Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 20 үйдің, нақтырақ айтсақ, жалпы 1716 пәтердің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 16 үйді (1376 пәтер) жыл соңына дейін сатып алу жоспарланған. Шаһардағы 4 үй (340 пәтер) 2025 жылға өтпелі.
Жалпы, Түркістан облысында тұрғындарды арендалық үймен қамту жұмысы қарқынды түрде жалғасып келеді. 2024 жылдың жоспары бойынша облыс көлемінде 2590 пәтерлі арендалық тұрғын үйлерді сатып алуға 47,5 миллиард теңге бөлінген. Бөлінген қаржыға облыс бойынша 191 мың шаршы метрден асатын 247 көпқабатты тұрғын үй сатып алу көзделген. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте тұрғын үйлердің құрылыс барысы пысықталып, мәселелер талқыланды. Өңір басшысы жұмысты дұрыс үйлестіре алмаған аудан һәм қала әкімдері мен басқарма басшыларына және мердігерлерге сын-ескертпе айтып, жұмысты ширатуды тапсырды.
– Үйлердің құрылысы сапалы әрі уақтылы аяқталуы тиіс. Мен жұмыстарды қысқа дейін бітіруді тапсырғанмын. Бюджет қаржысын тиімді игеріп, үйлерді жыл соңына дейін толық тапсырыңыздар. Бұл үйлерді ел күтіп отыр. Талай тұрғын үй кезегінде тұр. Сондықтан жұмысты жауапкершілікпен атқарыңыздар. Үйлердің қасбетін бір үлгіде жасау мәселесі назардан түспеуі тиіс. Абаттандыру жұмыстарын да сапалы орындау қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абай Тұрхановтың айтуынша, бүгінгі таңда 935 пәтер сатып алынған (Жетісай ауданы – 2, Қазығұрт ауданы – 16, Мақтаарал ауданы – 43, Ордабасы ауданы – 12, Созақ ауданы – 24, Шардара ауданы – 24, Кентау қаласы – 30, Түркістан қаласы– 768, Сауран ауданы – 16). Жоспарға сәйкес қараша айында 616 пәтер, ал желтоқсан айында 1039 пәтер сатып алынады деп күтіліп отыр. Бұл нысандардың құрылысы қатаң бақылауға алынған.
Құрылыс жұмыстары 12 ауданда (882 пәтер) қарқынды жүргізілуде. Негізгі жұмыстары аяқталып, әрлеу жұмыстары 80 пайызға атқарылған. Ал 3 ауданда 4 үйдің (88 пәтер) құрылыс қарқыны төмен. Атап айтқанда, Бәйдібек, Сайрам және Сауран аудандарындағы ғимараттар кестеден кешігіп жатыр. Аталған аудандардың әкімдеріне тиісті сын-ескертпе айтылып, жұмысты ширату тапсырылды. Жұмысшылар саның көбейтіп, құрылысты екі ауысымда ұйымдастыру міндеттелді. Мәжілісте жауапты мердігер мекеме басшыларының да есептері тыңдалып, оларға жұмысты ширату жөнінде тапсырма берілді.
Атап өтер жайт, республика бойынша тұрғын үй кезегінде 650 мыңға жуық азамат тіркелсе, оның 65 мыңнан астамы Түркістан облысының азаматтары болып табылады. Бұл — елдегі ең үлкен көрсеткіш. Баспана кезегінде тұрғандардың басым бөлігі — көпбалалы отбасылар, әлеуметтік осал топтағылар. Биыл тұрғындарды баспанамен қамту үшін 2 469 пәтер сатып алуға республикалық және облыс қазынасынан 44,8 миллиард теңге бөлінген.
Оның ішінде «Тұрғын үй-моммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында 500-ден астам пәтер сатып алуға қаражат бағытталады. Пәтерлер аудан, қалаларда кезекте тұрғандар санына теңдей бөлінуде. Бағдарлама бойынша тұрғын үйдің 1 шаршы метрін сатып алу құны 300 мың теңгеден асады.
Естеріңізде болса, қыркүйек айының басында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте халықты баспанамен қамту, арендалық тұрғын үй сатып алу туралы жан-жақты талқыланған-ды. Бұл бағыттардағы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев баяндаған еді.
Бүгінгі таңда Түркістан қаласындағы 20 көпқабатты тұрғын үйден 1628 пәтер сатып алынған. Аудан, қалалардан 1000-ға жуық баспана сатып алынады. Тағы 2469 пәтер республикалық қазынадан бөлінген қаражатқа сатып алу көзделген. Аудан, қала тарапынан 3037 пәтердің құрылысы жүріп жатыр.
Салынып жатқан үйлердің сапасы қатаң бақылауда тұр. Облыс басшылығы тарапынан құрылыс алаңдарын аралау барысында жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілген. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасына баса мән беріп, жұмыс қарқынын күшейтуді тапсырды.
Мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, ауыл, қала тұрғындарын баспанамен қамту жұмыстарын ширату керек. Құрылыс сапасын басты назарда ұстаңыздар. Әсіресе, республикалық, облыстық маңызы бар жолдардың бойына инфрақұрылымды жетілдіріп, көпқабатты үйлер салған жөн. Сыртқы көріністері де бір үлгіде жасақталғаны жөн, – деді Дархан Сатыбалды.
Бекітілген ережеге сәйкес, тұрғын үй құрылысына бөлінетін жер учаскелері аукцион арқылы тұрғын үй мақсатында бөлінеді. Құрылысшы тиісті құжаттар әзірлеп, тұрғын үйді салады. Дайын үйлерді әкімдік мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы сатып алып, кезекте тұрған азаматтарға ұсынады.
Назар аударарлығы, құрылыс жұмыстарының (қызметтерінің) көлемі 343310,5 миллион теңгені немесе 2023 жылғы қаңтар-қазанмен салыстырғанда 131,4%-ды құрады.
2024 жылғы қаңтар-қазанда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 7,8% өсіп, 844,7 мың шаршы метрді құрады, олардан жеке тұрғын үйлер – 29,7% (718,3 мың шаршы метр), ал көппәтерлі тұрғын үйлер 47,3%-ға кеміді (121,1 мың шаршы метр). Бұдан бөлек, жалпы алаңы 5,3 мың шаршы метр жатақхана пайдалануға берілді.
Облыста құрылыс саласы қарқынды дамуда. Құрылыс жұмыстарының көлемі алдыңғы жылы 407,5 миллиард теңгені құрады. 898,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 3 мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болды.
2024 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында құрылыс жұмыстарының көлемі 320,2 миллиард теңгені немесе өткен жылдың тиісті кезеңіне 132,6%-ды құрады. Өңірдегі пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 788,2 мың шаршы метрді құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 117,7%-ды құрады. Осы жылдың соңына дейін 500 мыңға жуық шаршы метр 219 көпқабатты үйді тапсыру көзделген. Соның нәтижесінде, кезекте тұрған жалпы 5 мыңға жуық отбасының баспана мәселесі шешілетін болады.
Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесінің берілуі шаһардың дамуына серпін берді. «Жаңа қала» шағын ауданы пайда болып, онда заманауи көпқабатты тұрғын үй кешендері бой көтеруде. Жаңа тұрғын үй салу кезінде қаланың сәулеттiк келбетін сақтау үшiн құрылысқа қойылатын белгіленген талаптар, яғни, шығыс үлгісінде болуы және биіктігі 7 метрден аспауы қадағаланады. Түркістан қаласында бой көтеретін әрбір құрылыс нысандарының сәулеттік жобасы тұрақты түрде Түркістан қаласының «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінде келісуден өткізіліп, құрылыс нысандарының сәулеті тұрақты бақылауда болады.
2024 жылдың 9 айында құрылыс жұмыстарының қарқыны 10,1%-ға дейін артқаны байқалады. Өсімнің жоғары көрсеткіштері Мемлекет басшысының тұрғын үй құрылысы, көлік және әлеуметтік инфрақұрылым құрылысы, сондай-ақ инженерлік желілерді жаңғырту жөніндегі төрт ауқымды бастамасын іске асырудың арқасында қамтамасыз етілгені анық. Түнеугүнгі Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров атап өткендей, оң динамика 18 өңірде тіркелген, бұл ретте құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Қызылорда, Қарағанды, Түркістан, сондай-ақ Жетісу және Абай облыстарында байқалады.
Биылғы қаңтар-қыркүйекте 12,4 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың тиісті кезеңінен 6,2%-ға артық. Ең жоғары көрсеткіштер Шымкент қаласында, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Түркістан облыстарында байқалады.
Жалпы, елімізде мамандар тұрғын үй тапшылығы туындауы мүмкін екенін айтып, жиі дабыл қағып жүр. Соңғы 3 жылда Қазақстанда қанша тұрғын үй пайдалануға берілді, оның ішінде қай облыстар алда тұр?
Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, соңғы 3 жылда (2021-2023 жылдары) республикада жалпы ауданы 50 миллион шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер пайдалануға берілген. Оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы – 20 миллион шаршы метр және көп пәтерлі тұрғын үй кешені 30 миллион шаршы метрді құрайды.
«Биыл елімізде тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 15,5 миллион шаршы метрден 18 миллион шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ пайдалануға берілген 439 752 пәтердің 113 871-ін тұрғындар салған. Статистика бойынша, 2021 жылы – 149 497 пәтер, оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы – 40 785 пәтер, 2022 жылы – 133 195 пәтер, оның ішінде, жеке тұрғын үй құрылысы – 38 201 пәтер, 2023 жылы – 157 060 пәтер, оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы бойынша – 34 881 пәтер салынды «, – дейді сала жауаптылары.
Салыстырмалы түрде айтсақ, 2021 жылдың қорытындысы бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйлердің үздік үштігіне Шымкент қаласы (1012,4 мың шаршы метр), Қарағанды облысы (663,3 мың шаршы метр) және Қостанай облысы кірген екен.
Ал 2022 жылдың қорытындысы бойынша Павлодар облысы (488,1 мың шаршы метр) мен Шығыс Қазақстан облысы (320,5 мың шаршы метр) алдыңғы орында еді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Астана – 158,1 пайызбен (3 810,1 мың шаршы метр), Алматы – 130,7 пайызбен (2 502,2 мың шаршы метр), Ұлытау облысы 131,6 пайызбен (82,7 мың шаршы метр) алға шыққан.
Ал биыл 170 мың тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Ал қаңтар-тамыз айларындағы көрсеткіш бойынша 93 658 тұрғын үй пайдалануға берілді. 8 айдың қорытындысына сәйкес республиканың 18 өңірінде пайдалануға берілген тұрғын үйлердің өсімі тіркелді. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру бойынша Шымкент қаласы (27,3 пайызға – 649,1 мың шаршы метр) көш бастап тұр.
Одан кейінгі орында Жетісу облысы (20,6 пайыз – 150,2 мың шаршы метр), Қарағанды (18,8 пайыз – 330,9 мың шаршы метр), Павлодар облысы (16,5 пайыз – 203,9 мың шаршы метр), Абай облысы (14,4 пайыз – 189,8 мың шаршы метр) және Атырау облысы (13,5 пайыз – 416,6 мың шаршы метр) тұр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.