ШЫМКЕНТ: ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНДА 26 ОЙЫН АЛАҢШАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛДЫ

Қала әкімінің қала аумағындағы инфрақұрылым жүйелерін дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Еңбекші ауданында аулаларды абаттандыру жұмысы қарқынды жүргізілуде. Бұл жөнінде БАҚ өкілдерімен болған кездесуде Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек ауданды дамыту бағытында атқарылған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы ақпаратымен бөлісті.

200 мыңнан аса тұрғыны бар Еңбекші ауданында орналасқан 283 көп қабатты тұрғын үй 132 аулаға біріктірілген. 2021 жылдан бастап абаттандыру жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында іске асырылуда. Бүгінде 39 көп қабатты тұрғын үйдің ауласы абаттандырылуда. Оның ішінде 26 аулада балалар алаңшасының құрылысы аяқталып, мердігерлерден қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Былтыр 75 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылып, 11 жеке секторға кешенді балалар ойын алаңшасы салынған. Биыл 7 кешенді спорт алаңы соғылуда.

Жалпы бұл жұмыстардың барлығы тұрғындардың келісімімен жасалып жатқан іс. Нысандардың құрылыс жұмыстары бақылауға алынып, сапасы мен уақытылы пайдалануға берілуін қадағалап отырмыз. Сонымен қатар, әр алаңшаның техникалық жай-күйіне талдау жасайтын қадағалаушы мамандар тартылған. Олар алаңша басталғаннан бастап, аяқталғанға дейін сапасын бақылайды, – дейді инфрақұрылым бөлімінің басшысы Еркебұлан Қаратұнов.

Аудандағы ойын алаңшаларын қайта жасақтау, аулаларды абаттандыру жұмысы биыл да жалғасады, дейді мамандар.

Айта кетейік, үшінші мегаполисте «Халық қатысатын бюджет» жобасы нәтижелі жүзеге асырылып жатыр.Жалпы, абаттандыру, ойын алаңшаларын салу жұмыстары 2021 жылдан бері тұрғындардың ұсынысымен «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында іске асырылып келеді. Еңбекші ауданының өзінде 2022 жылы жоба аясында аулаларды абаттандыру көрсеткіші 2021 жылмен салыстырғанда 1,8 есеге артып отыр. Жоспар бойынша 73 көпқабатты үйдің ауласын абаттандыру және жеке секторда 6 – кешенді балалар ойын алаңшасын салу керек еді. 2025 жылға дейін Еңбекші ауданындағы 25 көпқабатты үйдің ауласын қайта жаңғыртып, заманауи балалар ойын алаңшаларын құру жоспарда бар.

Ad Widget

Recommended For You