Ыстамбұл мен Түркістан қалалары арасында енді жүк ұшағы қатынайды. Қос шаһар арасындағы байланыстың нығаюына «Turkish Cargo» әуекомпаниясы қызығушылық танытып отыр. Алғашқы «Airbus 330-200» бортымен 37 тонна жүк келген. Жүктің басым бөлігі — киім-кешек.
Жүк ұшағы Италияның Рим қаласынан ұшып, Түркия арқылы Түркістанға жеткен. Енді Түркістаннан ұшаққа азық-түлік артылып, Қытай еліне қарай аттанады. Еуропаға тікелей жүк тасымалдауға қолайлы ұшақ аптасына екі рет, сәрсенбі және жұма күндері қатынайтын болады.
Айта кетейік, 2020 жылы ашылған «Түркістан» халықаралық әуежайынан жуырда ғана Самарқандқа тікелей қатынайтын рейс ашылған болатын. Сондай-ақ, Абу-Даби, Ыстамбұл, Эль-Кувейт қалаларына тікелей әуе рейстері қатынайды.
Шындығын айту керек, Түркістан облысы, оның ішінде Түркістан қаласы тек еліміз емес, әлем таныған аймақтар қатарына жатады. Сондықтан логистикалық HUB-тарды орналастыруға да қолайлы. Мысалы, өткен жылы Қазақстан арқылы 8 миллион сәлемдеме өткізілсе, биыл соның 2 миллионы осы өңір арқылы өтеді. Осыған орай, Түркістан халықаралық әуежайында Халықаралық пошта алмасу орны ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– Тарихи оқиғаға куә болып отырмыз. Түркістан әуежайында Халықаралық пошта алмасу орны ашылды. Бұл жүк тасымалдау көлемін, салық және кеден түсімдерін молайтуға, бизнестің дамуына себеп болады. Шет елдерден тікелей тауарларды Түркістан қаласына жеткізуге мүмкіндік туады. Өздеріңізге мәлім, күні кеше «Turkish Cargo» авиакомпаниясы Түркістанға алғашкы жүк әуе рейсін орындады. Алдағы уақытта аптасына 2 рейсті тұрақты түрде орындауды жоспарлауда. Одан бөлек, «Alpha Sky», «Wizz Cargo» және басқа да компанияларды тарту есебінен жүк тасымал көлемін арттыру жоспарлануда. Бұл бастамалар Түркістан облысының экономикасының дамуына оң әсерін беретіні сөзсіз және әуежайдың табысын ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деді Дархан Сатыбалды.
Ашылу рәсіміне «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова қатысып, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз мемлекетімізді үлкен транзиттік HUB-қа айналдыруымыз керек. Бүкіл Қытайдан Еуропаға және Орталық Азияға баратын жүкті толық біздің аймақ арқылы өткізу мүмкіндігі бар. Үлкен бәсекелестік ортада жүрміз. Сондықтан бүгінгі оқиға жетістіктердің бірі деуге болады. Қытайдың “Cainiao” атты логистикалық компаниясымен өткен аптада меморандумға қол қойдық. Соның нәтижесінде келесі жылдан бастап Қазақстаннан 9 мемлекетке жөнелтілімдер орындалады. Осылайша, біз Түркістанды транизиттік логистикалық HUB-тың біріне айналдырамыз. Барлығыңызға табыс тілеймін, – деді басқарма төрағасы.
Жиын барысында «Alpha Sky» ЖШС директоры Гүлжан Жәнібекова бүгінгі бастаманың ерекше оқиға екенін айтты. Сондай-ақ «Гонконг – Түркістан» жаңа бағыты іске қосылғанын, оған арнайы сыйымдылығы жоғары ұшақ қарастырылып жатқанын жеткізді.
Салтанатты шараға «Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ басқарушы директоры Ильяс Нугуманов, «Turkistan Invest» ЖШС басқарма төрағасы Берік Кенжебаев, «Қазпошта» АҚ Түркістан облыстық филиалының директоры Азат Ильясов, сонымен қатар тиісті департамент және басқарма басшылары қатысты.
«Қазпошта» акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасының ұлттық пошта операторы бола отырып, халықаралық пошта байланысы қызметтерін ұсыну жөніндегі өз қызметін жүзеге асырады. Қытай, Түркия, Гонконг, Біріккен Араб Әмірліктері, Вьетнам және Еуропа елдерінен тағайындалған операторлармен көпжылдық ынтымақтастығымызды пайдаланып, Түркістан халықаралық пошта алмасу орны арқылы пошта жөнелтілімдерінің қосымша транзиттік логистикасын қамтамасыз ету жоспарлануда. «YTO Express Groupпен» кездесу барысында «Қазпошта» мен Қытайдың ірі логистикалық операторларының басшылары электрондық коммерция, көлік және логистика саларындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін талқылады. Осы мүмкіндікке Президент Қасым-Жомарт Токаевтың былтырғы Қытайға сапары кезінде қол қойылған ынтымақтастық туралы келісімнің арқасында жетіп отыр.
Жоба «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында жүзеге асырылмақ. «Cainiao Groupпен» кездесу барысындағы негізгі мақсат – логистика саласында берік серіктестік қарым-қатынасын орнату. Бұл екі компанияға да әлемдік нарықтағы ықпалын едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді. «Cainiao Smart Logistics Network Limited» – қытайлық логистикалық компания. Ол 2013 жылы 9 компанияның, соның ішінде интернет алыбы «Alibaba Groupпен» бірлескен кәсіпорны ретінде құрылған.
Осы жоба аясында «Қазпошта» акционерлік қоғамы мен «Alpha Sky» отандық логистикалық компаниясы арасында халықаралық транзиттік пошта және жүк жөнелтілімдерін тасымалдау туралы меморандумға қол қойылды. Оған Түркістан облысының әкімдігі қолдау көрсетті. Осы арқылы аптасына 60 тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік бар. Түркістан облысының 2 миллионнан астам халқына сапалы қызмет көрсетілді. Тұтынушылар «Keruen.post.kz» платформасы арқылы халықаралық интернет-дүкендер мен өндірушілерден төмен бағамен жеткізілім алу мүмкіндігіне ие.
Сонымен қатар биыл ақпан айының соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сиань қаласындағы көлік-логистика орталығының ашылу рәсіміне телекөпір арқылы қатысты. Мемлекет басшысы аталған сала мен жалпы Қазақстан-Қытай қатынастары үшін көлік-логистика орталығын ашудың маңызды екенін атап өтіп, нысанды іске қосты.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин Қытайдың Шэньси қаласын Қазақстанмен, Орталық Азиямен және одан әрі Еуропамен байланыстыратын Сиань құрғақ портында логистика орталығын салу жөнінде уағдаласқан болатын.
Сиань – Қытайдың тораптық транзиттік орталығы және ең ірі құрғақ порт орналасқан қаласы. ҚХР мен Еуропа Одағы арасына қатынайтын контейнерлік пойыздардың 40 пайызына жуығы осы жерден жөнелтіледі.
Сиань қаласындағы құрғақ портта орналасқан Қазақстан терминалының жобалық қуаты – жылына 66,5 мың ЖФЭ (жиырма футтық эквивалент). Терминал еліміздің экспорттаушылары үшін жаңа өткізу нарықтарына жол ашады, жүктерді жеткізу мерзімін едәуір қысқартады және Қазақстанның Еуразиядағы сенімді транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
Содан кейін Мемлекет басшысы «ҚТЖ» ҰК» акционерлік қоғамы мен Қытайдың «Huawei» компаниясы бірлесіп құрған жаңа Инновациялық орталықты ашты.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, аталған орталық «Ақылды темір жол» жобасын жүзеге асыру мақсатында құрылған. Мемлекет басшысына теміржол көлігі жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған цифрлық шешімдер таныстырылды. Жобалар IT және телекоммуникация салаларындағы әлемнің жетекші компанияларын тарта отырып іске асырылуда.
Бүгінде «Қазақстан теміржолы» «PSA» компаниясымен бірлесіп, Транскаспий бағытында тұтас цифрлық дәліз әзірлеп, іске қосты. Жүйе уақытты үнемдейді және тасымалдау процесін барынша ашық, ал Қазақстанды сауда ағындары үшін тартымды етеді. «Wabtec» компаниясының локомотивтерін тиімді пайдалану жөніндегі пилоттық жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Бұлтты шешімдерді, Big Data, Интернет заттар (IoT) және жасанды интеллектіні (AI) пайдалана отырып, «Қазақстан теміржолының» инфрақұрылымы мен қызметтерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Президент Көлік-логистика және Инновация орталықтарын ашу маңызды екенін атап өтті.
«Бұл – «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы бойынша іске қосылған жоба. Қазақстан Төраға Си Цзиньпин 2013 жылы біздің елімізде жариялаған ірі жобаны толығымен қолдайды. Осы бастаманың арқасында орталықтың құрылысы қысқа мерзімде аяқталды. Мұның барлығы – екі ел арасындағы табысты серіктестік нәтижесі. Бұл жоба Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға жаңа серпін бермек. Сондай-ақ Еуразиядағы сауда-экономика ынтымақтастығын нығайта түседі деп санаймын. Осы орталықтың сапалы салынуына Қазақстанның және Қытайдың көптеген мамандары атсалысты. Мен бүгін баршаңызға ризашылығымды білдіремін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанды Еуразияның негізгі транзит хабына айналдыру мақсатында қабылданып жатқан кешенді шараларды оң бағалады. Бұл ретте Мемлекет басшысы шын мәнінде бәсекеге қабілетті болу үшін заман талабына сай инновациялық шешімдер қабылдаған жөн деп санайды.
«Жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканың барлық саласын цифрландыру мәселесіне айрықша мән бердім. Қазақстанда озық IT-шешімдерді енгізу үшін берік негіз қалыптасқан. Отандық теміржол саласы «цифрлық жарысқа» уақыт оздырмай қосылуға тиіс. Бұған белгілі бір деңгейде әзірлік бар екенін көріп отырмыз. Цифрландыруды жеделдету есебінен таяу арада тасымал тиімділігін арттыру және шығындарды қысқарту міндеті тұр. Бұл тек көлік-логистика саласының ғана емес, жалпы экономиканың дамуына тың серпін береді. IT-шешімдер ретсіз енгізілмей, бір-бірін толықтырып, біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Бұл – маңызды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы аталған міндетті жүзеге асыруға отандық компанияларды тарту қажет екенін айтты.
«Бұл жұмысқа отандық IT-компанияларды тарту туралы ұсынысты толық қолдаймын. Елімізде мұндай компаниялар мен мамандар жеткілікті. Әлемдік IT-компаниялармен де тиімді байланыс орнату қажет. Осындай стратегия экономиканың барлық саласында іске асырылуға тиіс», – деді Президент.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен жобаларға атсалысып жатқан шетелдік компанияларға алғыс білдірді.
Сонымен қатар Инновациялық орталықта «Huawei Technologies Kazakhstan» компаниясының бас директоры Чжао Сюй, «Lianyungang Port Group» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ян Лонг, «Global DTS» компаниясының бас директоры Уи Тан Йонг, «Wabtec» корпорациясының ТМД, Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша аға вице-президенті Байхан Гохан, «Alan TECH» ЖШС-нің директоры Бауыржан Айтілеу сөз сөйледі.
Айта кетейік, Түркістан халықаралық әуежайы 3 халықаралық (Ыстамбул, Кувейт, Әбу-Даби) және 6 ішкі (Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қостанай) әуе бағыттарына қызмет көрсетеді. Рейстерді «Turkish Airlines», «Jazeera Airways», «Wizz Air Abu Dhabi», «Fly Arystan», «Scat», «Qazaq Air» авиакомпаниялары орындайды. Әуежай аптасына 32 рейске қызмет көрсетуде. Әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 450 жолаушыны немесе жылына 3 миллион жолаушыны құрайды.
Түркістандағы «Түркістан халықаралық әуежайы» Халықаралық азаматтық авиация ұйымының 1-ші санатына сәйкес келеді. Елімізде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба іске қосылған еді. Аталған жобаны іске асырудағы мақсат – өңірлерді жан-жақты дамытып, тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын құру. Тиісінше, жобаның негізгі бағыттарының қатарына – көліктік лоистиканың ахуалын көтере отырып, халыққа қолайлы жағдай туындату шаралары да енгізілген. Осы орайда бүгінде Түркістан облысында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Әуе демекші, 2024 жылғы қаңтар-сәуірде қазақстандық әуе компанияларының жолаушылар саны рекордтық деңгейде – 18,4%-ға өсіп, 4,2 миллион адамға жетті. Алайда олардың табысы айтарлықтай өскен жоқ. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Аталған кезеңде 549,1 миллион жолаушы тасымалданды. Бұл 2023 жылғы қаңтар-сәуірге қарағанда 8,4%-ға жоғары.
Өңірлік бөліністе 2024 жылғы қаңтар-сәуірде жүк айналымының төмендеуі Жетісу (21,2%), Шығыс-Қазақстан (13,9%), Солтүстік Қазақстан (13,8%), Абай (10,6%), Ұлытау (10,5%), Қостанай (9,2%), Ақтөбе (8,5%), Қарағанды (8,3%), Ақмола (7,8%), Түркістан (6,8%), Батыс Қазақстан (4,8%), Алматы (3,7%), Қызылорда (1,5%) және Маңғыстау (0,7%) облыстарында байқалады.
Жолаушылар айналымы Алматы (21%), Астана (18,8%), Шымкент (8,4%) қалаларында және Алматы (30%), Қостанай (23,9%), Маңғыстау (23,3%), Ұлытау (22,9%), Жамбыл (21,6%), Қызылорда (9,4%), Павлодар (7,6%), Атырау (6,3%), Түркістан (1,4%) және Ақмола (1,1%) облыстарында ең көп ұлғайды.
2024 жылғы қаңтар-сәуірде республика темір жол көлігімен 128,7 миллион тонна жүк тасымалданды. Бұл 2023 жылғы қаңтар-сәуір деңгейінен 4,1%-ға аз.
2024 жылғы қаңтар-сәуірде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда автомобиль көлігімен жүк тасымалдау 16,3%-ға өсті және жүк айналымы 17,6%-ға ұлғайғаны байқалады. Бұл ретте жолаушыларды тасымалдау және жолаушылар айналымы тиісінше 8,3% және 14,4%-ға ұлғайды.
Ал әуе көлігімен 4,2 миллион жолаушы тасымалданды. 2023 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда 18,4%-ға ұлғайды. Бұл ретте әуе компанияларының табысы 6,3% ғана өсіп, 225,3 миллиард теңгені құрады.
2024 жылғы қаңтар-сәуірде теңіз көлігімен 891,6 мың тонна жүк тасымалданды, 2023 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда 3,1 есеге ұлғайғаны байқалады.
2023 жылы әлемдік әуежайлардағы жолаушылар ағыны 27 пайызға өсіп, 8,5 миллиард адамды құраған. Халықаралық әуежайлар кеңесі («Airports Council International», «ACI») әлемдегі үздік 10 әуежай рейтингін жариялады.
Әлемдік сауда ағыны 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы шамамен 12 пайызға өсті. 2022 жылы жаһандық сауда көлемі рекордты деңгейге – 32 трлн долларға жетті. Соның ішінде тауармен жасалған сауда көлемі 25 трлн долларды құрады. Халықаралық RTL Alliance логистикалық компаниясы мен ASER инвестициялық-консалтингтік компаниясының шолуында әлемдегі және елдегі транспорттық-логистикалық ахуал кеңінен қамтылады. Мамандардың пайымынша, жаһандық жеткізу тізбегінің қайта құрылуы барысындағы тәуекел мен белгісіздік әлі сақталып отыр.
Халықаралық компаниялар Қазақстан нарығына қызыға бастады. Бұл ретте мамандар бірқатар позитивті факторларды атап өтеді:
Әлемдік сауда қазіргі жағдайға біршама бейімделді. Порттардың ауыр жүктемесіне қатысты проблемалар реттеліп, жаңа кемелер пайдалануға беріліп жатыр. Жүк тасымалы мен фрахт құны әлі де болса жоғары, дегенмен біртіндеп бағалардың төмендеуі байқалады.
«Аймақтық кешенді экономикалық серіктестік» (Оңтүстік Шығыс Азия мен Мұхит елдерінің 15 мемлекеті) және «Африкадағы құрлықтық еркін сауда аймағы» (Африканың 54 елі) сияқты жаңа сауда келісімдерінің күшіне енуі, одан басқа да көптеген ұсақ сауда келісімдерінің басталуы халықаралық саудаға импульс береді.
Әлем экономикасы мейлінше экологиялық сипатқа ие болып жатыр. Экологиялық таза өнімдерге сұраныс өсуде.
«Украинадағы соғыс сауда конфигурациясын өзгертіп, өндірістік-өткізу тізбегін бұзды. Сатып алушылар жеткізудің балама жолдарын іздестіре бастады. Азияда жаңа өңірлік маршруттар пайда болды. Оңтүстік дәліз бен Транскаспий дәлізінің өзектілігі күшейді», – дейді сарапшылар.
ATI.SU жүк тасымалы биржасының Қазақстандағы өкілдігінің директоры Рената Зобованың айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстаннан Беларусь, Польша, Германия және Өзбекстанға жүк ағыны айтарлықтай ұлғайды.
«Елдегі логистикалық нарықтың жандана түсуі Ресейге қарсы салынған санкциялармен тікелей байланысты. Геосаяси ахуал өңірдегі логистикалық тізбек құрылымын түбегейлі өзгертіп жіберді. Былтыр ресейлік жүк жіберушілер жаңа өткізу нарықтары мен жаңа серіктестер іздей бастады. Ал тасымалдаушылар елге теңіз жолымен жеткізілетін жүктерден және еуропалық жүктерден түсетін табыстың орнын толтыру мақсатында жаңа маршруттарға көшуге кірісті. Көктемде дәстүрлі бағыттағы жұмыстарын жалғастыру үшін ондаған ресейлік және белорусиялық автопарктер Қазақстанда тіркелді. Бұл жергілікті нарықтағы бәсекені күшейтті», – дейді сарапшы.
«International Logistic Parks» индустриалды-логистикалық парк желісінің директоры Әсел Сергенованың сөзінше, Ресейге қарсы санкциялардың енгізілуі логистикалық нарыққа өз әсерін тигізді. Көптеген халықаралық компаниялар Қазақстан территориясында хаб ашу туралы ұсыныстарын білдіре бастаған.
«Соңғы жылдардағы геосаяси жағдайлардың фонында Қазақстан территориясы Азия мен Еуропа арасын жалғайтын маңызды құрлық дәлізіне айналды. Еліміз пайда болып жатқан мүмкіндіктерді толығымен пайдаланып, әлемдік деңгейдегі транспорттық-транзиттік хабқа айналуы тиіс. Мемлекет басшысы елдің транзиттік тұрғыдан нығаюына, транспорттық дәліздерді дамытуға, әлемнің алдыңғы қатарлы логистикалық компанияларын тартуға және транспорттық инфрақұрылымды модернизациялауға ерекше көңіл бөліп отыр. Осыған байланысты біз қойылған міндеттерді іске асыру жолында бірлесе жұмыс істеп, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуіміз керек», – дейді ҚТЖ басшысы Нұрлан Сауранбаев.
«RTL Alliance» халықаралық логистикалық компаниялар тобының басшысы Геннадий Гогенияның сөзінше, қазір үздіксіз өндіріс жүйесін қайта құру, өнімдер мен қызметтерді сату айырықша маңызға ие болып жатыр. Сол себепті транспорттық-логистикалық потенциалды кеңейту басым бағыт болып саналады.
«Жүк ағындарын алдағы уақытта әртараптандыру үшін порт инфрақұрылымдарына, тиеу-түсіру құрылғыларын модернизациялауға және кемелер құрастыруға, жалпы транспорттық-логистикалық сервисті дамытуға жеткілікті деңгейде инвестиция қажет болады. Айтылған бастамалардың жүзеге асуы инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді өзара интеграциялайды», – дейді ол.
Автожол инфрақұрылымы мен автотасымал бағыты қандай?
Саладағы негізгі тенденциялары мен проблемалар мынадай:
Жол инфрақұрылымының аса маңызды учаскелерінде шектеу учаскелерінің болуы (халықаралық бағыттардың жекелеген учаскелерінде қозғалыс қарқындылығы жобалық параметрлерден 1,5-2 есе жоғары);
Облыстық және аудандық мәндегі жолдардың төмен техникалық-эксплуатациялық деңгейі (автожолдардың басым бөлігінде қатты жабын жоқ);
Өткізу бекеттері тозған. Қазіргі заманғы басқару құралдарымен жеткіліксіз жабдықталған, ақпараттық жүйелерді цифрландыру және интеграциялаудың төмен деңгейі, жеңіл және жүк көліктері үшін жеке дәліздердің және арнайы «жасыл» дәліздердің болмауы байқалады;
Цифрландырудың және ақпараттық жүйелерді қолданудың төмен деңгейі: көлік инфрақұрылымының техникалық жай-күйі және көлік құралдары қозғалысының қарқындылығы туралы ақпаратты тиімсіз жинау, талдау және сақтау, заманауи ақпараттық жүйелердің болмауына байланысты рұқсат құжаттарын беру;
Көлік құралдары жүк паркінің тозуы мен ескіруінің жоғары деңгейі.
«Әрине, санкциялық жағдай жүк ағынына әсер етті, өте қысқа мерзімде жылдар бойы әзірленген және мінсіз жұмыс істейтін бағыттарды қайта құру қажет болды. Бірақ коронавирус пандемиясы немесе Суэц каналының бітелуі сияқты күтпеген жағдайлардан жиналған тәжірибені ескере отырып, біз жағымсыз әсерді бейтараптандыруға және бар шындыққа бейімделуге мүмкіндік алдық», – дейді Геннадий Гогения.
Теміржол инфрақұрылымы
Саладағы негізгі тенденциялар мен проблемалар мынадай:
Тозудың жоғары деңгейі және теміржол инфрақұрылымының жеткіліксіз дамуы;
Жылжымалы құрам тапшылығы және тозудың жоғары деңгейі байқалады. 2030 жылға дейінгі стандартты қызмет мерзіміне сәйкес 14,3 мың автокөлікті кәдеге жаратуға болады. Вагондардың жеткіліксіз саны мен жоғары тозуы, айналымды басқарудың тиімсіздігімен қатар, жүктің ең жоғары кезеңінде вагондардың маусымдық тапшылығын тудырады;
Лоокомотив паркінің тапшылығы мен тозуы. Парктің айтарлықтай тозуы (70%-ға дейін) және локомотив тарту күшімен жеткіліксіз қамтамасыз етілмеуі көлік жүйесінің тапшылығын тудырады. Бұл жүктерді жеткізу мерзімдерінің ұлғаюына әкеледі;
Тариф моделінің жетілдірілмеуі. Қолданыстағы модель инвестицияларды ұзақ мерзімді жоспарлау және тарифтік шарттардың жеткілікті икемділігін сақтау мүддесінде тарифтік реттеудің қажетті теңгерімін қамтамасыз етпейді.
«Салада мультимодальды тасымалдауды ұйымдастыру және орындау сияқты процестерді автоматтандырудың ақпараттық жүйелері толық жұмыс істемейді. Бұл мәселе тасымалдау процесінің жылдамдығына, қауіпсіздігіне, тиімділігіне және үйлестіруіне қатты әсер етеді. Соның салдарынан кірме жолдарда вагондардың көп тұрып қалуы, «ескірген» пойыздарды тасымалдауда және тасымалдау процесіндегі басқа да шектеулер орын алуда. Жүк операцияларының үлкен үлесі түйіспе станцияларда жүзеге асырылады, негізгі жүк және вагон ағыны ірі түйіспелерде басталады және аяқталады: станциялардың 13%-ы жалпы жүк айналымының 81%-ын құрап отыр», – дейді Орталық Азиядағы көлік және логистика бойынша серіктестік қауымдастығының президенті Берік Бөлекбаев.
Әуе транспорты мен әуе тасымалы туралы не білеміз?
Саладағы негізгі тенденциялар мен проблемалар мынадай:
Әуежайлардың жабдықтары, техникалық құралдары мен инфрақұрылымының ескіруі, ұшу-қону жолақтарының, такси жолдары мен перрондардың тозуының жоғары деңгейі. Күрделі метеожағдайларда және түнгі уақытта пайдалануды қамтамасыз ететін қонуға кірудің дәл жүйелерімен, инженерлік жүйелермен және құралдармен жеткіліксіз жарақтандырылуы;
Әуе бензинінің жоғарғы құны, оны бөлістірудің ашық тетігінің жоқтығы. Қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары әуе керосинімен 60-70 пайыз көлемде ғана қамтамасыз ете алады, қалған бөлігі көптеген делдалдардың қатысуымен импортталады;
Елдің авиациялық паркінің алуан түрлілігі ұшуларды навигациялық қамтамасыз етуге қойылатын бірыңғай ұлттық талаптарды қалыптастыру процесін қиындатады. Ескірген әуе кемелерін үздіксіз пайдалану ұлттық провайдерді («Қазаэронавигация» РМК) жаңа PBN-дің айқын артықшылықтарымен NDB және VOR типті ескірген навигациялық құралдарды пайдалануды қолдауға мәжбүр етеді;
Цифрландырудың жеткіліксіз деңгейі: деректер алмасу үшін бірыңғай ақпараттық ортаның болмауына байланысты уақыттың 85%-ына дейін әуе жүктерін тасымалдаушылар жер бетінде қағазбастылықты күтеді;
Біліктілігі жоғары мамандардың тапшылығы: инженерлік-техникалық қызметкерлердің тапшылығы мамандыққа байланысты 20-40 пайыз аралығын құрайды.
Су транспорты және теңіз тасымалы деген не?
Басты теңіз өткелдері саналатын Ақтау, Құрық, Баку, Батуми/Поти порттарының қазіргі әлеуеттері Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне шамамен 6 миллион тонна жүкті, оның ішінде 4 миллион тоннаға дейін жалпы және 100 мың жиырма футтық эквиваленттегі сусымалы жүктерді (көмір, металл, кен) тасымалдауға мүмкіндік береді.
Сарапшылардың айтуынша, контейнерлік тасымал көлемінің ұлғаюы бұрын жаппай тасымалданатын тауарлардың (астық, мұнай өнімдері, минералды тыңайтқыштар) осы сегментіне өтуімен байланысты.
Су транспорты және теңіз тасымалының қазіргі тенденциялары мен проблемалары мынадай:
Кеме қозғалысын навигациялық қамтамасыз ету үшін навигациялық жабдықтың, сондай-ақ навигациялық қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау мүмкіндіктерінің жеткіліксіздігі;
Ақтау портындағы ауыстырып тиеу жабдықтары мен айлақ қондырғылары тым тозып кеткен;
Кеме жасау және жөндеу базасы дамымаған, сондықтан сала кәсіпорындары кемелерді шетелге жіберуге мәжбүр;
Порттар өсіп келе жатқан контейнер ағынына бейімделмеген;
Сусымалы тасымалдаушылардың, паромдардың, танкерлер мен контейнерлік кемелердің болмауына байланысты сауда флотының төмен бәсекеге қабілеттілігі;
Каспий теңізінің таяздығы. Каспий теңізі деңгейінің жылына шамамен 6-7 см жылдамдықпен төмендеуіне байланысты бірқатар портта кемелерді толық ағынмен тиеу мүмкін емес. Бұл жалпы тиімділіктің төмендеуіне және тасымалдау құнының өсуіне әкеледі;
Тасымалдау процесін цифрландырудың төмен деңгейі жүктерді өңдеу жылдамдығын төмендетеді және операциялық қызметті жоспарлауды қиындатады.
Қойма логистикасы ауқымы қандай?
Өңірдегі ахуалдың өзгеруімен, сонымен қатар электронды коммерция үрдістерінің қарқынды дамуымен қойма логистикасының да маңыздылығы күрт артты. Әсел Сергенованың айтуынша, соңғы екі жылда қолданыстағы логистикалық терминалдарда бос орынның болмауына байланысты А класындағы қоймаларға сұраныс тарихи рекорд деңгейіне жеткен.
«Пандемия жағдайында фармацевтика, азық-түлік және тұрмыстық техника өнеркәсібі компаниялары үшін тауарлық-материалдық қорларды сақтау көлемінің айтарлықтай өсуі байқалды және нәтижесінде сол кездегі барлық бос қойма орындары толтырылды, осылайша қоймадағы жылжымайтын мүлікке сұраныс бірте-бірте өсті. Қазіргі уақытта нарыққа ірі онлайн-ритейлерлердің шығуына байланысты кеңістіктің өткір тапшылығы байқалады. Бұл ретте инфляцияның әрі қарайғы өсімі қазіргі жалға алу мөлшерлемелеріне, қойма қызметтерінің құнына, сондай-ақ алып-сатарлық қойылымдардың құрылыс көлеміне әсер етуі мүмкін. 2023 жылы қоймалардың жалға алу бағасы 1 шаршы метрге қосымша құн салығынсыз және коммуналдық қызметтер ақысынсыз 4500-5200 теңге болуы мүмкін», – дейді Әсел Сергенова.
Логистикалық құндылықтың тағы бір маңызды саласы – қойма нарығы. Бұл нарық соңғы бес жылда пайдалануға берілген жаңа қойма нысандарының көлемі бойынша да, қазіргі уақытта кейбір өңірлердегі ұсыныстан айтарлықтай асып түсетін сұраныстың өсуі бойынша да серпінді өсімді көрсетті. Бұл қойма қызметі нарығындағы баға өсіміне алып келеді.
«Біз жақын уақытта жаңа логистикалық өнімдердің пайда болуын және Еуразиядағы транзиттік жүк ағынының трансқазақстандық маршруттарға қайта бейімделуін күтеміз. Қазір мұнымен ҚТЖ жанынан құрылған құзіреттілік орталығы жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар Каспий теңізінде «контейнерлік хабтың» құрылуы, Ақтау және Құрық порттарының өткізу қабілетінің ұлғайтылуы бойынша аңдатпа айтылып қалды. Енді Әзербайжан, Түркия және Грузиямен жасалған жол картасы аясында Транскаспий халықаралық көлік дәлізіндегі «тар» орындар біртіндеп жойыла бастайды», – дейді сарапшы Рената Зобова.
Айтпақшы, орайы келгенде, еске салайық, 2024 жылғы 19-21 маусым аралығында Қазақстан Республикасында алғаш рет әуе жүктері және логистика бойынша аймақтық форум өтеді, ол Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Азаматтық авиация комитетінің, Халықаралық жүк әуе тасымалдары қауымдастығының (TIACA) қолдауымен өтеді. Іс-шараны Қазақстанның авиациялық әкімшілігі бірлесіп ұйымдастырады.
Жүк форумы 2-ші Aviation talks аясында «Silk Road in the Sky – Kazakhstan Air Cargo Hub» атауымен өтеді. Қазақстанда TIACA Аймақтық форумын ұйымдастыру және өткізу транзиттік әлеует, мультимодальды тасымалдар, жүк тасымалдарындағы инновациялар мен цифрландыру, әуежайлардың инфрақұрылымы, логистикалық орталықтар, тиімді кедендік рәсімдер, тұрақты авиациялық отын, халықаралық тасымалдаушылармен ынтымақтастық, оқытуға және кадрларға инвестициялар сияқты әуе жүк саласын дамытудың маңызды бағыттарын талқылауға мүмкіндік береді.
Форумда халықаралық және аймақтық деңгейде әуе жүктерді тасымалдаудың барлық логистикалық тізбегінің қатысуы күтілуде, бұл іс-шараны тәжірибе алмасу, байланыс орнату және саланың ағымдағы проблемаларын шешу үшін маңызды етеді.
Жаһанданудың қарқынды өсуін ескере отырып, жүк авиациясының дамуы қазіргі заманғы логистика мен саудада маңызды рөл атқарады және Қазақстанның мультимодальды логистикалық стратегиясының негізгі элементі болып табылады.
Қазақстанда жүк әуе тасымалының дамуы оның әлемдік экономикаға интеграциялануына ықпал етіп қана қоймайды, сонымен қатар транзиттік және логистикалық инфрақұрылымды дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, нәтижесінде экономикалық өсу мен елдің халықаралық позициясын нығайтудың драйверіне айналады.
TIACA төрағасы Стивен Полман алдағы іс-шараны былай сипаттайды: «Біз Қазақстан Республикасының авиациялық билігімен серіктестікте әлемдік деңгейдегі конференцияны ұйымдастыру арқылы экономикалық өсуді қолдап, сондай-ақ байланыс орнату үшін жергілікті қоғамдастықтан және әлемнің түкпір-түкпірінен 300-ден астам басшылар жинайтын бірінші дәрежелі конференция ұйымдастыруда ынтымақтаса отырып, логистикалық саланың өркендеуі мен кеңеюіне үлес қосуға қуаныштымыз».
«ANYQ.KZ»-ақпарат.