
Түркістан қаласын көркейту жұмыстары облыс басшысы Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауында екені аян. Аймақ басшысы қаланы абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды тексеріп, мердігер мекеме басшыларына сын-ескертпелер жасады. Облыс әкімі жауапты басшыларға жобалардың сапасына аса мән беруді ескертті.
– Саябақтар мен гүлзарлар жалпы қолданыстағы нысандар болғандықтан, сыртқы көрінісімен қатар, сапасына да аса көңіл бөлген дұрыс. Ондағы әрбір орнатылған нысан, ойын алаңшасы халыққа ұзақ мерзім бойы қызмет ету керек. Жобаны алып, жұмысты бастаған соң, соңына дейін абыроймен атқарыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістанды одан әрі дамыту бағытындағы жұмыстар үздіксіз жүргізіліп жатыр. Әкімшілік-іскерлік орталығындағы мектеп аумағындағы 1,75 гектар жерге түрлі ағаштар отырғызылып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылған. 1072,0 шаршы метр жерге ойын және спорт алаңшалары салынып жатыр. Сонымен қатар Б.Саттарханов даңғылынан әуежай бағытындағы 10,15 гектар аумаққа жайғасқан желілік саябақтың абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Аумаққа 836 ағаш егіліп, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылуда. Мұнда арка, субұрқақ және шатырлар қарастырылған. Ал 159 шаршы метр аумаққа ойын алаңдары салынады.
«Отырар» мөлтек ауданын абаттандыру жұмыстарының басым бөлігі аяқталды. Мұнда 2,34 гектар аумақты алып жатқан субұрқағы бар гүлзар мен Яссы көшесі бойын жағалай орналасқан гүлзар құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда тұрғын үй аулаларын абаттандыру жұмыстары қарқын алды. Жоспар бойынша мөлтек аудандағы 3 аулаға ойын алаңшалары, 3 аулаға спорт алаңшалары салынады. Қозғалмалы орындықтар мен түрлі дизайндағы мафтар аула ажарын аша түспек.
Түркістан қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысымен Белсенді демалыс саябағының құрылысы басталған. Мұнда тропикалық өсімдіктері бар жылыжай, сахна, трибуна, 2 субұрқақ, ойын алаңы, 2 скейтбординг және шатырлар салынады. Сонымен қатар саябақта түрлі ағаштар, бұталар, гүлдер егіліп, көгалдар төселген. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 50 пайызы аяқталды.
Аталған саябақтағы жұмыстарды қадағалаған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басшылармен және мердігермен кездесті. Жұмысты жүйелі әрі сапалы атқаруды тапсырды.
Одан кейін өңір басшысы теміржол вокзалы маңындағы жұмыстармен танысты. Вокзал жанындағы 4,0 гектар жерге абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Осында 1 гектар жерді көгалдандыру, 0,25 гектар жерге жаңа асфальт жабындысын төсеу, 0,5 гектар жерге жаяу жүргіншілерге арналған жолаяқ салу жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар Тұран бағын көгалдандыру мақсатында 14 гектар аумаққа түрлі ағаштар отырғызылып, 3 дана су мұнарасы орнатылған.
Сонымен қатар бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен жұмыспен қамту орталықтарын трансформациялау бойынша мәжіліс де өтті. Жиында сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелер талқыланды. 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап ҚР «Әлеуметтік Кодекс» өз күшіне енген-ді. Елімізде Еңбек мобильділігі орталықтары құрылып, халықты жұмыспен қамту орталықтары «Мансап орталықтары» филиал ретінде қайта қызметін бастады.
Түркістан облысы әкімдігінің қаулысымен облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы» құрылып, Әділет департаментінде тіркелді. Сонымен бірге облыстың барлық аудан, қалаларында «Мансап орталықтары» құрылды. Аталған орталықтардың қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығы мен біліктілігін арттыру үшін арнайы оқыту семинарларын ұйымдастырып, халыққа қызмет ететін мемлекеттік мекемелерді заман талабына сай жабдықтау жоспарлануда.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан және қала әкімдеріне тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді және көрсетілетін қызметтерді толық цифрландыру бойынша жұмыстарды сапалы атқаруды міндеттеді.
– Әрбір аудан, қала әкімдері, осы саланы қайта жіті қарап шығыңыздар. Жұмысты жүйелеу керек. Жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық берілсін. Сонда ғана экономика көтеріледі. Жауапты басқарма жұмыспен қамту бойынша жаңа өзгерістерді сапалы жүзеге асырсын, – деді өңір басшысы.
Жиында Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева жаңа жұмыс орындарын құру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен іске асырылатын жоспарларды баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, биыл «Еңбек» бағыты бойынша 84 056 адамды жұмыспен қамту шараларына жолдау, оның ішінде 44 729 адамды бос жұмыс орындарына орналастыру жоспарланды. 1 шілдеге 60 072 адам жұмыспен қамту шараларына, оның ішінде әлеуметтік және қоғамдық жұмыс орындарына, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» және «Күміс жас» жобалары аясында 16 416 адам тұрақты, 28 414 адам уақытша жұмыс орындарына жолданды. Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен биыл жастарға жеңілдетілген 2,5 пайызбен 5 млн. теңгеге дейін 594 адамға шағын несие беру жоспарланды. Бүгінгі таңда конкурстық комиссияда 249 үміткердің бизнес-жобалары қаралып, 110 азаматқа шағын несие беру шешімі шығарылды. Бұдан бөлек, 2023 жылы әлеуметтік осал топтарға жататын азамттар үшін жаңа бизнес идеясын дамытуға 1 380,0 мың теңге көлемінде гранттар беру көзделген. Бүгінгі таңда грант берудің 1 және 2 легі өткізіліп, 927 адамға гранттар берілді. Үшінші және төртінші лектер бойынша гранттар беруді қыркүйек айында өткізу жоспарлануда.
Айта кетейік, биыл Ұлттық жобалар шеңберінде іске асырылатын инфрақұрылымдық жобаларда 5000 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланды. 2023 жылдың 1 шілдесіне 184 жоба бойынша жарияланған 1727 бос жұмыс орынына 1384 адам жұмысқа орналасқан. Ал «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орын құру» бағдарламасының жеке бастамалар шеңберінде облыс бойынша 22 595 жұмыс орындарын ашу көзделіп, нақты 13 628 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.