
Бүгін Шымкент қаласында «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жалпы саны 116 пәтерге өтінімдер қабылдау басталды.
Конкурсқа өтініштерді қабылдау мерзімі 22.06.2023 жылдан бастап 18.07.2023 жыл аралығында жүргізіледі.
Аталған конкурсқа 2022 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасының конкурсына қатысып, негізгі тізіміне кірмеген, осы бағдарлама бойынша өте алмаған, яғни өткен жылдың резервтік тізімінде қалған қатысушылар өтінім бере алады. Дәл осы азаматтарға төлем қабілеттілігін растау қажеттілігі туралы ұялы телефондарына SMS хабарлама жіберілген. Яғни қатысушыға смс хабарлама келген жағдайда және төлем қабілеттілігін растап қойса, «Бақытты отбасы» бағдарламасының дәл осы конкурсына қатыса алады.
Конкурстық пәтерлер Шымкент қаласы, «Нұрсәт» шағын ауданында орналасқан 9 қабатты №13,14,15,16 тұрғын үйлерде орналасқан. Ондағы 1 бөлмелі пәтер саны — 54 пәтер, 2 бөлмелі пәтер саны 16 және 3 бөлмелі пәтер саны 46.
Өтінішті Otbasybank.kz. жылжымайтын мүлік порталында беруге болады. Несиені рәсімдеу — өтініш берушінің жинақ шотында үй құнының кемінде 10% болған кезде мүмкін болады. Аталған бағдарлама қатысушылары үшін әлеуметтік көмек ретінде қайтарымсыз негіздегі тұрғын үй сертификаттары қарастырылған.
«Бақытты отбасы» туралы қысқаша айта кететін болсақ:
несие мөлшерлемесі– 2%-ға дейін;
бастапқы жарна– үй құнының 10%-нан басталады;
қарыз беру мерзімі– 20 жылға дейін.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бұл бағдарламасымен әкімдік кезегінде тұрған отбасылар ғана ипотека рәсімдей алады. Олар:
көпбалалы;
жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
мүгедек баласы бар;
I және II топтағы мүгедектігі бар тұлғалар.
Бағдарлама талаптары:
әкімдік кезегінде тұру;
отбасының атында басқа үй болмауы шарт;
отбасының табыс көзін растау;
соңғы жарты жылда отбасындағы әрбір адамның табысы 3,1 күнкөріс минимумынан аспауы керек. 2023 жылы күнкөріс минимумы – 49 567 теңгені құрайды, ендеше отбасының әрбір мүшесінің табысы 153 658 теңгеден аспауы керек.
Айлық жалақы, жеке кәсіпкерліктен түсетін кіріс (нотариус, адвокаттар, жеке сот орындаушылары және тағы басқа), өтеулі қызмет көрсету шарты бойынша түсетін табыс, тұрғын үй төлемдері, шәкіртақы (негізгі кіріс болған жағдайда) негізгі кіріс ретінде есептеледі. Негізгі кіріс жеткіліксіз болса қосымша табысты (зейнетақы және зейнетақы аударымдары, экологиялық төлемдер) қосып есептеуге болады. Өзге жәрдемақылар кіріс ретінде есептелмейді. Бағдарлама қатысушысы өтінім берген кезде жұмыссыз болса немесе кірісі жеткіліксіз болса, онда қосалқы қарыз алушыны тарта алады.
Қарыз сомасы:
Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырауда – 15 миллион теңгеге дейін;
басқа өңірлерде – 10 миллион теңгеге дейін.
Бағдарлама арқылы тек жергілікті әкімдіктер арқылы салынған әлеуметтік несиелік тұрғын үйді сатып алуға болады.