Түркістан қаласы: Бес аптаға жоспарланған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында шаһардың жасыл аймағы қанат жайып келеді

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен басталған республикалық экологиялық акция бес түрлі апталыққа бөлінген болатын. Әр апталықта әр өңір табиғатқа қамқорлық шараларын өткізіп, экологияның жақсаруына атсалысуда.

– Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет. Лас елге қонақ ретінде, инвестор ретінде ешкім келмейді. Бірақ, ең алдымен, Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек. Бұл күнделікті өмір салтына айналуы қажет. Сондай-ақ бұл жұмыс елорда және ірі қалаларда ғана емес, шағын қалаларда, аудандар мен ауылдарда да ұдайы ұйымдастырылады. Бүкіл Қазақстанды таза ұстау өзімізге, жастарға байланысты. Мен жастарға сенемін. Сондықтан жастарға зор үмітпен қараймын, – деген-ді Мемлекет басшысы.

Президент заң мен тәртіп үстемдігі бәріне қатысты екенін айтып, вандализммен батыл түрде күресу қажет екеніне назар аударды. 

– Біз өз елімізді мақтан тұтуға тиіспіз. Мейлі ол көше, аула немесе үйлердің кіреберісі болсын, бәріне ұқыпты қарауымыз қажет. Вандалдармен табанды түрде күресу керек. Сондай-ақ олардың заң жүзінде қатаң жазаланатынын айттым. Әр нәрсенің шегі бар. Әйтпесе, бәрін бүлдіріп алып, кейіннен кешірім сұрайды. Елімізде тәртіп болуы керек. Заңды сақтау қажет, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Елішілік шараның шеңберінде аулаларды абаттандыру, көшет отырғызып, көгалды аймақ көлемін ұлғайту көзделген. Облыс орталығында көгалдандыру жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Шаһардың жасыл аймағын ұлғайту мақсатында көктем мезгілінде 104 300 дана ағаш егілген. Олар: терек, емен, ива, үйеңкі, катальпа, можжевельник, кіші жапырақты қарағаш, өрік, аморфа сынды ағаш түрлері.

Одан бөлек, орталықтағы сквер, саябақ, аллеяларда 200 мың дана көпжылдық, біржылдық гүл түрлері отырғызылды. Аталған жұмыстарға 300-ге жуық маман мен 34 техника жұмылдырылған.

Өткен жылғы көрсеткіштерге тоқталар болсақ, шаһар аумағында көктем мезгілінде эустома, тәжігүл, шафран, шалфей, циннея, гейхера, гортензия, раушан, микс сынды жалпы 34 036 дана гүл егілген. Ал күз мезгілінде раушан гүл, хризантема, гортензия, қызғалдақ сынды жалпы саны 94 000 дана гүл егілген болатын.

Бүгінде облыс орталығында республикалық акцияға үлес қосуға ниетті мекемелер, секторлар көпжылдық және біржылдық гүл көшеттерін егуді жоспарлауда.

Естеріңізде болса, түнеугүні облыс орталығындағы оқу орындары мен мектептер «Жасыл аймақ» апталығының челленджін бастаған болатын. Республикалық экоакцияның үшінші апталағында челленджді М. Абенова атындағы жалпы орта мектебі бастады. Мектеп оқушылары мен ұстаздары бірігіп мекеме ауласында біржылдық және көпжылдық гүлдер екті. Ағаш түптерін қопсытып, әктеп, көгалды аймағында абаттандыру жұмыстарын жасады. Шара соңында «Таза қала, таза ауа!» ұранымен челлендж жолдап, түркістандықтарды экоакцияда белсенділік көрсетуге шақырды.

Иә, дана бабаларымыз «Бұлақ көзін ашып, көзіңді қалдыр, жақсылық-мұра шашып, ізіңді қалдыр, бау-бақша, тал өсіріп, өзіңді қалдыр», – деп мұра еткендей, түркістандық ардагерлер “Парасат” саябағында жиналып, ағаш отырғызды. Енді мұнда бозаршалар тізілген аллея бар.

Шараға қалалық «Ардагерлер алқасы» мүшелері мен жастар және өзге ұлт өкілдері қатысты. Акцияна қолдауға келген азаматтар бірігіп, 100 дана арша ағашын егіп, түркістандықтарды акцияға белсене қатысуға шақырды.

Жалпы, арша ағашы туралы не білеміз?

Мамандардың мәлімдеуінше, арша бөлетін фитоноцидтер ауаны тазалайды. Жылына орта есеппен 1 тоннадан аса шаңды жұтып, айналасына 1,5 мың литр оттегі бөліп шығарады екен. Арша орманының 1 гектары жылына 18 миллион текше метр ауаны көміртегі газынан тазартып, 50-65 тоннаға дейін шаң-тозаңды зиянды газдардан арылтып, сүзіп отыратын көрінеді. Аршаны ел ішінде “денсаулық ағашы» деп те атайтын көрінеді.

Айта өтейік, Түркістан қалалық Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ұжымы да республикалық «Таза Қазақстан» экоакциясына белсенді атсалысуда. Мамандар орталықтың ауласына абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, ағаш түптерін қопсытты. Көгалды аумақты реттеді. Сондай-ақ, келушілерге жайлы жағдай жасау мақсатында көпжылдық және біржылдық гүл көшеттерін екті.

Орталық мамандары шара барысында осындай акциялардың жүйелі ұйымдастырылатынын айтып, қала тазалығы мәдениетін қалыптастыруда, табиғатты аялауда эко- акцияның берері мол екенін жеткізді.

Республикалық экоакцияға түркістандық әжелер де өз үлестерін қосты. Облыс орталығында орналасқан жаңа ботаникалық бақта қалалық Әжелер алқасының мүшелері тропикалық өсімдіктер мен гүлдерді отырғызды. Мамандар егілген гүлдердің ең кемі 200 жыл жайқалып тұратындығын жеткізді.

Акцияға қатысқан Әжелер алқасының мүшесі Рыс Ташметованың сөзінше, 6 сәуірде басталған акцияға түркістандықтар белсенді түрде қатысып келеді. Сонымен қатар, шара барысында барша түркістандықтарды экоакцияға белсенді түрде қатысуға шақырды. Одан бөлек, қалада көшеттер отырғызылып, ағаштардың түптері әктелуде.

Атап өтер тағы бір жайт, «Таза Қазақстан» акциясы барысында Түркістанда ауқымды экологиялық іс-шаралар өтті. Тарихи шаһар кезекті рет жасыл желекпен толықтырылды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Жібек жолы» саябағында көпшілікпен бірге көшет егіп, тұрғындарды экобелсенді болуға үнемі шақырады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Таза Қазақстан» акциясы науқандық емес, тұрақты дағдыға айналатын бастама екенін айтты. Біз өңірімізде көгалдандыру, абаттандыру және тазалық жұмыстарын тұрақты түрде жалғастырамыз. Қоршаған ортаны таза ұстау, экологияны жақсартуға үлес қосу – бәріміздің парызымыз. Бүгін отырғызған көшеттеріміз жайқалып өсіп, жазда тұрғындар мен қонақтарға сая бола берсін, – дейді Дархан Сатыбалды.

Экоакцияға Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков, қалалық мәслихат депутаттары, медицина мен білім мекемелері, полиция және төтенше жағдай қызметі өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Сонымен бірге «Шапағат» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, оқушылар, студенттер, жергілікті футболшылар, құрылысшылар, тазалыққа жауапты мекеме жұмысшылары, Халыққа қызмет көрсету орталығы мен «Қазақстан темір жолы» мекемесінің өкілдері де белсене атсалысты. Саябақ аумағына 100-ден аса ағаш көшеті отырғызылды.

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы өте жоғары деңгейде жалғасып жатыр. Мыңдаған көшет отырғызылып, елді мекендер мен көшелер тазаланды. «Киелі мекен» апталығында қасиетті орындар мен ескерткіштер маңы тазаланып, туристік нысандардың ажары ашыла түсті.

Облыс орталығының тұрғындары республикалық экоакцияның барлық апталығына белсенді қатысты.

Қала жастары экошараны қолдап, түркістандық Ұлы Отан соғысы ардагері Немат Абдрасиловтың үйінде болды. Ақсақалдың бау-бақшасында көктемгі күтім жұмыстарын жасап, тазалық жүргізді. Көгалды аумағында ағаш түптерін қопсытып, үй қоршауларын бояды.

Ардагер жастарға батасын беріп, ризашылығын білдірді. Экоакцияның жүйелі өткізілуін қолдайтынын жеткізді.

Бұған дейін тазалық акциясы басталғалы қалада 30-дан аса сенбілік өткізіліп, 500 тонна қоқыс жиналды. Жасыл желек аумағы ұлғайып, шаһар көркі үшін егілген гүлдер саны 3500 көшетпен, 4700 түп ағашпен толықты.

Айта кетсек, өткен жылы қала аумағында көктем мезгілінде эустома, тәжігүл, шафран, шалфей, циннея, гейхера, гортензия, раушан, микс сынды жалпы 34 036 дана гүл егілген. Ал күз мезгілінде раушан гүл, хризантема, гортензия, қызғалдақ сынды жалпы саны 94 000 дана гүл егілген болатын.

Түйіндей айтсақ, «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» апталықтарында 1408 ауқымды іс-шара өткізіліп, оған 67 мыңнан астам тұрғын қатысты.

Сондай-ақ облыс бойынша 150 мың түп ағаш отырғызылып, 175 мыңға жуық ағаш әктелді. Сонымен қатар 40 024 шаршы метр жаяу жүргіншілер жолы тазартылып, 346 саябақ пен сквер ретке келтірілді. Қаланың барлық аудандарында 302 мыңнан астам жеке тұрғын үйлер мен 1767 әлеуметтік нысанның аулалары тазартылып, су мен өзендерді тазарту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 3 981 тонна қоқыс шығарылды. Айта кетерлігі, тазалық және абаттандыру жұмыстары жыл соңына дейін жалғасатын болады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin