Түркістан қаласы — Түркі әлемінің 2024 жылғы туризм астанасы: Шаһар әкімі ашық алаңда ашық әңгіме құрды

Түркістанды шын мәнінде туристік астанаға айналдыру бағытында қалада жергілікті билік тарапынан қарқынды тірлік атқарылып жатыр. Қала тірі ағза секілді, ол тек қала әкімдігінің қалауымен емес, тұрғындардың ұсыныс-тілектерімен де өседі, дамиды.  Осыған орай бүгін Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков “Яссы” секторындағы О.Тілепов көшесінің тұрғындарымен кездесіп, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.

— Мақсатым — атқарылған жұмыстар бойынша пікірлеріңізді тыңдау, кемшіліктер болса — өздеріңізден есіту. Біз таяу уақытта келесі жылдың жоспарын нақтылаймыз. Мәселелердің барлығын саралап, өзектілігіне сәйкес кезектілігін бекітуіміз керек. Айтылған барлық өтініштеріңіз назардан тыс қалмайды, тек қаржылық мүмкіндіктерге қарай мерзімі ұзауы ықтимал, — деді қала басшысы өз сөзінде.

Тұрғындар шаһар басшысына мұның алдында көтерілген түйткілдердің түйіні тарқатылып келетінін айтып, алғыстарын жеткізді. Бүгінгі кездесуде көтерілген мәселелер — ескірген бағаналарды алу, бос жатқан алаңқайға балалар алаңшасын салу, жолдарға асфальт төсеу және жол белгілерін орнату жайы айтылды. Тұйық көшелерге жарықшам орнату қажеттілігі де қозғалды.

Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің секторлардағы кездесуі жалғасуда. Бірлік секторының тұрғындары жобадан тыс қалған үйлерді газдандыру, көшелерді көгалдандыру, су ұңғымасын қазу және екі көше аралығын қосатын жол өткелін салу бойынша ұсыныстарын жеткізді.

Нұрбол Әбдісаттарұлы қала аумағындағы жаңа құрылыстарға және жобадан тыс қалған үйлерге газ құбырын тартуға бюджеттік өтінім ұсынылғанын айтты. Кездесу барысында көтерілген мәселелердің алдымен заңдылығы сараланып, кейін шешім қабылданатынын да жеткізді.

Ұсыныстар бойынша жауапты мамандарға нақты тапсырмалар беріп, орындалуын бақылауға қойды.

Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің “Бекзат” секторында тұрғындармен өткен бүгінгі кездесуі барысында өз ризашылығын біл­ді­ргендер де, көкейлеріндегі ой-пікірлері мен ұсыныстарын айтқандар да, кей мәселелерге қатысты шағымын жеткізгендер де болды.

Азаматтардың талап-тілегін тыңдаған шаһар басшысы өтініштердің бірде-бірі назардан тыс қалмайтынын баса айтты.

Әкімнің екі жыл бұрын бұл аумақта өткізген алғашқы кездесуімен салыстырғанда өтініштердің са­ны да азайып, азаматтардың арыз­дарында көтерілетін мәсе­ле­лердің сипаты да өзгерген.

Бүгінгі басқосуда тұрғындар емханада дәрігер мамандардың тапшылығын тілге тиек етті. “Бекзат” секторынан “Отырар” шағынауданына қоғамдық көлік бағытын ашуды, №3, №31А қоғамдық көлік бағыттарын қайта іске қосуды сұрады.

Ғабиден Мұстафин мен Мағжан Жұмабаев көшелеріндегі электр желісі мен ауыз су жүйесінің құбырларын жаңарту мәселесі көтеріліп, Қойшыбаев көшесінде мешіттің жанындағы ойын алаңшасына демалатын орын жасақтау ұсынылды.

Сонымен қатар, кәріз жүйесін жүргізу, қосымша аялдамалар, балалар ойын алаңшасын орнату, жолға асфальт төсеу жайы қозғалды.

Нұрбол Әбдісаттарұлы биыл сектор аумағында кәріз жүйесінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанын, жолдарға асфальт осы жоба аяқталып, бір жыл табиғи тапталу кезеңінен өткеннен соң ғана төселетінін айтып өтті. Әзірге жолдарға тек тас төселетіні түсіндірілді.

Қала әкімі жауапты мамандарға барлық өтініштер бойынша тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізуді, заңдылығын саралап, мүмкіндіктерді қарастыруды тапсырды.

Ал кеше қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков кезекті аппараттық мәжілісте салық түсімдерінің орындалуы, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы бойынша сала жетекшілерінің баяндамасын тыңдады. Көтерілген мәселелерге қатысты бірқатар тапсырманы айқындап, жауаптыларды бекітті.

Қалалық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Жеңіс Төлепбергенов Түркістан қаласында тіркелген 193 Үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі зерделенгенін, нәтижесінде басқа өңірге қоныс аударған, қызметін тоқтатқан ұйымдар анықталғанын баяндады. Бұл өз кезегінде Ұлттық дерекқорға есеп тапсыру барысында қиындық туғызатынын жеткізді.

Нұрбол Әбдісаттарұлы бөлім басшысына қалалық кірістер және қалалық полиция басқармасымен тығыз байланыста жұмыс атқару, белсенді ұйымдармен жұмысты жүйелеу қажеттігін атап өтті.

Қалалық Полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Мұратовтың мәлімдеуінше, 18-25 мамыр аралығында қала аумағында ортақ пайдалану орындарын ластау (ӘҚБтК 434-2 бабы) дерегімен 133, абаттандыру қағидатын бұзу (ӘҚБтК 505-бабы) дерегімен 48, Жол жабындысын бүлдіру (ӘҚБтК 630-бабы) дерегімен 16 әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынған.

Бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Мұхтар Төлепов жыл басынан бері «Кедергісіз кәсіпкерлік» жобасы аясында 225 кәсіпкерге қолдау көрсетілгенін айтып, бағыттарына тоқталды. Атап айтсақ, 134 кәсіпкерге құжаттандыру заңдылығы бойынша кеңес берілген, жұмысын жаңадан бастаған 81 кәсіпкерлік нысан сүйемелденіп, заң талаптарына сай жұмыс атқаруда.

Сонымен қатар, қаламызға, индустриалды аймаққа және арнайы экономикалық аймаққа инвесторлар тарту мәселесіне тоқталып, ұсынылған жобалармен таныстырды.

Аппараттық мәжілісте тапсырмалардың орындалуы бойынша жауапты бөлім басшыларының есебі тыңдалып, нәтижесінде тапсырма-жоспар жаңартылып қайта бекітілді.

Облыс орталығынан тағы бір ақпар, кеше облыс орталығында дәстүрлі өтетін ашық алаң ойындарының кезекті жарыс күні қорытындыланды. Кестеге сәйкес, қатысушылар футбол, белтемірге тартылу және ләңгі тебуден жарысқа түсіп, жеңімпазды анықтады. Жарыстың ең жас қатысушысы 6 жаста болса, ең үлкені 28 жастағы қала тұрғыны ләңгі теуіп бақ сынады. 300-ге жуық тұрғын қатысқан жарыс жеңімпаздарына қала әкімінің арнайы сыйлықтары табысталды.

Ал бүгін ашық алаң ойындарының кезекті жарыс күнінде 300-ге тарта тұрғын қатысты. Жарыста тұрғындар футбол, белтемірге тартылу және ләңгі тебуден жарысқа түсті. Жарыстың ең жас қатысушысы 6 жаста болса, ең үлкені 57 жастағы қала тұрғыны ләңгі теуіп сынға түсті. Айта кетейік, ашық алаң ойындары ертең Бірлік секторының Керей хан көшесіндегі ашық алаңда жалғасады. Онда қатысушылар ләңгі теуіп, белтемірге тартылу және асық ату мен дойбыдан жарысады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin