Биыл Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданының құрылғанына 90 жыл. Аудан мерейтойын өз деңгейінде атап өтуге төлебилік мұғалімдер мен оқушылар да өз үлестерін қосуда.
Төлеби ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімі әдістемелік кабинетінің жоспарына сәйкес, мектеп оқушылары арасында «Туған өлкемнің тарихы» атты аудандық ғылыми жобалар байқауы ұйымдастырылған болатын. Қазылар алқасы оқушылардың еңбегін бағалауда жұмыстың ғылымилығына, мазмұнын жеткізу шеберлігіне, жаңашылдығына назар аударды.
Байқауға аудандағы 11 мектептің 12 оқушысы қатысуға ниет білдірді. Бұл шәкірттердің арасынан №1 мектеп-гимназияның оқушысы Балнұр Серікжан І орын, Ынтымақ жалпы орта мектебінде білім алатын Донаханым Азиева ІІ орын, Нысанбек жалпы орта мектебінің оқушысы Қарақат Мүсіркеп, Шомшақты жалпы орта мектебінде оқитын Венера Тілеу, Алатау жалпы орта мектебінің оқушысы Айзере Тұрғынбек, әл-Фараби атындағы жалпы орта мектепте тәлім алатын Салтанат Ақпаева және Т.Назарбеков атындағы жалпы орта мектептің оқушысы Айым Есемхан ІІІ орыннан көрінді.