Түркістан қаласын сапалы көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр

Түркістан қаласының Әкімшілік-іскерлік орталықтың көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында жол құрылысы жұмыстары қарқынды атқарылып жатыр. Атап айтқанда, 30, 32, 36-шы көшелерге жол салу жұмыстары жүргізілуде. Жол құрылысының сапасы облыс әкімі мен салаға жауапты басшылардың тұрақты қадағалауында тұр.

Бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов салаға жауапты басшылармен бірге Түркістан қаласында құрылысы жүріп жатқан жол нысандарын аралап, жұмыс барысын бақылады. Мердігерлермен кездесіп, жұмыстың сапасы мен орындалу мерзімі бойынша бірқатар тапсырма жүктеді.

Қазіргі таңда «Каратас Майнинг» ЖШС тарапынан Әкімшілік-іскерлік орталығындағы 30-көшенің асфальт жабындысы төселіп, көгалдандыру жұмыстары басталып жатыр. Сонымен қатар 32-көшенің негізгі қабаты төселіп, алдағы уақытта көгалдандыру жұмыстары басталмақ. Бұдан бөлек, «Bazis Construction» ЖШС 36-көшенің құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде аталған көшенің негізгі қабаттары төселіп, асфальт жабындысын салу жұмыстары атқарылып жатыр. Бұл көше пайдалануға тапсырылған соң, Бекзат Саттарханов көшесіндегі, 9-шы және 11-ші көшелердегі көлік кептелістері азайып, Әкімшілік-іскерлік орталығы мен Түркістан халықаралық әуежайына баратын жолды байланыстыратын болады. Нысанның құрылыс жұмыстары 2025 жылға өтпелі.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары жауапты басшыларға жол құрылыс жұмыстарын тұрақты қадағалауға алуды, жол сапасын тексеретін арнайы мекемелермен «Жаңа қала» мөлтекауданы аумағындағы жаңа жолдардың жай-күйін қайта тексеруден өткізіп, кемшіліктерді кепілдік негізінде қалпына келтіруді тапсырды.

Биыл Түркістан аумағында құрылыс-жөндеу жұмыстарымен 1061,3 шақырым жолдар мен көшелер қамтылды. Оның ішінде, облыстық маңызы бар 379,5 шақырым жол болса, аудандық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы – 97,3 шақырым. Сондай-ақ елді мекендерде 584,4 шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Жыл соңына дейін 559,6 шақырым жол пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Жол демекші, Түркістан қаласындағы Байбұрт, Тоқаш Бокин, Әмір Темір, Т.Нышанов, Қазыбек би, Шекті тілеу, Сұлтанбек Қожанов көшеліріндегі жаяу жүргіншілер жолағы мен жол сызықтары жаңартылуда.

Қалалық «Түркістан жол қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мәліметіне сәйкес, ағымдағы жылдың соңғы 6 айында Бекзат Саттарханов даңғылы, Тәуке хан, О.Жарылқапов, Төле Би, Ораз Жандосов көшелерінің 123,28 шақырым жол сызығы, 7334 шаршы метр жаяу жүргіншілер жолағы, 31000 шаршы метр веложолақтардың бояуы жаңартылған.

Сондай-ақ оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында мектеп пен балабақшалар маңына 350 метрді құрайтын жол кедергісі қойылып, қажетті жол белгілермен қамтамасыз етілді. Жаңа оқу жылы қарсаңында қала мектептері маңындағы жаяу жүргіншілер жолағы жаңартылды.

Сонымен қатар Түркістан қаласындағы Әліби Жангелдин көшесін реконструкциялау жұмыстары аяқталды. 3,8 шақырымды құрайтын көше бойындағы екі жолақты жол төрт жолақты жолға кеңейтілді.

Аталған көшеге қара қиыршық тасты және ірі түйіршікті асфальт жабынын салу, аяқжол мен веложолдар, суағар науа мен жарықтандыру жүйесін орнату жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі таңда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көше бойында жол бөлу сызбалары бойынша жұмыстар атқарылуда.

Жалпы, нысан аяқталып, қолданысқа берілгеннен кейін индустриалды аймақтан шығатын ауыр жүк көліктерінің Батыс Еуропа-Батыс Қытай автодәлізіне кедергісіз шығуына, сол аумақта қатынайтын қалаішілік қоғамдық көлік бағыттарының жол жүру сызбаларын оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Орайы келгенде атап өтер тағы бір жайт, кеше шаһар басшысы Әзімбек Пазылбекұлы қалалық автопарктердің өкілдерімен мәжіліс өткізді.

Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары» бөлімі басшысының мәлімдеуінше, жалпы Түркістан қаласында 22 көлік бағытында 194 автобус жолаушыларға қызмет көрсетеді. Олардың 16 бағыты бойынша «Жолаушы» ЖШС, 6 бағытына «ТехПроАвто» ЖШС жауапты.

Автобустардағы жол жүру ақысы «AlemPay» электронды картасы арқылы 70 теңгені құрайды. Мектеп оқушылары дәл осы электронды карта арқылы жол ақысының 50%-ын ғана төлей алады. Яғни 7 жастан 18 жасқа дейінгі мектеп оқушылары карта арқылы автобус жол ақысының жартысын ғана төлеу мүмкіндігіне ие.

«AlemРay» төлем карталарын Түркістан қаласындағы «Қуаныш» базары аялдамасынан және «Қуаныш» базары кеңсе тауарлары павильонындағы (№52) сауда нүктелерінен алуға болады. Картаны банк қосымшалары немесе Киви терминалы арқылы толтырып, дайын картаны 2505 нөміріне тіркеп, жол ақысын төлейді.

— «Кешеден бері сектор тұрғындарымен кездесуді бастадым. Кездесуде негізгі көтерілген мәселелердің дені осы қоғамдық көлікке қатысты. Сондықтан да «Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары» бөлімінің жұмысымен танысқым келді. Алдағы уақытта автобустарға байланысты шағымдар ескерілсін. Жолаушыларға жағдай жасау сіздердің міндеттеріңіз», — деді Әзімбек Пазылбекұлы мәжілісте.

Расында да, қазанның 9-ында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы «Яссы» және «Шауғар» секторы тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар мәселелерін тыңдап, шешу жолдарын сала басшыларымен бірге талқылады.

Кездесуге қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, қалалық мәслихат депутаттары, жауапты қала әкімінің орынбасарлары және дербес бөлімдер мен тиісті мекеме басшылары қатысты.

«Яссы» және «Шауғар» тұрғын алабының халқы инфрақұрылым, жолдарды асфальттау, көшелерге видеокамералар орнату, көгалдандыру және қоғамдық көліктердің жүру уақытын реттеу, сонымен қатар білім саласына қатысты бірқатар мәселелерді көтерді.

Шауғар секторының тұрғындары жақын маңайға «банк автоматтарын» орнатып беруін, орталыққа барып келудің қиын екендігін айтып, шаһар басшысына өтініш білдірді. Тұрғындар мәселесін тыңдаған қала әкімі банк жүйесіне ұсыныс білдіріп, тез арада тұрғындарға қолайлы жағдай жасап беруді тапсырды.

Тазалық мәселесіне қатысты қойылған сұрақтарға шаһар басшысы жұмыстың кезең-кезеңімен орындалып жатқанын, қазіргі таңда қалада 300-ден аса тазалық қызметкері бар екенін, келесі жылы тазалық қызметкерлері санын арттырудың жоспарланғанын айтты. Ал, көгалдару жұмыстары қала бойынша 25 қазаннан басталатынын жеткізді.

«Айтылған өтініш-тілектеріңізді негізге ала отырып, көтерілген мәселелер бойынша тиісті мекемелер жұмыс істейді. Сала басшыларына тапсырма беремін, барлығы заң аясында шешіледі. Қала халқының өзекті сұрақтарын естісін деп бүгін өздеріңіз сайлаған халық қалаулыларын да осында шақырдым. Алдағы уақытта сіздермен жиі кездесіп, мәселеріңізді тыңдауға дайынмын. Жеке қабылдауыма да келсеңіздер болады», — деді Әзімбек Пазылбекұлы сектор тұрғындарымен кездесуде.

Сондай-ақ осы күні Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға қала әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары мен жауапты мекеме басшылары қатысты.

Қабылдауда азаматтардың негізгі көтерген мәселелері — тұрғын үй кезегіне тұру, қаладағы инфрақұрылым, жұмыссыздық, әлеуметтік көмек, тазалық және т.б. Шаһар басшысы 20-ға жуық тұрғынның мәселесін тыңдап, жауапты сала басшыларына тапсырма берді.

Әзімбек Пазылбекұлының алғашқы жеке қабылдауындағы тұрғындар тілегінің басым бөлігі дер кезінде шешімін тапты.

Қабылдауда ерекше күтімді қажет ететін отбасы мүшесіне арналған инватакси қарастыруды өтінген азаматтың мәселесі шешімін тауып, «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» бөліміне тапсырма берілді.

Жұмысқа орналастыруды сұраған тұрғындар мәселесі қалалық «Мансап» орталығына жолданды.

Барлық ұсыныстар мен талап-тілектер хаттама негізінде назарға алынып, заң аясында тиісті шешімдер қабылданатын болады.

Ең маңыздысы, Әзімбек Пазылбекұлы қала тұрғындарының өтініші бірінші кезекте орындалуы тиістігін ескертіп отырады. Мәселен, апта басында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Мәжілісте заңсыз орналасқан кәсіпкерлік нысандар, ретсіз жарнамалар, жер мәселесі, құрылыс нысандары мен жол құрылысы бойынша атқарылған жұмыстар талқыланды. Аралау жұмыстары нәтижесінде Қызылорда тас жолы бойындағы 27 ретсіз жарнама, Кентау тас жолы бойындағы 10 ретсіз жарнама жойылған.

Шаһар басшысы тиісті мекеме басшыларына қаладағы тазалық жұмыстарын күшейтіп, Полиция басқармасымен бірлесіп рейдтік шаралар ұйымдастыруды тапсырды.

Сондай-ақ, қоғамдық көліктердің интервалына шағымдар бар екенін, осы мәселені реттеу керектігін, Ақтөбе, Шәуілдір, Алматы бағытындағы жолдардың кемшіліктерін жоюды тапсырды.

— Әлеуметтік желідегі тұрғындар өтінішін өзім толық қадағалап отырамын. Қала тұрғындарының өтініштері бірінші кезекте қолға алынып, мәселері бойынша жұмыстар жүргізілуі керек. «1310» Бірыңғай байланыс орталығына да тұрғындардың сұрақ-өтініштері бойынша жүйелі қызмет етуді тапсырамын. Берілген тапсырмалардың сұрауы бар екенін қатаң ескертемін, — деп қорытындылады қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы.

Ал бүгін шаһар басшысы Әзімбек Пазылбекұлының халықпен кездесуі Бірлік, Отырар тұрғын алаптарында жалғасты. Кездесуде сектор тұрғындары қала әкіміне жол мәселесі, ойын алаңшалары, түнгі жарықтандыру, коммуналдық қызмет, білім саласы, тұрғын-үй, қоғамдық көлікке қатысты сауалдарын қойды.

Тұрғындардың талап-өтініштерін тыңдауға қала әкімінің орынбасарлары, қалалық мәслихат депутаттары, дербес бөлім басшылары мен тиісті мекеме басшылары қатысты.

«Бірлік» тұрғын алабының халқы көшелерін толық жарықтандырып, қауіпсіздік үшін бейнекамера орнатып беруін сұрайды. Сонымен қатар, мұндағы тұрғындарды тазалық пен жол сапасы да алаңдатады. Аталған сектор тұрғындарын тыңдаған шаһар басшысы мәселелерді шешуге тиісті бөлім басшыларына тапсырма берді.

Қала әкімі «Отырар» секторы тұрғындарының коммуналдық төлемге қатысты өтініштерінің заң аясында шешілетінін, балалар ойын алаңшаларының жоспарға сай орындалатынын айтты. Қоғамдық көлікте тегін жүруге мүмкіндік сұраған көпбалалы аналар мен ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға бұл мәселені қолға алғанын жеткізді.

— «Бүгін қаладағы автобустардың жайымен таныстым. Қоғамдық көліктерге жауапты облыс орталығындағы екі автобус паркінің басшыларын шақырып, жекелеген санаттағы азаматтардың қоғамдық көлікте тегін жүруі бойынша мәселені талқыладық. Алдағы уақытта бұл тақырыпта мамандар жұмыс істейді», — деді Әзімбек Пазылбекұлы өз сөзінде.

Сонымен қатар Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының «Сауран» және «Бекзат» секторы тұрғындарымен кездесуіне жүздеген адам жиналды. Шаһар басшысы тұрғын алаптардағы электр желісі, кәріз жүйесі, көгалдандыру, қоғамдық көлік пен білім саласына қатысты бірқатар мәселелерді тыңдады.

Кездесуге жауапты қала әкімінің орынбасарлары, қалалық мәслихат депутаттары, тиісті бөлім және мекеме басшылары қатысты.

Аталған тұрғын алап халқы жақын маңайдан мектеп пен емхана қажеттілігін жеткізді. Сондай-ақ, мұндағы тұрғындарды көшелердегі көгалдандыру жұмыстары мен қаңғыбас иттерден келетін қауіп те алаңдатады. Сонымен қатар, кәріз жүйесін ретке келтіріп, көшелерге асфальт төсеп, бағдаршам орнатуды сұрайды. Халықтың талап-тілегін тыңдаған Әзімбек Пазылбекұлы тиісті мекеме басшыларына ескерту жасап, мәселені шешуге тапсырма берді.

Осы және өзге де мәселелер бойынша айтылған сұрақтарға жауап берген қала әкімі тұрғындар мәселесінің кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын айтып, орындалуын өз бақылауына алатынын айтты.

Бұған дейін шаһар басшысы Әзімбек Пазылбекұлы «Бірлік», «Отырар», «Шауғар», «Яссы» секторы тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдаған болатын.

Бұдан бөлек қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты.

Қазіргі таңда Түркістан қаласында 53 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Оның 16-сы биыл халық игілігіне беріледі деп жоспарлануда.

Тұрғын үй дегеннен шығады, 2-3 күн бұрын Түркістан облысының сәулеттік жобалар жөніндегі кеңесінің кезекті жиыны өтті. Жиналыста Түркістан қаласы мен облыс аумағында бой көтеретін нысандардың сыртқы кескіні, сәулеті талқыланды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жобалардың шикі тұстарына тоқталып, жауаптыларға жұмысты толықтыруды тапсырды.

– Әр қаланың, орталықтың даму жоспары жүйеленіп, тұрақты түрде қадағаланып тұруы тиіс. Жер телімдерін өте тиімді әрі үнемдеп қолдану керек. Жерді алып, жұмысын бастамай жүрген кәсіпкерлерден жер қайтарылады. Түркістанның кіреберіс тұстары сапалы әрі әсем үйлермен көмкеріліп, абаттандырылуы керек. Ұсыныстар беріңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.

Жиналыста Түркістан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлыжан Букебаев пен Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы алда жүзеге асатын жобалар туралы баяндады. Атап айтқанда, Бекзат Саттарханов даңғылының бойындағы айналма жолды реттеу, әкімшілік-іскерлік орталығына 5, 7 қабатты үйлер салу, «Тұңғыш президент саябағының» жан-жағын ашу, Инновациялық технологиялық университет ғимаратын салу және өзге де мәселелер талқыланды. Құрылыс жұмыстары тұрақты бақылауда болады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin