Түркістан қаласы — Түркі әлемінің 2024 жылғы туризм астанасы: Үкімет Парламентке Түркістан қаласына рухани-мәдени және тарихи орталық ретінде дамыту үшін ерекше мәртебе беру туралы заң жобасын ұсынады

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасын Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу туралы қаулыға қол қойды. Заң жобасы Мемлекет басшысының Түркістан облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмаларын іске асыру үшін әзірленді.

Құжат Түркістанның Қазақстанның рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде қалыптасуы мен дамуының, сондай-ақ оның мемлекеттік маңызын танудың құқықтық негіздерін белгілейді.

Заңның қабылдануы қаланың тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштері мен объектілерін, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бүкіләлемдік мұра объектісі ретіндегі қорғау аумағында орналасқан ескерткіштерді, басқарудың, сақтаудың, олардың тұтастығын қолдаудың оңтайлы жүйесін құруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, кесене аумағында ғылыми археологиялық зерттеулер мен ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жоспарлау мен басқаруға мүмкіндік жасайды.

Сондай-ақ заң жобасы мәдени мұраны сақтау және жаңғырту, дәстүрлі қолөнерді дамытуды, Түркістан қаласын рухани-мәдени, тарихи және туристік орталық ретінде дамыту және ілгерілетуді көздейді.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтау, оның айналасында бөтен құрылыс элементтеріне, көше желілерін өзгертуге жол бермеу мақсатында тарихи орталықтың құрылысын реттеу аймағында биіктігі 7 метрден асатын, сондай-ақ тарихи ескерткіштермен ауқымы, түсі және құрылыс материалдарымен үйлеспейтін объектілердің құрылысына жол берілмейді.

Жалпы, Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау және қорғау үшін әрбір объектіге тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заңнамаға сәйкес олардың қорғау аймақтары белгіленеді. Бұдан бөлек, қаланың бас жоспарына енгізілетін тарихи-сәулет тірек жоспарлары мен тарихи-мәдени мұра объектілерінің тиісті жергілікті жердің карта-схемалары жасалады.

Бұл ретте қала аумағында тарихи-мәдени мұра объектілеріне қауіп төндіретін құрылыс, шаруашылық қызметті жүргізуге тыйым салынады.

Археология ескерткіштерінің тұтастығын, түпнұсқалығын, құндылығын болашақ ұрпақ үшін сақтау мақсатында Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерваты құрылады. Археология ескерткіштерінің резерватына енгізілген ескерткіштерге қатысты қорғау саясаты археология ескерткішін тұрақты инспекциялау, оны алдын ала күтім жасау және оны қолдау бағдарламаларын пайдалануға негізделеді.

Сондай-ақ ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу туралы қаулыға қол қойды.

Заң жобасы Түркістан қаласының Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тиімді институционалдық орта құру үшін уәкілетті органдардың, сондай-ақ жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыреттерін кеңейтуге бағытталған.

Заң жобасы шеңберінде жер пайдалану құқығын беру, туристік қызметті жүзеге асыру, Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын қалыптастыру және басқа да мәселелер бойынша қосымша құзыреттер беру ұсынылады.

Еске сала кетейік, 2021 жылы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінің қорытындысы бойынша Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани астанасы деп тану туралы шешім қабылданған болатын.

Анықтама үшін назарларыңызға ұсына өтсек, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұра тізіміне енгізілген, 1972 жылғы Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенцияның ережелеріне сәйкес қорғалуға жататын ескерткіш болып табылады. 

Республикалық маңызы бар ескерткіштер қатарына ежелгі Түркістан қалашығы, Күлтөбе қалашығы, Қылует жер асты мешіті, Әулие Құмшық ата жер асты мешіті, Шілдехана, Тәуке хан кесенесі, Рәбия Сұлтан Бегім кесенесі, Белгісіз сағана, Цитадель қамал қабырғасы, Шығыс моншасы, Есім хан кесенесі, Цитадель қамал қақпасы, Жұма мешіті, Гаухар ана кесенесі, Әлқожа ата кесенесі, Жәудір-ана мешіт-медресесі, Шамет Ишан мешіт-медресесі және тағы басқа да тарихи нысандар кіреді.

Осы тұста қоса кетер маңызды ақпарат, қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің тұрғындармен кезекті кездесуінен соң арнайы мәжіліс өтіп, барлық өтініштер сараланды. Нақтыланған 119 тапсырманың орындалу мерзімі белгіленіп жоспар түзілді.

Жиналыс барысында шаһар басшысы сектор жетекшілеріне ескерту жасады:

— Әр мәжілісте «Қандай мәселе бар?» деп сұраймын. Үнсіз кетесіздер. Көпшіліктің талап-тілектері орынды. Алайда, айтылған мәселелердің барлығын бүгінге дейін мен сіздерден естуім керек болатын. Секторды құрудағы негізгі мақсатымыз да осы еді — халықпен байланысты нығайту, толғандырған түйткілдерді дер кезінде назарға алып, жұмысты жүйелі түрде атқару, — деді Нұрбол Әбдісаттарұлы өз сөзінде.

Қазіргі таңда тапсырмалар бойынша жұмыс басталып кетті. Бөлімдер алғашқы есебін ұсынып үлгерді.

Бірлік секторындағы саябақтың электр жарығы іске қосылды, Т.Әубәкіров көшесіндегі стрит-воркауттың құрылғылары толық орнатылып, жұмысы аяқталды. Н.Төреқұлов көшесінің бойындағы қоқыстар алынды, Бекзат секторында кәріз жүйелері өткен көшелердің жолдары тегістеліп, қалпына келтірілді. Ә.Жангелдин көшесінің тұйық жолдарына тас төселді. Тұрғындар өтініші негізінде Сабырханов, Мұса Жәлел, Майкотов көшелеріне жол белгілері орнатылып бастады. Жаяу жүргінші өткелдері сызылуда. Майкотов көшесіне аялдама орнату жұмысы басталды.

Естай көшесі бойындағы шұңқыр бекітіліп тегістелді. Абылайхан көшесінің бойындағы аллеяның айналасы, Асфендияров көшесінің бойы ретке келтіріліп, шөптері шабылды.

Отырар шағын ауданында көпқабатты үй тұрғындардың сұранысына сәйкес, залалсыздандыру (дезинфекция) жұмыстары жүргізілуде.

Қала әкімі тапсырмалардың орындалуы кері байланыс арқылы тексеріліп, содан кейін ғана бақылаудан алынатынын атап өтті.

Сонымен қатар облыс орталығында тұрғындар арасында салауатты өмір салтын ұстануды дәріптеу мақсатында «ЖАЗҒЫ демалыс спортпен» ашық алаң ойындары басталған болатын. Дәстүрлі өтетін спорт маусымы 27 мамырда басталып, маусым айының соңына дейін өтеді деп жоспарланған.

Шара басталғалы 1000-ға тарта қала тұрғыны белсенділік танытып, жазғы спорт түрлерінен жарысқа түсті. Жарыстың ең жас қатысушысы 6 жаста болса, ең үлкені 58 жастағы тұрғын қызықты ойын көрсетті.

Бүгінгі ашық алаң ойындарының кезекті жарыс күнінде 150-ге тарта түркістандық бақ сынады. Онда қатысушылар белтемірге тартылу, ләңгі тебу, қол күрес сондай- ақ, стритболдан жарысқа түсті.

Айта кетейік, ашық алаң ойындары ертең Яссы секторының Жұмабек Тәшенов атындағы №23 IT мектеп-лицейі ашық алаңда жалғасады. Онда қатысушылар футбол мен ләңгі тебуден жарысады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin