ШЫМКЕНТТІК ТӨТЕНШЕЛІКТЕР ШОМЫЛУ МАУСЫМЫНДА БАҚЫЛАУДЫ КҮШЕЙТТІ

Аптап ыстық басталғалы қала тұрғындары, балалар да шомылу үшін су айдындарына қарай ағылатыны белгілі. Жазда шомылып салқындаған жақсы, бірақ қауіпсіздік ережелерін қаншалықты сақтаймыз? Балалар және жасөспірімдерге шомылу ережелерін сақтауды үйрету, тыйым салынған аймақтарға тексеру жүргізу мақсатында Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері Еңбекші ауданы әкімдігімен бірлесе, рейд өткізді. Рейд барысында жыл сайын су айдындарында азаматтардың қаза болуына әкелетін себептерге назар аударылды.

–Шымкент қаласы әкімінің Қаулысымен жаппай демалуға және шомылуға арналған 5 орын және тыйым салынған 13 орын анықталды. Бүгінгі таңда аудан әкімдіктері төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, су айдындарында жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша күшейтілген түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, – дейді Еңбекші ауданы әкімі аппаратының халықпен жұмыс бөлімінің бас инспекторы Пернебек Айтжанов.

Демалыс аймақтарында, аквасаябақтарда, су айдындарында шомылу маусымы кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты назарда. Ол үшін алғашқы көмек туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жағажайдағы балаларға қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар таратылды.

– Төтенше жағдайлар департаменті 35 қоғамдық құтқарушыны оқытып, тағы 44 маманды дайындықтан өткізуде. Әкімдіктермен бірлесіп қауіпсіздік белгілерін орнату бойынша жұмыс жүргізілді, полиция қызметкерлерін тарта отырып, рейдтік іс-шаралар өтіп, шомылуға тыйым салынған қауіпті учаскелерде 95 ескерту белгілері орнатылды. Жергілікті полиция қызметімен бірлесіп 980 азаматты қамтитын 45 патрульдеу жүргізілді. Полиция қызметкерлері тыйым салуды бұзған, сондай-ақ ішімдік ішетін азаматтар үшін әкімшілік хаттама жасайды,–деді Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің аға лейтенанты Әуесхан Досболұлы.

Айта кетейік, өткен шомылу маусымында қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметкерлері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 364 бабы «Жалпы су пайдалану ережелерін бұзу » және 440 бабы» алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде келу» ісі бойынша 597 285 теңге көлемінде айыппұл салынып, 47 құқық бұзушылықты анықтаған.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.