Түркістан қаласының 300-ге жуық тұрғыны Республика күні қарсаңында баспаналы болды

25 қазан – Республика күні мерекесі қарсаңында Түркістан қаласында 260 пәтерлі, 3 көпқабатты тұрғын үй ел игілігіне пайдалануға тапсырылды. Тұрғындардың қуанышын бөлісуге облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы барып, азаматтарға баспана кілтін табыс етті.

– Сіздерді Республика күнімен құттықтаймын! Егемен еліміз мәңгі жасасын! Осындай айтулы мереке қарсаңында облыс орталығының тұрғындары қуанышқа бөленіп отыр. Біз халықты баспанамен қамту бағытындағы жұмыстарды тоқтатпаймыз. Бізден бір ғана талап – айналаны таза ұстап, тазалықты сақтау, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан қаласының «Отырар» секторы аумағында 20 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Оның ішінде 9 тұрғын үйді «Бастау» корпорациясы арқылы сатып алу жұмыстары жүргізіліп, кезекте тұрған азаматтарға үлестірілуде. Бүгін 3 тұрғын үй 123 көпбалалы отбасына, 129 халықтың «әлеуметтік жағынан әлсіз топтары» санатына енетін азаматтарға және 8 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға берілді.

Қазіргі таңда Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде баспанаға мұқтаж 16 515 азамат тұр. Жергілікті тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл облыс орталығында кезекте тұрған 222 отбасы арендалық баспанамен қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар жыл соңына дейін кезектегі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 1728 пәтерлі 20 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Бұдан бөлек 25 қазан – Республика күні мерекесінде Түркістан қаласында жалпы білім беретін 600 орындық мектеп пайдалануға берілді. №35 мектептің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, ұстаздарды, оқушыларды және ата-аналарды құттықтады.

Бұған дейін Баянауыл елді мекенінде мектеп болмағандықтан осы аумақтағы оқушылар №17, №21, №27 мектептерге қатынап оқыған болатын. Енді ол мәселе шешімін тапты. Облыс орталығындағы білім ұясының құрылысы 2023 жылы басталып, биыл аяқталды. Жаңа мектепке аталған білім ұяларынан ұстаздар мен оқушылар ауысады деп күтілуде. Сонымен қатар ата-аналар көрші ауылдардағы балаларын да осы мектепке оқытуға ниетті. Мөлтекауданданың басым бөлігі – көпбалалы отбасылар.

Оқушыларға есігі айқара ашылған жаңа №35 жалпы орта мектебі оқу кабинеттері мен құралдарымен қамтылған. Білім алуға толық жағдай жасалған.

Түркістан қаласында 4 мектептің құрылысы жүргізілді. Осыған дейін «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған 1 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Осы жоба аясында салынып жатқан тағы 2 мектептің құрылысы аяқталуға жақын.

Дәлірек айтсақ, Түркістан қаласында 25 қазан – Республика күні қарсаңында 2000 орынға есептелген алғашқы жайлы мектеп ашылды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен және қолдауымен салынған білім ұясының ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен білім саласының ардагерлері қатысты.

– Мемлекет басшысының бастамасымен бүгінгі таңда елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабылданып, заманауи, озық үлгідегі білім ошақтары салынуда. Бұл бастама апатты және үш ауысымдық мектептер мәселесін шешіп, оқушы орындарының тапшылығын жояды. Биыл облысымызда жалпы қуаттылығы 17 800 орынды құрайтын 29 жайлы мектептің құрылысы жүргізілуде. Бүгін оның алғашқысын ашқалы отырмыз. Сіздердің мектептеріңіз жай ғана жаңа ғимарат емес. Бұл – даму мен оқу үшін тамаша жағдайлар жасалған орын. Еліміздің болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Олардың оқуда озат болып, қоғамның барлық саласында биік белестерді бағындыруына тілектеспін. Жаңа білім ордасының ашылуы құтты болсын! – деді Дархан Сатыбалды.

Мемлекет тарапынан сапалы білім алуға барлық жағдайлар жасалуда. Оның ішінде Түркістан өңірінде ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Бүгін тапсырылған алып білім ұясы қаладағы 2 мектептегі жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Бірінші кезекте мұнда №28 мектеп-лицейінің оқушылары көшіп келді. Қазіргі таңда 66 педагог ауысу тәртібімен, 7 педагог конкурстық тәртіппен қабылданды. Оқушы санының толығуына қарай өзге де ұстаздар конкурстық рәсіммен қабылданады. Білікті ұстаздар арнайы іріктелген. Бұдан бөлек, қаржы, шаруашылық қызметкерлері жұмысқа алынған.

Түркістан қаласының Жаңа қала аумағында салынған 4 қабатты білім ордасындағы физика, химия, биология және робототехника кабинеттері заманауи жабдықтармен жабдықталған. Білім алушылардың жан-жақты дамуы үшін мектепте спорт залдары, шеберлік залдары, зертханалар мен демалыс аймақтары ұйымдастырылған. Жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылған. Бастауыш пен жоғары сынып оқушылары жекелеген блоктарда оқиды. Балалардың жас ерекшелігіне орай блоктардың әрқайсысы оқу сыныптарымен, санитарлық тораптармен, спорт залдарымен және жекешелеген кішкене шкафтармен қамтылған. Ерекше қажеттілігі бар балалар үшін инклюзивті кабинеттер, пандустар, жедел сатылар, арнайы бейімделген әжетханалар салынған.

Түркістан өңірінде білім саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Оқу-тәрбие жұмыстарына қолайлы жағдай жасау мақсатында облыс басшылығы барлық қажетті шараларды қабылдауда. Соның ішінде білім ошақтарының аумағы мен ғимарат ішінде оқушылардың қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз ету басты міндеттер қатарында. Биылғы жылдың өзінде мектептер бейнебақылау, дабыл жүйелерімен қамтылып, полицияның жедел басқару орталығымен интеграцияланды.

Айта кетейік, Президенттің тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында 29 мектеп салынуда. Оған қоса облыстық бюджеттен және арнайы қордың қаржы көздерінен 20 мектеп пен 1 музыкалық мектеп бой көтеруде. Оның ішінде төртеуі ел игілігіне тапсырылып үлгерді. Қалған мектептердің құрылысы жүріп жатыр. Жалпы 14 білім нысаны биыл тапсырылса, 7 мектептің құрылысы келесі жылға өтпелі. Түррлі жобалар мен қаржыландыру көздері есебінен екі жылда 50 білім нысаны пайдалануға берілгенде өңірдегі апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешімін таппақ.

Айта кетейік, Түркістан облысында жалпы орта білім беру мектептерінің саны 1055 болса, ондағы оқушылар саны 519 мыңнан асты. Екі жыл көлемінде облыста 50 мектеп салынады деп жоспарланып отыр.

Жә, баспана мәселесіне қайта оралайық. Республика күні мерекесі қарсаңында бүгін екі түркістандық мұқтаж отбасы баспаналы болды. Үйді «Үлес» қайырымдылық қоры салып берді. Бұл қайырымдылық қоры осымен өңірдегі 45-отбасыға үй сыйлап отыр.

Ізгі шараға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і басшысының орынбасары Ерназар Баетов, этномәдени бірлестіктерің мүшелері, ақсақалдар, БАҚ өкілдері қатысты.

Түркістан қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы, ұлағатты ұстаз Райымжан Қошқаров жұртшылыққа «Үлес» қоғамдық қоры арқылы жасаған қайырымды істерімен де жақсы таныс. Ол басқарып отырған қор 14 жылдан бері үй салып, баспанаға мұқтаж отбасыға тегін беріп келеді.

Еліміздің ұлық мерекесінде қуанышқа кенелген отбасының бірі – түркістандық Ф.Ахметжанова. Оның 3 ұлы, 1 қызы бар. Жолдасы көлік апатына ұшырап, қаза тапқан. Төрт бөлмелі өз баспанасының табалдырығын аттаған жалғызбасты ана қуаныштан көзіне жас алып, көмек қолын созған барша азаматтарға алғысын білдірді. Ал ақсақалдар құтты баспана болсын деген тілеулестікпен ақ баталарын берісті.

Аталған қордың көмегімен екінші баспана Сауран ауданына қарасты Жүйнек ауылындағы мұқтаж отбасыға берілді. Осы ауылдың атымтай жомарттары мен 2004 жылы бітірген мектеп түлектері бірлесіп, ескі үйдің орнына жаңа баспана салып берген. Шаңырақ иесі Ә. Хайдаров жақсылыққа жаны құмар жандарға алғысын жеткізіп, «Еліміз аман, егемендігіміз мәңгі болсын, әрбір шаңырақтан ырыс-береке кетпесін» деген тілегін айтты.

«Бірлік болмай, тірлік болмас» деген сөз бекер айтылмаған. Жанымызда қайырымды жігіттер қатары көбейді. Бізге әркім өз еркімен келеді. Бағалай білсек, жақсы адамдар көп. Жайдан жай, себепсіз ештеңе болмайды. Белгілі бір отбасына үй салып беретін кезде бәрі жан-жақты тексеріледі. Расында да ол отбасы мұқтаж ба? Негізінен, тұрмысы нашар, шиеттей бала-шағамен жесір қалған, ауылда тұратын мұқтаждарды баспаналы еттік. Түрлі тағдыр. Қырықтан аса үйдің кілтін тағдыры бір-біріне ұқсамайтын қаншама жандарға бердік. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген халық даналығы. Сауабы мол осы қайырымдылықтың бәрі менің достарымның, шәкірттерімнің, жалпы атсалысып отырған көпшіліктің ынтымағының нәтижесі», – дейді игі істің басы-қасында жүрген «Үлес» қайырымдылық қорының басшысы Райымжан Абдусаттарұлы.

Бүгінде «Үлес» қайырымдылық қорының 300-ге жуық мүшесі бар. Олардың басым бөлігі – он саусағынан өнер тамған ұсталар мен шеберлер, құрылысшылар, баспана салуға машықтанған мамандар. Яғни қайырымды жандар тікелей жұмысынан тыс уақытта салынып жатқан құрылысқа келіп қолұшын береді. Құрылыс материалдары да кейде қордың өзінен, кейде қайырымдылық акциялардың, демеушілердің есебінен жинақталады. Ынтымақ, бірліктің нәтижесінде имандылық ұйыған Түркістан қаласында көпке үлгі боларлық осындай игі істер атқарылып келеді.

Сонымен қатар бүгін түркі әлемінің рухани, мәдени орталығы – Түркістанда Қала күні мерекесінің гала-концерті өтті. Шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтеав, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысып, барша қонақтарды құттықтап, рухани астананың әлем назарын аударған әлеуетті шаһарға айнала беруін тіледі.

Салтанатты жиында Республика күні мерекесіне орай, өз саласында адал еңбек атқарып жүрген бір топ еңбек адамы арнайы марапатталды.

Кеште елімізге танымал эстрада жұлдыздары мен жергілікті талантты өнер иелері жиналған көпшілікке әннен шашу шашып, көтеріңкі көңіл сыйлады.

Биыл да Түркістан қаласының халқы мерейлі мерекесін кеңінен тойлады. Киелі шаһарда Қала күні онкүндік шаралармен өрнектеліп, әртүрлі бағытта аталып өтті. Республикалық футбол турнирінен басталып, суретшілер фестивалі, поэзия кеші, фото байқау, шахматтан ашық біріншілік және Яссауи хикметтерін жатқа айту, ұлттық және эстрадалық әндер концертімен жалғасты. Қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау, мерекелік көңіл күй сыйлау, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында өткен шаралар барлық секторда ұйымдастырылды.

Айта кетейік, бүгінде қала халқының саны 234 мыңнан асып отыр. Қалада инвестиция, өнеркәсіп, құрылыс, инфрақұрылым, туризм, білім, денсаулық, мәдениет, спорт салалары күн сайын қарқынды дамып келеді. Мәселен, жыл басынан бері Түркістан қаласына 273 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылғы көрсеткіштен 110 пайызға артқан. Туризм саласы бойынша өткен жылғы 7 айлық статистика бойынша Түркістанға 461,6 мың ішкі турист келсе, биыл бұл көрсеткіш 752,1 мың адамға жетті. Былтырғы 7 айда шетелден 6,1 мың адам келсе, биылғы 7 айда 13,7 мың адамға жеткен. Сәйкесінше, қонақ үйлер мен туристік нысандар саны да күн санап артуда. Ал ауыз су, кәріз жүйесі, электр қуатымен қамтамасы ету, абаттандыру, жол, қоғамдық көлік қызметінің сапасы жақсарып, «көгілдір отынмен» қамту 98 пайызға жеткен.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin