ШЫМКЕНТТЕ ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІНІҢ КӨШПЕЛІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен Үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысы Қаратау ауданы әкімі аппараты мемлекеттік мекемесі бастауыш кәсіподақ ұйымында Әл-Фараби кітапханасы ғимаратында өтті.

Жиналысқа «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Алтеев, әлеуметтік әріптес — Қаратау ауданы әкімі Рахымберды Мулкеманов, Үйлестіру кеңесінің мүшелері, бастауыш және жергілікті кәсіподақ ұймының төрағалары, АКБ қызметкерлері мен Қаратау ауданы әкімі аппараты мемлекеттік мекемесі бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері қатысты.

Мәжілістің күн тәртібінде Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар Федерациясына «Кәсіптік одақтар туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар беру, 2023 жылға Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсын ұйымдастыру және өткізу бойынша үміткерлерді ұсыну, «Еңбек жолы» конкурсына кәсіподақ мүшелерінің қатысуын қамтамасыз ету, Медиация және Заң клиникасының жұмысын жандандырып жүргізу, Астана қаласында өткен Орта Азия елдерінің кәсіподақтары кеңесінің отырысы-форумында көтерілген мәселелер қаралды.

Жиында күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша сөз алған Бауыржан Ілімшаұлы салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағаларына Федерацияның тапсырмасы негізінде 2023 жылдың 15 маусымына дейін «Кәсіптік одақтар туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар беру керектігін жеткізді.

Көшпелі отырыста қаралған келесі мәселе бойынша «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек кеңес мүшелеріне еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыру мақсатындағы «Парыз» конкурсын ұйымдастыру және өткізу бойынша белсенді кәсіподақ мүшелерін мекеме атынан үміткер ретінде ағымдағы жылдың 15 шілдесіне дейін ұсынуды тапсырды. Одан өзге, бүгінгі форматтағы көшпелі отырысты әр тоқсан сайын бастауыш кәсіподақ ұйымында өткізуге ұсыныс беруді, сонымен қатар, «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясын жалғастыруға әр салалықтан осы акцияны қолдау мақсатында бастауыш кәсіподақ ұйымдарын аралау жоспарын бекітуге және ҚР КФ «Қазақстан кәсіподағы» газетіне ІІ жартыжылдыққа жазылуды жандандыруға шақырды.

Жиында көтерілген үшінші мәселе бойынша «ЕуроАзиялық медиация орталығы» Қоғамдық бірлестігінің директоры Лаура Ақшегірова өңірдегі Медиация және Заң клиникасының жұмысын жандандыру мәселері, яғни кәсіподақтарға сенімділікті арттыру, жұмыскерлер мен жұмыс берушілер үшін еңбек заңнамасының негіздерін түсіндіріп еңбек жанжалдарының алдын-алу мәселеріне тоқталып өтті.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша АКБ төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы 19 мамыр күні Астанада ОАЕКК Бас хатшысы – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының жетекшілігімен Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің III отырысы туралы баяндап, форум аясында көтерілген мәселелерге кеңінен тоқталды.

«Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Монғолия мемлекеттері бірыңғай демалыс орындарының хабын ашып, енді өзара кәсіподақ арқылы еңбек адамын сауықтыру мақсатында турист алмасатын болады. Бұл кәсіподаққа мүше еңбеккерлерге осы 5 елдің шипажайлары мен демалыс орындарына барып сауығуына және туризмді дамытуға сеп болмақ. Қазіргі таңда шекаралас Өзбекстан елінде 7 мың орынға шақталған заманауи 31 шипажай жұмыс істейді. Қабылданған шешімнің нәтижесінде, биыл 4 мыңнан аса қазақстандық кәсіподақтар арқылы Өзбекстанның шипажайларына жолдама алуға мүмкіндігі бар», — деді Бауыржан Ілімшаұлы.

Көшпелі отырыс соңында бүгінгі мәжіліске жиналған Қаратау ауданы әкімі аппараты мемлекеттік мекемесінің бірқатар бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері өңірдегі кәсіподақ қозғалысына қосқан үлестері үшін еңбектері ескеріліп марапатталды.

Бүгінгі отырысты қорытындылай келе, Үйлестіру кеңесінде көтерілген мәселелер кеңес қатысушыларының назарына алынып, салалық және жергілікті кәсіподақ төрағалары өз ұсыныстарымен бөлісіп, жүктелген тапсырмаларды тиісті деңгейде орындалуын қамтамасыз ететінін жеткізді.

 

 

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.