Босния және Герцеговина астанасы Сараевода 24-27 тамыз күндері Әлем Чемпионаты өтуде.
Аталмыш додада Қазақстан құрамасынан 17 спортшы бақ сынауда.
Шымкенттік спортшы Талғат Орынбасар 60 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдеге қол жеткізді.
Айта кетейік, Францияда өткен Дүниежүзілік гимназиядада және биылғы Азия Чемпионатында спортшымыз жеңімпаз атанған болатын.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр Ливанда жасөспірімдер арасында дзюдо күресінен Азия чемпионаты өтті. Құрама сапында өнер көрсеткен шымкенттік Талғат Орынбасар барлық қарсыласын ұтып Азия чемпионы атанған еді. Талғат Орынбасардың жасөспірімдер құрамасы сапында Азия чемпионатында сәтті өнер көрсетуін жоғары бағалаған қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев балуанның өзі спортшылар отбасының даңқын жалғап отырғанын айтқан болатын. Себебі, Талғаттың әкесі даңқты балуан Рио олимпиадасына қатысушы Орынбасар Құралбай болса, нағашы ағасы самбодан әлем чемпионы атанған атақты Қорған Тұрымбетов болады. Осындай дара спортшылардың дзюдо күресінде жете алмаған олимпиаданың шыңын Талғат бағындырады деген үміт бар деді басқарма басшысы. Дара балуанды ұштап отырған №10 күрес мектебінің басшысы Саян Мекембаев алда балуанға бар мүмкіндіктер жасалатынын айтты.
Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) сайтында, дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатына 60 елден 484 спортшы (271 ер және 213 қыз) қатысатыны жазылған.
Чемпионат 16 салмақ дәрежесінде өтуде: жасөспірімдер арасында 8 салмақ дәрежесінде (-50,-55,-60,-66,-73,-81,-90,+90 кг) және қыздар арасында да 8 санатта (-40,-44,-48,-52,-57,-63,-70, +70 кг).
Айта кету керек, дзюдодан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты екі жылда бір рет өткізіледі.
27 тамыз, сенбі күнге дейін Сараевода өтетін жетінші әлем чемпионаты алғашқы үш күнде жеке жарыстардан тұрады. Соңғы күні командалық жарыстар өтеді.