Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Көрме» орталығында түрлі салада еңбек етіп, мегаполистің дамуына үлес қосып жүрген әйелдер қауымын мерекемен құттықтады. Сый-құрметке бөленгендердің арасында мұғалімдер мен дәрігерлер, мәдениет қайраткерлері, БАҚ өкілдері мен коммуналдық сала қызметкерлері бар.
“Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқан азаматтық қоғамды, Әділетті Қазақстанды, құқықтық мемлекетті құруда сіздердің орындарыңыз ерекше. Аяулы аналарымыз бен аруларымыздың алаңсыз өмірі – ұлтымыздың жарқын болашағы, егемендігіміздің кепілі. Шымкенттің гүлденіп, көркеюінде және мерейінің үстем болуында сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен қарымды үлестеріңіз орасан. Шұғылалы көктемнің күніндей көңілдеріңізден қуаныш пен шаттық, жүздеріңізден күлкі кетпесін! Сіздерге мықты денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін, — деді қала әкімі.
Мерекелік шара барысында қала әкімі Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы құттықтауларын табыс етті.
Халықаралық әйелдер мерекесіне арналған салтанатты кештер легі “Түркістан” сарайында ұйымдастырылған «Тірегі тіршіліктің — Ару Ана» атты іс шараға ұласты. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, қыз-келіншектер қауымына мерекелік лебізін білдірді.
Сіздер ізгілік пен жылулық, жақсылық пен қуаныш сыйлайтын жандар ғана емес, тіршіліктің ең асыл абзалы деген құрметке лайықтысыздар. Шырайлы қаламыздың жеткен жетістіктері де сіздермен байланысты. Еліміздің дамуына, өңіріміздің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Шуақты көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, қызметте зор жетістіктер мен толағай табыстар тілеймін. Жүздеріңізден күлкі, көңілдеріңізден қуаныш кетпесін – деді қала әкімі.
«Тірегі тіршіліктің — Ару Ана» бейнефильмінен бастау алған салтанатты шарада Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызы бастаған мәдениет майталмандары өнер көрсетті. Кеш қонағы белгілі әнші Бауыржан Исаевтың, «Х Band» джаз оркестрінің және «Қазына» би ансамблінің мерекелік тартуы да қонақтарға әдемі әсер сыйлады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.