Шымкентте «Мектепке жол» акциясы аясында отандық өнімдердің ауқымды жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде 15-ке жуық кәсіпорын өз өнімін ұсынды.
Орталық стадионда жайғасқан жәрмеңкеде былғары аяқ киім, сөмкелер, ақ жейде мен шұлықтар, түрлі мектеп формаларына кең таңдау бар. Сапасы бағалы түрік тауарларынан кем түспейді. Ал бағасы қалтаға қонымды. Шымкент қалалық білім басқармасы мен кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы бірлесе ұйымдастырған жәрмеңкеде кәсіпкерлер өнімдерін зауыт бағасымен ұсынды.
–Бүгінгі іс-шараның мақсатының бірі – отандық өнімді қолдау. Бұл жаңа оқу жылы қарсаңында шымкенттік отбасыларға да үлкен жеңілдік деп білемін. Себебі өндірушілер біріншіден сапалы өнімдер ұсынуда, екіншіден бағасы қалтаға қонымды. Оның үстіне мұндай жәрмеңкелер базар өнімдеріне бәсекелестік орнатып, бағаның шарықтауына жол бермейді, – дейді кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиев.
Жәрмеңкеге мектеп формаларын тігетін «ЖК Әбдиев», «Гаухартас» сынды елімізге сапалы тауар ұсынып, танылып үлгерген отандық тігін фабрикалары да қатысты. Ал таза былғарыдан жасалған аяқ киімдердің бағасы 10 мың теңгеден басталып, белдіктер өз құнынан төмен акциялық бағамен 2000 теңгеден сатылды. Ер балаларға арналған үштік топтама 15 500 теңгеден, ал ақ жейделер 2500 теңгеден басталып, сапасына қарай әр түрлі бағада сатылды. Кәсіпкерлер форманың қымбат болуының себебін елімізде сапалы мата өндірілмейтіндігімен түсіндірді.
–Баға қымбат деп Қытай, Қырғызстанның тауарларымен салыстыратын тұтынушылар кездесіп жатыр. Олардың матасының сапасы әлдеқайда төмен. Екі-үш жыл киюге жарамайды. Біз жеті жылдан бері мектеп формасын тігумен айналысамыз. Сапамыз өте жоғары. Өзіміздің тұрақты тұтынушыларымыз да бар. Матаны, өндірістік жабдықтарды Түркия мемлекетінен алып келеміз. Жұмысшыларымыздың жалақысы бар дегендей, кейде өнімдерің өзіндік құны жоғары болып кетеді. Десек те біз қымбат сатуға мүмкіндігіміз бола тұра бағаны нарықтан жоғары қоймаймыз. Мемлекеттен берілетін жеңілдетілген бағдарламаларға қатысып, кәсібімізді дамытып келеміз. Бүгінгі жәрмеңкеге көп тауар әкеле алмадық. Себебі қазір дүкендеріміздің өзінде оқушыларға қажетті тауарлар тез таусылып кетіп жатыр,– дейді кәсіпкер Оралбек Спанқұлов.
Аталған жәрмеңкеге Шымкент қалалық білім басқармасының басышы Жанат Арысбекқызы қатысты. Мемлекеттен берілген 41 мың теңгеге не алуға болады? Білім басқармасының басшысы оқушы формасын өзі жинап көрді.
Аталған жәрмеңкеде сатылымға түскен мектеп оқушысына қажетті заттар нарықтық жағдайға қарай есептелген. Бүгінде өңірімізде мектеп формасының орташа бағасы ер балалар үшін – 15-16 мың теңгені, ал қыз балалар үшін 10-13 мың теңгені құрайды. Дүкен және базар бағаларымен салыстырмалы түрде есептесек, бір баланы жаңа оқу жылына дайындау үшін орта есеппен шамамен 60-70 000 теңге аралығында қаржы қажет екен. Киім бағасы жәрмеңкеге келген ата-аналардың біріне ұнаса, енді біріне қымбат көрінді. Жәрмеңкеге келген қаланың бас педагогы, білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева сапаны бақылауға алып, қатысып жатқан кәсіпкерлерге рахметін айтты.
Шымкент қаласы бойынша 2023 жылы 53 893 бала көмек алды. Әр балаға 41 000 теңгеден қаржылай көмек, оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балалары – 16 403, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған – 436, көп балалы отбасы – 29 779, басқа да санаттағы – 7 275 балаға көмек көрсетілді. Әрі қарай басқарма басшысымен бірге оқушы формасының сапасына мән бере отырып, жиынтық бағасын шығардық. Жәрмеңкеден таңдаған үштік жейде жиынтығы –16 500, таза былғары аяқ киім – 10 000, былғары белдік 2000, ақ жейде –2 500, барлығы – 31 000 теңгені құрады. Қызу саудадан соң бірінші сыныпқа баратын бүлдіршінге Ж. Арысбекқызы мектеп формасын сыйға тартты.
Статистика бойынша, биылғы жылы кеңсе заттары 1 пайызға арзандаған. Бірақ, көпшілік нарықтағы баға күн санап өсіп жатыр деп есептейді. Мамандар оны былтырғы жылы Ресейден келетін шикізаттың қымбат болғандығынан дейді. Ал, биылдан бастап қағаз өндірушілер шикізатты Қытайдан алып келе бастапты. Жәрмеңкеде мектеп формасы мен кеңсе тауарларынан басқа төсек жаймалары, сүлгілер, бет орамалдар да төмен бағада сатылды.
Жәрмеңкеде өз өнімдерін отандық кәсіпорындар – «Гаухартас» тігін фабрикасы» ЖШС мектеп формасы, «Әлем-БТ» шұлық бұйымдары, «Шымкент-Кашемир» тоқыма бұйымдары, «КазИталКожа» былғары бұйымдар, балалар сөмкелері, белдіктер мен қарындаштар, «LUX SHOES», «SAGITEX GROUP» іш киім, «Заря» былғары аяқ киім, «B’ Bars» аяқ киім, «Nappa.kz» аяқ киім, «QAGAZ ORDASY» жазу қағазы, «А энд К ЭКСПО LTD» ЖШС жазу қағазы, «Azala Textile», ЖК Абдиев мектеп формасы, «Вектор» ЖШС оқушы дәптерлерін зауыт бағасымен ұсынды.
Жыл сайын дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық акциясы мектеп оқушыларының қиыншылықтарын жеңуге бағытталған игі шара. Сондай-ақ бұл науқанға еріктілер, бизнесмендер, меценаттар, үкіметтік емес ұйымдар да аз қамтылған отбасыларына көмек қолын соза алады. Ұйымдастырыған жәрмеңкеде осы ауқымды акцияның бір бөлігі.