ШЫМКЕНТТЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА 700 АҒАШ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

Шымкентте Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қолға алынған республикалық «Таза Қазақстан» акциясы қарқынды жүріп жатыр.

Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы және Shymkent ӘКК мамандары қалалық сауда-логистикалық орталығына ағаш екті. Экологиялық акция барысында жалпы саны 700-ге жуық ағаш көшеті отырғызылды.

Сонымен қатар, тазалық шарасында аумақты қоқыстан тазалау, шөп ору және ағаш ақтау жұмыстары жүргізілді. Жалпы бұл акцияға 60-тан астам тұрғын атсалысты.

Қала тазалағы- әрбір тұрғынның міндеті деп санайтын қызметкерлер бұл шараға барша шымкенттіктерді белсенді қатысуға шақырады.

Айта кетейік, қала аумағындағы бұл бағыттағы жұмыстарға 4 жарым мыңнан астам адам қатысып, 56 арнайы техника жұмылдырылды. 10,6 шақырым аяқ жол тазаланып, 5500 дана ағаш әктеліп, қырқу жұмыстары жүргізілді. 85 текше метр қоқыс шығарылып, 4365 м ирригациялық жүйелер, 18 658 шаршы метрді құрайтын көше бойы тазаланды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шекпеген облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, елді мекендердің аумақтарын көгалдандыру және абаттандыру жөніндегі науқанды бастауды тапсырған болатын. Шымкенттіктер өз қалаларын көгалдандыруға және оны абаттандыруға белсенді кіріскенін атап өткен дұрыс. Қала әкімдігінің жұмысында қаланы көгалдандыру әрқашан бірінші орында тұр.

Тілге тиек етейік, бүгінгі таңда мегаполисте 8 саябақ, 39 гүлзар бар. Шымкент қаласының жайлы ортаны дамыту басқармасының мамандарының айтуынша, 30 жыл ішінде экология саласында көп жұмыс атқарылды. Статистикаға сәйкес, еуропа елдерінде әр адамға 24 шаршы метр жасыл желек келеді. Шымкентте әзірге 5-6 шаршы метр. Жан басына шаққандағы жалпы стандарт бойынша жасыл желектер кемінде 10 шаршы метр болуы керек. Қала әкімдігі қызметкерлерінің жоспарлары бойынша, қаланы көгалдандыруға және абаттандыруға байланысты әзірленген арнайы бағдарламаға сәйкес, 2025 жылға қарай қосымша 23 гүлзар, 4 саябақ салынады!

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin