ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДЕЙІН 9 БІЛІМ ҒИМАРАТЫ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТЕДІ

Бүгінде қалада 9 білім ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа оқу жылына дейін 4 мектеп, 2 балабақша, колледж және 2 арнайы мектеп- интернатының ғимараты жөндеуден өтеді. Бүгін қала әкімі М.Әйтенов құрылыс алаңдарын аралап, жұмыс барысын қадағалады.

4 шағынаудандағы №78 орта мектеп ғимараты 2004 жылы салынған. 465 орындық білім нысанының күрделі жөндеу жұмыстары бүгінде 60 пайызға орындалған. Өндірістік кестеге сай ғимараттағы жөндеу тамыз айының ортасында бітеді.

Білім басқармасына қарасты «Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ғимараты да күрделі жөндеу көрмеген орталықтардың бірі болатын. Мұнда да қазір құрылыс қарқынды жүруде. Жоба бойынша 3 қабатты ғимараттың қабырғасы толық жаңартылып, инженерлік коммуникациялық желілері ауыстырылады.

Қаладағы В.Терешкова атындағы №93 жалпы білім беретін мектептің ғимараты да замана талабына сай жабдықталуда. Жаңаталап шағынауданындағы мектептің бірінші корпусы 1951 жылы салынған. Аумақта оқушы саны артқандықтан, соңғы жылдары мектеп кеңейтіліп, қайта жасақталған. Мұнда да инженерлік жүйелер толық жаңалануда. Жоба бойынша қосымша спорт алаңшасы салынып, көріктендіру, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.

Аталған нысандарды аралап көрген М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға мердігерлер жауапкершілігін арттыра отырып, ең алдымен сапаны бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ өндірістік кестеге сай күрделі жөндеу жұмыстарын толық аяқтап, білім ошақтарын жаңа оқу жылына сақадай сай етіп жасақтауды ескертті.

Айта кетейік, Шымкентте үш ауысымдық тек үш мектеп қалған еді. Жаңа оқу жылынан бастап білім ордаларында сабақтар тек екі ауысымда өтеді. Мұндай мүмкіндік – жаңа мектептер мен жұмыс істеп тұрған білім ұяларына қосымша ғимараттар салудың арқасында пайда болды.

«Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша барлық мектепке күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатыр. Нақты айтсақ, барлық білім беру ұйымдарындағы ағымдағы жөндеу аяқталу үстінде. Сонымен қатар 9 білім беру нысанында күрделі жөндеулер жүріп жатыр»,-деді Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Рыскелді Әліш.

 

Ad Widget

Recommended For You