ШЫМКЕНТТЕГІ ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ДА ЕСКЕРТКІШТЕР МАҢЫН ТАЗАЛАДЫ

Бүгін «Киелі мекен» апталығы аясында өтіп жатқан #TazaShym жалпықалалық іс-шарасы Еңбекші ауданындағы Жібек жолы көшесінде орналасқан Тұрар Рысқұлов гүлзарында жалғасты. Іс-шараға Еңбекші ауданы әкімдігі, «Группа Интеко» мекемесі, қала тұрғындары атсалысты. Тазалық акциясы аясында гүлзар аумағы, оның айналасындағы ескерткіштер, аялдамалар көшелер мен өткелдер күл-қоқыстан тазартылып, ағаш көшеттерінің түбін қопсыту, түптерін әктеу, орындықтарды, қоқыс жәшіктерін, шамдарды тазалау жұмыстары атқарылды.
– Айнала көгеріп жатқанда Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып отырған іс өте орынды. Шараға біздің аудан да белсене атсалысып, өзіміздің аудан бойынша әрбір аймақ жоспармен тазартылып жатыр. Әрбір елін-жерін сүйетін ұлтжанды азамат қоршаған ортаға деген қамқорлығын осы тазалық акциясына атсалысу арқылы көрсете алады. Елімізде осындай пайдалы, игі шаралар артқаны тазалықты ғана емес, қаламызға деген сүйіспеншілікті де дәріптейді, – деді Еңбекші ауданының әкімі Досбол Күздікбайұлы.
Бүгінгі шараға жалпы 500- ге жуық адам атсалысып, аталған аумақта тазалық жұмыстарын жүргізді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шекпеген облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, елді мекендердің аумақтарын көгалдандыру және абаттандыру жөніндегі науқанды бастауды тапсырған болатын. Шымкенттіктер өз қалаларын көгалдандыруға және оны абаттандыруға белсенді кіріскенін атап өткен дұрыс. Қала әкімдігінің жұмысында қаланы көгалдандыру әрқашан бірінші орында тұр.

Экологиялық акция барысында жалпы саны 700-ге жуық ағаш көшеті отырғызылды.

Сонымен қатар, тазалық шарасында аумақты қоқыстан тазалау, шөп ору және ағаш ақтау жұмыстары жүргізілді. Жалпы бұл акция басталғалы 4500-тан астам тұрғын атсалысты.

 

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin