ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ ІСКЕ ҚОСЫЛЫП, ҚОС МЕКТЕП ЖАҢА ҒИМАРАТҚА ҚОНЫСТАНДЫ

Мерекеге орай ашылған спорт кешені Бозарық -3 шағынауданында орналасқан.  Спорт кешені ауыр атлетикадан олимпиадалық резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебіне тиесілі. Жаңа нысанның ашылуына қала әкімі Мұрат Әйтенов, Италияның Генуя қаласынан келген қонақтар мен Бахадыр Нарымбетов бастаған қала мәслихатының депутаттары қатысты.

Жаңа спорт ғимаратында 10-16 жас аралығындағы 1000-ға жуық оқушы спорттың 7 түрінен жаттыға алады. Ашылған сәттен бастап 500-ге жуық бала спортпен ауыр атлетика түрлеріне жазылып үлгеріпті. Бұл жердегі барлық зал заман талабына сай жабдықталған. Ғимараттың бірінші қабатында ауыр атлетика залы, киім ауыстыру бөлмелері, жуынатын бөлмелер, жаттықтырушылар бөлмесі, 16 орынға арналған асхана, медициналық кабинеті бар. Ал, екінші қабатында күрес, грек-рим күресі кілемдері, дзюдо татамиі, бокс рингі секілді әмбебап залдар орналасқан.

Ауыр атлетикадан Азия чемпионы Нұрғиса Әділетұлы осындай залдар елімізде сирек екенін айтып, қала әкіміне алғысын жеткізді.

–Спортшыларға барлық жағдай қарастырылған залдар елімізде өте сирек. Шымкент қаласынан ауыр атлетикаға арналған, замануи спорт кешені ашылғанына өте қуаныштымыз. Бұл елді мекенде де еліміздің туын көкке көтерер әлем чемпиондары шығады деп үміттенеміз, — деді Азия чемпионы.

Қала күні мерекесіне орай №45 мектеп-гимназияның қосымша корпусының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен қалалық мәслихаттың төрағасы Бахадыр Нарымбетов қатысты.

Шаһар басшысы мектеп жанынан құрылған лагерьде демалып жатқан бүлдіршіндердің өнерін тамашалап, жаңа оқу корпусындағы кабинеттермен танысып шықты.

Жаңа корпуста күзет бөлмесі, асхана және спорт залы, сондай-ақ, информатика және АКТ, қазақ тілі мен әдебиеті, математика, тарих, география, ағылшын тілі, химия, физика, биология пәндеріне арналған кабинеттер мен STEM кабинет және дебат қозғалысына арналған кабинет бар. Мұнан бөлек физика, химия және биология зертханалары да қарастырылған. Барлық кабинеттер қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Сондай-ақ, мектеп-гимназияның ауласында балалар алаңы мен шағын футбол алаңы салынған.

Осылайша, Шымкентте тағы бір мектеп үш ауысымнан екі ауысымды оқытуға көшіп отыр. Биылғы жылы қалада үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешіледі.

Сонымен қатар қала әкімі М.Әйтенов қаладағы №2 балалар саз мектебінің жаңартылған ғимаратымен де танысты. Мұнда 1 мыңнан астам оқушының вокал, би өнері және 14 түрлі аспапта ойнауды үйренуіне қолайлы жағдай жасалған.

 

Ad Widget

Recommended For You