттыру мақсатында жалпы өнеркәсіп саласында құны 142 миллиард теңгені құрайтын, 3 575 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, 34 жоба қарастырылуда. Арнайы экономикалық аймағының жалпы аумағы  – 180 гектар. Онда жалпы құны 126 миллиард теңгені құрайтын және 3 050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жобаны іске асыру көзделуде.

Индустриалды аймақтың аумағы 190 гектарды құрайды. Бүгінгі таңда индустриалды аймақта жалпы құны 10,5 миллиард теңге болатын 954 жұмыс орнымен 21 жоба іске асырылған. Сонымен қатар алдағы жылдары құны 15,8 миллиард теңге болатын және 525 адамды жаңа жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 19 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Орайы келгенде тілге тиек етер жайт, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, өңірде жалпы ауданы 540 гектарды құрайтын 4 индустриялық аймақ (Сауран, Келес, Тұрбат, Сарыағаш) құрылды.

Индустриялық аймақтар орналасқан ауданның экономикалық өсімін көтеруге, инвестициялық әлеуетін арттыруға зор септігін тигізетін болады. Индустриялық аймақтар импортты алмастыратын және бәсекеге қабілетті өндірістерді құруды ынталандыру, шетелдік және отандық инвестицияларды тарту үшін жағдайлар мен заманауи инфрақұрылымды қалыптастыру мақсатында құрылған.

Бүгінгі таңда облыс аумағында жалпы ауданы 1083,2 гектарды құрайтын 14 индустриялық аймақ (Түркістан, Кентау, Созақ, ҚТИЗ-БАДАМ, Мақтаарал, Қазығұрт, Түлкібас, Шардара, Бәйдібек, Мақтаарал (ХӨКО), Сауран, Келес, Тұрбат, Сарыағаш) орналасқан.

Жалпы құны 93,5 миллиард теңгені құрайтын, 4 554 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 76 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде, бүгінгі таңда құны 38,6 миллиард теңгені құрайтын, 2 789 жұмыс орнымен 51 жоба іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Атап айтсақ, машина жасау (4 жоба), тамақ өнеркәсібі (7 жоба), жеңіл өнеркәсіп (5 жоба), құрылыс (33 жоба), экономиканың басқа да салалары (27 жоба). 

Алдағы жылдары құрылыс жұмыстарының көлемі жылдық орташа өсім 17 пайыз болады деп болжам жасалып отыр. Жеке инвестициялық жобалар есебінен құрылыс жұмыстарына құны 243,9 миллиард теңгені құрайтын, 2552 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 136 жоба қарастырылуда. Жалпы, облыста құрылыс саласы қарқынды дамуда. Құрылыс жұмыстарының көлемі алдыңғы жылы 407,5 миллиард теңгені құрады. 898,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 3 мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болды.

2024 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында құрылыс жұмыстарының көлемі 320,2 млрд теңгені немесе өткен жылдың тиісті кезеңіне 132,6%-ды құрады. Өңірдегі пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 788,2 мың шаршы метрді құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 117,7%-ды құрады. Осы жылдың соңына дейін 500 мыңға жуық шаршы метр 219 көпқабатты үйді тапсыру көзделген. Соның нәтижесінде, кезекте тұрған жалпы 5 мыңға жуық отбасының баспана мәселесі шешілетін болады.

Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесінің берілуі шаһардың дамуына серпін берді. «Жаңа қала» шағынауданы пайда болып, онда заманауи көпқабатты тұрғын үй кешендері бой көтеруде. Жаңа тұрғын үй салу кезінде қаланың сәулеттiк келбетін сақтау үшiн құрылысқа қойылатын белгіленген талаптар, яғни, шығыс үлгісінде болуы және биіктігі 7 метрден аспауы қадағаланады. Түркістан қаласында бой көтеретін әрбір құрылыс нысандарының сәулеттік жобасы тұрақты түрде Түркістан қаласының «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінде келісуден өткізіліп, құрылыс нысандарының сәулеті тұрақты бақылауда болады.

Қаланың жалпы өңірлік өнімінің негізгі бөлігін көтерме және бөлшек сауда құрайды. Салаға 6 миллиард теңгені құрайтын, 340 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 8 жобаны ұйымдастыру көзделген.

Қаланы дамытудың негізгі басым бағыты – туризм. Салаға соңғы 2 жылда 74,2 миллиард теңге инвестиция тартылса, биыл  53,5 миллиард теңгеге жетеді деп көзделіп отыр. Алдағы уақытта 145 миллиард теңгені құрайтын, 955 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 13 жобаны іске асыру жоспарға енгізілген.  

Қалаға іргелес аумақтарда тарихи және көне ескерткіштердің орналасуына байланысты туризм дамып келеді. Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтардың болуы да облыс орталығын ерекшелендіріп отыр.

Тұтастай алғанда, еліміздің туристік картасындағы негізгі орындар Түркістан облысының аумағында орналасқан. Мәселен, қасиетті Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Ибрагим ата, Қарашаш ана, Үкаша ата, Домалақ ана кесенелері, «Ақ мешіт әулие» үңгірі, Кеме қалған, «Жылаған ата» үңгірі т.б. киелі жерлер мен мәдени даму орталығы болған Сауран, Отырар секілді тарихи қалалар орнындағы музейлерді туристер мен инвесторларға тартымды ету үшін көптеген жұмыстар қолға алынған.

Бұл мақсатта инфрақұрылымды жақсарту, жеңіл инфрақұрылымды жетілдіру, маркетингтік ілгерілету жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Өткен жылы инфрақұрылымды жақсарту үшін туристік нысандарға барар жолдарды жөндеу бойынша жалпы сомасы 10,6 миллиард теңгені құрайтын 7 жоба іске асырылды. Оның ішінде, «Түркістан – Қарнақ» бағытындағы және «Самара – Шымкент» жолдары жөндеуден өткен. Аталған бағытта биыл жалпы сомасы 17,6 миллиард теңгені құрайтын 19 жобаны жүзеге асыру көзделген. Оның ішінде, Түркістан – Арыстанбаб және Сауран қалашығына бұрылыс алаңын орнату секілді жобалар қамтылған. Жобалардың аяқталу мерзімі 2024-2025 жылдарға жоспарланған. Медиа алаңдар мен әлеуметтік желілерде Түркістан облысының туристік әлеуеті жайлы ақпараттық жұмысты күшейтіп, жан-жақты материалдар таратылуда. Instagram, Facebook, TikTok және Telegram-да түрлі сапалы роликтер, креативті қысқа reels видеолар салынды. Жыл басынан бері жасалған талдауға сәйкес видеолардың жалпы қаралымы 10 миллионға жуықтады. Күнделікті қызықты ақпараттар, хабарландырулар мен туристік маршруттар жөнінде посттар жарияланып жатыр. Олар пабликтер мен оқырмандардың парақшаларында таралуда. Республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында 200-ден астам материал жарық көрді.

Сонымен қатар өңірдің туристік әлеуеті халықаралық туристік көрмелерде таныстырылады. Сондай-ақ облыс аумағында оқиғалық іс-шаралар мен ақпараттық турлар ұйымдастырылып, өткізіледі. Бұдан бөлек, Түркістанға келетін халықаралық әуе рейстерінің санын арттыру мақсатында Венгрияның «Wizz Air» әуе компаниясымен «Түркістан – Әбу-Даби (БАӘ)» әуе бағыты бойынша рейстерді іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілді. Рейстерді аптасына 2 реттік жиілікпен А-321 заманауи ұшақтары орындауда.

Ресми статистикалық деректерге сәйкес, 2024 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 47,5 миллиард теңгені құрады. Өз кезегінде, 2024 жылы жалпы туризм саласы бойынша облыс аумағында жалпы сомасы 35,6 миллиард теңгені құрайтын 37 туристік инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Атап айтқанда, «Lords Heir» қонақ үйі, «Khan Palace 2» қонақ үйі, «Yassy Hall and Apartments» қонақ үйі, «Болашақ құрылыс» ЖШС-нің демалыс аймағы және т.б. нысандарды осы жылдың соңына дейін іске асыру жоспарланған. Айта кету керек, 2023 жылы облыстың туризм саласына 53,5 миллиард теңге инвестиция тартылды.

– Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі де бекер емес. Облыс орталығында халық саны артып келеді, жұмыс күші де жеткілікті. Барлық жағынан дамуға мүмкіндік бар. Халықаралық әуежайдың салынуы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі мен теміржол торабының бойында орналасуы туристерді көптеп тартуға серпін береді. Жуырда өткен инвестициялық форумда біраз келісім жасалды. Соның өзі шаһардың экономикасын көтеруге үлес қосады. Бірақ мұнымен шектелмей, инвестиция тартуды тоқтатпау керек. 2030 жылға қарай Түркістан өзін-өзі қаржыландыратын шаһарға айналуы тиіс. Осы бағытта жұмысты күшейтіңіздер, – дейді Дархан Сатыбалды.

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлыныңайтуынша, қала халқы 234 мыңнан асты. Экономикалық белсендісі 83 мыңнан асса, оның жұмыспен қамтылғаны 80 мыңға жуықтаған. Соның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 30 мың адамнан асып отыр. «Қаланың жалпы өңірлік өнім көлемін 2030 жылға қарай 2,8 есе арттырамыз», — дейді қала әкімі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin