Шымкентте «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Өнегелі ұрпақ» апталығы өтіп жатыр. Бұл апталықта түрлі атаулармен іс-шаралар ұйымдастырылып, апталықтың маңыздылығын аша түскендей. Сондай іс-шараның бірі — «Ұрпағыңа қалдырған өнегең мол» атаумен өтуде.
Осы атаумен өткізіліп жатқан іс-шара бойынша Д.Қонаев мұражайының ауласында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.
Іс-шараға қаланың белсенді жастары, студенттер және Тұран ауданының тұрғындары атсалысып, 80-ге жуық астам адам қатысты. Қала жастары мұражай аумағын қоқыстан тазартып, шөптерін орумен, мұражай ішінде шаң-тозаңды сүртіп, тазалық жұмыстарын жүргізумен айналысты.
Жастар тек қана тазалық жұмыстарын жүргізіп қойған жоқ, сонымен бірге Д.Қонаевтың өмірі мен қызметі жайлы пайдалы ақпараттар да алды.
Іс-шараға белгілі қоғам қайраткерлері Шәріпбек Жамалбек, Пернеев Ерназар және басқа да азаматтар қатысып, өз үлестерін қосты. Жастарға ақыл-өсиетін айтып, бағыт-бағдар берді.
Ал «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Бекзат Төлебай іс-шара мен оның маңыздылығына тоқталып, жастарға берер тәлім-тәрбиесін ерекше атап өтті.
Айта кетейік, аталмыш шара Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы жүзеге асыру мақсатында өткізілуде. Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын өткізудің іс-шара жоспары бекітілді.
Экологиялық акцияның алғашқы «Таза өлке» апталығында қала тұрғындары ерекше қолдау білдіріп, қоғам белсенділері, ерікті жастар, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалау, көгалдандыру, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарына белсене қатысты.
Акция аясында 380 арнайы техника, 49 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Сонымен бірге, 282 шақырым көше бойы, 85 шақырым аяқ жолдары, 59 мың дана ағаштарды әктеу және қырқу жұмыстары жүргізілді.
Нәтижесінде қаладан 300 тонна шамасында қоқыс шығарылды. 355 шақырым ирригациялық жүйе, 95 аялдама жуылып, 1200 дана қоқыс жәшігі (урна), 285 дана орындық сырланды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.