Бүгін “Түркістан — Түркі әлемінің туризм астанасы” аясында қала тұрғындары мен спортшылар арасында веломарафон өтті.
Жарыстың ашылуында алғы сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев шараның мақсатына тоқталды. Қатысушыларға сәттілік тілеп, бұқаралық спорт шараларының дәстүрлі өткізілетінін жеткізді.
Барлығы 70-ке жуық тұрғын қатысқан бәйгеде велошабандоздар Түркістан Аренасынан бастап, жарыс мәресі — Денсаулық саябағына дейін 7 шақырым жолды жүріп өтті. Жүлдегерлерге қала әкімінің арнайы алғыс хаттары мен сыйлықтары табысталды.
Өздеріңіз білетіндей, Түркістан қаласын туристік қалаға айналдыру бағытында қазіргі таңда бірқатар жұмыстар іске асырылуда. 2023 жылы Әзірбайжанда өткен «Шамахи – Түркі әлемінің туризм астанасы 2023» іс-шарасының жабылу рәсімінде Түркістан қаласына Түркі әлемінің 2024 жылғы туризм астанасы атағы берілді.
Бұл шешім түркітілдес елдердің туризм бағытындағы қарым-қатынасын нығайтуға айрықша серпін береді. Ағымдағы жылы аталған іс-шараның ашылуы өткізіліп, жыл соңына қарай жабылу салтанатын өткізу жоспарланып отыр. Түркістан қаласының туристік әлеуетін арттыру мақсатында Түркістан қаласын Түркі әлемінің 2024 жылғы туризм астанасы атануына байланысты жоғары деңгейдегі 25 іс-шараның жоспары түзілді. Оның ішінде халықаралық – 9, республикалық – 7, облыстық деңгейдегі 9 іс-шара өткізілуде.
Бұдан бөлек, «Kazakh Tourism» және облыстық мәдениет және туризм басқармасымен бірлесе отырып 30-дан астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр.
Ағымдағы жылдың 30 қаңтар күні Түркістан қаласы әкімдігі мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі, Халықаралық туризм және меймандостық университетімен туризм саласын дамыту мақсатында 2024 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп, «Түркістан – Түркі әлемінің 2024 жылғы туризм астанасы» аясында өзара қарым-қатынас және ынтымақтастықты арттыру мақсатында 3 жақты меморандумға қол қойылды.
Туристерге сапалы қызмет көрсету, туризм саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында ағымдағы жылы ақпан айында Халықаралық туризм және меймандостық университетімен бірлесе отырып, гид-экскурсоводтарға арналған оқу курсы ұйымдастырылды. Оқу курсы лекциядан және туристік нысандарға бару арқылы практикалық түрде өткізілді. Аталған курстың нәтижесінде 60 маман қайта даярлау курсынан аяқтады.
2023 жылы наурыз айының 18-інде Түркістан облысы әкімдігімен бірлесе отырып, Түркістан қаласының туристік маусымының ашылу салтанаты өткізілді. Аталған іс-шара аясында «Наурыз көже» театрландырылған қойылымы, ұлттық спорттық ойындар, «DRIVE FORUM SILK ROAD FEST» экспедициясының қатысушыларымен танысу, жергілікті қолөнершілер жәрмеңкесі, «Bauyrsak Fest» фестивалі, отандық танымал дизайнер Анар Ташкенбайдың «Түркістан: Жібек жолы» сән қойылымы, танымал эстрада жұлдыздары қала қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлады. Ұлттық мереке қарсаңында Халықаралық «Nauryz BIG FEST» фестивалі жоғары деңгейде өткізілді.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай, қалада
22-23 наурыз аралығында бірқатар іс-шаралар өткізілді. Облыстық мәдениет және туризм басқармасымен бірлесе отырып, наурыз мейрамы қарсаңында қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрін, көрнекті жерлерін кеңінен таныту мақсатында 21-22 наурыз аралығында шетелдік БАҚ өкілдеріне баспасөз туры ұйымдастырылды. Түркістан өңіріне Франция, Швеция, Австрия, Германия, Марокко, Испания, Польша, Сербия, Сингапур, Үндістан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қытай Халық Республикасы, Корея Республикасы — жалпы 15 елден 18 БАҚ өкілі келді.
Ағымдағы жылы 30 мамыр айында «Бабалар рухы үн қатты» аймақтық дәстүрлі әнші-жыршы, термешілер байқауы өткізіліп, іс-шараға 250 өнерпаз бақ сынады.
Ал бүгін Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» кешенінде Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның «Өнері өрге шалқыған орда» атты концерті өтті. Концертке облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Шәмшінің қарындасы Райхан Қалдаяқова және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ханбибі Есенқарақызы, Шәмші мұрасын зерттеп жүрген композитор Қалдыбек Құрманәлі бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кеш шымылдығы Сабырхан Асановтың сөзіне жазылған Шәмшінің «Отырардағы той» әнімен бастау алды. Салтанатты шараны облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ашып беріп, өнер ұжымын құттықтады. Филармония шаңырағында аянбай еңбек еткен бір топ мәдениет майталмандарын марапаттады. «Еңбек ардагері» медалі мен ҚР Мәдениет саласының үздігі төсбелгісі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің және Түркістан облысы әкімінің құрмет грамотасы, сонымен қатар филармонияның 60 жылдығына орай алғаш рет дайындалған Шәмші Қалдаяқовтың мерекелік төсбелгісі табысталды.
Мерекелік кешті Жандос Өсербаев пен Аяжан Ештаева тізгіндеді. Кіре берісте ойнап тұрған скрипкашылар, Шәмші Қалдаяқовтың жеке заттары қойылған көрме мен филармония тарихы таспаланған фотокөрме көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Концерт барысында филармония әншілері дарынды композитордың халық жүрегінен орын алған таңдаулы шығармаларын оркестрдің және ВИА-ның сүйемелдеуімен жанды дауыста орындады. Сонымен қатар классикалық әндер шырқалды. Арнайы караоке ұйымдастырылып, әнсүйер қауым сазгердің өміршең әндерін қосыла шырқады. Сонымен қатар көрермен бишілердің мың бұрала билеген биін тамашалап, күмбірлеген күй тыңдады.
Кеш барысында қазақ эстарадасының жұлдызы, кеш қонағы Асқар Жүнісбеков, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Наркенже Серікбаева, Гүлнұр Нұратаева, Құралай Қасымова, «Сарын» тобы, Айнұр Әбілдаева, Фариза Беймаханбет, Нұрислам Қылыш, Әсел Қожанова, Алуа Мерген, Әли Сұлтан, Ерлан Дәуренбеков және Оразәлі Жаңабаев, Руслан Ақынбеков, «Қазақстан дауысы» жобасының финалисі Данияр Барыс сынды таланттар өнер көрсетті. «Сүгір» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, «Алаш» вокалды аспаптар ансамблі, «Қаған» этнофольклорлық ансамблі, «Фараб», «Яссы» би ансамбльдері де кештің сәнін кіргізді. Осылайша филармония ұжымы Шәмші әндеріне сусап келген түркістандық тыңдарманның көңіліне керемет сезім сыйлап, көптің ықыласына бөленді.
Айта кетейік, біртуар азаматтың есімі берілген өнер ордасының құрылғанына 60 жыл толып отыр. Шәмші Қалдаяқов қазақ даласына 300-ге тарта ән қалдырған. Әрбір туындысы жүрек төрінде жатталған өнер иесінің әндері аталмыш концертте жаңаша сипат алды. Ұлттық рухани мұрамыздың ажырамас бөлігіне айналған ұлы сазгердің есімі қазақ үшін қашан да қастерлі.
Түркістан қаласының туристік потенциалын көрсету мақсатында «Tripadvisor», «Google Maps», «Яндекс карта», «2ГИС» және т.б. ақпараттық порталдарында қаланың тарихи-мәдени нысандары, қонақ үй, мейрамхана және т.б. туристік нысандарын енгізу және ақпараттарды өзектендіру жұмыстары жүргізілді.
2023 жылы Түркістан қаласына келуші зияратшылар мен туристердің саны 1015,2 мың адамға жеттіп, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда (975,5) 4,0%-ға артты.
Сонымен қатар, 2023 жылы шетелдік туристер саны 12,2 мың адамға жетті, яғни былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 71,8% өсті (2022 жылы осы кезеңде 7,1 мың адам).
Шетелдік туристердің басым бөлігі Өзбекстан, Ресей, Түркия, Қытай, Сондай-ақ Еуропа мемлекеттерінен де келеді.
2024 жылдың 4 айының қортындысы бойынша 326,3 мың зиярат етуші және туристер келіп, тиісті кезеңмен салыстырғанда 37,6%-ға артқан (2023 жылдың 4 айы – 203,4 мың адам).
Сондай-ақ, 2024 жылдың 4 айының қортындысы бойынша шетелдік туристер саны 4,3 мың адамға жетті, яғни өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 58,1%-ға өсті (2022 жылы осы кезеңде — 1,8 мың адам).
2024 жылдың 4 айы бойынша Түркістан қаласында 63 орналастыру орындары құраса, 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда (2023 жылдың 4 айы – 56 бірлік) жұмыс істейді.
2024 жылдың І тоқсанында Түркістан қаласында нөмірлік қоры
2869 төсек-орын құрайтын 63 орналастыру орны жұмыс істейді.
Ағымдағы жылы Түркістан қаласында жалпы құны 4,7 миллиард теңгені құрайтын жоғары санатты «Medina Palace» (3,0 миллиард теңге), «Lord Hairs» (1,0 миллиард теңге), «Хан Палас 2» (0,7 миллиард теңге) қонақүйлерінің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, Қолөнершілер қалашығының (5,52 миллиард теңге) құрылыс жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Тарихи ескерткіштерді қорғау және сақтау, аббаттандыру, туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында Ежелгі Күлтөбе қалашығы аумағында бірқатар жұмыстар іске асырылуда. Мұнда биіктігі 15 метр болатын күмбез іспеттес металл конструкцияларды орнату жұмыстары жүргізілді. Қондырғылар жергілікті климатқа төзімді. Болашақта археологиялық парктің қонақтары үшін сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасау мүмкіндігі туады. Күлтөбе қалашығы ежелгі Ясы қаласының бір бөлігі болған. Жоба мемлекетпен айрықша қорғалатын аумақта, ЮНЕСКО ұйымының дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасында іске асырылатындықтан, қазіргі археологиялық зерттеулер ЮНЕСКО мен ИКОМОС ұйымдарының дүниежүзілік мұра саласындағы халықаралық сарапшылар қауымдастығымен ынтымақтастықта жүзеге асырылуда. Биыл Күлтөбе ескерткішінің құрылыс жұмысы толық аяқталатын болады.
Өзара байланысты жақсарту және ұлтаралық қатынастарды нығайту, тұрақты достық қарым-қатынас орнату мақсатында Түркістан қаласы бірқатар мемлекеттердің қалаларымен бауырластық қатынастар орнату барысында келелі мәселелер іске асырылуда. Қазіргі таңда Түркістан қаласы Өзбекстан мемлекетінің Самарқанд қаласымен, Түркия мемлекетінің Мальтепе, Үскідар және Зейтінбурну муниципалитеттерімен, Әзірбайжанның Шуша қаласы, Қытай Халық Республикасының Юэцин қаласымен, Тәжікстан мемлекетінің Худжанд қаласымен бауырластық қатынастар орнатылған. Бауырластық мәртебесі шетелдік серіктестіктің сенімін, қалалар арасындағы өзара ынтымақтың үлгісін көрсетеді. Бауырлас қала болу — қоғамдық дипломатияның құралы. Бауырлас қалалар мәртебесі халықаралық тәжірибені пайдалана отырып, екі шаһардың тұрғындарына қатысты мәселелерді талқылауға және шешуге, серіктестермен тікелей жобалар мен іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Аталған қалалармен рухани-мәдени іс-шаралар іске асырылып, тұрақты түрде жалғасын табуда.
Сонымен қатар, түркі тілдес мемлекеттердің қалаларында өткізілетін туристік форум, көрмелерге түркістан күндерін өткізу, бұқаралық ақпарат құралдары көмегімен туристік нысандарды жарнамалау және т.б. іс-шараларды өткізу көзделуде.
Туризм саласындағы мамандарды ынталандыру, туристерді тарту мақсатында біліктілікті арттыру мақсатында семинар, тренингтер ұйымдастыру, «Mobilography Fest» фестивалін, «Turkistan Tourism Awards» фестивалі, «Қолөнершілер көрмесі» «Креативті Түркістан – 2024» туристік көрмесі, «Turkistan Marathon» іс-шараларын жыл соңына дейін өткізу жоспарланып отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.