Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен әкімдіктің кеңейтілген мәжілісі өтті. Алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстар мен міндеттерді айқындау мақсатында ұйымдастырылған жиналыста қаланың ағымдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен перспективалары қаралды.
Қала әкімінің орынбасары Талғат Төлегенов салықтық түсімнің орындалуы жөнінде баяндап, жоспарларға тоқталды.
Көрсеткіштермен танысқан Әзімбек Пазылбекұлы экономиканың өсім қарқынын бәсеңдетпеуді ескертті. Әсіресе, өнеркәсіп және өңдеу саласындағы шараларды күшейту қажеттігін атап өтті. Бюджет шығыстарының жоспарлануы, орындалу заңдылығын қадағалау тұрақты жалғасады.
Тұрақты, субсидияланатын және жаңа жұмыс орнын құру бағытында атқарылған жұмыстарды талдай келе, шаһар басшысы жауаптыларға жұмыссыздық көрсеткішін белгіленген деңгейден асырмауды тапсырды.
— Қаладағы шағын және орта бизнесті дамыту үшін түрлі қаржы ұйымдарының жеңілдетілген несие бағдарламаларын, қолдау шараларын тұрғындарға кеңінен түсіндіру қажет. Жобаға деп алынып, игерілмей тұрған бос жер учаскелерін зерделеңіздер. Сонымен қатар, тоқтап тұрған кәсіпкерлік субъектілері бойынша талдау жүргізілсін, — деді Әзімбек Пазылбекұлы өз сөзінде.
Құрылыс, жол, инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің қызметі бойынша қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков баяндама жасады. Қала әкімі коммуналдық салада қызмет үздіксіз және кедергісіз атқарылуын қамтамасыз ету жайын қозғады. Қаланың кіре беріс аймақтарында түнгі жарықшамдарды түгелдеу, кәсіпкерлік нысандарынан тазалықты сақтауды талап ету, жарнамаларды бір үлгіге көшіру бойынша нақты тапсырмалар белгіледі.
Құрылыс саласына қатысты өзекті мәселелерді саралау барысында:
— Жобалардың құжаттамасын әзірлеуге бюджеттен қаржы бөлетін кезде оның қаржыландыру мен жүзеге асыру тетіктерін де ойластырған жөн. Мемлекеттің қаржысын желге ұшыруға жол берілмесін, — деп ескертті шаһар басшысы.
Мәжіліс қорытындысына сәйкес хаттама түзіліп, сала басшыларына тапсырмалар бекітілді.
Расын айту керек, Түркі елінің астанасы — Түркістан қаласына келушілер саны жыл санап артып келеді. Осы ретте, келушілер назарын аударатын қаланың сәулеті мен кіреберіс аумақтарды абаттандыру үлкен маңызға ие.
Бүгін қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы шаһарға кіреберіс аумақтарды аралап, тазалық пен абаттандыру жұмыстарының барысын қадағалады.
Алдымен, қала басшысы «Яссы» секторында орналасқан саябақ, Кентау, Қызылорда және Алматы тас жолдарының бойындағы қалаға кіреберіс аумақтардың абаттандыру жұмыстарымен танысты.
Қала сәулеті мен тазалығына баса назар аударған Әзімбек Пазылбекұлы, аталған аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру бойынша тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді.
Сондай-ақ, Полиция департаментінің өкілдеріне заңсыз салынған кәсіпкерлік нысандары мен қала тұрғындарына келеңсіз жағдай туындататын автотұрақтардан тазалауды тапсырды.
Осы күні Әзімбек Пазылбекұлы Қолөнер орталығының құрылыс алаңында болып, жұмыс барысымен танысты.
Киелі шаһарда қолөнершілердің әлеуеті зор екенін тілге тиек еткен қала басшысы жұмысты ширатуды тапсырды.
Елімізде теңдесі жоқ туристік кешеннің жалпы алаңы – 2,56 гектар. Қолөнершілер қалашығы 25 архитектуралық нысаннан тұрады. Қазіргі таңда құрылыс алаңында жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Түркістан қаласын қолөнершілер орталығына айналдыру бағытында ірі жобалар қолға алынған. Қаланың мәдени-рухани орталығында қолөнершілер қалашығы бой көтеріп жатыр. Жаңа қалашықта ұлттық нақыштағы бірегей қолөнер бұйымдарын даярлайтын, даярлау технологиясын оқытатын ірі қолөнер шеберхана, қонақүйлер мен ас үйлер салынбақ. Осы ерекше жоба арқылы өңірге туристерді тарту, кәсіпкерлікті дамыту, қолөнершілерге қолдау көрсету, жұмыс орындарын ашу, ұлттық бренді қалыптастыру көзделіп отыр.
Сонымен қатар бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен жер қатынастары жөнінде мәжіліс өтті. Жиында жер қатынастары бөлімінің есебі тыңдалып, алдағы атқарылатын жұмыстар талқыланды. Салада кездесетін өзекті мәселелер ортаға салынып, шешу жолдары қарастырылды.
Жиын барысында қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков, Жер қатынастар бөлімінің басшысы Бауыржан Сыздықов салада 9 айда атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасап, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Бөлімнің жұмысымен танысқан қала әкімі жауапты басшыларға жұмысты күшейту бойынша бірқатар тапсырма жүктеді.
— Жұмысты жандандыру керек. Өзекті мәселелерді шешу бойынша құзырлы органдармен бірге жұмыс істеп, нақты ұсыныс беріңіздер, — деді Әзімбек Пазылбекұлы.
Түркістан қаласында жер кезегінде тұрған азаматтар саны — 84 822. Таңдалып алынған жалпы жер көлемі 486 гектарды құрайды. Жер телімінің саны 2 мыңнан асады.
Бүгінгі таңда 300,0 гектар аумақта орналасқан 68 шаруа қожалығы жерлері мемлекет мұқтаждығына қайтарылды. Оның ішінде, жалпы көлемі 196,4 гектар болатын 51 шаруа қожалығы жерлері, 43,5 гектарды құрайтын 16 шаруа қожалығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылуда.
Атап өту керек, жалпы Қазақстан экономикасы биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша оң өсім қарқынын көрсетіп келеді. Атап айтсақ, жалпы ішкі өнімнің нақты өсу деңгейі 4%-ды құрады. Бұған негізінен ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және сауда салаларының арқасында қол жеткізілді. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында үлкен әлеуетке ие өңірлердің бірі Түркістан облысында да 2024 жылғы үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша тұрақты макроэкономикалық жағдай сақталып отыр.
2024 жылғы ІІІ тоқсанның алдын ала есебіне сәйкес, ЖӨӨ көлемі 3 709,7 миллиард теңгені, ал қысқа мерзімді экономикалық өсім 110,6%-ды құрады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша республикадағы 20 өңірдің арасында Түркістан облысы жоғары даму дәрежесін көрсеткен болатын. Сонымен қатар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында да оң өсім сақталды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 4 триллион теңгеден асты. 2024 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың 6% өсімін қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Шағын және орта бизнес – экономикалық даму мен жұмыспен қамтуға ықпал ететін негізгі күш
2024 жылғы 1 қазандағы мәліметке сәйкес, Түркістан облысының жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 208,7 мың бірлікті немесе 2023 жылдың тиісті кезеңіндегі көрсеткіштің 97,8%-ын құрады.
Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлікті жүргізу үшін қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Кәсіпкерліктің басым бөлігі Астана (240 212 бірлік) және Алматы (361 148 бірлік) қалаларынан кейін Түркістан өңірінде шоғырланған. Кәсіпкерлердің саны жыл басынан бері 2 мыңға артып, бүгінгі таңда 208,7 мыңды құрап отыр. Шағын және орта кәсіпкерлік секторында 287 мың адам жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар кәсіпкерлердің іскерлік белсенділігі сенімді өсім көрсетуде. Шағын және орта бизнеспен өндірілген өнім көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 150,3%-ға артып, 916 млрд теңгені құрады. Жыл соңына дейін өнім көлемін 2 трлн теңгеге жеткізу жоспарда бар.
Айта кетерлік жайт, кәсіпорындар табысының артуына мемлекеттік қаржылай қолдау шаралары тиімді ықпалын көрсетуде. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі бірыңғай кешенді бағдарлама» арқылы осы жылдың 9 айында бизнес субъектілері 48,8 миллиард теңгеге жеңілдетілген несиелермен қамтамасыз етілді.
Инвестиция
Түркістан облысына 2024 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар индикаторы 1 триллион 133,8 миллиард теңге көлемінде бекітілген. 9 айдың қорытындысы бойынша өңірге тартылған инвестициялар көлемі 822,3 млрд теңге (9 айға жоспар – 674,4 миллиард теңге) құрады, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда бұл 123,4%-ға өсті.
Жалпы алғанда жылдық жоспар 1 149,7 миллиард теңге көлемінде орындалады деп күтілуде. Сонымен қатар 2024 жылы өңірге тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 467 миллион доллар көлемінде бекітілген, осы жылдың II тоқсанының қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестиция көлемі 685,1 миллион долларды құрады.
Өткен жылы облыс экономикасына 972 миллиард теңге инвестиция тартылып, көлемі 26%-ға артты. Оның ішінде жеке инвестиция 1,5 есе артып, 588,4 миллиард теңгені құрады. 2024 жылдың 7 айында 499,3 миллиард теңге инвестиция тартылып, 128,9% деңгейінде қалыптасты. 2023 жылы жоспарланған 56 инвестициялық жоба толығымен іске қосылды (2 141 жұмыс орны ашылды).
Жалпы 195 пул қалыптасқан. Биыл жалпы құны 142,4 миллиард теңгеге 59 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Соның нәтижесінде 2 233 жұмыс орны құрылады. 7 айда 76 миллиард теңгеге 25 жоба іске қосылып, 866 жұмыс орны ашылды.
Ауыл шаруашылығы бойынша:
Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 124,5 миллиард теңге инвестиция тартылды, тамақ өнімдерінің негізгі капиталына 22,6 миллиард теңге инвестиция тартылып, 2 есе артты.
АӨК-те инвестициялық жобаларды жүзеге асыру. Нарықты отандық өнімдермен толықтыруда ірі инвестициялық жобалардың маңызы жоғары. 2024-2027 жылдары жалпы құны 507,3 млрд теңгені құрайтын 105 жобаны жүзеге асыру жол картасы әзірленді. Нәтижесінде, жаңадан 8 346 жұмыс орны құрылады. 2024 жылғы 9 айда құны 28,1 миллиард теңгеге 26 жоба жүзеге асырылып, 194 жаңа жұмыс орны құрылды.
Оның ішіндегі ірі жобалар:
- Бәйдібек ауданында «Ernur-Корпорация» ЖШС — құны 2 миллиард теңгеге «5000 басқа арналған ІҚМ бордақылау кешені» жобасы;
- Қазығұрт ауданында «Қарқын-2030» ЖШС — құны 1,1 миллиард теңгеге «Қуаттылығы жылына 25 мың бас ІҚМ сою бекеті» жобасы;
- Сайрам ауданында «Nurym Group» ЖШС — құны 2,3 миллиард теңгеге «Қуаттылығы жылына 46 мың тонна құрама жем зауыты» жобасы;
- Сауран ауданында «Жасыл аймақ» АШӨК — құны 3,5 миллиард теңгеге «5000 басқа арналған ІҚМ бордақылау кешені» жобасы;
- Шардара ауданында «VITA» ЖШС — құны 1,5 миллиард теңгеге «Қуаттылығы жылына 136 тонна құрама балық өнімін өндіру» жобасы.
Мал шаруашылығын дамытуда инвесторлар қой және ірі қара мал етінің жаһандық топ-өндірушілерінің бестігіне кіретін, әлемнің ең ірі экспорттаушысы Аустралия әдісін пайдалануға ниетті. Аустралия тәжірибесін енгізу мақсатында жалпы құны 55,2 миллиард теңгеге 5 ірі инвестицялық жобаны жүзеге асыру көзделген. 600 жаңа жұмыс орны ашылады. Атап айтқанда: 2025 жылы Арыс қаласында 25 мың ІҚМ басына арналған бордақылау кешені іске қосылады; 2025-2026 жылдары Сайрам ауданында «1500 басқа ірі қара малды сою және өңдеу» және «Мал сату биржасы» жобасы, Ордабасы ауданында «30 мың қой бордақылау және 10 мың ІҚМ бордақылау кешені» және «30 мың басқа қой бордақылау алаңы» жобалары жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде жылына 35,2 мың тонна ет өндіріледі (7,2 мың тонна қой еті, 28 мың тонна ІҚМ еті), ет экспортының көлемі 3 есеге артады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында өңірлердің өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын барынша дамыту туралы тапсырма берген болатын. Осы тұрғыда Түркістан облысында 2024-2027 жылдары жүзеге асырылатын 145 инвестициялық жобалар пулы қалыптастырылды. Жобалардың жалпы құны 2,5 триллион теңгені құрайды. Олардың есебінен 20 мыңнан аса жұмыс орны ашылатын болады.
Атап айтсақ:
- өнеркәсіп саласында – 69 жоба, 1,1 триллион теңге;
- энергетика саласында – 7 жоба, 1 триллион теңге;
- агроөнеркәсіп саласында – 28 жоба, 151 миллиард теңге;
- туризм саласында – 16 жоба, 149 миллиард теңге;
- құрылыс саласында – 13 жоба, 72,4 миллиард теңге;
- басқа салаларда – 12 жоба, 31,8 миллиард теңге.
Оның ішінде, шетелдік капиталдың қатысуымен – жалпы құны 431 миллиард теңгеге 6 878 жұмыс орнын құрумен 13 инвестициялық жоба бар.
Өңдеу өнеркәсібі саласында 2024 жылы жалпы құны 24,2 миллиард теңгеге 528 жұмыс орнын құрумен 13 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Салалар бөлінісінде: жеңіл өнеркәсіп – 3 жоба, 3,9 миллиард теңге; құрылыс саласы – 1 жоба, 1,5 миллиард теңге; азық-түлік өнімдері – 2 жоба, 3,3 миллиард теңге; жиһаз өнеркәсібі – 4 жоба, 6,9 миллиард теңге; пластмасса өнімдері – 2 жоба, 6 миллиард теңге; қағаз өнімдері – 1 жоба, 2,5 миллиард теңге.
9 айдың қортындысы бойынша жалпы құны 16,9 миллиард теңгеге 293 жұмыс орнымен 9 жоба іске қосылды.
Құрылыс индустриясы
Облыста құрылыс саласы қарқынды дамуда. Құрылыс жұмыстарының көлемі алдыңғы жылы 407,5 миллиард теңгені құрады. 898,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 3 мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болды.
2024 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында құрылыс жұмыстарының көлемі 320,2 миллиард теңгені немесе өткен жылдың тиісті кезеңіне 132,6%-ды құрады. Өңірдегі пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 788,2 мың шаршы метрді құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 117,7%-ды құрады. Осы жылдың соңына дейін 500 мыңға жуық шаршы метр 219 көпқабатты үйді тапсыру көзделген. Соның нәтижесінде, кезекте тұрған жалпы 5 мыңға жуық отбасының баспана мәселесі шешілетін болады.
Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесінің берілуі шаһардың дамуына серпін берді. «Жаңа қала» шағынауданы пайда болып, онда заманауи көпқабатты тұрғын үй кешендері бой көтеруде. Жаңа тұрғын үй салу кезінде қаланың сәулеттiк келбетін сақтау үшiн құрылысқа қойылатын белгіленген талаптар, яғни, шығыс үлгісінде болуы және биіктігі 7 метрден аспауы қадағаланады. Түркістан қаласында бой көтеретін әрбір құрылыс нысандарының сәулеттік жобасы тұрақты түрде Түркістан қаласының «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінде келісуден өткізіліп, құрылыс нысандарының сәулеті тұрақты бақылауда болады.
Индустриялық аймақтар
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жалпы ауданы 540 гектарды құрайтын 4 индустриялық аймақ (Сауран, Келес, Тұрбат, Сарыағаш) құрылды.
Индустриялық аймақтар орналасқан ауданның экономикалық өсімін көтеруге, инвестициялық әлеуетін арттыруға зор септігін тигізетін болады. Индустриялық аймақтар импортты алмастыратын және бәсекеге қабілетті өндірістерді құруды ынталандыру, шетелдік және отандық инвестицияларды тарту үшін жағдайлар мен заманауи инфрақұрылымды қалыптастыру мақсатында құрылған.
Бүгінгі таңда, облыс аумағында жалпы ауданы 1083,2 гектарды құрайтын 14 индустриялық аймақ (Түркістан, Кентау, Созақ, ҚТИЗ-БАДАМ, Мақтаарал, Қазығұрт, Түлкібас, Шардара, Бәйдібек, Мақтаарал (ХӨКО), Сауран, Келес, Тұрбат, Сарыағаш) орналасқан.
Жалпы құны 93,5 миллиард теңгені құрайтын, 4 554 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 76 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде, бүгінгі таңда құны 38,6 миллиард теңгені құрайтын, 2 789 жұмыс орнымен 51 жоба іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Атап айтсақ, машина жасау (4 жоба), тамақ өнеркәсібі (7 жоба), жеңіл өнеркәсіп (5 жоба), құрылыс (33 жоба), экономиканың басқа да салалары (27 жоба).
Өнеркәсіп саласының дамуы
Түркістан облысында осы аралықта 857,1 миллиард теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді, нақты көлем индексі (НКИ) 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 108,3%-ды құрады. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібінде 409,1 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 112,7% өсті. Жалпы өнеркәсіптегі үлесі 47,1% құрайды.
Салалар бөлінісінде: тамақ өндіру – 3,5%-ға, жеңіл өнеркәсіп – 14,2%-ға, мұнай өңдеу өнімдерін өндіру – 32,8%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру – 19,2%-ға, металлургия өндірісі – 26,6%-ға, машина жасау – 5,8%-ға, жиһаз өндіру – 81,7%-ға арты.
Өңдеу өнеркәсібі саласында 706 кәсіпорын жұмыс істейді: оның ішінде 676 – шағын, 22 – орта және 8 – ірі. Салада 18,1 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
2024 жылдың І тоқсанында өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 5 436,3 мың теңгені құрады. Өткен жылғы тиісті кезеңге индексі – 108%.
Облыстағы өндірілген өнеркәсіп өнімі көлемінің 44,6% үлесін құрайтын тау-кен өндірісі саласында өндірілген өнім көлемі 382 млрд теңгені немесе НКИ 104,5%-ды құрады.
Өндірілген өнеркәсіп өнімі көлемінің 47,7% үлесін құрайтын өңдеу өнеркәсібінің нақты көлем индексі – 112,7%, өнім көлемі 409,1 миллиард теңгені құрады.
Аталған көрсеткіш электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауаны баптауда 58,4 миллиард теңгені немесе нақты көлем индексі 115,1%-ды құрады.
Сондай-ақ облыста қайта өңдеу саласына баса назар аударылып отыр. Мәселен, екі жыл көлемінде өңдеу өнеркәсібінде 24 жоба іске қосылды (43,3 миллиард теңге, 824 жұмыс орны).
Биыл 13 жоба жоспарланып, бүгінгі таңда 7 жоба жұмысын бастаған (600 адам жұмыспен қамтылды).
«ANYQ.KZ»-ақпарат.